Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Әлемге + 1 соғыс

21.12.2023, 12:40 795

HALYQLINE.KZ

Йемен деген соры сорпадай қайнаған ел бар. Сауд Арабиясымен шектесіп жатыр, ал шығысында үндемейтін Оман бар. Йемен – соғыстан көз ашпаған мемлекет. 90-жылға дейін Йемен екіге бөлініп жатты. Ұзақ жылдық соғыстан кейін барып қосылды. Бірақ бұл елде бірлік болмады. Солтүстік Йемен мен Оңтүстік Йемен арасындағы тайпалық, этникалық, кландық және діни қақтығыс қоғамда сол күйі қалып қойды. Сөйтіп 2014 жылы қайта соғыс бұрқ етті. Шииттік хуситтер елдегі билікті алғысы келді, ресми билік көнбеді. Азамат соғысы ғой.

Кейін оған Сауд Арабиясы қосылды. Миллиондаған адам босқын болды. Аштыққа ұшырады. Саудия көптеген елдердің басын қосып, антихуситтік коалиция құрды. Бірақ айтарлықтай әскери нәтиже көрсете алмады. Хуситтерді қарумен, қаржымен Иран қолдап келеді. Өйткені діни ұстанымы шииттік бағытта және қарсыласы Саудияға қарсы соғысып жатыр дегендей.

2023 жыл, 7 қазан. Газа секторы. Израиль – ХАМАС соғысы басталды. Израиль Газада ХАМАС-пен және өзге қарулы топтармен, ал Ливан шекарасында «Хезболламен» соғысуда. Геосаяси ойынға хуситтер қосылуда. Олар Йемен жерінен о баста Израильге зымыран атып, дрон жіберетін. Кейін Израильді экономикалық тұрғыдан әлсіретеміз деді. Мұнай мен қару өткізбеу үшін Израиль порттарына бағыт алған кемелерді атқылап, басып алуды іске асыра бастады.

Ал енді осыны оқып отырған оқырманым, картаны қолға алып, қарасаңыз, Йеменнің әлемдік сауда жолының күретамырында жатқанын көресіз. Жибути мен Йеменнің арасында жіңішке, фигурасы 90-60-90 болатын қыпшабел Баб-эль-Мандеб бұғазы жатыр. Ұзындығы 20 шақырым ғана. Бұғаздың солтүстігі – Қызыл теңіз, ал оңтүстігі – Аден шығанағы. Міне, осы бұғаз маңында әрі-бері жүзіп жүрген кемелерді хуситтер біресе зымыранмен атады, біресе дронмен төмпештейді, біресе басып алады.

Салдарынан әлемдік сауда қатынасы коллапс жағдайына жақындады. Себебі Баб-эль-Мандеб арқылы жылына 17 мың ірілі-ұсақты кеме өтеді. Әлемдік сауданың 11 пайызы осы аймақпен өтеді, контейнерлік тасымалдың 30 пайызы Баб-эль-Мандебсіз іске аспайды. Ал Баб-эль-Мандебтен шыққан кеме Суэц арнасына баратынын еске алсақ, оның маңызын тіпті жоғары екенін түсінесіз. Есіңізде болса, кезінде Суэцте бір кеме қаңтарылып қалғанда, әлемдік сауда қатынасы да қиындай түскен еді. Ал мынау одан он есе (жұмсартып айтсақ) қиын дағдарысқа әкеледі дейді тісқаққан сақа сарапшылар.

Қазірдің өзінде ол дағдарыстың салқыны біліне бастапты. Mediterranean Shipping Company (MSC), CMA CGM, Maersk, Hapag-Lloyd сынды логистика саласының гиганттары «Баб-эль-Мандебің бар болсын» деп аймақты айналып, басқа бағытты таңдауда. Ал бұлар – анау-мынау компаниялар емес, әлемдегі су жолы арқылы жүк тасымалының 55-60 пайызын іске асыратын алыптар. «Басқа бағыт алыс, қымбат, бірақ қауіпсіз» дейді олар.

Хуситтердің әрекетіне қарсы жауап ретінде АҚШ бастап, Ұлыбритания, Бахрейн, Канада, Франция, Италия, Нидерланды, Норвегия, Сейшел аралдары, Испания қостап, «Дамудың сақшысы» атты операция жарияланды. Бұл Қызыл теңіздегі кеме қатынасын қалпына келтіріп, хуситтердің кемелерді басып алу, атқылау мүмкіндігін жоюға бағытталған. Хуситтер бұл коалицияға қарсы соғысуға дайын екенін айтты. Бахрейннің күлін көкке ұшырамыз деп, Сауд Арабиясы мен БАӘ-ні айыптады. Мысыр коалицияға қосылмайтынын жеткізді. Алайда іштей бұл коалицияға сәттілік тілеріне сенімдімін, себебі хуситтердің әрекетінен Суэц каналына өтетін кемелер азаюда. Ал Мысыр әр кемеден 50-500 мың доллар аралығында салық алып отыр. Хуситтердің әрекеті оларды қаржыдан қағуда.

Операция қашан басталары белгісіз. Қаңтардың басында дейді кей деректер. Қазірдің өзінде құрлық операциясы емес, әуеден соққы жасау, авиация және зымыранмен шабуылдауға басымдық берілетіні айқын. Ал хуситтер әзірге Йемен жағалауын миналап, теңіз миналарын да қойып, мобилизацияны бастап кетіпті. Не дейміз, әлемге +1 СОҒЫС…

Асхат  ҚАСЕНҒАЛИ,

саясаттанушы

Басты беттегі фото: katehon.com

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: