Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үш қап ұнның хикаясы

10.04.2024, 9:45 1080

HALYQLINE.KZ

(Әңгіме)

Сонау бір халықтың азық-түліктен тарыққан, айлық жалақыны уақытылы ала алмай қиналған кезі болатын. Қызмет бабымен Қызыл ту совхозына барғанмын. Барған шаруа біткеннен кейін қайтуға жинала бастағанда сол үйдің азаматы мені шақырған үлкен кісіге:

– Ата, мына ағаны алып келген машина от алмай қалды, бензині таусылыпты, – деді.

– Онда әлгі кішкентай мотоцикліңді шығар. Бұл ағаң жұмысына үлгіріп баруы керек, – деді қария дауысын қатқылдау шығарып.

– Бензині жоқтың қасы, поселкеге дейін жетпейтін шығар, – деді баласы күмілжіп.

– Поселкеге жетпесе, Басықараның жолына дейін жететін шығар. Жолға шығарып, кездескен көлікке отырғызып жібер. Мотоцикліңді ауылға итеріп-ақ келерсің.

Сыртқа шықтық. Кішкентай«Ковровец» аталатын шағын мотоцикл екен. Екеуміз мінгескен көлігіміз трассамен жолайрыққа жетер-жетпесте тоқтады. Сол мезет Басықара жақтан келе жатқан қорапты машина көрінді. Дереу қол көтердік. Қорабында «Автолавка» деген жазуы бар көлік жолдың жиегіне шығып тоқтай қалды. Поселкеге ала кетуді сұраған мені кабинаға отырғызып жатқанда, мені әкелген жігіт бірдеңе деп еді, басын шайқап орнына жайғасып жатып:

– Бензинін қарап алмай жолға шыққаны несі. Қазір бензин сұрайтын заман ба… Әлі қанша баратын жерім бар.., – деп, өшіп қалған моторын от алдыра бастады.

– Ағасы, ол жігітке кейімеңіз. Оны атасы мені осы араға жеткізу үшін бензині таусылайын деп тұрғанын білсе де еріксіз жіберді. Қайтарда итеріп-ақ келесің деп, үлкен кісінің маған жасаған жақсылығы ғой, – дедім, жігітті арашалап.

– Иә, біздің қарттарымыз заманға қарамай жақсылық жасауға құмар. Жаңа бір ағамыздың жасаған ісі мен сөзі есімнен кетпей басымды шайқаумен келе жатыр едім, – деп өзіне сұраулы жүзбен қараған маған қарап. – Қазір айтып беремін. Әпсана боларлық әңгіме.

Машинасын от алдырып, жайлы жүріспен ұлы жолға салып, әңгімесін бастады.

– Басықарадан онша қашық емес, бұрынғы совхоздың малшыларынан қалған бес-алты үй отыратын. Отар-отар қойларынан айырылып, шамалы ірі қара, қой-ешкілерін ермек қылып, көшіп кете алмай қалған. Солардың бірі жетпісті алқымдап қалған ағайын ағамыз ұндары таусылғанын айтып хабар жіберіпті. Бұрынғы сауданың ізімен оны-мұны сататынымнан хабары болатын. Содан баяғы, потребсоюз, рабкоптардың жұрнағы қалған қоймаларды жағалап, ілдалдалап алты қап ұн тауып, кеше кешкілік келіп, ағаның үйіне қондым. Ертеңгі астан кейін алты қап ұн әкелгенімді, ақшалары болмаса малға айырбастайтынымды айтып, өзге үйлерге баруға шығып бара жатқанымда жеңгеміз «бізге үш қап» деп сыбырлады.

Үйлерді араладым. Бір үй зейнетақысынан есептесетін болып бір қабын алды, екі үй бір қап ұнға екі тоқтыдан беретін болып, бір-бір қаптан алды. Екі үй ала алмады. Ақшалары жоқ. Тоқты, лақтары болмағандықтан, ірі қараларының төлдерін қимады-ау деймін.

Ағаның үйіне қайта келгенде, жеңілдеп істелген тамақ, шай дайын екен. Шай үстінде ағамыз шаруа жайын сұрады. Жағдайды айтып, өздеріне әкелген бір қапқа қоса екі қаптың орайы келіп, жеңгемнің тапсырмасын орындайтын болғанымды айттым.

Шй құйылған кесесін қолына алып қарап отырған ағамыз басын көтеріп алып:

– Інім, бізге бір қап ұн да жетеді. Ана екі қап ұнды екі үйге апарып бер. Ертең малдың аузы көкке тисе, қарыздарынан құтылады. Шиеттей баласы бар. Мен кепіл болайын. Солай істе, шырағым, – деген отағасына жеңгеміз жағаласа кетті.

– Бұл бала енді қай уақытта келеді?..

– Иә, бұл бала енді қай уақытта келеді?.. Алла оның бетін әрмен қылсын, ашаршылық болса, алдымен ұн алмаған екі пақырдың жанұясы о дүниелік болады екен. Оны біз көмеді екенбіз. Одан кейін бір-бір қап алғандарды да біз көмеміз. Ақыры соңында үш қап ұны бар екеуміз қаламыз ғой. Біз өлсек, бізді кім көмеді? Көмусіз қалғаннан, көппен бірге болғанымыз дұрыс-ау, – деп кесесін дастарқанға қойды.

Жеңгемізде үн жоқ. Дереу орнымнан тұрып, машинаны от алдырып, бір қап ұнды ағаның үйіне қалдырып, екі қап ұнды екі үйге апарып бердім. Ағаның кепіл болғанын, кейін төлеуге келісетінімді айттым. Маған да, ағаға да батасын беріп жатыр.

Әрине, қанша қиындық болғанмен, аштан өлетін заман жоқ қой. Дегенмен, қарапайып қазақтың қара шалының не болса да көппен бірге болуға меңзеген әңгімесінің «көмусіз қалғаннан, көппен бірге болған дұрыс-ау» деген тұжырымы ойыма оралып, таң қалып, бас шайқап келемін, – деп автолавкашы маған қарады.

Мен де ризалық пейілмен қоштайтынымды білдірдім.

Есекей  Құдайберген,

Қазалы  ауданы

Коллаж ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: