Қазақстанның бірінші президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жиен немересі (Рахат Әлиев пен Дариға Назарбаеваның ұлы) Нұрәлі Әлиев «Транстелеком» АҚ директорлар кеңесін басқаруға кірісті. Дегенмен, мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи аталған компанияны Нұрәлі Әлиевтің қоластына өткенін маусым айында жариялаған (төменде – авт.) еді.
«Транстелеком» АҚ директорлар шешімі 25 шілдеде акционерлердің жалпы жиналысында қабылданған екен. Директорлар кеңесінің құрамы: Әлиев Н.Р., Покупателев Д.А., Өтемұрат Б. М., Гумаров Э. М., Ахметжанов А.М., Чеховский В. А., Ибраимов К.У.
KASE мәліметінше, компания 2022 жылдың қорытындысы бойынша акционерлерге дивидендтер төлемейді.
«Транстелеком» акционерлері – «Unit Telecom» ЖШС (75% үлесі) және «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы (25% үлесі).
Нұрәлі Әлиев – Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің тұңғыш баласы. Қаңтар оқиғасынан кейін Назарбаевтың балалары мен немерелері Дубайға қоныс аударған.
Естеріңізге сала кетейік, жуырда Путиншіл әнші Григорий Лепстің концерті өтпек болған Қонаев қаласындағы Makao Luxury Village Resort компаниясының ойынханасына Нұрәли Әлиевтің қатысы бар екені белгілі болған.
Ал маусым айында мәжіліс депутаты Ермұрат Бапи Назарбаевтың айналасы Қазақстанның активтерін қалай тартып алғанын айтып, оның ішінде Нұрәлі Әлиевтің ісіне қатысты Бас прокурор Берік Асыловқа сауал жолдаған.
– «Қазақстан ұлттық теміржол» компаниясы құрамынан стратегиялық маңызы бар «Транстелеком» АҚ компаниясын экс-президент Назарбаевтың немересі Нұрәлі Әлиевке сутегін берілгенін қалай бағалайсыз? Баланстық құны 250 миллиард теңге тұратын, жылдық түсімі 80-90 миллиард теңгеге жететін ұлттық меншік небәрі 18 миллиард теңгеге сатылды. Әзірге менің сізге жолдайтыным: Осы «Транстелеком» АҚ Нұрәлі Әлиевке әр жылдары жалпы көлемі 8 миллиардқа жуық девидент төлеген. Енді осыншама зор көлемдегі заңсыз ақшаны тез арада қайтару керек, – деген еді мәжіліс депутаты.
Ақпарат көздерінің хабарлауынша, бүгін Премьер-министрдің орынбасары, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «Транстелеком» компаниясының қайтару ықтималдығы мен оның басшылығына Нұрәлі Әлиевтің келуі жайлы сұрақтарға жауап берді.
– Тоқаевтың заңсыз активтерді қайтару жөніндегі бастамасы бойынша «Транстелеком» компаниясын мемлекетке қайтару дұрыс деп есептемейсіз бе? Осы мәселені кезінде депутаттар көтерген еді.
– «Транстелеком» компаниясының тікелей Үкіметке тиесілі акциялары жоқ. Бәлкім, «Қазақтелекомның» немесе басқа да акционерлік қоғамдардың үлесі бар шығар?.. Бірақ активтерді қайтару заңы аясында зерттелетін болса, қарастырылуы мүмкін. Өйткені, әлі тиісті комиссия құрылған жоқ. Бұл мәселемен бас прокуратураның қарамағындағы арнайы ведомство айналысады.
– Компанияға зерттеуге енгізу үшін не істеу керек?
– Біріншіден, ведомство құрылуы керек. Екіншіден, арнайы реестр болуы тиіс. Сол реестрге критерийлер бойынша сәйкес келсе, сол акционерлері немесе басшылары тиісті декларацияларын береді. Қаншалықты заңды екені сол кезде көрінеді.
– Үкімет мүшесі ретінде бұл компания мемлекетке қайтарылуы керек деп есептейсіз бе?
– Бәрі заң аясында болуы тиіс. Қандай да бір компанияны мемлекетке қайтару керек деп жайдан жай айта салмаймын ғой. Заң аясында дәлелденсін.
– Нұрәлі Әлиевтің осы компанияның директорлар кеңесінің басшылығына келгенін қалай бағалайсыз? Компанияның қарызы барын есепке алғанда бұл жағдай компанияға қалай әсер етеді?
– Бұл сұраққа не деп жауап берерімді білмеймін. Мен оны танымаймын. Компанияның қаржылық жағдайын зерттеу керек.
P.S. Бізді бұл мәселенің көтерілгеніне 2 ай уақыт өтсе де, Бас прокуротура тарапынан сауалға жауап берілмегені алаңдатады. Ал «Жаңа Қазақстан» деп желпініп жүргенде, Премьер-министрдің орынбасары Нұрәлі Әлиевті танымайтыны тіпті қызық екен.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!