Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

27.03.2020, 10:32 499

10.  КҮДІКТІМЕН   РЕСМИ   КЕЗДЕСУ

Бұлар аудандық ішкі істер бөліміне келгенде сағат тілі таңғы 8-ді көрсетіп тұрғанына қарамастан жиналғандар қарасы аз емес екен, кезекші­ бөлім бастығы да, уақытша ұстау абақтысы бастығы да келіпті, шырттай киінген үш-төрт адам жүр, біреуінің кеудесінде аудандық мәслихат депутатының белгісі жылтырайды. Орынбек олардың ешқайсысын танымады, олардың да мұны тани қоймағаны анық. Кеше әр қызметкердің міндетін бөліп берген Орынбек іс бағытын бақылауда. Нұрлан мен Қазыбек уақытша ұстау абақтысына бағыт алды, Асқар­ жоғары қабаттағы бөлме дайын болғанын хабарласымен Сағадатты сонда апармақ. Кезекш­і бөлімнің бастығын ертіп кеткен Асқар­ екінші қабаттың шығыс жағындағы ең шеткі екі кабинеттің дайын екендігін, әкелуге тапсырыл­ған жазу машинкасы, қағаз және т.с.с. дайын болғанын, бейнежазу, дыбыс жазу құрылғы­ларының орнатылғанын бұған ыммен түсін­дірді. Бұл да басын изеп, жігіттерге хабар беру керектігін  білдірді.

Сағадатты кезекші қызметкер алып келе жатты, Қазыбек алдында, Нұрлан мен Асқар күдіктінің соңында. Осы кезде депутаттық белгісі бар кісі: «Бұл жігітті на каком основани ұстадыңдар?», – деп дауыс көтеруге кірісті. Қазыбек кілт тоқтай қалып, жауапты кезекшіден: «Мұнда бұл адамдар неғып жүр?», – деп сұрады. Әлгілердің де күткені осы болса керек: «Немене, бұл Қазақстан азаматтары кіруге болмайтын жер ме еді? Біздің құқығымызды таптама. Сендер бізге қызмет етулерің керек», – деп жамырай жөнелді. Өзі тар коридорда әлгі депутаттық белгісі бар адам Сағадатқа тез жақындап, бір пакетті ұстата салды да: «Қорықпа! Саған­ ештеңе істей алмайды. Ештеңе мойындама. Біз бармыз!» – дегенді айтып үлгірді. Мұндай жағдайдың болуы кешегі кеңестерінде ескеріліп, соған қатысты әрекет белгіленгенінің пайдасы тиді. Олардың арандатуына  уақыт жіберместен бұлар дайындалған кабинетке беттед­і. Сәл кідіріңкіреп барып екінші қабатқа көтерілер басқышқа беттеген Орынбек әлгі­лердің ызалы қауқылдарын құлағы шалды.

– Білмедің бе, начальник РОВД қайда екен?

– Қайда болатын еді, кеше тойда болған, басы ауырып жатқан шығар.

– Онда түске дейін жоқ десейші. Осындайда…

Ең шеткі кабинетке жігіттер Сағадатты апарды, одан бергі кабинет Орынбекке даярланған екен. Екі кабинеттің де есігі ашық, тергеуші мұны әдейі істеген еді. Сосын кезекші бөлім бастығын шақырып тапсырма берді:

– Бұл – өте жауапты іс! Кісі өлімі! Сондықтан әлгіндей адамдар, тіпті, қадағалаушы прокур­ордан басқа менің рұқсатымсыз күдіктіге бірде-бір адам жолықпауы керек. Ешқандай зат беруге болмайды, камерада жалғыз ұстау керек. Бұған тікелей жауап бересің. Бастықтар айтты, пәлен-түген дейтін болсаң – тек қызметтен кету ғана емес, үстіңнен іс қозғалуы да мүмкін. Міне, талап­ қойылған қағаз, екі дана. Қол қой, бірінші данасы  менде  болады.

– Құп  болады!

Ол кетісімен Қазыбекті шақырып, әлгі шу көтеріп жүрген кісі туралы, оның беріп жіберген пакеті туралы сұрады. Есікті жаба келген ол бір жымиып қойды.

– Ореке! Ол аудандағы үлкен кәсіпкерлердің бірі. Сағадат – көкпарда, ат жарысында осының атына мінетін шабандозы. Ал, пакетте екі бөтелке арақ, бір бөлке нан, пияз, колбаса бар екен. Біз оны бірден алып қойдық. Сағадаттың сүдіні кетіп қалыпты.

– Оларың дұрыс болған екен. Ал, енді оған менің тергеуші ретінде танысатын уақытым да жақындаған сияқты. Екі есік те ашық тұра берсін. Оқиға болған жерге бүгін бара алмайтын сияқтымыз.

– Неге?

– Бастық жоқ болып отыр ғой. Әлгілердің айтқа­ны рас болса – ол тек түстен кейін ғана болатын сияқты. Ал, бізге көлік түске дейін және кемі екі күнге қажет. Бүгін не болса да, бір шу  көтерілері  анық. Сақ  болайық.

Сағадатты ұстап отырған кабинетке келісімен  Қазыбек:

– Сәке, сіздің ісіңіз бойынша облыстық ішкі істер басқармасынан аса маңызды істер жөніндегі  аға  тергеуші  келді. Кешеден бері бізге айтып отырғаныңды енді осы жігітке айтасың­, – деді.

Күдікті бірден күреңітіп шыға келді. Бұлардың бәрін қанталаған көзімен бір шолып шықты.­

– Аса маңызды істер жөнінде-е-гі…? Маған жай тергеуші де жарайтын еді ғой.

Ол сыңар езулей күлді, онысы күлкіден гөрі жаны қысылған қорқаудың ырсия ырылдағаны сияқты әсер қалдырды.

– Иә, солай істеңіз, – деді Нұрлан. – Еш­нәрсені бүгіп қалмаңыз, барлығын ашық айтқаны­ңыз  жөн.

– Ә… Мені әбден тып-типыл етуге кіріскен екенсіңдер ғой. Енді облыстық милиция қалып еді… еще важняк… Облыстарыңа бармаймын… мен ештеңе білмеймін, ештеңеге қол қоймаймын. Істеп алыңдар маған…

– Сәке! Әуелі өзіңді сол важнякпен таныстырайық.

– Көрейік. Апарыңдар.

– Е… оның апаратыны жоқ. Міне, облыстық ішкі істер басқармасынан келген аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші капитан Орынбек Асылбаев  деген  жігіт.

Нұрлан Орынбекті қолымен нұсқады.

Күдіктіге бұл жойқын соққы болды, Орынбекке­ қараған көзі соңғы үмітінен айырылып­, шерменде болған, мүсәпір жанды елестетеді, аузы ашылып, үнсіз қалған. Жаңағы адуын­дықтың ізі де жоқ. Самайы мен көзінің алды жыбыр­-жыбыр етіп тарта бастады, сірә, жүйкесі тағы да сыр бере бастады-ау. Орынбек санасында қандай әрекет етуді анықтауға қатысты­ майдан­ басталып кетті. Бөлмеде тым-тырыс үнсіздік орнады, Асқар мен Нұрлан бұл да Орынбектің әдісі болар деп ойласа керек, тіл қатпастан Сағадатқа тесіле қарайды, ал Орынбек­  мынаған қай тұстан кірісерін ойлануда. Бұл Сағадатты онан сайын абыржыта бастады.­

Орынбектің ойына Қарағанды жоғары милиция­ мектебіндегі ұстазы Талғат Сәрсен­баевтың: «Естеріңде сақтаңдар! Қанша қаны­пезер болса да, қылмыскер де адам. Адам болғасын­ онда жүрек бар, ал жүрек болғасын титімд­ей болса да шырақ болады. Егер сол шырақт­ы тауып жаға білсең – ол сенікі. Ал, қылмысты мойындатамын деп тергеушінің қолы тиер болса, онда сол тергеушінің негізгі органы – басының  дұрыс  жұмыс істемейтін­дігі» деген сөзі түсті. Енді не істеу керек? Не болға­нда  да  бүлдіріп  алмаған жөн.

Сезікті болса жынынан айырылған бақсыдай тым-тырыс, шып-шып терлеп отыр. Осы кезде түнде келісіп алғандарындай Қазыбек енді.

– Ореке, Тұрғанбай келді. Не істейміз?

– Тұрғанбайды бүгінше қайтара бер. Ертең 11-де беттестіруге алып келерсіңдер. Негізі ол бір дұрыс азамат ғой…

– А-а-а-й-й-й… Сағадат екі қолымен басын қыса ыңырсыды.

– Сәке, не болды?

Бұл ананың тығырыққа тірелгенін түсінді.

– А-а-й-й-й… Құрыдым ғой… құртты ғой әлгі шешеңді… Құрымаған нем қалды енді… А-а-а-й-й-й…

– Сәке, мазаңыз болмай кетті ме? Шамасы ұйқысыз өткен түндер әсер еткен ғой.

– І-і-ң… ә-ә…

– Сәке, онда былай істелік. Сіз түске дейін демалып алыңыз. Онсыз да белгілі жайт қой. Мас едім деп қаша алмайсыз, кеше өзіңіз видеон­ы  көрдіңіз. Барлығын өзіңіз сап-сау отырып­  баяндадыңыз. Ешқандай  қысым  болған­  жоқ. Сіздің маған айтқан тапсырмаңыз видеоға да, диктофонға да жазылып алынды, жазып  берген адресіңіз менің қолымда. Сараптамаға  жіберсем – жазу сіздікі екенін дәлелдеп береді. Оны міндетті түрде жасаймыз. Мұның аржағында групповой деген де көрініп тұрған сияқты.

– А-а-й-й-й… Құрыдым ғой…

Бұл жолы ол ұзақ сарнап отырып алған жоқ. Орынбектің айтқаны ой салған сияқты және топ болып жауапқа тартылғаннан гөрі дара кеткен­нің жеңілдеу болатынын да білетін тәрізді.­ Біраздан соң келіскенін білдіріп басын изеді. Орынбек кезекшіні шақырып, күдіктіні алып кетуді тапсырды. Ол біресе кезекшінің арғы жағында тұрған Қазыбек пен Асқарға, біресе Орынбекке қарап, басын шайқады.

– А-а-й-й-й… Біттім… біттім…

Жедел уәкілдер Орынбек отырған бөлмеге жиналды. Қазыбек тағы да шалттығына басты.

– Ореке, неге төпей бермедіңіз? Жақындап қалып еді ғой…

– Жігіттер, «Үй өзімдікі деме, үй артында кісі бар» деген. Сақтық керек. Мынаның әлгі жүрген крышалары да жауап алынбағанын білсін. Сосын «Неге бұлай істеді?» – деп бастары қатсын. Олар егер мынаумен сыбайлас болса­, өзіміз жобалаған ана іске қатысты болса өз бастарынан қорқады, жоғары жаққа қарай шығуы мүмкін. Осыны күту үшін және Саға­даттың әлгілерден күдер үзіп, толық мойындауы үшін осылай істедім.

– ИВС кезекшілері мықты болсын деңіз енді.

– Асқар, одан саспа.

Қазыбек рақаттана күліп, қалтасын сипалады, шамасы насыбай атқысы келсе керек.

– Айтсаңызшы енді.

– Мана мына кезекшілерді көргесін бір ой келген. Біздің ішкі кухнямыз ғой, бұл жігіт­тердің арасы дұрыс емес, жауапты кезекшіні де құрта алмай жүргендер бар. Соларға сыбыр­ладым, ұстасаңдар момент келіп тұр – деп. Соны айтуым мұң екен, аналар жанып кетті, көздері жайнап, сол төңіректе жүрген болып­, кезек­шілерді  аңдып отыр. Енді күзет двойной болды,­ Ореке, Сағадатқа тышқан жорғала­п бара алмайды­. Оның  үстіне біз кіріп-шығып жүріп бақылап­ отырамыз  ғой.

– Мынауың тіпті керемет болған екен, Қазеке.­

– Ие, істің сәтін берсін. Мен мана «штабтан» шығарда үйге телефондап қазанға тамақ салдыры­п қойғанмын, пісуге таяп қалған болар. Мыналар есін жиямын дегенше тамақтанып алалық.

– Ол да  дұрыс, Қазеке. Бірақ  біздің осы жерде­ екенімізді  олар  үнемі сезіп  отыратындай етуіміз керек. Сондықтан мен әуелі Орекеңді­ Сіздің үйге апарып салайын, тамақтың қай кезде дайын­ болатынын біле келейін, ол кезде мұнда Асқар екеуіңіз боласыздар, сосын­ сіз қайтыңыз­, мұнда Асқар екеуіміз боламыз­. Біз кіріп-шығып, төрт-бес минут далада­ темекі тартып тұрып, оларға осы жерден тапжылмайтынымызға сендірейік. Сосын Асқар­ барар, сол кезде сіз бері келерсіз. Міне, содан соң мен барамын. Осылай кезектеспесек болмайды. Нағыз критическ­ий сәт келіп тұр ғой…

– Келістік.

Шындығында да бұл кезде Ақмешіттегі лауазым­ды адамдардың бірі Жаңақорғанға көз тігіп отырған еді. Екі арадағы телефон желісіндегі әңгімені естіген адам болса мұның сұмдық сойқанға қатысы барлығын бірден сезер еді, бірақ ондай мүмкіндікті бізге кім беріпті.

– Аптықпа, асықпай жөндеп айт. Қашан қамапты?

– РОВД-ға ертеңгісін әкеліпті. Қашан ұстағаны белгісіз. Бірақ ана ұрқыны құрғырдың өңі қашып кеткен. Бүлдірмесе болар еді деп қорыққасын сізге телефон соғып отырғаным ғой.

– Алдын ала байбалам салма! Ол бәрін жайып­ салса, прокурордан сені қамау туралы санкция сұрар еді ғой.

– Құдай сақтасын! Көке, адамның иманын ұшырып…

– Ышқынбай тұра тұр. Осы жақтан бір тергеуші барды деп еді ғой. Ол да сонда жүр ме?

– Жоқ. Оны көрген жоқпыз. Бір-екі күн демаламын деп ауылы жаққа кетті деп естігенбіз.

– Дұрыс екен… Так… Онсыз бұлар ештеңе істей алмайды. Бұрынғыша жасаймыз. РОВД жаққа барушы болмаңдар, көзге түсесіңдер.

Телефон байланысының соңын күтіп тұрғандай аспанды қақырата тағы да найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген­ ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете,­ бұлт қабаттарын тілгілей сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ  етті.

(Басы  өткен  сандарда. 

Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: