«Nur Otan» партиясы деген атауға құлағымыз үйренген. Үйренбей қайтеді, соңғы 20 жылдан астам уақыт естігеніміз – ««Nur Otan»». Бірақ осы партия өз бетінше қазақ халқына несімен жақын десек, еске ешнәрсе түспейді. Несімен есімізде қалады десек, ол бір-ақ нәрсе Нұрсұлтан Назарбаев есіміне тәуелділігі ғана. Мүшелерінің саны бір миллионға жақындады дегенмен халықтан мүлде алыс. Өйткені бір адамның ғана мүддесіне қызмет етеді. Өз басыма бұл партия Қол шапалақтаушылар партиясы сияқты көрінеді. Өткен жылы қоғамдық көлікте өзара сөйлесіп тұрған мектеп оқушыларынан «Нур Отан – это фан клуб Назарбаева» дегенін естіп құлап қала жаздағам. Керемет дәл теңеу екендігіне таласа алмайсың.
Өткен жылы ХVIII съезінде (27.02.2019) партияның жарғысына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, партияның мақсаты – «экономикалық мықты, демократиялық, зайырлы, құқықтық, әлеуметтік мемлекет құруға қол жеткізу» екендігі көрсетілді. Осы жерде партияның «дүмі» ашылды да қалды. «Бәсекеге қабілетті саяси жүйе» қалыптастыру үшін де, «демократиялық» мемлекет құру үшін де партияның өз ішінде демократиялық принцип, яғни азшылықтың көпшілікке бағынуы бұлжымайтын қағидаға айналуы керек қой.
Партия жарғысында ұйым төрағасының есеп беруі мен оны сайлау тәртібі, оның өкілеттік мерзімі мүлде көрсетілмеген. Яғни Нұрсұлтан Назарбаев – партияның мәңгілік төрағасы деген сөз. Бұл дегеніңіз көпшіліктің азшылыққа, азшылыққа емес емес-ау бір адамға бағынуы ғой. Масқара болғанда, жарғы бойынша Партиялық бақылау комитетінің төрағасын съезд емес партия төрағасы тағайындайды екен. (11.8). Яғни төрағасы ешкімге есеп бермей ойына келгенін істей береді деген сөз. Бұл жарғысында демократиялық мемлекет құруды көздеген саяси ұйым үшін ақылға сыймайтын шектен шығушылық. Төраға партия ішінде ешкімге пысқырмайды деген сөз.
Жалпы, «Nur Otan» партиясы конституциялық нормалардың бұзылғанына да пысқырмайды. Қазақ тілінің шынайы мемлекеттік тіл деңгейінде жұмыс істеуіне мүдделі емес. Қазақ тілі – партияның жетімханадан амалсыз асырап алған «өгей баласы». Ол халық пен түрлі қоғамдық ұйымдардың демократиялық тұрғыдағы талаптарымен мүлде есептеспейді. Желтоқсан көтерілісі, Жаңаөзен қырғыны сияқты оқиғаларға саяси баға бере алмады. Конституциялық құқықтарын пайдаланып митингіге шықпақ болған азаматтар автозакқа тоғытылып жатқанда «фан-клубтан» бірде-біреу арашаға түсіп көрген емес. Ең бір сорақысы – сөйткен «Nur Otan» партиясы бюджеттен (13.1.) қаржыландырылады.
«Nur Otan» партиясы ұзақ уақыт өзін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресетін ұйым ретінде тұлғаландырып бақты. Бірақ, өкінішке қарай, Қазақстандағы ең жемқор, ең парақор партия да осы ұйым болып шықты. Қазақстанда тек соңғы 16 жылда сыбайлас жемқорлыққа қатысы бар 10 мың адам сотталған. Олардың ішінде 2 экс-премьер-министр, 17 бұрынғы министр мен олардың орынбасарлары және 15 облыстың экс-әкімдері бар. Қазір де шетел асып, қашып жүрген 50-ден астам қылмыскер бар. Солардың дені – «Nur Otan» партиясының мүшелері. Халықаралық Transparency International ұйымының 2020 жылы 23 қаңтарда жариялаған әлемдік коррупцияны қабылдау рейтингінде Қазақстан 113-орында тұр. Теріс құбылыстың салдарынан Қазақстан қоғамының көз алдымызда іріп-шіріп бара жатқанын көріп отырмыз.
Бұдан шығатын қорытынды мүшелері сыбайлас жемқорлыққа белшесінен батқан «Nur Otan» келешегі жоқ, іштей өлі туған партия екендігі көрінеді. Тұл көсемге байланған Қырғызстанның бұрынғы президенті Құрманбек Бакиевтің «Ақ жол», Украинаның бұрынғы президенті Виктор Януковичтің «Аймақтар партиясы» («Партия регионов») да президент қызметінен түскен кезде өзінен-өзі тарап кеткен. Н.Назарбаевқа байланған «Nur Otan» партиясы да ерте ме, кеш пе соның кебін киетіні даусыз.
Ал қазіргі праймериз науқаны – билік агониясын ұзартуға арналған уақытша «концентратор».
Марат Бәйділдаұлы (Тоқашбаев),
жазушы-публицист.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!