Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған жазбалары

11.08.2022, 11:35 438

Жаза алмаған, заманының шындығын айта алмаған, ел ойын жеткізе алмаған журналист – журналист емес, күн көруші. Дәл осылай деген екен ел ағалары. Сондықтан бұл істі жаны сүйіп келгендердің бірі болған соң, тыпыршып тыныш отыра алмасымыз даусыз. Күнде елге ақпарат, мәселеге талдау жүргізу бұл – журналисттің негізгі функциясы. Дегенмен, ақпараттық технология заманында бұрынғыдай көзбен көріп, көңілге түю кенжелеп бара жатқаны рас. Сол себепті, республикалық «Халық» газеті ақпарат  таратуда  адымдап аяқ басып, өңір-өңірді аралап ақпараттандыруға кірісті. Редакциядан топ бастап, алғаш шығу маған бұйырды. Бұрын-соңды баспасөз турымен барған өңірлерді енді жалғыз аралайтынымды білдім. Қобалжу бар. Өйткені редакцияның үміті мен халық алдындағы үлкен жауапкершілікті сезініп тұрмын. Әрбір жазылған мәлімет бір адамның өміріне әсері болатынын білемін. Мәселен, мен жазған мақаланы оқыған оқырман жаңа мүмкіндікке жолы ашылып, ақиқатқа қол жеткізуі әбден мүмкін. Немесе керісінше эффект беруі де ғажап емес. Міне, біреу үшін кезекті іссапары болса, бұл мен үшін ең алғашқысы және ең ғажайыбы болары хақ. Неге ғажайып? Себебі тарихи мекеннің топырағына барғалы тұрмын. Егер ұлттың жаратылысында  қаһармандық қасиеттер болса ғана, найзағайдай жарқылдаған тұлғалар туғызады деуші еді. Бұл – талай қазақ батыры, данасы  да  шыққан  құтты мекен. Осы  тарихи  шежіреге толы  өңір  Жаңақорғанға іссапарым  басталды.

Күншығыстан ақ жібектей таң атып келе жатқан мезгілде діттеген жерге бет алдым. Құлаққап тағып, әсем әуен тыңдап, қолда қағаз бен қаламды ұстап, жазық даланы терезеге телміріп қарап отырдым. Шүкір, темір тұлпар зығырымды шығармай тез жеткізді. Біз қазақтың қай жері болса да, қасиетті деп мадақ сөз айтудан шаршамаймыз. Бірақ неге қасиет­ті екенін көп уақытта түсіндіре бермейміз? Сосын жастар білмесе, аға буын өкілдері жекіп, екі буын арасында  өкпе-реніш туаты­ны анық. Сондықтан өңірдің тамырынан бастап, сөз қозғағанды жөн санадым. Бұл мекенде ХІІ ғасырда Қыпшақ мемлекетінің,  ХІV-XV ғасырларда  Ақ Орда мемлекетінің астанасы  болған Сығанақ қаласы жатыр. Мұнда Орыс хан, Барақ, Әбілхайыр, Тоқтамыс­тар хандық құрған. Кезінде қырғидай тиген жоңғарлар шабуылына берілмеген, жеті қабат қорғандармен қоршалған Сауран­ның қамалы да осында. Атақты Алпа­мыс батыр­дың әйелі Гүлбаршын сұлудың басы­на орнатқан күмбезді «Көккесене» орны да Қожамберді ауылының күнбағыс іргесінде жатыр. Бұған қоса, тылсым сырын ішінде бүгіп, тарихи тереңге тартқан Құмиян мен Аққорған, Ордакент пен Өзгент сияқты құм жұтқан қала­лар мен қамал­дар да Жаңақорғанда. Тіпті,  діндердің  ішіндегі ең жасы ислам діні мен мәдениетін Сыр бойына алғаш алып келген Мұхам­мед пайғам­бардың немере інісі әрі күйеу баласы Әзіреті Әлінің ұрпа­ғы Хорасан Атаның (Әбдіжәлил Баб), апайтөс Қабанбай батыр мен ақын Ақтайлақ бидің түп бабалары, Қылышты атаның күйеу баласы Төле­гетайдың жамбасы да осы жерге тиген. Тым ақылды болып көріну, білмесем де білем деу – маған жат дүние. Жоғарыда айтқан ақпараттың бірін тарих сабағынан еске түсірсем, енді бірін ауыл ақсақалдарымен  тілдесу барысында ұқтым. «Алыстан алты жастағы бала келсе, ауылдағы алпыс жастағы  ақсақал тұрып сәлем береді» демекші сұңғақ бойлы, шашымды құлан жалға теңеген бір ақсақалмен тілдесу  барысында білдім. Атаның ақ  батасын алып, сапарымның  олжалы  болуын  тіледім.

Шалқамнан жатып алып, көк аспанның тұңғиық теңізін барлап жатқаннан түк шықпасын білемін. Сол себепті дереу іске кірістім. Мен ауданға іссапармен келсем, әкім қалаға кетіпті. «Әкіммен кездесу ертең болады»  деп сендірді аудан әкімшілігіндегілер. Ал, бүгінше әр сала бойынша мәлімет беріп, көңілімді тоқ қылды. Аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевпен кездесіп, ауыл шаруашылығы жайында өткір мәселелерді талқыладық. Бұның бәрін алдағы сандардан тереңірек тарқатамын. Сонымен қатар, ең алғаш «Батыр ана» атағына ие болған Үміт Мұратбайқызы жайында ғылыми зерттеу жұмысын бастайын деп шештім. Мәдениет үйі, музей, кітап­хананы аралап, мәлімет жинадым. Бірақ мәлімет өте аз екеніне көз жеткізгенмен, қызығушылығым одан сайын арта түсті. Ауданда Үміт ананың ұрпақтары тұрады екен. Солармен кездесіп, біраз ақпарат аламын деп жоспарлап отырмын. Аудандағы құрылыс нысандарын аралап, аудан қарқынды өркендеп жатқанына көзім жетті. Қарттар күні қарсаңында жаңа саябақ қолданысқа берілмек. Бір қызығы, ауданда көп құрылыс жүргізілгенімен, бұның  бәрін жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен жүзеге асып жатыр екен. Міне, туған жерге деген құрметтің белгісі. Жаңақорған кентінің кешкі көрінісі ажарлана түсуде. Тағы да жаңақорғандық кәсіпкердің қолдауымен  жарық  бағандары қойы­лып  жатыр.

Елімізді қант тапшылығы зар қақсатып тұр. Әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бірі жоқ болып кету қауіпсіздігі туындап тұрған көрінеді. Сол себепті аудан басшылығы бұл тығырықтан шығудың жолын қарастырыпты. Әлі ешбір әлеуметтік желіге жарияламай, көзінің қарасындай сақтап отыр­ған құпиясымен аудан әкімі мен жауапты мамандар бөлісті. Олардың айтуын­ша, ауданда бір гектар қант қызылшасы мен бір гектар  қызылша егіліпті. Бұл тәжірибе жүзінде жүргізіліп, қажет­ті мине­ралды тыңайтқыштарды бел­гілеу кезеңінде екен. Егер 30-40 тоннадай жемісін берсе, зауыт орналастырып, аудан мен облыс тұрғындарын қамтамасыз ету үшін көптеп таулы  аймақтарға  екпекші.

Әлемге танымал америкалық  экономист Джон Коттер өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары өзінің «Өзгерістердің  алдында»  атты кітабында  бәсекелестерден ілгері  болу  үшін  міндетті түрде  өзгерістерді  алдын ала  біліп, оны  басқара  білу қажеттілігін  айтқан  еді. Дәл осы  қағида  біздің  дәуірде де өзектілігін жойған жоқ. Аудан әкімі Мұрат Жолкелдіұлымен аудандағы басты мәселелер бойынша сұхбат жүргіздім. Біраз ісімізді түгендеген едік. Алайда «десертке» қалдыра тұрайық. Алдағы уақытта Жаңақорғанның тыныс-тіршілігін біздің газеттен тыңдайсыз, оқисыз, көресіз, қадірлі  оқырман!

Азамат  АБИМОЛДА,

Жаңақорған  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: