Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа қадам – жарқын жол

07.09.2023, 11:00 175

Ел құлағы елеңдеулі сәтте және Білім күнінде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұртшылықты кезекті жолдауымен сүйіншілетті. Түлкібұлаңға салынған тіршіліктің тығырығынан жол таба алмай отырған жұрт бұл жолы да жолдаудан үлкен үміт күтті. Жүз пайыз  жүзеге  асатын  жолдау болса, нағыз «Жаңа Қазақстанның» моделі осы жолы құрылайын деп тұр. Ол үшін Президенттің пәрменін бергі жағындағылар бұлжытпай орындағаны керек. Әйтпесе жалғыздың үні қайдан шықсын?! Көптің қолымен бітетін шаруалардың шет жағасы айтылды. Соның ішінде су жаңа Су ресурстары және ирригация мен көлік министрлігінің құрылуы, сондай-ақ елімізде АЭС салыну мәселесінің тілге тиек етілуін айта кету керек. Осыған дейін де ел назарына ұсынылған Президент жолдауларының тапсырмалары толық болмаса да тиіп-қашып орындалған. Бұл жолғының барысын бара көреміз. Толығырақ талдайық.

МҰҒАЛІМДЕР  ӨКПЕЛЕМЕЙДІ

Мұғалімдер қауымының енді Үкіметке пәлендей өкпесі жоқ. Олардың айлық жалақылары еліміздегі орташа айлық жалақы­дан әлдеқайда жоғары болып тұр. Оларға тек басқаны былай қойып, балаларға жақсы білім, терең тәрбие беру ғана қалып тұр.  Дәрігерлер де қалыс қалып жатқан жоқ, олардың да материалдық жағдайларына мән беріліп жатыр. Жұртқа зейнетақы жинағының бір бөлігін пайдалану мүмкіндігі берілді. Миллионға жуық адам осы жобаның игілігін көрді – тұрғын үй мәселесін шешіп, баспаналы болды. «Жайлы мектеп» жобасы аясында 400-ге жуық  мектеп  салынады.

Халықтың тұрмыс сапасы анау айт­қандай мәз емес. Жалған статистикаға сүйеніп, тек елдің тұрмысын билікке «кино­дағыдай» етіп жеткізу айнымас дәстүрге айналған. Қарапайым тілмен айтқанда елдің экономикасы деген – халықтың тұрмыс жағдайы. Соған қарап баға беруге болады. Енді билік осы олқылықтың орнын толтырамыз деп жанталасып жатыр. Экономиканы әртарап­тандыру  туралы  Қ.Тоқаев  былай  деді:

– Осы Жолдауда айтылатын міндеттің бәрі үш жылдың ішінде орындалуға тиіс. Ал аса күрделі міндеттерді жүзеге асыру үшін нақты мерзім бекітіледі. Енді экономиканың құрылымына қатысты реформаның негізгі тұстарына тоқталайын. Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру және экономикамыз өзімізді толық қамтамасыз ете алатын жағдайға жету. Сондықтан өңдеу саласын жедел дамытуға баса мән беруіміз қажет. Біз ел тағдыры үшін айрықша мәні бар бірқатар жобаны жүзеге асыруымыз керек. Экономиканы әртараптандыру бұрынғыдан да маңызды міндетке айналуда. Бұл ретте металды терең өңдеу, мұнай-газ және көмір химиясы, ауыр машина жасау, уранды конверсиялау және байыту, автобөлшектер және тыңайтқыштар шығару сияқты бағыттарға айрықша назар аудар­ған жөн. Басқаша айтсақ, жоғары деңгейде өңделген өнім шығаратын кластер құру керек.

МЕМЛЕКЕТТІК  САТЫП  АЛУ  ПРОЦЕСІ  ЖЕҢІЛДЕЙДІ

Мемлекеттік сатып алу жұмысының айналасындағы дау-дамай да жылдар бойы жалғасып келеді. Жұрт оның ашық, әділ болғанын қалайды. Бірақ процестің сатылатынын, саудаға түсетініне тосқауыл болмай келе жатқаны рас. Осы ретте мемлекет басшысы осы жүйенің барынша әділ, ашық өтуіне жағдай жасалатындығын айтты. Яғни, сатып алу үдерісі оңтайланып, қысқартылады, «баға емес, сапа» қағида­тына басымдық беріледі, яғни, демпингке тиімді тосқауыл қойылады және үдерістер толық  автоматтандырылады. Мемлекеттік сатып алу жүйесіне алғаш рет «басынан бақайшағына дейін»  жасау  тәсілі  енгізіледі.

Кен өндіруден Қазақстан кенде емес, алда келеді. Бірақ, бір артықтың бір тыртығы бар. Зиянын сондағы жұмысшалыр көреді. Оның салдарынан экология нашарлап, азабын қара жұмысшылар тартуда. Тіпті қаза болып кетіп жатқандар көп. Нан тауып отырған асырау­шысынан айырылған ел оған әрине, наразы­лық білдіреді. Президент бұның шешімін «ірі өндіріс кәсіпорындары 5 жыл сайын технологиялық және экологиялық аудит жасауы керек» деп түйіндеді. Және мұндай талап инфрақұр­ылым саласындағы кәсіпорындарға да  қойылады.

ҚАЗАҚСТАН  ҚҰРЛЫҚТАҒЫ  АГРАРЛЫҚ  ОРТАЛЫҚҚА  АЙНАЛАДЫ

Бұл әзірге алға қойып отырған мақсат қана. Мемлекет басшысының айтуынша, ауыл шаруашы­лығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай  отырмыз.

– Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның стратегиялық мақсаты – Еуразия құрлығындағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары деңгейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз болмайды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ынталандыру керек. Ол үшін салық саясатын қайта қарау қажет. Ет, сүт, астық өнімдерін терең өңдеу және өндірістік жылыжай шаруашылықтарын дамыту сияқты біз үшін болашағы зор бағыттарға басымдық берген абзал. Сонымен бірге өз еліміздегі ауыл шаруа­шылығы кәсіпорындарының әлеуетін қаперден шығармаған  жөн, – деді  Президент.

Жылыжай жұмысын жандандырып жатқандар өте көп. Алайда бұл істе кәсіби мамандар да бірікпесе, алып кету қиынға соғады. Бастап алып, салада білімі болмаған соң кәсіпті соңына дейін апара алмай күйіп кетіп жатқандар көп. Оның үстіне қазір ауыл шаруашылығы саласында материалдық-техникалық база жетіспейді. Қазір ауыл шаруашылығы техникасының 80 пайызы тозып тұр. Мемлекет басшысы жыл сайын соның 8-10 пайызын жаңартып  отыру  қажеттігін  алға  тартты.

ПАЙДАСЫ  БАР  ДАҚЫЛДАРДЫ  ҒАНА  ЕГУ  КЕРЕК

Соңғы жылдардағы құрғақшылық диқандарға кәдімгідей кедергісін келтіріп тұр. Оның үстіне Сыр елі – ауыл шаруашылығы саласынан алда жүрген аймақтардың бірі. Ырысты елдің күріші де биыл мәз болмайтын сияқты. Су тапшылығы егістікке кері әсер беруде. Осыған байланысты енді суды көп ішетін дақылдарды  егу  қысқартылады.

– Егін шаруашылығында маңызды реформа жасайтын кез келді. Егіс түрлерін көбейтуіміз керек. Сондай-ақ көбірек пайда әкелетін дақылдар еккен жөн. Суды көп қажет ететін егіс алқабын біртіндеп азайтып, бір ғана дақыл түрін егуді шектеу қажет. Диқандарды жергілікті тұқыммен қамтамасыз ету маңызды. Сонымен қатар жаңа сұрыптарды шығарып, оны өсіру мәселесін шешкен жөн, – деді Қ.Тоқаев.

Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ахуалды тұрақтандыру ісінде қазіргіден де маңызды рөл атқаруға тиіс. Бұл мекеме қажет кезде интервенция жасап, бағаның өсімін тежеп отырады. Азық-түлік корпорациясы нарық­тағы жекеменшік иелерінің ауыл шаруа­шылығы өнімдерін өндіретін, оны сақтайтын және сататын толыққанды желі құруына жәрдемдесуге  тиіс.

ЭЛЕКТР  ЭНЕРГИЯСЫНА  СЫРТҚА  ТӘУЕЛДІ  БОЛМАУЫМЫЗ  КЕРЕК

Инфрақұрылым, оның ішінде энергетика саласында олқылық көп. Оны мемлекет бас­шысының өзі мойындап отыр. Облыс орта­лығы деген Қызылорда қаласында да сәл жауын-шашынға төтеп бере алмай, жарық «жалп» ете қалатын болған. Ауыл-аймақтардың жағдайын айтпай-ақ қояйық. Алдағы 5 жылда кемінде 14 гигаваттық жаңа электр қуаты іске қосылады. Тариф саясатын түбегейлі қайта қарау, тариф белгілеудің жаңа әдістемесін енгізу және инвесторлардың қызығушылығын арттыру  қажет. Табиғи монополия субъек­тілерінің бәріне 5-7 жылға дейін көңілге қоным­ды нарықтық тариф енгізген жөн. Яғни, баға тұрақты болса, инвестицияны нақты жоспарлауға мүмкіндік туады. Қысқасы, еліміз электр энергиясына  сыртқа  тәуелді  болмауы  тиіс.

– Электр қуаты, жылу және су – тұрмысқа аса қажетті игіліктер. Оны үнемдеп пайдалану керек. Бұл жаңа тұрмыстық мәдениетке айналуы қажет. Жалпы, бұл – үй шаруасына ғана емес, тұтас экономикаға ортақ талап. Қазір суды оңды-солды пайдалануға мүлде болмайды. Үкімет энергетикалық тиімділік саясатын түбе­гейлі қайта қарауға тиіс. Онда Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттары ескерілуі керек. Энергетиканы тиімді пайдалануға және басқа да ресурстарды үнемдеуге қатысты нақты нормативтік талаптарды біртіндеп енгізу қажет. 2029 жылға қарай энергияны тұтынуға және энергия шығынына байланысты негізгі көрсеткіштер кемінде 15 пайызға  азаюға  тиіс, деді  Қ.Тоқаев.

АЭС   САЛЫНУЫ  ӘБДЕН  МҮМКІН

«Атом электр станциясын салу керек пе, жоқ па?» деген екіұшты пікірлердің ел ара­сында желдей есіп жүргеніне бірнеше жыл өтті. Бірақ басым көпшілігі оның салынуына қарсы. Бірақ, мемлекет басшысы елімізде АЭС салынуына кетәрі емес екендігін аңғартты. Оны жолдауындағы мына сөздерден айқын білуге болады.

– Қазақстан – әлемдегі ең ірі уран өндіруші мемлекет. Ендеше өз жерімізде атом стан­циясын салуға әбден қақымыз бар. Кейбір сарап­шылар шағын ядролық станциялар салу керек деген пікір айтады. Алайда көптеген азамат пен бірқатар сарапшы ядролық станцияның қауіпсіз­дігіне  күмәнмен  қарайды, – деді  ол.

Тоқетері, АЭС салына ма, жоқ па, ол бүкілхалықтық референдум негізінде анықталатын болады.

СУ  РЕСУРСТАРЫ  және  ИРРИГАЦИЯ  МИНИСТРЛІГІ  ҚҰРЫЛАДЫ

Сұрауы бар, шектеулі ресурстың мәселесі күннің күйіп тұрған мәселесі болып тұр. 2040 жылдарға қарай Қазақстандағы су тапшылығы 12-15 миллиард текше метрге жетуі мүмкін. Еліміздің кейбір өңірлерінде суды ең көп жұмсайтын ауыл шаруашылығы саласында оның 40 пайызы босқа ысырап болып жатыр. Су шаруа­шылығы нысандарының 60 пайызы тозып  тұр. Олқылықтың орнын толтыру үшін өте  батыл  және  шұғыл  шаралар  қажет.

– Халқымыз «Судың да сұрауы бар» деп бекер айтпаған. Су дегеніміз – үнемдеп пайдалан­баса, тез таусылатын шектеулі ресурс. Онсыз шаруал­ардың күні қараң. Сол себепті бұл салада заңсыздыққа жол берілмейді. Талапқа бағынбайтындар қатаң жазаға тартылады. Еліміз үшін судың маңызы мұнай, газ немесе металдан кем емес. Су шаруашылығы жүйесін тиімді дамыту мәселесімен дербес мекеме айналысуы қажет деп санаймын. Сондықтан Су ресурстары және ирри­гация министрлігі құрылады. Министрліктің аясында Ұлттық гидрогеология қызметі қайта жұмыс істейтін болады, – деді Президент.

Су тапшылығының артуы – Орталық Азия мемлекеттеріне ортақ мәселе. Суды үнемдеп пайдалану энергетика немесе көлік саласы сияқ­ты аймақтағы ынтымақтастықтың тағы бір  жаңа  бағытына  айналмақ.

– Сондай-ақ автокөлік жолдарының құры­лысы мәселесі шешімін табуға тиіс. Қазір оның сапасы сын көтермейді. Тиісті жұмыстар уақтылы және сапалы жасалмайды. Жемқорлық белең алып тұр, бәсеке де жоқтың қасы. Мұның бәрі – осы салада әбден тамыр жайған кемшіліктер. Сондықтан жыл соңына де­йін нақты шаралар қабылдау қажет. Міндетін адал атқармаған барлық компания заң бойынша жауап­қа тартылады. Бұл мәселеге мен баса назар аударамын. Бақылауды күшейтіп, жаңа нормативтік құжаттар қабылдау керек, – деді мемлекет  басшысы.

Демек, 2029 жылға дейін 4 мың шақырымнан астам жолға күрделі жөндеу жүргізу қажет. Жалпы алғанда, Қазақстан Еуразия құрлығындағы басты транзит хабы ретіндегі рөлін арттыруы керек. Осылайша, уақыт өте келе көлік-логистика саласындағы ірі мемлекетке айналуымыз  қажет.

Президенттің сөзінше, көлік-логистика сала­сын қарқынды дамыту – стратегиялық міндет. Үш жыл ішінде оның ішкі жалпы өнімдегі үлесі кемінде 9 пайызға жетуге тиіс. Ол үшін саланы тиімді басқару өте маңызды. «Сондықтан Көлік министрлігін қайта құрған жөн. Бұл министрлік жол инфрақұры­лымын салумен  де  айналысады»  деді Қ.Тоқаев.

ЕҢ  ТӨМЕНГІ  ЖАЛАҚЫ  МӨЛШЕРІ  –   85  МЫҢ  ТЕҢГЕ

Әлеуметтік көмек көрсету аясында да біршама мәселе көтерілді.  Азаматтардың табы­сын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге көтеріледі. Осылайша, еңбек­ақының ең төменгі мөлшері үш жыл ішінде екі есе көбейтіл­ді. Бұл  шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арт­тыруға  септігін  тигізеді. Сонымен қатар Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген адамдарды әлеуметтік қолдау тетіктерін әзірледі. Бұл бұрыннан талқыланып жүрген мәселе болатын, енді шешімі табылды. Оның мынадай өлшемдері бар. Жұмысшылардың осы саланы дамытуға сіңірген еңбегі және денсаулығына зиян келгені ескеріле отырып, оларға зейнет жасына толғанға дейін, атап айтқан­да, 55 жастан  бастап арнаулы әлеуметтік төлем  төленеді.

ТҮЙІН. Мемлекет басшысы бұл жолғы жолдаудың бұрынғыларға қарағанда өзгеше екендігін, айтылған сөз сол жерде қалып қоймай, олардың орындалуы да қатаң бақылауға алынатындығына уәде берді. Ол үшін қазір ел игілігі жолында қызмет етіп жүргендердің бойында елге деген сүйіспеншілік, патриоттық сезім, адал ниет секілді асыл қасиеттер болуы тиіс. Елге жанашыр, еңбекқор азаматтар яки, Абайдың «Толық адамы» бір ту астында белсенділік көрсетсе ғана жаңа қадамдарға бастай аламыз.

Әйгерім  БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: