Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңақорған жазбалары

18.08.2022, 11:20 296

АЗЫҚ-ТҮЛІК  БАҒАСЫ  ТҰРАҚТЫ

Өткен аптада Жаңақорған ауданындағы іссапар туралы жолжазбаны анонс ретінде берілді деуге келеді. Ауданның әр бағыттағы жұмыстарының беті түртілді. Көзбен көргенді, көңілге түйгенді тамсана жеткіздік. Ендігі кезекте, аудандағы әр саланы қысқа-нұсқа қылып беруге көшкен жөн. Басшылыққа адам екі түрлі мақсатпен келеді. Бірі «елді өсірсем, көркейтсем, көгертсем» дейді. Екіншісі «қайт­сем қыруар қаржыны қалтама салып, қалғанын тума-туысқа үлестіріп, қайтсем де тағымды қара басыма пайдаланамын» деп келетіні бар. Алайда екінші мақсатпен келген басшы да  мансаптық  баспалдақ  үшін аз да болса жұмыс істейтіні анық. Дегенмен, Жаңақорған ауданындағы экс-әкімдердің көбі ел үшін жасаған еңбегі үшін осы лауа­зымнан ке­йін бұдан да жоғарысына ла­йық деп таны­лып жүргенін көріп те, естіп  те жүр­міз. Ауданның бұрынғы басшысы Руслан Рүстемұлы қызмет кезінде ауданның географиялық орнала­суы мен ондағы тұрғындар кәсібінің бейімділігіне қарай зерттеу жүргізіп, ауданның 2024 жылға дейін­гі даму жоспары бекітілген деп айтқан еді. Алайда оған жетемін дегенше  орнын ауыс­тырды. Жаңа әкім Мұрат Жолкелдіұлы  ауданды  көркейте  ала  ма?

Халқымызды азық-түлік бағасының да тұрақсыздығы алаңдатып отыр. Қоғам әлі қымбатшылықтың қамытын киіп жүргені дау­сыз. Халықтың көзімен сөйлесек, мемле­кет бейқам отырған көрінеді. Дей тұрғаны­мен, жұмыс істелуде. Тек әл-ауқатты жақсартуға бағытталған бағдарлама бір жүйеге түсемін дегенше азық-түлік те аспандап тұратыны ап-анық. Бұл мәселе жайында ауданда қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Талғат Зейдалиевпен әңгімелесу барысында білдік. Оның айтуынша, Жаңақорған ауданы бойынша ауыл шаруашылығы бөлімі 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жұмыстарын жүргізіп  отырады  екен.

– 2022 жылдың қаңтар айынан жыл соңына дейін әлеуметтік азық-түлік тауарларына кәсіпкерлерге келген бағасына 5-10 пайыздан артық қоспай сату жөнінде аудан әкімдігі мен кәсіпкерлер арасында аудан орталығындағы iрi сегiз сауда үйімен екіжақты меморандум жасалды. Атап айтқанда, «Заңғар», «Заңғар 2», «Кәусар», «Ғани», «Агрос», «Аққу», «Береке», «Магнит» сауда үйлері. 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру мақсатында «Байқоңыр» ӘКК» АҚ арқылы кент орталығында орналасқан «Заңғар» сауда үйi қаражат айналымы үшiн 20 миллион теңге заем алды. Қазіргі уақытта әлеуметтік бұрыш ашып, «Байқоңыр» ӘКК» АҚ бекiтiлген бағамен 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын халыққа ұсынуда, – деді  Талғат  Бимағанбетұлы.

Бұған қоса, бiрiншi сұрыпты бидай ұны мен бөлке нанның бағасын да тұрақтандыру мақсатында «Заңғар» сауда үйі «Байқоңыр» ӘКК» АҚ тұрақтандыру қоры арқылы бүгiнгi күнге 148 тонна арзандатылған ұн алдырса, пішінді бөлке нанды 75 теңгеден сатып жатыр екен. Қант бағасын тұрақтандыру мақсатында Алматы облысы Талдықорған қаласында орналасқан «Көксу» қант зауытынан аудандағы жеке кәсіпкер Нұржан Палманов 68 тонна қант (құмшекер) сатып алып, қазіргі таңда «Заңғар» сауда үйін­де 1 килограмы 510 теңгеден сатылымда тұр. Шыны керек, айтылған сөзге де сенетін заман емес. Сол себепті сауда үйлеріне барып, анығына көз жеткізіп барып, ақпаратты қалың оқырманға таратып отырмыз.

Ауыл шаруашылығы саласына жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінетіні рас. «Жалған, ақша толық бөлінбейді» деп ешкім де айта алмас. Негізгі нысана саланы жоғары деңгейге көтеру болса да, халықты азық-түлікпен толық қамтамасыз етуде мемлекет жұмыс істесе де, нәтиже аз екені байқалады. Ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасы бұқараның қалтасына қонымды емес. Сондай-ақ шаруашылық иелері өнімдерін ауыл арасына тасымалдағаннан көрі экспортқа шығарып, қалтасын қалыңдатқанды тәуір көреді. Бұл салдардың әсерінен қарапайым халық қымбатшылықтың қамытын киюге мәжбүр. Наурыз айынан бастап, қант бағасы күрт өсіп, елді дүрбелеңге салғанын білеміз. Сол себепті Жаңақорған ауданының әкімдігі де бұл өткір мәселеге қол қусырып отыра алмайтындарын жеткізді. Айтуларынша, мәселе әрқашанда болады, тек шешімін табу үшін жұмыс істелуі керек. Сондықтан қант қызылшасын бір гектарға және қызылшаның өзін бір гектарға егуді жоспарлапты. Топырағын зерттеп, жетіспейтін минералды тыңайтқыштарды белгілеу кезеңінде екен. Егер 30-40 тоннадай мол өнім берілсе, таулы аймақтарға егіп, қант цехын салуды көздеп отыр.

Айтуға бәрі оңай. Азық-түлік бағасын шекті мөлшерде ұстап тұру да  жеңіл процесс емес. Өйткені нарықтық экономикада кәсіпкерлер үстеме баға қоюдың нақ шебері болып алған. Қант мәселесін де кәсіпкерлер тудыр­ған еді ғой. Содан кейін жыл сайын емес араға ай салмай өсіп тұратын азық-түліктің бағасына қарап, бұқара да базынасын айтады. Отбасындағы атмосфераны базардағы баға бұзып жүргені белгілі. Еліміз ішкі нарықты қамтамасыз етіп болмайынша, сыртқа азық-түлікті  экспорттағанды  қою  керек. Әйтпесе мәселе тек мәселе күйінше қала бермек. Жаңақорған ауданының әкімдігі тұрғындардың азық-түлікке қатысты мәселесі басты назарда екенін айтқаны көңілді қуантады. «Жұмыс істеудеміз» деген сөздің өзі жұрттың жанына жебеу болып тұр. Ендігі кезекте, жоспарлы дүние халықтың игілігі үшін іске асса жақсы болар еді. Себебі халық та  тойып  ішкісі  келеді…

ЕГІН  ЕКСЕҢ  –  ЕБІҢ  ТАП…

Жаңақорған ауданының тыныс-тіршілігі жайында көсіліп жазуға болады. Тамыры тереңге жайылған өлке тұнып тұрған тарих қой. Мұнда замануи ғимараттарды көрмесеңіз де, тарихи шежіреге толы өлкені көре алатыныңызды сеніммен айта аламыз. Кезінде «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деп сыңаржақ ұрандап жүрген Голощекиннің тұсында ел нәубет-ашаршылықты көрген еді. 1930 жылы 15 наурызда Қазақ АКСР Атқару Комитеті мен Халық Комиссарлары Кеңесінің қаулысы қабылданды. Міне, бұл қаулыдан кейін қауіпті деген адамдар қамауға алынып, абақтыға жабылды. Сол жылдары құрғақшылық болып, егіннің де мәнісі кеткен болатын. Неге тарихты сөз еттік? Себебі өткенсіз бүгінді бастай алмаймыз. Қазақтың басы­нан өткен зобалаң күндері келер ұрпақ­тың жадында мәңгі сақталып, еңсесін көте­ріп, алға ұмтылу үшін шабыт болуы қажет. Соның арқасында аталмыш өңір экономикасының негізгі резервінің бірі – егін шаруа­шылығы да тұрақты дамуда. Мәселен, жыл басынан бері егін шаруашылығы өнімдерінің шығарылымы 14,2 миллион теңгені құрады.

Осы жылы аудан бойынша 37 779 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары орналас­тырылды.  Жалпы, Жаңақорған ауданында 485 шаруашылық құрылымы егінмен айналысса, оның 175-сі күріш өсіреді. Соңғы үш жылда ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыруға басымдық берілуде. Биыл да барлығы 11 325 гектар дәнді дақыл болса, майлы дақылдар 2 056 гектар, малазықтық дақылдар 21 108 гектар және бақша 3290 гектарды құрап отыр. Сонымен қатар, саладағы басты жаңалықтармен жауапты маман  бөлісті.

– Біздің елімізде импортқа тәуелділік бар. Соның әсерінен халқымыздың қалтасына ауыр­лық салып отыр. Сондықтан өзіміз өндіруіміз керек. Халқымыз таршылық көрмесін деп картоп, сәбіз, пияз өнімдерін бұрынғыдан көбейтіп егудеміз. Сондай-ақ «бір ауыл, бір жылыжай» деген жоба қорғадым. Егер бір ауылда бір жылыжай болса, сол ауылды толық қамта­масыз етуге қауқары жетеді. Бастапқы кезде 3 жылыжай бар еді. Қазір 12 жылыжайға көбейді. Бұған қоса, «бір аула, бір қойма» деген жобаны әзірлеудеміз. Бұл – көрші Қырғызстан елінде бар тәжірибе. Сол қоймадан шамамен екі фура картоп шығады. Яғни өзі егіп, қоймасына сақтап күн көреді. Сырттан қымбатқа алып отырғанша, өзіміз арзанға алып, артылып қалғанын экспортқа жіберген дұрыс деп санай­мын, – деді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің  басшысы  Талғат  Зейдалиев.

Жақсы бастама екені рас. Алайда Сырдария өзеніндегі су деңгейінің төмен болуына байланысты су тапшылығы кедергі болуы ғажап емес. Десе де, сала мамандары егістікті суаратын каналдардың су өткізу қабілетін арттыру мақсатында жұмыстар жүргізіліп жатқанын  айтты.

(Басы  өткен  санда.  Жалғасы  бар.)

Азамат  АБИМОЛДА,

Жаңақорған  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: