Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бүгінгі геосаяси жағдайдың ұлттық саясатқа қаупі

10.01.2023, 11:25 281

HALYQLINE.KZ

Еліміз осы жылы күрделі демократиялық трансформацияны өткізуі тиіс. Бұның үлкен себебі, Ресейдің батыспен алысып-жұлысуы, Украина бұл жерде тек саяси ринг (қарулы әскери элементімен) ғана. Ресейге Украина жерінің керегі де жоқ.

Егер расымен Ресей окуппациялық операциясын жүргізер болса, ол 150-200 мың емес, бірден миллионнан астам кәсіби әскерін кіргізіп жіберіп, Украинаны басып алар еді. Егер өткен 2022 жылғы Ресейдің қарулы агрессиясының нәтижесіздігі деп қарасақ, қателесеміз.

Жоғарыда айттым ғой, бұл Ресей үшін Головкин сияқты 12 раундқа дейінгі уақытты созып, шыдап бағып, жалғыз Украинаны емес, тұтас артында тұрған батыс елдерін АҚШ-пен қосқанда, экономикалық шаршатуға итермелеу болмақ. Дәл осы экономикалық шаршату қазір әлемде өз әсерін беріп жатыр. Қажетті энергетикалық ресурстардың тапшылығы, инвестициялық айналымның тежелуі, туризмнің, экспорттық салықтардың қайта қаралып өсуі, ішкі әлеуметтік күйзелістердің өршуі т.с.с. факторлар дамушы ғана емес дамыған елдердің экономикалық даму өсіміне соңғы жылдары едәуір өзгерген.

Осыдан барып, нені түсінуге болады?

Ресейге жасалған санкциялар, онсыз да қара нан мен қара суға шыдап отыра беретін Ресей үшін дым да емес. Ресейдің күткені де осы. Ол АҚШ пен батыс елдерімен алдағы уақытта жалғыз күреспейді, оның ойы – экономикалық дағдарысқа бәрін әкету, сонысымен Ресеймен санасу, сөйтіп бұрынғы екі полярлы әлемді қайта орнату. Оның көксегені – 19-ғасырдағы Наполеонның жорығын құртқанындай «Еуропаның жандармы» атанған император Павел секілді, не сөзі мен түкірігі жерге түспеген Александр патша секілді дәуірді орнату. Сөйтіп әлемдік билеу үрдісін қайта жасақтау.

Аталған осы бағытта алғашқы нәтижелер орнай бастаса, әсіресе алдағы 2024-25 жылдарға созылып кеткен жағдайда, Қытай, Иран (Қытай, Иранның АҚШ-пен өз есебі бар), Сирия сияқты елдерді алғанда, Оңтүстік Тынық мұхиты елдерінің өз еркімен Ресей жағына шығуы орын алады. Ондай жағдайда, Ресейдің, әсіресе Путин билігінің жаңа КСРО форматында одақтастықты ұсынудың ауылы да алыс емес деген сөз.

Бұл кезде аймақтық деңгейде Қазақстан мен Орталық Азиялық елдердің нақты бір жаққа шығуына тура келеді.

Сондықтан, орыс тілінің статусы, мобилизациялық миграция, біздің БҰҰ-да дауыс берді-бермегені, Соловьев сияқтылар бір нәрсе деп қалғаны бәрі тұтасымен алғанда, тек имитациялық һәм дипломатиялық көріністер ғана. Бұлар жоғарыда айтқан Ресейдің планетарлық бастаған екі полярлық жаңа форматты орнату әрекеттердің (мейлі, ол қарулы қақтығыстар болсын) қасында түкте емес.

Сондықтан осы үдерісте Қазақстан ішкі саясатында, экономикалық даму бағытында, сыртқы саясатында қалай қимылдау керек деген нақты сұрақтарға мән беруіміз керек. Уақыт тапшы, барынша, жан-жақты саяси трансформацияны күшейтіп, экономикалық фундаменттерді жасақтап, идеологиялық-рухани күшті қоғамды бекіте беруіміз керек. Әлбетте, осының барлығы елдің ақпараттық-экономикалық қауіпсіздік белдеуінің жасақталуына әкелуі тиіс.

Қазір қоғам, саяси элиталар, аймақтық кландар тұтас «Ұлттық келісім» форматын жасақтауы тиіс. Ішіміз бүтін болмай, сыртқы ортақ қиындықтармен күресу мүмкін болмайды. Егер ішіміз түтін болып жатса, онда Ресей не Қытай сияқты ірі ойыншылардың еріксіз ойыншығына айналып кетудің де қауіпі жоғарылай түспек. Қауіп Абылайдың заманында да болды. Сондықтан, ұсақ-түйекті қойып, ұлттық деңгейде бағамдап, ертеңгі күнмен адымдап жүріп, анық басуымыз керек. Осы жерде бүгінгі басшының дипломатиялық қабілеті үлкен рөлін атқарады. Әрбір басшының өз кезеңінде ерекше саяси рөлі болады ғой.

Тек елімізге Құдай жар болсын, бүгінгіні саралап, ертеңгіге дайын болайық!

Мақсат  ЖАҚАУ,

аймақтанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: