Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Облыс әкімі Президентке көптеген жобаны жүзеге асыру туралы баяндады (Видео)

31.08.2022, 13:55 590

HALYQLINE.KZ Қасым-Жомарт Тоқаевқа облыс әкімі аймақтың дамуы жөнінде, атап айтқанда, ауыл шаруашылығының дамуы, жылыту маусымына дайындық және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру жөнінде баяндады.

Өңірде жыл басынан бері мұнай-газ саласындағы 6 компанияның жұмысшылары жалақыны арттыру мәселесін көтерді. Еңбек дауларын аймақ басшысы назарда ұстап, қорытындысымен жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету бойынша 49 кәсіпорынмен меморандумға қол қойылып, 65 кәсіпорынның 29 мың жұмысшысының жалақысын 50%-ға дейін көтеруге қол жеткізілді.

Тағы бір түйіткіл, соңғы жылдары жер үлескерлері мен агроқұрылым басшыларының арасында жер дауы жиі тұтанған. 8 шаруашылықтағы даулы мәселенің алтауында мәселе толық шешімін тапса, 2 шаруашылық бойынша мәселелер сот тәртібімен қаралып жатыр.Дайын жобалардың болмауы салдарынан әлеуметтік осал топтарға арналған тұрғын үйлер құрылысын жүргізуге, инженерлік инфрақұрылымды қайта жаңғыртуға, мектептер мен денсаулық сақтау нысандарын салуға республикалық бюджеттен қаржы бөлуге өтінімдер ұсынылмаған. Бұл өз кезегінде біраз шаруаны шатқаяқтатары сөзсіз.

Мәшбекұлы келгелі 2,3 млрд.теңге көлемінде бюджеттен тыс қаржы тарту нәтижесінде жалпы құны 50 млрд теңгені құрайтын 398 жобаның жоба-сметалық құжаттамалары әзірленді. Қазіргі таңда аталған жобалар Қаржы министрлігіне бюджеттік өтінім ұсыну мақсатында республикалық бюджеттік бағдарлама әкімшілеріне жолданды.

Оңтайландыру жұмыстары мен бюджеттен тыс қаржы көздерінен тартылған 16,8 млрд теңге келесі салаларға бағытталды:

· әлеуметтік нысандарды салу және жөндеу;

· қоғамдық көлік қызметтерінің сапасын жақсарту үшін автобустар сатып алу;

· ауылдағы апатты мектептер мәселесін шешу және облыс орталығының жекелеген мектептерінде үш ауысымды оқытуды азайту;

· ескі үйлерді жаңғырту.

Бұдан бөлек Б.Өтемұратов қорымен Қызылорда қаласы әуежайының жаңа терминалын салу туралы 11,8 млрд теңге сомасына уағдаластыққа қол жеткізілді. Осы жылдың соңына дейін жобалық-сметалық құжатты әзірлеу аяқталады, құрылысты 2 жыл ішінде бітіру жоспарланған. «Қазгермұнай» ЖШС-мен 5,6 млрд теңгеге Оқушылар сарайын салу туралы Меморандумға қол қойылды.

Сонымен қатар, Балалар жылы аясында облыс аумағында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын Жаңақорған ауданында балалар саябағы (750 млн теңге) мен 80 балалар ойын алаңы салынуда (1,6 млрд теңге – Қызылорда қаласында – 50, аудандарда – 30).

Бұдан бөлек, ауылдық елді мекендерді газдандыру, ауыз сумен қамту, электр желілерін қайта жаңғырту және жол жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қуаты 240 Мегаватт жаңа жылу электр орталығын салу үшін шетелдік инвестор тартылды. Мердігері анықталып, қүрылыс жұмыстары таяуда басталмақ.Ілеспе өндірістер желісін басқа да ірі өндірістердің айналасында дамыту жоспарлануда. «Аралтұз» кәсіпорны қуаттылығы жылына 30 млн дана полипропилен қаптарын шығаратын зауытты жобалау жұмыстарын бастады. Жалпы, осы жылы шағын және орта бизнесті қолдау үшін түрлі көздерден 20 млрд. теңге қаржы қарастырылды.

Осындай маңызды мәселелермен мәміле құрған Машбекұлы ел Президентінен өңір үшін өте өзекті деген істерге қолдау білдіруін сұрады.

Аймақтың үлкен проблемасы – Сырдария өзенінің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттердің Су шаруашылығы саясатына тәуелділік. Кіші Аралдың Үлкен Арал теңізінің тағдырын қайталау қаупін жоққа шығаруға болмайды. Судың азаю салдарынан Кіші Аралдағы су көлемі 27 млрд текше метрден 20 млрд текше метрге дейін азайды. Сондықтан, мемлекетаралық келісімдерде жылсайын көзделген 3 млрд текше метр судың Кіші Арал теңізіне түсу мәселесі мемлекетаралық деңгейде шешуді қажет етеді. Сырдария трансшекаралық өзенінің ресурстарын бөлу жөніндегі халықаралық келіссөздерде Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстан экономикаларының қажеттіліктерімен қатар Кіші Арал теңізін судың жеке тұтынушысы ретінде ескеру қажет.

Қазіргі геосаяси жағдайларда Қытайдан Еуропаға Ресейді айналма жолы ретінде ең тиімді көлік дәліздерінің бір бағыты «Хоргос – Ақтау теңіз порты» болып отыр. Алайда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автомагистралінің Қызылорда қаласынан Ақтөбе облысының шекарасына дейінгі учаскесінің өткізу қабілетінің аз болуы тежеуші фактор болып табылады. Осы учаскені екінші санаттан бірінші санатқа ауыстыру қажеттілігі туындауда (екі жолақты санаттан төрт жолақты санатқа). Жолдың кеңеюі республиканың транзиттік әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді және жол-көлік оқиғаларының санын едәуір азайтады.

Соңғы 10 жылда қатерлі ісіктермен сырқаттану 5,7%-ға артып, өкпе, өңеш және асқазан обырына шалдығу көрсеткіші орташа республикалық көрсеткіштен 2,5-3 есе жоғары. Биылғы жылдың 7 айында 125 нәресте қайтыс болған(2021 жылдың 7 айында 113 нәресте қайтыс болды). Бұл жағдайды ескере келе Қызылорда қаласында 300 төсектік жаңа көп бейінді аурухана (онкологиялық бөлімшесімен) мен 200 төсектік перинаталдық орталық салу маңыздылығын атап өткім келеді. Айта кету керек, көпсалалы аурухана құрылысы бойынша Денсаулық сақтау министрлігі жобаны Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚҚДБ) қарызы есебінен іске асыруды ұсынды, жобаның құны шамамен 80 млрд теңге. Облыс әкімдігі тарапынан құны 36,4 млрд теңгені құрайтын жобаның мемлекеттік сараптамадан өткен жоба-сметалық құжаттамасы әзірленді. Құрылыс жұмыстарын 2023 жылы бастауға 5 млрд теңге қаражат бөлу қажет.

Аймақ басшысы ұсынған, қолдау сұраған қай мәселе де өзекті. Су, кіші Арал, халықаралық дәлізді кеңейту, денсаулық саласы. Президент құп көрсе жақсы болар еді. Сыр бойындағы тіршіліктің ғана емес, сенімнің, үміттің, ертеңге көзқарастың тамырына қан жүгірер еді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: