Әміржан ҚОСАН,
арнайы «Халық» газеті үшін
Бізде бір тұрпайы да теріс саяси, ақпараттық һәм сараптамалық дәстүр қалыптасқан: ел басшысы мақала не сұхбат жарияласа болды, бір жақ ол дүниені орынды-орынсыз мақтай жөнеледі, ал екінші, өзін оппозиция санайтын жақ, міндетті түрде ол жарияланымның быт-шытын шығарып, түкке жарамсыз етіп сынайды.
Мен болсам, «ақиқат бір-біріне кереғар, антагонистік сипаты бар екі пікірдің ортасында» деген ежелгі қағидатымды ұстанып, осы күндері кезінде өзім жұмыс істеген «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған президент Тоқаевтың сұхбатына қатысты өз ойымды білдірейін.
Меніңше, бұл сұхбаттың өз «бәрекелдісі» мен «әттеген-айы» баршылық.
«Бәрекелдісіне» мыналарды жатқызар едім.
Басқа тілдегі БАҚ-тың бәрін сілтеме жасауға мәжбүр еткен қазақтілді басылымға сұхбат бергені, әрине, қолдарлық жайт. Тек бір газеттің ғана емес, ана тіліміз бен қазақ журналистикасының мәртебесі көтеріліп қалды.
Жасыратын несі бар, әлеуметтік-экономикалық салада бірқатар бастама көтеріліп, жүзеге асып жатыр. Оларды президент тізіп шығыпты, мен бұл жерде қайталамай-ақ қояйын.
Қоғамдық-саяси өмірді жандандыруда да ауыл, аудан, қала әкімдерін сайлау сықылды бастамалар қолға алынды. Олардың оң сипатын, жергілікті жердегі азаматтық белсенділікті арттыруға өз әсерін тигізетінін айту парыз.
Байқасам, президенттің бұл сұхбатында қанды Қаңтар мен Назарбаев тұсындағы «қос билік» туралы тың деректері оқырманның көңілінен шыққандай.
Халықаралық саясат – кәсіби дипломат Тоқаевтың өз саласы емес пе? Бұл саладағы жетістіктер көңілге қонарлықтай. Бір сөзбен айтқанда, әлемдік архитектура түбегейлі өзгеріп жатқан өліара шақта Қазақстанның брендіне айналған «көпвекторлы сыртқы саясат» ұғымына жаңаша сипат беріле бастағаны да рас.
«Әттеген-айлар» жоқ емес.
Үкіметке деген сын – жоқтың қасы, яғни бізде Назарбаев тұсында басталып, саяси жүйенің түбіне жеткен бір олқылық қайталана бастағандай: мемлекет басшысы өзі тағайындайтын үкіметпен біте қайнасып, соның мәліметтеріне сүйеніп, соның ғана сөзін сөйлей бастағандай. Оны мен, әсіресе, үкімет тікелей жауап беретін әлеуметтік-экономикалық салаға қатысты келтірілген оң көрсеткіштерден байқап отырмын.
Мәселен, президент «Мен өткен қыркүйектегі Жолдауымда жаңа экономикалық үлгіге көшетінімізді айттым» деді. Алайда, сол үлгінің нобайы да жоқ, оның жобасын белсенді түрде талқылап жатқан экономика субъектілері мен тәуелсіз сарапшылар, кез келген мемлекеттің экономикалық негізі – шағын және орта бизнес өкілдері жоқ. Мұндай жайбасарлық жараспайды һәм орға жығады!
Иә, президент таяуда үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізетінін анонстады. Бұл дегеніңіз – биліктің – президент әкімшілігі, үкімет, министрліктер мен әкімдіктердің арасында президент айтып отырған «жаңа экономикалық» үлгіге қатысты ауызбіршілік әлі де жоқ деген сөз! Ортақ пікір қалыптасса, неге сол жиын бүгін өткізілмейді? Сол үлгіні анықтауда қожайындарының аты өзгерсе де, экономикалық үлгісі, жүріс-тұрысы өзгермеген ат төбеліндей олигархтар тобының сөзі өтіп кетсе, не істейміз?!
Халықтың жаппай несие алуы туралы президент: «Негізінен, бұл жағдайға жұрттың қаржылық сауаттылығының төмендігі себеп болып отыр» депті. Ол да бір себеп болар, алайда күнделікті тіршілігіне ақшасы жетпеген адам енді қайда барады? Яғни, сауатсыздық – жалғыз себеп емес!
Әлеуметтік саладағы президент атаған бастамалар да мемлекет қолдауына зәру әрбір азаматқа жетті десек, артық болар. Менің пайымдауымша, мұның екі себебі бар.
Біріншіден, әлеуметтік саланы оңалтуда теория, квазижаңашылдық басым да, нақты практика аздау.
Екіншіден, әлеуметтік сала тиісті қаржыны қажет етеді. Ал ол жағынан біз әзірше ұяттылау болып тұрмыз: Жаңа Қазақстаның материалдық іргетасы ескі Қазақстаннан қалған, талан-таражға салынып, бюджет қаржысы мен Ұлттық қорды оңды-солды жұмсап, келер ұрпақтың несібесіне қол салып, бюджетті толтыруды әдетке айналдырған қаржылық жүйе болып тұр. Өкінішке қарай, сол дәстүр әлі де жалғасуда.
Осы орайда президенттің: «Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ» деген сөзін қолдамасқа амал жоқ.
Саяси реформа жайында да айтар ой көп. Ол өзгерістерді тек қана ауыл, аудан, қала әкімдерінің сайлауымен шектеп қою жеткіліксіз. Ең басты қадам – сайлау жүйесін шын мәнінде атқарушы биліктен тәуелсіз етпей, ешбір сайлау халықтың көңілінен шықпайды.
Қаңтар туралы президенттің сөздері әлі де жалпылама сипатқа ие, нақты адамдар, соның ішінде сол кезде президенттіктен кетсе де, Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы болып, мемлекет қауіпсіздігіне тікелей жауап берген Нұрсұлтан Назарбаевтың Қаңтарға қатысты саяси жауапкершілігі жайында әңгіме әлі де жабулы күйінде қалып отыр. Оның өзі Тоқаевтың өзі айтып отырған жеке-дара басшы ретіндегі имиджіне көлеңкесін түсіруде деп санаймын.
Қаңтар трагедиясына екі жыл толды. Ел болса, президенттен ол туралы әңгіменің толық ашылуын әлі де күтуде.
Және де ертеңгі күні Қаңтар қайталанбауы үшін бізде тиісті құқықтық, саяси, моральдық-психологиялық алғышарттар жасалынды ма?
Мәселен, президент айтады: «Бейбіт шеруге тыйым салынбайды, ал жаппай тәртіпсіздіктің кез келген түріне қатаң тосқауыл қойылады. Елімізде заң мен тәртіп қана үстемдік құруы тиіс. Бұл – мен үшін мызғымас қағида».
Қазақ ретінде, азамат ретінде қанша билікті сынасам да, мен де заңбұзушылыққа, жаппай тәртіпсіздікке қарсымын. Бірақ та өзінің конституциялық құқын пайдаланып, жеке пикетке не митингіге шыққан, қолында ешбір қаруы жоқ бейбіт азаматтарды дереу полиция тұтқындап, абақтыға жабу үрдісі әлі де жалғасуда емес пе?
Меніңше, бейбіт шеру мен жаппай тәртіпсіздік арасына нақты құқықтық шек қойып, аражігін ажырататын уақыт келді. Оған өзін демократ санайтын президенттің өзі мүдделі болуы тиіс. Әлде өз көлеңкесінен қорқатын немесе президентті транзиттік тұлға ретінде қарап, өзінің 2026 жылғы саяси карьерасын ойлай бастаған айналасы бұған қарсы ма?!
Президент: «Мен түйткілдердің түйінін айқай-шумен алаңда емес, диалог үшін арнайы құрылған орындарда, ең алдымен, Парламентте өркениетті жолмен, салиқалы түрде тарқату керек деп үнемі айтамын».
Олай болса, билікке наразы, алайда құқықтық алаңда қимыл-әрекет етуге ниетті саяси күштер мен тұлғалар неге бүгінгі парламент құрамында жоқ? Әлде президент қатарында әртүрлі пиғылды шенділер бар өз әкімшілігі берген саяси ахуал туралы ақпаратқа сеніп, бүгінгі Мәжілістегі қуыршақ партияларды халықтың шынайы өкілі санай ма? Олай болса, ол кісі мықты қателеседі!
Президент: «…саяси цензура атымен жоқ елде саяси қудалау бар деу қаншалықты орынды?» деп сұрақ қояды. Олай болса, билікті сынаса да, мемлекеттік мүдделерді қолдайтын, өзінің жеке саяси амбициясын ұлт мүддесінен төмен қоятын небір тұлғаны мемлекеттік БАҚ жүйесінде неге көрмейміз?
Мәселен, бүгіннен бастап президенттің осы сұхбатын ешбір балама пікірсіз, тек қана мақтап, жаппай қолдау науқаны басталып кеткендей. Сондай біржақтылық «еститін мемлекет» қағидатының авторы саналатын президентке керек пе?!
Халықаралық саясат турасында Ресей мен Қытайды ғана атап, басқа маңызды бағыттарды – Орталық Азия, Еуроодақ, АҚШ – атамауы да қоғамдық ойды сан-саққа жүгіртетіні айтпаса да түсінікті…
Президент өз сұхбатын «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деп атапты (шынымды айтсам, тақырып ұнамады, қазақша емес, басқа тілден тікелей аударылған клише сияқты әсер қалдырды).
Жоғарыда айтылған себептерге сай мен осы сұхбатты «озық ойлылар (оған президенттің өзін, қоғам мен биліктегі прогрессивті күштерді жатқызамын) мен тозық ойлылар (оған мен билікке әлі де ықпалы бар ескі Қазақстанның іштен тынып жүрген тұлғалары мен биліктегі ретроград күштерді жатқызамын) текетіресі» деп атар едім.
Сурет ашық дереккөзден алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!