Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жалағаштықтар «жыларман», әскерден қашатын ер-азаматтарды шыңдап жатыр

27.01.2023, 9:15 625

HALYQLINE.KZ

Жалағаш ауданында өткен жылы ірі жобалар жүзеге асырылып, ілкімді істер атқарылған. Қымбатшылық алқымнан алып тұрған заманда аудан тұрғындарының жағдайын жасау үшін азық-түліктің бағасын тұрақтандыру жұмыстары да жүргізіліпті. Мәселен, «Байқоңыр» ӘКҚ» АҚ-нан әлеуметтік ұн алынып, аудандағы сауда орталықтарына және наубайхана иелеріне төмен бағада беріліп, осылайша ауданда нан өнімдерінің бағасы тұрақтанған. Сонымен қатар, «Ақниет-2» сауда орталығынан «Әлеуметтік бұрыш» ашылып, сөрелердегі өнімдердің бағасы нарықтық бағадан 10-15 пайызға төмен бағамен сатылуда. Және «Ер-Әлі» ШҚ 2022 жылы егінді әртараптандыру бағытында 24 гектар жерге картоп, 5 гектар жерге сәбіз, 2,5 гектар жерге қант қызылшасы дақылдарын еккен. Міне, Жалағаш ауданының әкімі Асқарбек Есжанов бірінші кезекте тұрғындардың әлеуметтік мәселесін назарға алып, оны шешуде елеулі үлес қосып келеді. Себебі бағадан бөлек, газ, жарықтандыру, ауызсу, аяқсу, жол, т.б. өткір тақырыптарда бір жыл көлемінде жүйелі жұмыс істеген екен. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінің баспасөз алаңында айтылды.

Макроэкономикалық көрсеткіштердің барлығында жоғары өсім болып, орындалуы бойынша аудандар арасында Жалағаш ауданы алдыңғы қатардан көрінген. Өнеркәсіп өнімдерін өндіру 166,7 пайызды құрап, 24 миллиард 912 миллион теңгенің өнімі өндірілді. Ал, ауданда шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бойынша біршама жұмыс атқарылған. Өткен жылы 446 жобаға 3 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып, нәтижесінде 462 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Қандай жобалар жүзеге асырылды? Ең алдымен, жұмысы тұралап қалған мия тамырын өңдеу зауыты қайтадан іске қосылатынын айтып өтейік. Шамамен 6 жылдай өндірістік желісі тоқтап қалған бұл зауыт ауданның ғана емес, облыстың экономикасына айтарлықтай серпін берген болатын. Міне, осы игілігі мол өндіріс жаңадан жаңғырмақ. Қайткенмен де, бүгінгі күні әлемдік фармацевтикада да мия тамыры сұранысқа ие. Өйткені ол косметология, медицинамен қатар, тамақ өнеркәсібінде де кеңінен қолданылады. Айта кету керек, Жалағаш ауданында орналасқан бұл кәсіпорынның құрылтайшылары өнім шығармас бұрын шикізат қорын жинақтап алған екен. Бұл жайында аудан әкімі бүй деді.

Бүгінгі күні Қытай Халық Республикасынан қажетті газ қондырғысының жабдықтары әкелініп, нысанның жылу жүйесі табиғи газ отынына көшірілді. Қазіргі таңда мия зауытында 15 адам тұрақты жұмыс істеуде. Жұмысты бастау үшін зауытта қажетті мия тамырының 900 тонна қоры бар. Зауыт ағымдағы жылдың ақпан айында толық іске қосылып, 60 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады, – деді ол.

Сондай-ақ, 2022 жылы «Адима» жеке кәсіпкері картон қалдықтары мен макулатурадан эковата шығаруды қолға алыпты. Кәсіпкер Жалағаш кентінің полигон құрылысы үшін берілген уақытша жер учаскесінен телім алып, эковата өндіретін цехты іске қосты. Цехтың өндірістік қуаттылығы сағатына 150 кг өнімді өндіреді. Эковата – целлюлозалық жеңіл жылу жабдықтаушы материал және оның 80%-ы картон және қағаз макулатурасынан, 12%-ы бор қышқылынан және 7%-ы оттан қорғайтын антиперен (бура) қоспасынан тұрады екен. Жалпы, эковата құрылыс жұмыстарында, соның ішінде жылу изоляциялық жабдықтау мақсаттарда кеңінен қолданылады. Өндірістік цех ашу үшін кәсіпкер «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекттік бағдарламасына қатысып, қайтарымсыз грант қаражатын жеңіп алған. Өндіріске қажетті құрал-жабдықтарын сатып алып, 2 адамды жұмыспен қамтып отыр.

Ауданның кәсіпкерлік бойынша жаңалығы мұнымен аяқталмады. Ауданда 15 миллион теңгені құрайтын антифриз өндірісі қолға алынбақ. Асхат Ермекбаев есімді жеке кәсіпкер 2022 жылы Ұлттық жоба аясында 5 миллион теңгені қайтарымсыз грант арқылы және 6 миллион теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, тәулігіне 1000 литр антифриз өндіріп, 5 адамды жұмыспен қамтуда. Ол антифриз өніміне «СТ-КZ» сертификатын да алыпты. Бұған қоса, ауданның перзенттері халықтың денсаулығын ойлап, гемодиализ орталығын ашқан. Бұл «ID Senim» ЖШС-нің еселі еңбегінің арқасында жүзеге асып отыр. Бұл жобаның құны 102 миллион теңгені құрайды. Қазіргі таңда осы нысанда 11 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Негізгі функциялары диализге және трансплантацияға дейінгі ауқымды қамтиды және бүйрек ауруын емдейді. Мұндағы мамандардың барлығы дерлік – Жалағаш ауданының азаматтары. Ауданда медицина саласы бойынша жағдай тұрақты. Халыққа барлық жағдай жасалынған. Тек көз дәрігерлеріне қатысты кадр тапшылығы мәселе болып тұр екен. Сол себепті зейнет жасындағы мамандар әлі күнге дейін жұмыс істеуге мәжбүр.

Әрі қарай жолға қатысты сөзімізді сабақтасақ. Жамау-жамау жолдар деп біршама ауданға сын айтылып жүр. Әкімдер де көрмейтін соқыр, естімейтін саңырау емес. Қаржының қолбайлауынан «мылқау» боп қалатын кездері туатын шығар. Десе де, елдің қамын ойлайтын қызметке келгеннен кейін шешудің жолын қарастыратыны ақиқат. Асқарбек Есжанов ауданның кейбір тұрғындарын алаңдатқан жолға қатысты мәселесін шешпек екен. Мәселен, Есет батыр ауылдық округінде 17,1 шақырымды құрайтын жолды жөндеу жұмыстары басталған. Оның 4,5 шақырымын былтыр істеген. Биыл қалғаны толығымен жасалады. Жалпы, бұл ауылда осы жылы бірқатар жұмыс атқарылатынын аудан әкімі айтты. Атап айтсақ, дәрігерлік амбулатория салынады, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі. Асқарбек Есжановтың айтуынша, ауданның барлық ауылында ауызсумен қамту жұмыстары атқарылған. Тек Есет батыр ауылдық округінде кеңейту жұмыстары жүргізілмеген екен. Дегенмен, демеушілердің есебінен жоба-сметалық құжаты әзірленіпті. Ал, мемлекеттік сараптамадан өткізуге аудандық бюджеттен 4,2 миллион теңге бөлініпті. Осы тұста, Дәуімбай елді мекеніндегі теміржол арқылы өтетін жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір тұрғындарды алаңдатып отырғанын айта кетейік. Дей тұрғанымен, бұл да шешімін тапқан мәселелердің қатарына қосылды. Өйткені көпір құрылысына облыстық бюджеттен 184 миллион 800 мың теңге қаралыпты.

Бұған қоса, аудан әкімі Жүргенов ауылындағы спорт залға қатысты пікірін білдірді. Оның айтуынша, адам жылайтындай мәселе жоқ екен. Керісінше демеушілердің қолдауымен ашылған орталық екенін мәлімдеді. Көзбен көріп барып халықтың айтқаны дұрыс шығар деген тұжырымда екенін жеткізді.

Иә, жуынатын жерде мәселе бар. Ауылдың жағдайына сәйкес, бірден оны ашу мүмкін болмаған. Бірақ осы ғимараттың арнайы бөлігін, 180 шаршы метрін пайдаланып отырмыз. Бұл 180 шаршы метрді әкімдіктің балансынан шығарып, облыстық мәдениет және спорт басқармасының теңгеріміне беріп жатырмыз. Себебі бұл жағдайды екі жақтан қарастыру керек. Ауыл әкімі пайдалану үшін беріп отырған ғимаратқа қаржы сала алмайды. Ол бюджетке қайшы. Екіншіден, облыстық мәдениет және спорт басқармасы өзінің теңгерімінде болмаған ғимаратқа қаржыны құя алмайды. Сондықтан ешқандай резонанс туатындай жайт емес,  – деді аудан әкімі.

Ол бұл жағдайға қатысты тағы ашық пікірін білдірді. Өкінішке қарай, хайптың ізін қуалаған әріптестеріне қынжылғанын жасырмады. Талай спортшыны тәрбиелеп  шығарған ауылдың мектептері екенін алға тартты. Жалпы, адам баласы сындарлы кезеңдерден өткенін айтып, қиындық нағыз чемпиондарды тәрбиелейді деп ой бөлісті. Шыны керек, қаншама олимпиада, әлем чемпионатынан алдыңғы шепте тұрған спортшылардың басым бөлігі ауылдан шыққаны рас. Оған тарих куә. Сонымен қатар, аудан әкімі «жыларман», әскерден қашатын ер-азаматтарды рухты етіп тәрбиелеп жатырмыз деген ойын да айтты. Ал, спорт мектебінде жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жүргізіледі.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: