Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Ұстаз» қайын аға

16.09.2023, 9:00 235

HALYQLINE.KZ

Бүкіл Қамбаш елді мекен тұрғындарына ұстаз болған аяулы жанның бірі Ерен Балмырзаев ағай еді. Шешем ағайды «Ұстаз» қайын аға дейтін.

1917 жылы дүниеге келген ағай соғыс ардагері-тін. Шамалы балпылдаңқырап сөйлеуі соғыс салған тән жарасы десе де болады.

Ауыл тұрғыны, қадірлі ұстаз, 1933 жылы дүниеге келген Әбілахат (жұрт оны «Әбіләт» дейтін) Оралбаев ағайымыздың: «Ерен ағай ауылда менен басқасының бәрін оқытты» деп жиі мақалдап, сөзге араластыруының жаны да бар-ды. Өйткені, Ерен ағай ұстаздық етіп жүргенде, Әбілахат ағайымыз Аманөткел елді мекенінде өмір сүріпті.

Демек, кейін сырттан келген тұрғындар болмаса, жергілікті тұрғындардың барлығын дерлік Ерен ағай оқытты деуге негіз бар.

Осы Балмырзаев Ерен ағайымыз ауылымызға еңбегі сіңген біртуар азамат бола тұра еңбегін ешкімге бұлдамай, қарапайым ғана өмір сүрген аяулы жанның бірі болатын.

Бала көңіл ағайымыздың аңқаулығы сонша іс-әрекеті қайталанбас аңызға татитындай еді. Сондай қасиеттерінің бірі «ақындығы» болатын.

«Өлең деген тумайды жайшылықта,

Өлең деген туады қайшылықта» деп ақиық ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, өлең деген қайшылықта туады екен. Мен оның куәсіндей болып, Ерен ағайымыздың қалай «ақын» атанғанын білетінмін.

Бір күні «басы ауырып келген» Ерен ағай әкем Олжайға мұңын шақты.

– Мына Нұрмаш «Ереке, жүрген жерің береке!» деп өлеңдетіп, ебін тауып, арақ алдырып, «басын жазып алып» тайып тұрады. Қарызданып мен қаламын. Өзі түк алып бермейді! – деп шағымданды.

Мұны естігенде, соғыстан контузия алып, өте ашушаң болғанымен, керемет әзілқой әрі қылжақбас әкем табан асты:

«Әй, Нұрмаш, алдымда тұрмаш!

Барыш, барыш, барыш!

Бір жарты алыш!» деп бір шумақ өлең шығарып жіберді де, Ерен ағайға қарап:

– Ал ,енді Нұрмаш: «Ереке, жүрген жерің береке!» дей бергенінде, осы өлеңді айтып жібер де, арақ жинаулы тұрған жәшікке қарай итеріп қал! – деді. Сөйтті де, әлгі өлеңді жаттатып, үйретіп қойды.

Шамалы уақыттан соң, біз күткендей бір топ мұғалім «бас жазу үшін» үйге соқты. Іштерінде Нұрмаш ағай да бар.

Басы ауырып, көңіл күйі болмай тұрған Ерен ағайды көрді де, қатты қуанып кеткен Нұрмаш ағай әдеттегідей:

– Ереке, жүрген жерің береке! – дей беріп еді. Үлгермеді. Кенеттен Ерен ағай ешкім күтпеген әрекетке барып, Нұрмаш ағайдың иығынан ұстады да:

– Әй, Нұрмаш!

Алдымда тұрмаш!

Барыш, барыш, барыш!

Бір жарты алыш! – деп өлеңдетіп жіберді де, арақ жиналып тұрған жәшіктерге қарай итеріп кеп қалды.

Табан асты мұндайды күтпеген Нұрмаш ағай қапелімде сасып қап, тәлтіректеп барып жәшіктерге соғылып, бір жартыны ұстай алды.

Мұны көргенде, «сыныққа сылтау таба алмай ерігіп тұрған» жұрт шу ете қалды.

– Әй,Нұрмаш! Сен жеңілдің!

– Мойында!

– Бір жартыға түстің!

– Біздің Ерекең нағыз ақын ғой!… – дескен жұрт Ерен ағайды дереу қолпаштай кетті. Шуылдасқан жұрттың дауысы шағын ғана тоқал тамның қабырғасын қақыратып, шаңырағын ортасына түсірердей! Дауыстың қатты шыққаны сонша селк еткен көшедегі жұрт та: «Мына үйде не боп жатыр!» дегендей үйге жүгіре кірген.

Ол кездің адамдары сөзге тоқтаған, әзілқой, ақкөңіл, ақынжанды кісілер ғой! Жағдайға қаныққан соң, ішек-сілелері қата жан-жаққа тарай бастады. «Бас жазуға» келгендер Нұрмаш ағайға арақ алдырып, Ерен ағайдың «ақындығына» таңданып, бас шайқаумен болды.

Сол-сол-ақ! Осы оқиғадан соң, Ерен ағайдың «даңқы» аспанға бір-ақ көтерілді. Жер-жерде Ерен ағайдың «ақындығы» дәріптеліп, аңызға айнала бастады. Атағы көрші ауылдарға да жайылды.

– Біздің Ерекең нағыз ақын ғой! – десті. Тіпті, қатты кеткендері: «Ерекеңдей ақын бүкіл Қазақстанда жоқ қой!» деп лепірісті.

Осылайша, «даңқы» шартарапқа жайылған Ерен ағайды қызық көріп, сый-құрмет көрсететіндердің қатары күрт өсті.

Бірде көгалға алып шыққан құрдастары арақты сілтеп отырып, Ерен ағайға: «Ана түйе мен ботаға бір өлең арнап жіберші!» деп қолқа салады ғой.Сонда «басы жазылып», арқа-басы кеңіп, жайдарлы отырған Ерекең еш ойланбастан:

«Анау – түйе, ізінде бота!

Бота болмаса, қота…» деп қойып қалады.

Мұны естігенде, арақ іішіп отырған құрдастары күлкіден араққа шашалып, тіпті кейбірі, ұят та болса айтайын, айналаның ауасын тарылтып та жібереді. Сол сәтте, сөзге шебер Ділдәбай ағайымыз күлкі арасында: «Ау, Ереке-ау! «Құралдың» бір әрпін «жеп» қалдың ғой! – десе, қалғандары да оңбады.

Бір қызығы, бұл жайт Ерен ағайдың «даңқын» тіпті аспандатып жіберді. Жұрттың аузында тек Ерен ағайдың «ақындығы»! Ойдан құрастыра ма, әлде шын болған ба, әйтеуір, ойда да, қырда да Ерен ағайдың өлеңі айтылып жатады.

«Анау – ешкі менен лақ!

Лақ болмаса, тылақ!» – деген сынды «өлең жолдары» ел аузында желдей еседі.

Сондай күндердің бірінде, Құдай сәтін салып, сонау көрші «Райым» ауылынан қолында домбырасы бар, атағы төңірекке жайылған Мәшір ақын ағамыз бен Ерен ағайымыз бетпе-бет кездесіп қалмасы бар ма?!

Жұрт қолқалап-қолпаштап ауылдық клубтың ішіне ақындар айтысын қызу ұйымдастырады. Сол кездің жазылмаған заңы бойынша, алдарында арақ! Айнала анталаған өлең сүйер қауым! Бір-екі стақан өңешке тасталғаннан кейін, көпшіліктің ду қолпашымен домбырасын қолға алып, қағып-қағып жіберген Мәшір ағамыз айтысты бастап кетеді.

Ауылымыз – Райым көл, жаға – құрақ,

Адамға да, малға да жайлы тұрақ.

«Сіздің ауыл қандай еді?» дегендейін

Тіреледі тамағыма бірер сұрақ, – деп Ерекеңе қарайды ғой баяғы…

Қызынып алған Ерекең не дей қойсын?! Жалма-жан жан-жағына қарайды. Қолпаштаған жұрт жанын жеп-ақ барады. Қояр емес!

-Ау, Ереке-ау, бірдеңе десейші!

– Ереке-ау! Жеңіліп қалғаның ба?!

– Ойбай-ау, Ереке-ау! Қамбаштың абыройын төккенің бе?!…

Кенет Ерекең де көп күттірмей, аяқ асты «қотталып» кетеді де, домбырасыз, дымсыз:

«Райымнан келген ақымақ!

Ақымақ болмасаң, жақымақ!

Райымнан келген ебный!

Ебный болмасаң, қобыни! – деп «жыр жолдарын» төгіп жібереді.

Мынаны естігенде, Мәшір ағамыз шалқасынан түсіп, домбырасын сындырып ала жаздайды. Абырой болғанда, тез есін жинап, Ұлы Абай атамыз айтқандай, «сөз түсінбейтін адамнан күнде жеңілем» демекші:

– Ереке, болды, болды!… Сен жеңдің! – деп қос қолдап қолын алады.

Мұны көргенде, қызуы көтеріліп тұрған жұрт сөздің парқына бармастан, Ерен ағайды қолпаштай жөнеледі.

– Уа, Ереке-ау, мықтадың! Мәшірдей арқалы ақынды бір ауыз сөзбен тоқтатқан сен, бәрінен де мықтысың-ау!

– Сендей ақынды туған шешеңнен айналайын!

– Ерекеңдей ақын қазақта жоқ!…

Шынында да, ол кезде Ерекеңдей «ақын» қазақта әлі туа қоймаған шығар-ау! Есесіне, соңғы кезде өлең сұйылды ма, әлде айта алмайтын ақындар, жаза алмайтын жазушылар көбейді ме, әйтеуір, Ерен ағайдың «шәкірттері» тым көбейіп кеткені рас! Әлде бұл рухани құлдыраудың көрінісі ме?!

Жарайды, Ерен ағай сол кездегі орыстандыру, рухты жою, қазақты құрту саясатының нәтижесінде өмірге келген «ақын» шығар?!

Ал, бүгінде ел тәуелсіздігіне отыз жылдан асып бара жатса да, сөзімізді түзей алмай жүргенімізге не жорық?!

Оған бір мысал келтіре кетсек, өз сөзімен айтқанда, «талай жігітті емізген» ақтаулық блогер Салтанат Аманқосова 11 маусым 2022 жылы әлеуметтік желіде былайша жырлайды.

Күн деген бар ғой шіріп тұр

Бұттың арасы іріп тұр.

Мына күн көзімді тесіп,

Нервыма кіріп тұр, – дейді.

Осы «талай жігітті емізген» блогер «ақын» Ақтау қаласына да өлең арнапты. Оны жарияламай-ақ қояйын! Өйткені, ол «өлеңді» талай адам оқып, шалқасынан түсіп, домбырасын сындырып алар!

Иә, Құдайдың құдіретінде шек бар ма?! Бір кездері Ерен ағайдың арқасын қоздырып, «ақындыққа» даңғыл жол ашқан Нұрмаш ағай екеуі бүгінде дүниеден өтсе де, қыз алып, қыз беріскен мың жылдық құда!

Сөз соңында айтарым, Тәуелсіздігіміздің іргетасы беки беруі үшін, енді алдымызда өлеңді шынайы сүйетін, арақ-шарапқа, есірткіге жоламайтын жастарымыз көбейсе деймін!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы,

Қамыстыбас  ауылы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: