Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Бес ай: Ресей мен Украина соғысы нені көрсетті?

27.07.2022, 17:35 1007

HALYQLINE.KZ

Ресейдің Украинаға соғыс ашқанына 24 шілде күні бес ай болды. Киевті екі күнде аламыз деген Мәскеудің екпіні басылып, арыны қайтқан. Сонымен бес ай соғыс әлемге және Украинаға қандай өзгеріс әкелді.

1. Ресей ақпан айында соғысты зымыран және әуе соққыларынан бастады. Украинаның әскери қоймалары мен нысандарын, әуежайларын 24 ақпан күні төпелеп атқылаған Ресей әскері, бірнеше бағытта шабуылға шықты. Оңтүстік бағытта жылдам арада Херсон облысы мен қаласын басып алды. Бұл Украина соғысында Ресейдің ең ірі жеңісі болатын. Артынша Ресей Қырымға жасалған су блокадасын жою мақсатында Солтүстік Қырым каналын ашып, Қырымға су жіберді. Ресей бұл әрекетін барлық арналар арқылы көрсетіп, керемет жетістік ретінде сипаттады. Ресей Луганск пен Донецк облысына да шабуылды күшейтіп, басты бағыт ретінде Харьков (Ресейге шекаралас жатқан Украинаның екінші ірі қаласы) пен Киевке шабуылды күшейтті. Әлемдік баспасөз Киевке жақындаған 64 шақырымға созылған Ресей әскери колоннасы жайлы жарыса жазды. Әне-міне Киев құлап, Зеленский қашады деген ақпаратты таратты, кей БАҚ-тар Зеленскийді «қашырып» та жіберді. Мысалы Ресей МемДумасының төрағасы Володин сол жалған ақпаратқа сүйеніп, «Зеленский Киевтен қашты» деді. Алайда бұл жалған болатын. Киевті Ресей әскері басып ала алмады. Киев маңында тас-талқан болған басқыншы әскері кері шегінді. Солайша Киев, Сум және Харьков облысында Украина әскері Ресей әскерін тықсыра қуды. Харьков бойында Украина әскері бірнеше жерде Ресей шекарасына шығып, мемлекеттік шекараны қалпына келтірді.

2. Украина әскерінің топтасуы мен астананы сақтап қалуда Мариуполь қорғанысындағы жауынгерлер мен «Азовсталь» зауытына бекінген Азов полкі тарихи миссиясын адал орындады. Олар ерліктің ерен үлгісін көрсетіп, қасқырша қайсарлықпен шайқаса білді, Ресей әскерінің қуатты бөлімшелерінің соққысын өзіне қабылдап, сол арқылы Украина әскерінің топтасуына және Киев пен Харьков бойында қарсы шабуылға шығуына мүмкіндік берді. «Азовсталь» қорғанысы екі айдан астам уақытқа созылды, ал Азов жасағы бейресми беймәлім келіссөз негізінде тұтқынға түсті.

3. Ресей мен бүлікші сепаратистер Луганск және Донецк бағытында шабуылын жалғастыруда. Алдыңғы шепке Украинаның екі бүлікші облысынан құралған әскери бөлімшелерді қойып, артынша Ресей әскері шабуыл жасау тактикасы көпшіліктің қарсылығын тудыруда. Ресей бес ай дегенде Лугансктің біршама бөлігін басып алды, алайда оған жету үшін Ресей әскері мыңдаған адам мен техникасын құрбан етті. Екі облыс үшін қиян-кескі шайқастар жалғасуда.

4. Украина әскері қарсы шабуыл жасауға біртіндеп көше бастады. Алғашқы қарсы шабуыл фазасы Украина әскерін Харьков бойында шекара маңына дейін жеткізсе, ендігі бағыт – оңтүстік, яғни Херсон және Запорожье облыстары. Украина Херсон облысы бойынша барынша алға жылжып, қаланы қақ ортасынан бөліп жатқан Днепр үстіндегі көпірлерді атқылауда. Херсонды оңтүстік және солтүстік жағалаумен жалғап жатқан үш ірі көпір бар. Ол Антонов автокөлік көпірі және теміржол көпірі, сонымен бірге Жаңа Каховка ГЭС-і бойындағы тасжол. Міне, бұл үш нысан қазір Украина әскерінің назарында және украин сарбаздары зымыран кешендерімен көпірлерге соққы жасауда. Басты мақсат – көпірді қирату емес, ауыр техника өте алмастай зақымдау. Сол арқылы Херсонды басып алған Ресей әскеріне ауыр техника жеткізу мүмкіндігін азайтып, қарсы шабуылға өту. Көпірлерді толық жою қателік болар еді, себебі Херсонның екінші бөлігін азат ету керек қой.

5. Ресей мен Украина арасындағы Қара теңіздегі соғыс жалғасуда. Соғыстың басында Украинаның әскери флотын толық жойған (басым бөлігі 2014 жылы Қырымда қалған еді) Ресей әскері теңіздегі соғыста сөзсіз басымдыққа ие еді. Алайда Ресейдің ең ірі крейсері Мәскеуді суға батырып, артынша Жыланды (Змеиный) аралын азат еткен Украина әскері Қара теңіз үшін қан төгерін нақты көрсетті. батыс тарабы берген «Гарпун» зымырандары балансты толық қалпына келтірмесе де, Украинаға Қара теңізде маневр жасауына мүмкіндік ашты.

6. Украинаны қолдау бойынша арнайы платформа құрылды. Бұл өркениетті әлем елдерінің қолбасшылары, қорғаныс министрлері бас қосып, Киевке қару беруді талқылап, шешім қабылдайтын «Рамштайн» алаңы. Рамштайнда төрт мәрте кездесу болып, Украинаға ауыр артиллериялар (155 ммлік) және HIMARS пен М270 зымыран кешендері беріле бастады. Бұл соғыстың барысын өзгертті және Ресей әскерін позициялық соғысқа өтуге мәжбүрледі. Украина аталмыш зымыран кешендерінің көмегімен Ресейдің әскери қоймалары мен штабтарын талқандап жатыр.

7. Ресей соғыста тағы бір бопсаны тапты. Ол – украин астығы. Өз қолындағы астықты порттар мен көлік жолы арқылы тасып жатқан Ресей әскері әлемді астық тапшылығы арқылы бопсалауға көшті. Ресей әскері астық жинайтын сәтте Украинада алқаптарды жаппай өртеу тактикасына өтуі де мүмкін. Астық жеткізуді тоқтату арқылы, Мәскеу өзіне салынған санкцияларды алып тастауды қалайды. Алайда Еуропа оған бармайтынын айтты. Түркия, Украина, БҰҰ және Ресей арасында Стамбұл қаласында астықты тасымалдау бойынша келісім жасалған болатын. Ол бойынша порттарға қандай да бір кедергі жасау немесе соққы жасауға тыйым салынды, кемелерге қауіп төндірмеуді уағдаласты. Дей-тұра бір күн өтпестен Ресей келісімді бұзып, Одесса портына соққы жасады.

8. Ресей әскері мобилизацияға мәжбүр. Себебі 40 млн-нан астам халқы бар елді екі күнде басып аламыз деп тек ақымақ қана ойлауы мүмкін. Ақымақ.. .Кремль соғысты «арнайы операция» деп жариялады. Сол сөзі арқылы өзін мобилизация жариялау мүмкіндігінен айырды. Ал енді соғыс десе, мобилизация жарияласа, онда Украина соғысындағы сәтсіздікті қоғамына мойындағанмен бірдей болмақ. «Ойбай, мобилизациясы несі, қырып жатыр едік қой, Соловьев солай деді, Шойгу айтты ғой» дейді қоғамы. Сөйтіп өтіріктері ашылып қалатынын түсінеді. Түсінеді де, жасырын мобилизация ғана жасайтын қадамға баруда. Оған қайбір есі дұрыс әскер жиналсын. «Кәсіби» әскерді түрмеден, еңбек мигранттары мен көшеден іздеп жүр. Барып жатқандары да бар. Олардың басым бөлігі ақша үшін барады. Бірақ табытпен не арбаға таңылған қалпы қайтады. Көп жағдайда…

9. Соғыс нені көрсетті? Ресей қоғамы екі әлемде тұратынын. Ол бұрыннан солай еді. Енді айқындала түсті. Соғыста өлгендердің аймақтарын бір қарап шығыңызшы. Көбісі артта қалған аймақтардан болып шығады. Неге олай? Себебі халықтың жағдайы нашар, пропаганда қатты. Олар сенеді, Путинге, Ресей әскерінің қуаттылығына, империяны құратынына. Сенеді және… өледі.

10. Ресейдің ғасырлар бойғы тактикасы өзгермеген. Алдыңғы шепке көбіне өзге ұлтты айдап жатыр, айдап жатыр. Башқұрт, шешен, татар, қазақ, сақа, бурят қынадай қырылуда. Бұл Кремльге екі мәселені шешуге мүмкіндік береді: Ресей ішінен бас көтеруі мүмкін ұлттардың саны сәл болса да азаяды, ал Украинада алдыңғы шепте біршама мәселені осылар шешеді. Өлсе құны бір тиын, кей жағдайда бір Лада.

11. Қанша ресейлік сарбаз өлді? Түрлі дерек бар. Украина 40 мың дейді, Батыс 20 мыңнан астам дейді, ал Ресей 1500 дейді. Аз еместігі анық. Бірақ қанша өлсе де Ресей оны ашық айтпайды, ешқашан айтпаған, ешқашан айтпайды да. Ресейдің тұрақты әскерінен бөлек Луганск және Донецк бүлікшілері де, түрлі чвк топтары да қырылуда. Бірақ оларды кім санап жатыр дейсің. Өлді, қалды, ұмытылды. Сөйтіп тарих қойнауына мәңгіге кетіп жатыр. Көп болса «за пацанов» деп бір стақан ішімдікті бір әумесер бір төңкерер. Сонымен болды. «Не үшін өлді, кім үшін өлді?» деген ешкімді қызықтырмайды.

Украина сарбаздары да қырылып жатыр. Менің ойымша шамамен 10-15 мың арасында болуы тиіс. Ұлыбритания барлау тобы да солай дейді. Ал бейбіт тұрғындардан шамамен 20 мыңнан астам адам қаза тапты. Бірақ бұл қазалардың бір айырмашылығы бар: Не үшін деген сұраққа олардың жаны «Отан үшін, ел үшін, Украинам үшін» деп жауап бере алады.

Соғыс жалғасуда…

Асхат  Қасенғали,

саясаттанушы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: