Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасалады

02.09.2022, 10:10 303

HALYQLINE.KZ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына кезекті жолдауын жасады. Оны барлық республикалық телеарна тікелей эфирде көрсетті.

Бұл – биылғы екінші Жолдауы. Жыл басында ғана президент саяси реформаларға толы баяндамасын жасаған еді. Сол кезде президент өкілеттілігін азайту, ықпалды Парламент құру, сайлау үдерісін жаңғырту, еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіруге қатысты маңызды шешімдер қабылданған-ды. Одан кейін республикада жаңа үш аймақ: Ұлытау, Жетісу, Абай облыстары құрылды. Қапшағай қаласына Қонаевтың аты беріліп, жолдауда айтылған алғашқы жалпы құрылтай ұлт ұясы – Ұлытауда өткен болатын.

Ал, бұл жолы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі басымдықтары айқындалатыны күні бұрын айтылған.

Жалпы, бұл Жолдаудың саяси салмағы тым ауыр: өйткені бұл – қазақтың санасын дүр сілкіндірген «Қаңтар қасіретінен» кейін жарияланып отырған Жолдау! Қаңтар демекші, оған газ бағасының көтерілуі себепші болған еді ғой. Одан кейінгі жағдайымыз да анау айтқандай «алақайлап» бөркімізді аспанға ататындай дәрежеге жеткен жоқ. Бүгінде халық қымбатшылық пен қатшылықтың зардабын шегіп, күнкөрістің төмендігінен көз аша алмай қалды. Үкіметтің де қолынан түк келмей отыр. Мұның өзі бұқараның базынасын көбейтіп, биліктегілерді «жерден алып, жерге салып» жатыр. Сондықтан да жұрт жаңа Жолдаудан үміт күтті, күдік те болмай қалмады.

Сонымен, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев не айтты?

– Биыл біз жаңа кезеңге қадам бастық. Халқымыз жалпыұлттық референдумда саяси жаңғыру бағдарын қолдады. Конституциялық реформа Жаңа, Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды қадам болды. Біз «Азамат – бизнес – мемлекет» арасындағы қатынасты түбегейлі өзгертеміз. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Біздің экономикалық саясатымыздың негізгі мақсаты өзгеріссіз қалады – азаматтарымыздың әл-ауқатының сапалы және инклюзивті өсуі. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді. Әлеуметтік жағынан әлсіз топтарға қолдау көрсетеміз. Мүмкіндігі шектеулі жандарға да көмектесеміз. Президент жанындағы амбудсмен тағайындалады. Мемлекет экономикалық еркіндікті қолдайды. Бірақ халықты нарық тұрақсыздығының ықпалынан барынша қолдайды. Шағын және орта бизнесті мейілінше дамытады, – деп бастады сөзін ел президенті.

Осы орайда мемлекет басшысы жаңа экономикалық бағыттың басымдықтарын атады. Олар – жеке кәсіпкерлік бастаманы ынталандыру, яғни мемлекеттік капитализмнен және мемлекеттің экономикаға шамадан тыс араласуынан кету; бәсекелестікті дамыту, баршаға тең мүмкіндіктерді қамтамасыз ету; ұлттық табысты әділ бөлу.

– Біз экономикамызда қордаланған мәселелерді жақсы білеміз. Мысалы, шикізатқа әлі де тәуелдіміз. Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ. Әрине, мұның барлығы – күрделі мәселелер. Бірақ, оны шешудің нақты жолдары бар, – деді Қ.Кемелұлы.

Енді Қазақстанда байлық салығы енгізіледі. Ол қымбат жылжымайтын мүлік пен көліктерді сатып алған кезде салынады. Байлық салығының орта тапқа қатысы болмайды. Президенттің айтуынша, өркениетті саланы дамыту үшін ставкасы ақылға қонымды және процедуралары жеңіл бөлшек салығын қолдануды кеңейту қажет.

– Ұлттық қордың қаржысын тиімсіз жұмсау тоқтатылады. Бұл – өте өзекті мәселе. Қордың қаражатын аса қажет инфрақұрылымды дамытуға және еліміз үшін маңызы зор жобаларды қаржыландыруға жұмсаймыз. Бюджет үдерістерін барынша жеңілдету қажет. Мемлекеттік органдардың игерілмеген қаражатты келесі жылға қалдыруына мүмкіндік беру керек. Сол арқылы олар ақшаны бюджетке қайтарудың тиімсіз тәртібінен құтылады. Сонымен бірге, бюджетке қатысты тәуекелдерді басқару жүйесін іске қосу керек. Бұл жүйе квазимемлекеттік секторды да қамтуға тиіс, – деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, президент кәсіпкерлікті жүйелі түрде қолдау керектігін айтты. «Бұл жұмыста бәрін басынан бастап реттеу керек (регулирование «с чистого листа»). Тапсырма екі жылдан бері орындалмай келеді. Жүздеген, тіпті мыңдаған заңнамалық құжат пен нұсқаулықты қайта-қайта түзете бергеннен ештеңе шықпайды. Оның орнына ықшам әрі түсінікті жаңа ережелерді бекіткен жөн. Мұндай тәсілді 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап толық енгізу қажет», – деді ол.

Мемлекет басшысы елімізде электрмен жабдықтау желілерінің үштен екісі, жылу коммуникацияларының 57 пайызы және сумен жабдықтау желілерінің жартысына жуығы тозғанын, сондай-ақ тарифтерді жасанды тежеу электр жарығын сөндіруге, жазатайым оқиғаларға, соның салдарынан азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретінін атап өтті. «Монополиялық нарықтарда «Инвестицияға айырбас тарифі» жаңа тарифтік саясатына көшу қажет», – деді Қ.Тоқаев.

Алдағы уақытта сырттан көлік әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қойылады. «Болашақта автокөліктерді әкелудің барлық заңсыз арналарына тосқауыл қою үшін шешуші шаралар қабылдау қажет. Сонымен қатар, осы жылдың 1 қыркүйегіне дейін әкелінетін мұндай көліктерге қатысты жағдайды реттеу қажет. Оларды заңдастыру үшін 200-250 мың теңгеден аспайтын мөлшерде кәдеге жарату және бастапқы тіркеу үшін біржолғы алым алуды ұсынамын. Бұл шара іздеуде жоқ және кедендік «рәсімнен» өткен автокөліктерге қатысты болуы керек», – деді мемлекет басшысы.

Келесі мәселе – еліміздің транзиттік қуатын арттыру. Қазақстан қазіргі геосаяси жағдайда Азия-Еуропа арасындағы аса маңызды құрлық дәлізі болып отыр. Біз бұл мүмкіндікті толық пайдаланып, әлемдік маңызы бар көлік-тасымал торабына айналуымыз керек. Еліміз осы салада ірі жобаларды жүзеге асыра бастады. Атап айтқанда, Ақтауда контейнер хабы құрылып жатыр. Транскаспий дәлізі дамып келеді. Осы жұмыстарға әлемдегі үздік логистика компаниялары тартылады. «Қазақстан теміржолы» компаниясы толыққанды транзиттік-логистикалық корпорация болып қайта құрылады.

– Мен 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде тапсырма бердім. Үкімет бұл мәселені тікелей бақылауға алсын. Жол құрылысындағы заңсыздықтарды анықтау қажет. Бұл жұмыстан нақты нәтиже шығару керек. Бізде әлі күнге дейін битум тапшы. Бұл – ірі көлемде мұнай өндіретін ел үшін, тіпті, ұят жағдай. Үкімет осы мәселені түбегейлі шешуге тиіс. Жалпы, ашығын айтуымыз керек, Үкіметтің жұмысында қайта-қайта олқылықтар болып жатыр. Біресе жанар-жағармай, біресе шекер жетіспейді. Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды. Сондықтан, дәл осылай жалғаса берсе, тағы да нақты кадрлық шешімдер қабылдауға тура келеді, – деп Үкімет жұмысын сынға алды.

Сонымен қатар, Үкіметке индустрия және жер қойнауын игеру салаларының инвестициялық тартымдылығын арттыруды тапсырды. «Былтыр менің тапсырмам бойынша барлық арнайы экономикалық аймақтың тиімділігі бағаланды. Соның нәтижесінде түйткілді тұстарды анықтап, тың тәсілдерді ойластырдық. Енді арнайы экономикалық аймақтарды дамыту үшін мүлде басқа саясатқа көшкен жөн. Қазіргі таңда шетел компаниялары Қазақстанға көше бастады. Сондықтан, бұл мәселе тіпті өзекті болып отыр», – деді.

Кәсіпкерлерге жер телімдерін ашық әрі жедел бөлудің тиімді тәсілдері айқындалуға тиіс. Оны жыл соңына дейін әзірлеу керек. Әрбір аймақ пен елді мекенде бос жатқан немесе мақсатына сай игерілмеген жердің бар-жоғын анықтау қажет. Бұл ақпаратты бизнес өкілдері білуге тиіс. Аталған шаралар кәсіпкерлердің ғана емес, жалпы экономиканың бәсекеге қабілетін арттыра түсетіні анық. «Мемлекет пен жекеменшік серіктестігінің жаңа үлгісіне көшу керек. Қазір көптеген жоба кейбір кәсіпкерлер мен шенеуніктердің майшелпегіне айналды. Келісімшарттар ашық және конкурстық негізде жасалуға тиіс. Осы мақсатта тиісті заң қабылдау қажет. Мемлекет қаржылай қолдау жасаған кезде бәсекеге қабілетті шағын және орта бизнес өкілдеріне баса мән береді. Еңбекақы төлеу қорын көбейткен және салық төлемдерін арттырған кәсіпорындарға қолдау көрсетіледі. Бұл – негізгі талап. Сонымен қатар, мемлекеттен көмек алатын бизнес өкілдерін анықтайтын автоматты жүйе енгізіледі. Мемлекеттік сатып алудың мүлде жаңа жүйесі жасалады. Бағаның төмен болуы ғана емес, тауарлар мен қызметтердің сапасы басты назарда болады. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сатып алуды бірыңғай платформаға көшіру қажет. Осының бәрін жүзеге асыру үшін «Мемлекеттік сатып алу туралы» жаңа заң қабылдануға тиіс», – деді Қ.Кемелұлы.

Президент «Самұрық-Қазына» қорының басқа активтері мен акциялары, оның ішінде «Халықтық IPO» тетігі арқылы жекешелендірілетінін мәлімдеді.

– «Самұрық-Қазына» қоры экономиканың негізгі секторларын бақылау үшін жеткілікті мажоритарлық пакетке ие инвесторға айналуда. Қор бірлескен инвестор ретінде жеке инвесторлар жүзеге асыра алмайтын аса маңызды жобаларға ғана қатысатын болады. Мұндай жобаларды Президент анықтайды, – деді.

Саяси құжатта ауыл шаруашылығы саласы, оның ішін субсидия туралы да сөз болды. Президенттің айтуынша, еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс. Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.

– Игерілмей жатқан жерді қайтарып алу жөніндегі комиссияның қызметіне жеке тоқталғым келеді. Комиссия жұмысының аясында ауыл шаруашылығы мақсатындағы 2,9 миллион гектар жер мемлекетке қайтарылды. Жылдың соңына дейін кемінде 5 миллион гектар жерді қайтарып алу жоспарланып отыр. Игерілмей жатқан немесе заңсыз берілген жер көлемі 10 миллион гектарға жуықтайды. Үкімет пен әкімдіктер келесі жылдың соңына дейін осы жерлерге қатысты нақты шешім қабылдауға тиіс. Қазір жер мәселесін тексеруге жарияланған мораторий де күшін жойды. Бұл қадам жұмысқа оң ықпалын тигізеді деп ойлаймын, – деді мемлекет басшысы.

Жасыратыны жоқ, ел  экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне айналды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр. «Судың 40 пайызы құмға сіңіп жатыр. Бұл салада басқа да түйткілдер аз емес. Атап айтқанда, инфрақұрылым әбден тозған. Сондай-ақ, автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми негіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәселелерді шешу үшін Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандандыру қажет, білімді сарапшыларды жұмысқа тарту керек. Қажетті мамандарды даярлау үшін бұл саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орнын анықтаған жөн. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу керек», – деді Тоқаев.

Президент денсаулық сақтау саласындағы қыржыландыруды да сынға алды.

– Еліміздің басты құндылығы – Адам. Бұл – айқын нәрсе. Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды. Денсаулық сақтау саласында біраз реформа жүргізілді. Дегенмен, оның жағдайы әлі де мәз емес. Әрине, жылдар бойы қордаланған түйткілдер бір мезетте шешілмейді.

Осы салаға қаржының жеткілікті бөлінбеуі қалыпты жағдайға айналған. Соның кесірінен, жұрт сақтандыру жүйесіне қосылса да, медициналық қызмет толық көлемде көрсетілмей отыр. Бүгінде медициналық көмек мемлекет кепілдік берген және сақтандыру пакеті деп екіге бөлінген. Ашығын айтсақ, мұндай жүйенің тиімділігі төмен», – деді Президент.

Демек, ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт жетті. «Тіпті сақтандыру моделі тұрақсыз әрі жүйесіз дамуда. Бұл – үлкен олқылық. Ерікті медициналық сақтандыру жүйесін енгізетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырамын. Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн», – деді мемлекет басшысы.

Елімізде ең төменгі жалақы мөлшері көбейеді. Президенттің сөзінше, мемлекет ең төменгі жалақыны анықтаудың жаңа әдістемесін енгізеді, ол оның мөлшерін кезең-кезеңімен ұлғайтады. «Мен ең төменгі жалақыны 60-тан 70 мың теңгеге көтеруді шештім. Бұл 1,8 миллион азаматтың кірісіне тікелей әсер етеді. Зейнетақы жүйесін айтарлықтай қайта іске қосу қажет. Ең төменгі базалық зейнетақы мөлшерлемесін ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ына, ал ең жоғарысын 120%-ға дейін дәйекті түрде жеткізу қажет», – деді ол.

Оның айтуынша, бұл 2025 жылға қарай жалпы зейнетақыны орта есеппен 27%-ға арттыруға мүмкіндік береді.

– Сонымен қатар кең әлеуметтік сұранысты ескере отырып, әйелдердің зейнетке шығу жасы 2028 жылға дейін 61 жас болып бекітіледі. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының тиімді инвестициялық стратегиясын әзірлеу қажет, – деді президент.

Мемлекет басшысы келесі жылы 100 мың жасқа жұмыс беру керектігін айтты. «Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіле бермек. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді», – деді. Сондай-ақ, ЖОО-да оқу үшін жеңілдетілген несие берілетінін, Әділетті Қазақстан құруда мұғалімдердің рөлі маңызды екенін, балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажеттігін айтты.

«Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасы іске қосылады. «Әрбір отбасы елдің ұлттық байлығын пайдаланудан нақты табыс алуы керек. Сондықтан мен жариялаған Балалар жылы аясында жаңа «Балаларға арналған ұлттық қор» бағдарламасын іске қосуды аса маңызды деп санаймын. Ұлттық қордың жылдық инвестициялық кірісінің 50 пайызын балалар 18 жасқа толғанға дейін мерзімінен бұрын алу құқығынсыз арнайы жинақ шоттарына бөлуді ұсынамын. Кәмелеттік жасқа толғаннан кейін жинақталған сома тұрғын үй сатып алуға және білім алуға жұмсалады. Бұл қаражат өскелең ұрпаққа ересек өмірге нағыз жолдама береді. Қор шынымен де ұлттық мәртебеге ие болып, халық игілігіне қызмет ететін болады. Осы ауқымды істі жан-жақты зерделеу қажеттілігін ескере отырып, жобаны 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап іске қосуды тапсырамын», – деді президент.

– Қоғамда заң үстемдігі берік орнығып, сот төрелігі әділ атқарылуы қажет. Осыған орай, қазылар қауымын шұғыл түрде қайта іріктеп, жаңартып жасақтау керек. Қазылар жоғары білікті, адал, сондай-ақ, жемқорлықтан таза болуы қажет. Ең алдымен, барлық судьялардың мәртебесін теңестірген жөн. Олар өзінен жоғары тұрған әріптестеріне тәуелді болмауы керек. Көптеген сот төрағасы лауазымы судья лауазымы болып өзгереді. Сот төрағасы және Сот алқасының төрағасы лауазымына үміткерді судьялар өздері сайлайтын тәсіл енгізуді ұсынамын. Жоғарғы Сот судьяларын да сайлау арқылы таңдау тәсілін енгізген жөн. Ол үшін Президент үміткерлерді баламалы негізде Сенатқа ұсынуы керек. Аталған салаға мықты заңгерлерді тарту үшін материалдық жағдай жасау қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Сонымен қатар, Жолдауда кешегі қасіретті Қаңтар оқиғасы да айтылмай қалмады. «Маған құқық қорғаушылар, адвокаттар қауымдастығының өкілдері бірнеше рет өтініш жолдады. Олар елді жаппай тәртіпсіздікке үндеген адамдарды қатаң жазалау қажет екенін айтты. Бұл – орынды ұсыныс. Сондықтан өкілетті органдарға осы мәселені қарастырып, нақты шара қабылдауды тапсырамын. Біз кез келген ашық арандатушылыққа және заңсыз іс-әрекетке қатаң тосқауыл қоюымыз керек. Ел ішіне іріткі салған және заң бұзуға шақырған адамдар қатаң жазадан құтылып кетпейді.

Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан, мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деді мемлекет басшысы.

Жасыратыны жоқ, елдегі саяси реформалар «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласымен жүзеге асырылып жатыр. Бұл тұжырым – қоғамымыздың мызғымас тұғыры.

– Реформалардың мазмұны жан-жақты толыға бермек. Жалпыұлттық ынтымақты және билік пен қоғамның серіктестігін нығайта береміз. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидасын ұстану аса маңызды. Біз қоғамға іріткі салуды емес, елді ізгі мақсатқа жұмылдыруды ойлауымыз керек. Әділетті Қазақстан идеясының түпкі мәні – осы. Біздің алдымызда айрықша міндет тұр. Бұл – еліміздің егемендігін және жеріміздің тұтастығын сақтап қалу. Елдігімізді қорғаудың ең басты жолы – берекелі бірлік. Бұдан басқа жол жоқ, – деді Президент.

Сонымен, биыл күзде кезектен тыс Президент сайлауы, келесі жылы Мәжіліс пен мәслихат депутаттарының сайлауы болады. Содан кейін Үкімет жасақталады.

– Мен биылғы күзде кезектен тыс Президент сайлауын өткізуді ұсынамын. Әділетті Қазақстанды құру жолында түбегейлі және жан-жақты реформаларды табысты жүзеге асыру үшін халықтың жаңа сенім мандаты қажет. Мен үшін мемлекет мүддесі бәрінен биік. Сондықтан мен өкілеттік мерзімімді қысқартуға және кезектен тыс Президент сайлауына баруға дайынмын. Сондай-ақ, мен көп ойланып, Президент өкілеттігі мерзімдерінің санын және ұзақтығын қайта қарау қажет деген байламға келдім. Президент мандатын ұзақтығы 7 жылдық бір мерзіммен шектеуді ұсынамын. Бірақ қайта сайлануға тыйым салынады.

Біздің бүгінгі бастамаларымыз Қазақстанның болашағын айқындайды. Біз күн сайын ескі мен жаңаның, тоқырау мен дамудың арасынан таңдау жасаймыз. Баршаңызды ұлт мүддесі үшін ұйысуға шақырамын. Бәріміз бірлігімізді бекемдей білсек, ешқашан әділдіктен аттамасақ, берекелі ел боламыз, – деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.

Түйін сөз осы болды.

Н.КЕНЖЕТАЙ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: