Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңа жылды қандай жаңашылдықтармен бастадық?

10.01.2022, 12:15 149

Әне-міне дегенше 2021 жылды да артқа тастадық. Ел арасында «Пандемия басталғалы бері адамдар қаржылық сауатын жетілдіріп алды» деген түсінік қалыптасты. Әрине, оған дау жоқ, өйткені шындыққа жанасады. Бірақ, карантин режиімі жеңілдетілгелі той-томалақтың тынысы ашылды. Қаржыны үнемдеу әуелде жоғары деңгейде болғанымен, қазір қайта бұрынғы арнасына түскендей әсер қалдырады. Жалпы, елдегі қоғамдық-саяси, әлеуметтік-экономикалық, т.с.с. жаңалықтармен кез келген тұрғын уақытында таныс болуы керек. Сонда ғана сауатты ел халқы билікке килікпей, заң аясында талап етуге, сұрауға бейімделе түспек. Сонымен, 1 қаңтардан бастап Қазақстанда бірқатар өзгеріс күшіне енді. Ол қандай жаңашылдықтар? Осы тақырып төңірегінде толығырақ толғайтын боламыз.

ЗЕЙНЕТКЕ  ШЫҒУ  БЕЙНЕТКЕ  АЙНАЛАДЫ

2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда әйелдердің зейнет жасы 60,5 жасқа дейін көтерілді. Яғни, өткен жылы қазақс­тандық  әйелдер  зейнетке  60  жастан шықса, биыл ол 60,5  жасқа  дейін  жетіп  отыр. Бұл ештеңе емес, 2027 жылға дейін әйелдердің зейнет жасы кезең-кезеңмен  ұлғайып, 63 жасқа бір-ақ барады! Осылайша, ерлер де, әйелдер де «құрметті демалысқа» құр сүлдері қалып, бір жаста шығады. Жалпы, Қазақстанда  әйелдердің зейнет жасы 2018 жылдан (58 жас бола­тын – ред.)  бастап  көтеріліп  келеді.

«ЗЕЙНЕТАҚЫМ  ҚАНШАЛЫҚТЫ  КӨБЕЙДІ?»

Биыл қазақстандықтардың зейнетақысы сәл де болса көбеймек. Мемлекеттік базалық зейнетақының ең төменгі мөлшері 18 524 теңгеден 19 450 теңгеге дейін артады. Ең төменгі зейнетақы 46 302 теңгені құрайды. Арғы жылы оның мөлшері 43 272  теңге  болды.

Айта кетері, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап мемлекеттік базалық зейнетақы әр зейнеткерге оның зейнетақы жүйесіндегі тәжірибесін ескере отырып, жеке тағайындалады.

Егер зейнетақы жүйесіндегі жұмыс өтілі 10 жыл немесе одан аз, сондай-ақ мүлде жоқ болса, базалық зейнетақы ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54%-ын құрайды. Содан кейін 10 жылдан асқан әр жыл үшін оның мөлшері 2%-ға артады.

ЕҢ  ТӨМЕНГІ  ЖАЛАҚЫ  ӨЗГЕРЕДІ

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда президент  тапсырмасымен   ең   төменгі   жалақы   42 500   теңгеден   60  мың  теңгеге  дейін  көтеріл­ді. Бұған  дейін пандемия  жағдайында  жұмыссыз  ел тұрғындары 42 500 теңгеден алған болатын. Бұл – сол кездегі ең төменгі  жалақы.

Ең төменгі жалақының көтерілуі айлығы өте төмен жұмысшылардың табысына оң әсер етеді. Бүгінде елімізде жалақысы 60 мың теңгеден аз 1 миллион 650 мың адам бар екен. Демек, биыл  олардың  кірісі  сәл  де болса артады. Еңбек кодексіне сәйкес, жұмыс берушілер еңбекақыны ең төменгі жалақыдан кем  емес  деңгейде  төлеуге  міндетті.

АЕК  БІР ОРНЫНДА ТҰРМАЙДЫ

АЕК немесе айлық есептік  көрсеткіш  (жәрдемақы, айыппұл, салық  және  басқа да төлемдерді есептеу үшін  қолданады)  2022 жылы 3 063 теңгені құрамақ. 2021 жылы ол 2 917 теңге болды.

КҮНКӨРІС  ДЕҢГЕЙІ  мен  КЕДЕЙЛІК  ШЕГІ

Ең төменгі күнкөріс деңгейі базалық әлеуметтік төлемдерді есептеу үшін қажет. Қазақстанда ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ы «кедейлік шегі» деп саналады. Яғни, егер адамның табысы күнкөріс деңгейінің 70 пайызынан аспаса, онда ол кедейлік шегінде өмір сүреді. 2021 жылы «кедейлік шегі» 24 011 теңгені құраса,  2022  жылы бір  адамға  айына  25 212  теңгеге  дейін  ұлғаяды.

«Кедейлік шегінде» өмір сүретін қазақстандықтар мемлекеттен  атаулы  әлеуметтік  көмек  алуға  құқылы.

ҚҰЖАТ  АЛУ  ҚЫМБАТТАЙДЫ

Қазақстанда айлық есептік көрсеткіш мөлшері өскен сайын, құжаттардың бағасы да жыл сайын өзгеріп тұрады.

2022 жылы АЕК 3 063 теңгеге дейін өсетіні туралы жоғарыда жаздық. Осыған байланысты бірқатар құжатты алу үшін төленетін мемлекеттік баж да ұлғаяды.

Енді  қазақстандықтар  құжаттар алу үшін қанша  теңге  төлейді?

– паспорт  алу  үшін  төленетін  мемлекеттік  баж  салығы – 8  АЕК  немесе  24 504  теңге;

– жеке куәлік – 0,2 АЕК немесе 613 теңге;

– жүргізуші куәлігі – 1,25 АЕК немесе 3 828 теңге;

– туу туралы куәлік тегін беріледі, бірақ акт жазбасына өз­герту, толықтыру, түзету енгізу немесе оны қалпына келтіру үшін  0,5 АЕК, яғни 1 532 теңге төлеу қажет;

– некені тіркеу – 1 АЕК немесе 3 063 теңге, ал неке куәлігін екінші рет алған жағдайда – 0,5 АЕК немесе 1 532 теңге;

– ажырасуға арыз беру кезінде мемлекеттік баж салығының мөлшері – 2 АЕК немесе 6 126 теңге.

УТИЛИЗАЦИЯЛЫҚ  АЛЫМ  АРТАДЫ

Қазақстанда 2016 жылдан бері автокөлікті елге кіргізу үшін міндетті утилизациялық алым төленеді. Утилизациялық алымды автоөндірушілер, ресми импорттаушылар және Қазақстанға көлік кіргізгісі келетін жеке тұлғалар төлеуге міндетті. Алым техниканы есепке қойғанға дейін төленеді.

Утилизациялық алымды есептеу үшін коэффициентті (қозғалтқыш көлемі мен көлік категориясына байланысты) базалық ставкаға (оның мөлшері АЕК-ке байланысты) көбейтеді.

Базалық ставка 50 айлық есептік көрсеткішті құрайды. 2022 жылы 1 АЕК 3 063 теңгеге тең. Осылайша 2022 жылы базалық ставканың мөлшері 153 150 теңге деңгейінде белгіленді.

Бұл – біздің назарға іліккен ең маңызды деген жаңалықтардың бір парасы. Жалпы, жыл өткен сайын елімізде қымбатшылық алқымнан алып келеді. Соған байланысты жер-жерлерде наразылық акциялары, бейбіт шерулер жиі-жиі өтуде.

Рыскелді  ЖАХМАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: