Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жағымпаздық кімде жоқ, көзбояушылық жөні бір басқа

20.01.2022, 12:30 839

«Қашанда бірінші болуға ұмтылу –

 ақыл-ой қарабайырлығының белгісі».

Альбер Камю,

Нобель сыйлығының лауреаты

Адамзат ақыл-ойының алыбы Абай саусақтарын бір-бірлеп бүгіп отырып көрсетіп берген «дұшпанымыз» бесеу емес, көзбояушылықпен алтау, жағымпаздықпен жетеу болды. Адамдардың іші-бауырына кіріп, тура жолдан тайдыруға сай тұратын бұл екеуі кіндіктері жабысып қалған ұсқынсыз «сиям» егіздеріндей бірін-бірі толықтырып тұрады, бірін-бірі жетектеп жүреді. Жағымпаздық жазалауға заң көтермейтін, күш қолдануға тағы болмайтын, ана құрсағында жатқанда жабысатын жаман әдет болса, көзбояушылық елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына нұқсан келтіріп, тежеп тұсайтын, қоғам дидарына түскен алапес дақ – дауасыз дерт сияқты. Көпшілік күнде көріп-біліп жүргендіктен еті үйреніп кеткен, аса мән бере қоймайды. Жағымпаздық – ұйытқымалы уақыттың, құбылмалы заманның, жетесіз сананың, жетімсіз тәрбиенің «жемісі» болса, көзбояушылық биліктің мақтаншақтық идеологиясының сиқырлы таяқшасы тәрізді. Сол таяқшаның қолынан бәрі келеді: жоқты бардай, барды нардай ете алады; жыртықты жамап, тесікті бітейді; жемқорларды жасырып жабады; шығынын жаппайтын ЭКСПО өткізеді; қалталыларды таңдап алып, парламентке отырғызады; отыз озық елдің қатарына қосып та қояды. Бұдан артық енді не керек?!

Данияның әйгілі ертегіші-жазушысы Ханс Кристиан Андерсеннің «Шынайы шындық» деп аталатын ертегісі бар. Сол ертегі былай сыр шертеді: бір мекиен, елдің айтуынша, тіпті екеуі, әтештің алдында көзге түскісі келіп, өздерінің үстіндегі күллі қауырсындарын жұлып тастайды. Сондағы мақсаттары әтешге деген махаббаттан кімнің көбірек жүдегенің көрсету! Содан кейін олар бірін-бірі шұқылап өлтіреді. Осыдан 200 жыл бұрын Андерсен ақсақал жазып қалдырған ертегінің астарында алапат ойдың жатқанын аңғару қиын емес. Балаларды былай қойғанда, ересектердің өзі жаман әдет, жексұрын пиғылдан бойын аулақ ұстауға ұмтылмайды, елеп-ескермейді. Андерсеннің сол «интеллектуалдық» деңгейі төмен, білімі таяз, жағымпаз мекиендері бүгінде жан-жақты жетіліп, өнер шашып алтын жұмыртқа табатын «ақылды» тауықтарға айналған. Ешкім өзін жағымпазбын деп ойламайды. Өйткені жағымпаздық адам табиғатына тән дүние: бірге туып, біте қайнасып жүре береді.

Билік тізгінін ұстағандар жан-жағында жағымпаздардың қол қусырып жорғалап жүргенін  жақсы көреді. Жұмсаған жерге желдей   ұшады,   жауына сілтейтін семсер, қауіп-қатерге қорған болады. Билік бетіне тік қарайтын қайсар жандарды ит қосып қуып салады. Тіпті басына ақыр заман орнатудан да тайынбайды. Аса мәртебелі ақжағалының беделін көтеріп, мәртебесін өсіріп, атағын асқақтатып ән шығарған, дастан жазған әнші-ақындар мемлекеттік сыйлық алады, депутат болып сайланады, ретін тауып ректор, ойынан шығып жатса облыс әкімі, ең құрығанда мәдениет ми­нистрі  орынтағына  қонжияды. Атақты Шәкен Айманов: «Мен мәдениет министрінен қорықпаймын, министрдің мәдениетінен қорқамын»  деп  осындайда айтқан болса  керек. «Марапаттау идеясы – қоғамдық сана­ның ойлап тапқан ойыншығы» (А.Камю) екенін біле тұра, маңдайы кере қарыс қайраткер кісінің төсіне таққан темір-терсекке толқып кетіп тізерлеп биліктің қолын сүйгені  осы  елдің есінен шыға қойған жоқ.

Жағымпаздықтан жұрдай адамдар да болады екен. Бірақ олар өте аз, некен-саяқ. Сондықтан болса керек, олардың азаматтық позициясы, адамгершілік үлгі-өнегесі жалпақ жұртқа жетпей жатады. Кеңес өкіметі кезінде үш облысты басқарған, атағынан ат үркетін айбынды адам қызыл империяның қырына ілігіп, біраз жыл қамауда отырып, елге оралған соң тау бөктерінде дастарқан жайып, той өткізіпті. Мақтау сөздердің майын тамызған жағымпаздардың жарысы Сағынайдың асындағы Құлагер құлайтын бәйгеден бір де кем болмапты. Сөз тізгіні арқалы ақынға тигенде, сол мерейі тасып отырған той иесіне қаратып: «Сіздің темір тордың арғы жағында отырып келгеніңіз өте жақсы болған. Әйтпесе, көп нәрсені көрмей, білмей кетер едіңіз», – депті. Мұны жұрт зілсіз әзіл деп қабылдап үндемепті. Сөз астарында жатқан ащы шындық, айқалайған  ақиқатты  аңғармаған  ғой, сірә.

Жағымпаздар тарысы піскендердің төңі­регінен табыла кетеді. Қолында азды-көпті билігі бар адамдардың алдында құрдай жорғалап, ар-ұяттан жұрдай болдым-ау деп ойламайды. Жағымпаздықты жасырып, жаба алмайсыз, бәрі де көзге ұрған танадай көрініп тұрады. Басшыны мәз етіп, өзін қарқ қылған жексұрын жағымпаздың шаруа­сы дөңгеленіп, жұмысы алға жылжып жүре  береді.

Биология ғылымында тіршілік үшін күрес деген ұғым бар. Табиғаттағы барлық тірі ағза­лар өз популяциясын сақтап қалу үшін ештеңеден тайынбайды: өмір сүруге қолайлы орта іздейді; қауіп-қатерден қорғанады; азық-жемнің жеткілікті болғанын көздейді; ұрпақ өрбітеді; өсіп-өнеді. Жағымпаздықты да сол тіршілік үшін күрестің бір көрінісі десек, жер бетінде жалғыз адам  қалғанша жалғаса беретін тәрізді.

Жағымпаздық жайлаған жерде, көзбояу­шылық жоқ демеңіз. Қарапайым адамдарға көзбояушылықтың  түкке де керегі жоқ. Керек  болса ол мемлекеттік органдарға, билікке керек. Елдің соры демесеңіз, биліктің бағын жандырып, имиджін көтеріп тұрады. Осы жұрт статистикалық комитеттің келтірген цифрларына, әкімқаралар мен министрлердің есеп-қисабына сенерін де, сенбесін де білмейді. Айталық, жұмыссыздық деңгейі 20 жылдан бері бір орнынан жылжымайды. Жан басына шаққандағы ІЖӨ мен орташа айлық  жалақы   мөлшерін  басына  бөрік  кигізіп, биікке шығарып қояды. Пәлен миллион шаршы метр баспана салынады деп елді емексітеді. Халық таза ауызсумен 90 па­йыз қамтылған, т.б. жалыны аз, көк түтіні көп көпірме сөздерге елдің еті үйреніп кеткен, елең етпейді. Құрылысы енді басталған мектеп, аурухана, ауызсу құбыры, газ, т.б. нысандар мереке күніне орай қолданысқа берілді деп, ұялмай-қызармай жоғарыға рапорт беру әдетке айналған. Халық әдемі сандардың әлеміне түсінбей әлекке түсіп жүргені болмаса жыл келгендей жаңалықты да, жақсылықты да сезінбейді. «Өткізу үшін шындықты, Өтірік қостым аздаған» (Қ.Мыр­за Әлі) демекші, «аздаған» болса бір сәрі-ау, тұтастай, түгелдей, толықтай күмәнді сандарды сайратып, аппақ сүтке су аралас­тырып, ара-жігін ажырата алмай­тындай етеді. «Кесені қолыма алып қарай бердім, Ішінде нақақ көзден жас бар ма деп» деп Сұлтанмахмұт айтқандай, әкімқаралардың есепті баяндамаларынан сөз бен істің қабыспай жатқаны, фактілердің төске тимейтін тұстары анық байқалып тұрады.

Егемен елміз, баяғыдай социалистік жарыс ұйымдастырып, 15 республиканың есебін тыңдайтын тәкаппар, өзімшіл Кремль көсемдері келмеске кеткен. Ешкімнен қорқатын да, үркетін де, ұялатын да жеріміз жоқ. Соған қарамастан қосып жазу, асыра сілтеп, әдемі сандарды жіпке тізіп көрсететін көзбояушылық алтын жалатқан жібек баулы арқандай тарқатылып ауыл мен Ақорда арасын жалғап жатыр. Бұл, біріншіден, бізде бәрі жақсы, жылдам дамып бара жатырмыз, қарқынымыз тау қопарады деп жер жүзіне жар салуға құмар, мақтаншақтық идеологиясымен қаруланған биліктің саясаты. Екіншіден, көзге ұрып тұрған кемшіліктерді көпе-көрінеу жасырып-жауып, жоғары жаққа іскер, жақсы көрініп, орынтағын қайткен күнде де сақтап қалуға жанталасып жүрген әкімдер мен министрлердің жауап­сыздығы. Көзбояушылықтың жайламаған жері жоқ, барлық саланы түгелдей қамтып ұлы «қозғаушы» күшке айналған. Қарапайым бір мысал: Түркістанды түлетеміз деп дүниені төңкеріп, дүрліктіріп жібердік. Мақтаншақтық пен көзбояушылық қатар шауып, алғашқы «жемісін» бере бастапты. Ойдан-қырдан қонақтар шақырып әлекпіз. Мәртебелі меймандардың не айтқанын кім білсін, жергілікті жұрт аңызақ желдің өтіне салынған «Керуен сарайдың» іші-сыртын сұр топырақ суырып, сылақтары түсіп, қабырғалары қақырап тұрған ұсқынсыз күйін көріп, көзбояушылықтың құрбанына қойыл­ған ескерткіш деп күліп жүрген көрінеді. «Ескерткіштің» құны да есіңнен таңдырады: 85 млрд теңге! Мемлекеттің өзі қанатының астына алып, қамқор болып отырған соң қаншасы кебеже қарындардың жемі болғанын ешкім білмейді. Айтпақшы, көзбояушылық – жемқорларға «ақ жол» тілеп тұратын батагөй ақсақалдың рөлін асқан шеберлікпен сомдай білетін туабітті «таланттан» да кенде емес. Сол құрғыр көзбояушылықтың құрығына ілініп, қамытын киген ел қаншама несібесінен қағылып, қанатынан қайырылып жатыр. Көзбояу­шылықтың отымен кіріп, күлімен шығып жүрген жауапты қызметкерлерді қатаң жаза­лайтын уақыт жеткен сияқты. Олардың мәселесін майшаммен қарап, «халық жауы» қатарына қосып қойса да обалы болмас еді. Бірақ жіптің бір ұшы тым биікте отырған ақ сүйек мырзаларға барып тірелетін болған соң, бұлай айту әл-әзірше ерте сияқты. Атақты драматург Қалтай Мұхамеджанов: «Анау тас та таудың туысқаны болып табылады, адам түгіл сол тастың өзі бір-бірінен қашып құтыла алмайды ғой», – деген екен. Сол айтпақшы, тас таудан құтылған күні, біз де көзбояушылықпен қош айтысатын шығармыз, сірә.

Махамбет  САПАРМҰРАТОВ,

Мақтаарал  ауданының  құрметті  азаматы,

Түркістан  облысы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: