Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оңтүстік аудандағы оңды істер

17.03.2022, 9:20 310

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт То­қаев әкімдер  туралы  жаңа Жарлыққа қол қойып, талай әкімнің «түн ұйқысын төрт бөлді» деуге болады. Әйтеуір айналаңа көз салсаң, жанталасып еңбек етуге кірісіп кеткен әкімдерді көріп, ішің жылып қалатыны сөзсіз. Бірақ бір қасиет қанға сіңіп қалыпты. Әлеужеліден жарыса жазылған бір автордың туындысы секілді құр посттар толып жүр. Шыны керек, көрер көзге сүйел болды. Түкірігі жерге түспеген басшылар істі болып жатқаны туралы естіп те, көріп те жүрміз. Сондықтан ретсіз жағымпазданудың ерсі көрінетінін ұққан жөн. Сәбидің ертегісін тыңдап, ергежейлілер елінде жүргенімізге бір ширек ғасыр болыпты. Сол себепті тек мақтап отырғаннан гөрі әрекетке көшкен дұрыс. Ел үшін жасалған игі іс еш кетпейді. Міне, Жаңақорған ауданына барып, көлеңкелі тұстағы көп жайтты күнгейге шығарамыз деп баспасөз турына қатыстық. Олай болса, көзбен   көріп,  көңілге  түйгенді  баяндап  берейік.

«Қазақтың Мальдив» демалыс орыны ретінде танымал аудан бүгінде өзге де салалар бойынша адымдап дамып келе жатыр екен. Мәселен, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы жылды балалар жылы деп мәлімдеген болатын. Ол «Балаларға ерекше назар аудару керек. Себебі олардың  амандығы – мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі. Сол себепті келесі жылды (2022 жылды) Балалар жылы деп жария­лау  керек  деп есептеймін», – деді.

Бүгінде осыған қатысты біршама іс-шара өз жұмысын бастап кетті. Оның қатарында Жаңақорған ауданы да бар. Кенттің С.Сұлта­мұратов көшесінен салынып жатқан 300 орындық мектеп құрылысының алғашқы кірпіші қаланды. Аудан әкімі Руслан Рүс­темов те жаңа мектептің  іргетасын  қалау  рәсіміне  қатысты. 

– Өткен жылы бұл мақсатта облыстық бюджет­тен қаржы бөлінді. Былтыр жер тегістеу және жобалау жұмыстары жүргізілді. Мектеп құрылысына 1 млрд теңгеге жуық қара­жат қаралған. Енді, міне, келешекте жас өрендердің  бал күлкісіне бөленетін білім ұясының ірге­тасын қалау рәсіміне келіп отырмыз. Жалпы, биыл облыс бойынша салынып жатқан мек­тептердің 3-еуі Жаңақорған ауданында жүргізілсе, 2 балабақша алдағы уақытта елдің игілігіне айналады. Оған қоса 5 мектептің жоба-сметалық құжаттары дайындалуда, – деді аудан  әкімі  көпшілік  алдында.

Бұл мектеп көптеген отбасының түйткілді мәселесін тарқатып отыр. Өйткені «Ипподром» және «Саяжай» бөлігінде 10 мыңға тарта адамның негізгі мәселесі болатын. Оқушылар білім бұлағын іздеп, тұрғылықты мекен­жайынан ат шаптырым жердегі мектепке баруға мәжбүр болды. Қазіргі таңда аталған мәселе назарға алынып, құрылыс жұмыстары басталды. Мектеп жыл соңына дейін пайдалануға  беріледі  деп  жоспарлануда.

Іс-шара барысында білім саласында ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған еңбек ардагері Серік Мұсабай ел басына күн туған қиын кезеңде игілікті іс жасап жатқан жандарға ризашылығын білдірді. Және тура осындай мәселесі бар ауданның өзге аумағына да көңіл бөлінсе деп әкімге халықтың аманатын жеткізді. Әкім де күнтәртібіндегі мәселе екенін алға  тартты.

Бас мердігер «Авангард ПГС» ЖШС, бас жобалаушы «Проммедконтракт» ЖШС, техникалық қадағалаушы «Әсем-құрылыс – Қызыл­орда»  ЖШС  3 қабатты мектепті сапа­лы деңгейде уақытынан ертерек аяқтауды көздеп отыр.

– Келісімшартқа сәйкес жұмысты 16 ақпаннан  бастадық. Бұл  мектептің  жалпы  сметалық  құны 949 миллион  теңгені  құрайды. Құрылыс мерзімі – 13 ай. Яғни 2023  жылдың наурыз айына дейін берілуі тиіс. Алайда біз меке­меміздегі 140 адам болып, бірлесе тірлік етіп, желтоқсанда пайдалануға береміз деген ниеттеміз. Мектеп екі блоктан тұрады. Біріншісі оқу аудиториялары болса, екіншісі – асхана, спортзал, лаборатория. Одан бөлек, мектеп ауласында да біршама жұмыстар  атқарылатын  болады, – деді «Авангард ПГС» ЖШС дирек­торының  орынбасары  Оразхан   Абдуллаев.

Қазіргі таңда импорттық өнімнен гөрі отандық өнімдер сұранысқа ие. Бұған құрылыс саласы да кіреді. Аталмыш мектептің құрылыс жұмыстарына отандық өнімдер қолданатынын мердігерлер айта кетті. Мысалы, кірпіш Қызылорда, Хромтау, Көкшетау қалаларынан жеткізіледі. Ал цемент Шиеліден алдырылса, қиыршық тас пен құм қоспасы жергілікті өнім екен.

– Рас, тұрғындар саны өсіп, аудан орталығында жаңадан шағын аудандар ашылды. Қазір «Ипподром» аумағының өзінде 5-6 мыңға жуық адам тұрады. Балалар алыста орналасқан мектептерде оқуға мәжбүр болып жүрген еді. Енді сол қиындықтан құтылатын болдық. Осы аумақта мектеп салынады деген хабарды естігенде қуанып қалдық. Жергілікті тұрғындар атынан игілікті істі қолға алған барлық азаматтарға ағалық алғысымды білдіремін, – деді еңбек   ардагері   Сәулебек  Қалыбаев.

Баспасөз туры құс фабрикасында жалғас­ты. Жаңашыл бастаманы қолға алған кәсіпкердің құрылысты бастағанына біраз жыл болды. Бүгін басталса, ертең аяқталуы керек қазекеңе күту деген әдет жазылмаған. Көзді ашып-жұмғанша бітпегесін әбден құр сөзге шаршаған жұртшылық «өзі шынында да құс фабрикасы ма?» деген сауалды қойып жүр. Дегенмен, 3,5 мың тонна құс етін өндіретін ауқымды жоба қарқынды жүруде. Бұл құс фабрика­сы облыс халқы тұтынатын құс етінің 33  пайызын  береді  деп  күтілуде.

– 2019  жылы  жер  тегістеуді  бастап,  жұмысты қолға алдық. Құс фабрикасы іске қосылғаннан кейін облыс халқы тұтынатын құс етінің үштен бір бөлігін өндіруге қол жеткізіледі. Қазір 6 құс қорасы мен 1 құс сою пунк­тінің құрылысы жүргізілуде. Оған қоса жұмыс істейтін тиісті техникалар алынды. Жоба жүзеге асқанда мұнда 120 адам жұмыспен қамтылады. Былтыр аталған жоба өңірлік индустрия­ландыру  картасына  енгізілген. Бүгін­гі  таңда  инфрақұрылым­дарды жеткізу бойын­ша жұмыс­тар жүргізілуде. Бұл бойынша жақында сараптама қорытындысы шығарылады. 12 ғимаратта 24 мың жұмыртқа инкубаторға салынады. Сонда барлығы 288 мың жұмырт­қа шығары­лады. 45 күн өткен соң сойылымға жіберіліп отыра­ды. Үкіметтен су, жарық, газ мәселесі бойын­ша қолдау тапсақ, мамыр айынан бастап 4  ғимаратты болса да іске қосқымыз келіп отыр, – деді фабриканың жай-жапсарын түсіндірген «Абдул­ла» шаруа қожалығының өкілі  Ерлан  Пірманбетов.

Небәрі екі айға да жетпес уақытта инкубатордан шыққан құсты сойылымға жіберсе, шама­мен 3,5-4 келі ет алуға  болады екен. Жобаның жалпы құны 5 млрд теңгеден асады. Оның 2,8 млрд теңгесі «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы берілсе, қалған бөлігі қожалық  есебінен  тартылады.

Келесі аялдама Қожакент ауылы болды. Онда «Арай» шаруа қожалығы көктемгі дала жұмыстарын бастап кеткен екен. Шаруа қожалығы – енді ғана қанат жайған емес, тісқаққан шаруашылық. 2017 жылы құрылып, инженерлік жүйеге келтірілген егістік алқабы бар. Онда күріш, жоңышқа, бидай өсірумен айна­лысады. Қазір мұнда 130 гектарға егілген күздік бидайдың үстінен бүркемелеп жоңышқа дақылын егуге мән берілген. Сондай-ақ, 110 гектар  күріш енді егіледі. Және 254 гектар көне жоңышқа  егіліпті.

– Рас, кейінгі жылдардағы қиындық жергілікті диқандарға оңайға соғып жатқан жоқ. Дегенмен, өзіміздің етене кәсібіміз болғандықтан барлық ауыртпалықты жеңіп келеміз. Биыл да үлкен үмітпен үлкен істі қолға алдық. Әрине, қазір тек күріш еге беру тиімсіз. Сондықтан дақылдарды әртараптандыруға назар аударып отырмыз. Күрішпен бірге бидай, мақсары, жоңышқа егуге көңіл бөлмекпіз, – дейді шаруа қожалығының бригадирі Жүсіп Бейбітов.

Бұдан кейінгі бағытымыз осы шаруа қожа­лығына да қатысты болып тұр. Себебі жыл сайын су тапшылығы деп уайымдап жүретін едік. Биыл тіпті жағдай мәз емес. Сырдария өзені «Көкбұлақ» су бекеті арқылы өткен судың көпжылдық мәліметіне сүйенсек, ең көп шарықтау шегіне жетіп отырған шақ 1995 жыл екен. Ең төмені  өткен  жыл  болып  отыр. 2008 жылы да тура 2021 жылғы көрсеткішпен бірдей. Десе де 2010 жылы қарқынды өзгеріспен қалпына келтіріліпті. Бірақ сол қалыпты ұстап отырудың орнына кері кеткен. Орыс жазушысы Иван Крыловтың танымал «Аққу, шортан һәм шаян» мысалындағы жануардың кейпіндегі жандар елімізде толастап қалғасын зобалаң күндерді бастан өткеруге тура келеді. Неде болса әліптің артын  бағу  қана  қалды.

Дегенмен, су тапшылығының күрделенуіне байланысты тиісті жұмыстар атқарылып жатыр екен. Мәселен, 31 мың гектарға жуық егістік алқаптарын суландырудың негізгі нысаны жалпы ұзындығы 92 шақырымды құрайтын «Келінтөбе» магистральды каналына Су ресурстары комитетінің бас жоспарына сәйкес «Қазсушар» ШЖҚ РМК Қызылорда филиа­лы арқылы 12 шақырым тазалау жұмыс­тары жүргізілуі қажет болса, оның 9 шақырымы таза­ланып, 217 мың текше метр топырақ шығары­лыпты. Қазіргі уақытта 5 эксковатор,  2 погрузчик, 1 бульдозер, 4 жүк көлігінің көмегімен «Келінтөбе» магистральды каналының бойынан 3,9 шақырымы қазылып, тазаланған.

– Былтыр жергілікті диқандар су тапшылығы жағдайында жұмыстарын үлкен жауапкершілікпен атқарды. Әрбір тамшы судың тиімді пайдаланылуына көңіл бөлінді. Магистральді және шаруашылықаралық каналдарды тазалауға назар аударылып, су жеткізуге арналған насостар қойылды. Әртараптандыру мәселесі ескерілді. Осылайша сын сәтте сыр бермей, мол өнімге негіз қаланды. Осындай нақты жұмыс­тар биыл да жалғасын табады, – дейді аудандық ауыл  шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат  Зейдалиев.

Z буынға да тамшы су табылар, ал альфа буынына қалдырар аманатымыз да болмай қалаты­ны  анық…

Бұл жорығымыз көңілге кірбің түсірсе де, соңғы аялдама қуантты. Сырдың жері өнердің ордасы екеніне ешкімнің таласы жоқ. Осындай қасиетті жердің ұрпағына қолдау білдірген «Тұрғанбай» өнер орталығындағы жұмыс­тармен түйіндесек. Өз қаражаты есебінен балаларды өнерге баулумен тегін айналысып жатқан кәсіпкердің еңбегі орасан зор. Мемлекеттік спорт және шығармашылық  тапсырыс­тарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру платформасы аясында ашылған орталықта 7 өнердің түрімен таныс­тырып, әлемді тамсандырған жастарды тәр­биелемек. Атап  айтсақ,  ұлттық (халықтық) билер, домбыра, домбырамен ән салу, көркемсөз оқу, актерлік өнер, сурет салу, қолөнер (кескін­деме) секілді үйірмелер бар. Алдағы уақытта тағы да 3-4 өнерді қосу жоспарланып отыр.  Балалар  жылы аясында ашылған жоба 10 адамды жұмыспен қамтып, 340 балаға екі ауысымда дәріс беріп, өнер  әлеміне  жол  ашпақ.

– Өнер – елдің мұрасы, рухани азығы. Көне салт-дәстүріміз, мәдениетіміз жыл өткен са­йын қайта жаңғырып, төл өнеріміз талай тұ­ғырларды бағындыруда. Мемлекет тарапынан ауқымды жобалар қаржыландырылып, іске асырылуда және өткен жылдан бері еліміздің барлық өңірлерінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында өнер орталықтары ашылуда. Мемлекет­тік спорт және шығармашылық  тапсырыс­тарды жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру платформасы аясында осы «Тұр­ғанбай» өнер орталығын аштым. Мақсатым – жасөспірімдердің талантын әрі қарай дамыт­уына жағдай жасау. Бұл өнер орта­лығында балалар бірнеше өнер түрінен дәріс алатын  болады, – деді  кәсіпкер  Индира  Убайдаева.

Жалпы, жаңақорғандықтар жалындап  тұр екен. Дегенмен табиғатты қорғау бойынша іс-шаралар жүйелі болмаса, көрер күніміз қиын. Атқарылып жатқан жұмыс­тар болашақта өз нәтижесін беретіні даусыз. Білімге құйылған қаражат ешқашан зая кеткен емес. Ал, ауыл шаруашылығының жағдайын ойлап, соған сай әрекет еткені де өте орынды. Бірақ бұл баспасөз туры өзгелерден ерекше өтті. Себебі қазақтың күні сыртқы жаудан теперіш көрмей-ақ, өзіміздің қасиетті өлкеміз дағдарыстың алдында тұр екен. Түптеп келгенде, бұны мансұқтағалы отырған тірі жан көрінбейтін сыңайлы. Ата-бабамыз бекерден-бекер табиғатқа жаны ашымаған екен. Қолда бардың қадірін жоқ кезінде білдік…

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: