Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Үлкен террор: мәңгі өшпес ескертпе

28.05.2020, 12:20 1087

Нақты жаппай саяси қуғын-сүргін Совет Одағы Ішкі істер халық комиссариатының (НКВД-нің) 1937 жылғы 30 шілдеде шығарған №00447 бұйрығынан бастау алған. Соның алдында­, 28 маусымда, БК(б)П Орталық Коми­тет­інің Саяси Бюросы «жер аударылған кулактар­дың көтерілісшіл ұйымына жататын белсенділердің бәріне жазалаудың жоғарғы шарасы­н қолдану қажет» деп тауып, «мәселені шапшаң шешу үшін» құрамына НКВД бас­қармасының бастығы, прокурор және өлкелік партия комитетінің хатшысы кіретін «үштік құру» жайында шешім қабылдаған болатын. Одан  соң, 2 шілдеде, барлық одақтас республикалардың  орталық  комитеттеріне, обкомдар мен  өлкекомдарға  Бас хатшы Иосиф Сталин­нің қолымен арнайы хат жіберілген екен. Бұл хатта айдаудан оралған бұрынғы кулактар мен қылмыскерлердің жер-жердегі «ұжымшарлар мен кеңшарлардағы, транспорттағы және өнеркәсіптің кей салаларындағы антисоветтік және диверсиялық қылмыстардың қай түрінің де  бастаушысы»  болып жүргені хабарланыпты. Сосын солардың  бәрін есепке алуды, «іштеріндегі неғұрлым жаулық танытатындарды шұғыл  тұтқындап, әкімшілік  тәртіппен  үштік­тен  өткізу  жолымен атып тастауды» тапсырған көрінеді. Осы тапсырмаға байланысты, алда тұрған операцияның егжей-тегжейін талқылау үшін, халық  комиссары Николай Ежов НКВД-нің  облыстық  басқармалары  бастықтарымен 16 шілдеде арнайы мәжіліс өткізді. Мәжілісте төменгі буын бастықтары өз аймақтарындағы тұтқындалғандардың санын және өздеріне берілет­ін  «оперативтік  лимитті»  өсіру жөнін­дегі ұсыныстарын хабарлады. Тұтқындарға қыл­мысын мойындату үшін күш қолдану тәсілдері жөнінде де айтты. (Азаптау Орталық Комитеттің  рұқсатымен жасалып жатқан, оны тұтқынды  тән азабына салу тәсілінің теориялық негіздемесін жасап, төменгі буындарға кейіні­рек жолдаған өзінің жеделхатында Сталин­ растаған екен). Ежовтың кеңестегі нұсқау сөзі «Соқ, талдамай талқанда!» деген дирек­тиваны  басшылыққа  алды.

Идеологиялық   тұрғыдан  осындай жолмен қамтамасыз етілген соң «Бұрынғы кулактар, қылмыскерлер және басқа да антисоветтік элементтерді репрессиялау туралы» НКВД-нің №00447 бұйрығы шығарылған. Бұйрық халықтың әлдеқандай қарсылық көрсетуге деген ниетін жаппай тұншықтыруға бағытталған болатын. Оны 31 шілдеде ОК-тің Саяси Бюросы мақұлдады. Саяси Бюро Еңбекпен түзеу лагерьлерінің Бас басқармасы (ГУЛаг) қарамағындағы лагерьлер жүйесін кеңейту жөнінде де шешім қабылдады. Жаппай саяси репрес­сиялар, яғни кейін зерттеушілер Үлкен террор  деп атаған кезең осы­лай­ ашылды. 447-ші бұйрыққа сай орындалған тек «кулактар опера­циясы»  ауқымында жер-жердегі үштіктер 818 мың адамды соттап, оның 436 мыңына ату жазасын кескен еді. Жалпы 1937-1938 жылдары КСРО бойынша 1 миллион 710 мыңнан астам адам саяси айып тағылып тұтқынға алынған да, солардың кемі 725 мыңы атып тасталған. Алапат зобал­аң шақ 1937 жылғы 5 тамыздан 1938 жылғы 16 қарашаға дейін созылды. Оның нәтижесін (сондай-ақ ұжымдастырудың да салдарын) зерттеушілер совет өкіметінің өз халқына жасаған қырғыны, кәдімгі геноцид деп атап кетті. Біздің елімізде де ұлтымыздың барша қаймағын сыпырып алған жаппай саяси қуғын-сүргінді, сондай-ақ, халқымыздың жалпы санын­ың жарты мөлшерін қынадай қырған ашаршылық апатын зерт­теушілеріміз осылай (геноцид, тіпті тек көшпенді қазақты апатқа ұшы­ратқан этноцид) деп бағалап жүр.

Сонымен, 1937 жылдың көктемін­де ұлан-ғайыр кеңестік кеңістіктің барлық аймағында «халық жаулары мен екіжүзділерді түбірімен қопару және жою» науқаны өріс алған-ды. Күрестің жаңа бағытының мәні: «Троцкистерге қарсы күресте қазір ескі әдістер – дискуссия әдістері керек­ емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек», – деп тұжырымдалған. Мұны жер-жердегі бас шұлғығыштар қанағаттана қарсы алды. Сөйткен де, большевизмнің түкпір-түкпірдегі құлдық ұрғыш һәм шаш ал десе бас алғыш шолақ белсенділері мен қилы жарамсақ-жағымпаз жақтастары түгелімен сонау «жаңа әдістермен» шұғыл қаруланған болатын. Содан барып Отыз жетінші жылдың ұмытылмас сүреңсіз суреттері Қазақ­станда да орын алған. «Қара құзғын» аталатын мәшине мінген қара киімді чекистер жазықсыз азаматтарды топыр­латып түрмелерге тығумен шұғылданды. Қарағандыда Мәскеу­дің үлгісімен жалғыз рет ашық саяси сот өткізілді. Сол сотта облыс партия-кеңес ұйымдарының басшылығына «еніп алған» «троцкийшілдер» бар дауысп­ен әшкереленді. Баспасөз кеңесті­к «демократияны» шегіне жеткі­зе  дамытқан  күллі жүйені дәріп­теп, «кеңестік сөз бостандығын» паш етті. Қоғамдық пікірді бұрмалап қалыптастыру жолына жанын салды. Санасы уланған жұртшылық «әшкереленген халық жауларына өлім жазасы­н беруді» түрлі жиналыс­тарында ашу-ызаларын төге талап етіп жатты. «Ұлтшыл-фашистерге өмір сүргізбейміз» деп, коммунистер­дің республикамыздағы нөмірі бірін­ші газеті ұрандатты. «Әдебиеттегі троцкист-бухариншіл ұлтшыл-фашист зиянкестерін жеріне жете құрту керек» деп большевик-жазушылардың үнпарағы дабыл қақты. Аймақ-аймақтың белсенділері орайы кеп тұрғанда көзге түсіп көрініп қалуға тырысты. Қайткенде жоғарыға жағынуды мұрат еткен бодандық сезім жетегі­мен, мемлекеттің репрессиялық-жазалау  машинасына  үстемелеп от жағып отырды: тыным таппай, «халық жауларын» әшкерелеген үстіне әшкерелей берді. Жаз айларында астанадағы лауазымды азаматтар қамауға алына бастады. 1937 жыл­ғы шілдеде республика прокуроры Сүлеймен Есқараев ұсталды. Тамыздың басында ағарту халық комиссары­ Темірбек Жүргенов, одан сәл кейін Қазақ КСР Орталық Атқару Комите­тінің төрағасы Ұзақбай Құлымбетов тұтқынға алынды. Ұзамай егіншілік, қаржы, денсаулық сақтау халық комис­сарлары Нығметолла Сырға­беков, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Алматы облыстық және  қалалық  партия комитеттері­нің бірінші хатшысы Жанайдар Садуа­қасов, Халкомкеңестің көркемөнер істері жөніндегі басқарма бастығы Ғаббас Тоғжанов ұсталды. Облыс­тардағы басшылар да бірінен соң бірі қамалып жатты. Ғалымдар Санжар Асфендияров, Құдайберген Жұбанов, Қоңырқожа Қожықов абақтыға әкетілді. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Жұмат Шанин сынды кеңесшіл ақын-жазушы, драматург, режиссер де түрме төрінен орын алды. Саяси репрессияның 30-жылдар басындағы алғашқы толқынында сотталып, жазасын­ өтеп қайтқан Ахмет Байтұр­сынов, Мағжан Жұмабаев секілді «алашшыл» ғалымдар мен қаламгерлер де бұрындары бір байланған шала­дан құтылмай, сол ескі жаламен қайта тұтқындалды. Мәскеу түрмелеріне Ресей Халық Комиссарлары Кеңес­і төрағасының орынбасары Тұрар Рысқұлов, Бүкілресей Орталық Атқару Комитеті ұлттар бөлімінің меңгерушісі Нығмет Нұрмақов, Сауд Арабиясындағы елшілік қызметтен шақырып алынып, КСРО Ұлттар кеңесі­ жанындағы Тіл және жазу жөніндегі орталық ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметкері боп жүрген Нәзір Төреқұлов, бұрын­ғы Алаш көсемдері Әлихан Бөкей­ханов, Жаһаншаһ Досмұхамедов, Кеңес­тік бақылау комитеті уәкілінің Өзбекстандағы орынбасары Сұлтанбек Қожанов, Қазақстан Компартия­сы Орталық комитетінің бірінші хатшы­сы Левон Мирзоян, екінші хатшысы Садық Нұрпейісов тоғытылды.

«Қазақ әдебиеті» газеті 1937 жыл­ғы 13 тамызда: «ҚазАПП кезіндегі ұлтшыл-фашист-провокатор Байділдиннің зиянкестігін» еске бір алып қойып (әдебиетші Әбдірахман Бай­ділдин, жазушы Жүсіпбек Аймауытов, тұңғыш ұлттық театрдың шаңырағын көтерген мәдениет қайраткері Дінше Әділов, журналист Ахметсафа Юсупов төртеуі репрессияның ал­ғаш­қы толқынында қамалып, 1930 жылғы 21 сәуірде Мәскеуде атылған, олар іс жүзінде пролетариаттың ұлы көсемі Лениннің туғанына алпыс жыл толу құрметіне «Алаш ісі» бо­йынша сотталғандар ішінен құр­бандыққа шалынған болатын), «әдеби­еттегі алашордашылардың, қазіргі ұлтшыл-фашистердің төбеттері (анау-мынау «басшы, жетекші, ұйымдастырушылары»  емес, тұп-тура осылай: «төбеттері» деп таңба­ланған!) – Нұрмақов, Рысқұлов, Сәдуақасов, Құлымбетов, Жүргенов, Қожанов, Тоғжановтардың қалдықтарын түп-тамырымен құрту бүгінгі таңдағы ірі міндетіміз екенін бір минут­  та  ұмытпауымыз  керек», – деп, алға аса жауапты да өте биік міндет қойды. Араға аз уақыт салып, жазушылардың қалалық жалпы жинал­ысында сөйлеген белгілі қаламгерлеріміздің бірі: «Халық жаулар­ы Жүргенов, Тоғжанов искусство жұмысына қырсығын тигізіп, зиянк­естік істеді, – деп соқты (ол репрессияның қара найзасына ілін­ген жоқ, шамасы, «қазіргі ұлт­шыл-фашистердің төбеттеріне» берген баға­сы жазалағыш аппараттың ойлағанынан шықса керек). – Қазақтың советтік искусствосын жоққа шығармақшы болды, өздерін әдебиеттің, искусствоның «генийлері» етіп көр­сетуге тырысты, сол дұшпандардың сілімтіктерінен тез құтылуымыз ке­рек»­. Осынау жүрекжарды сөз «Қазақ әдебиетінің» 1937 жылдың 10 қыр­күйегіндегі жиналыстан жазылған есепте жарияланған еді. Сол 37-нің күзінде Мәскеуде Әлихан Бөкей­ханов, Нығмет Нұрмақов пен Нәзір Төреқұлов, Алматыда Ахмет Байтұрсынов, Омбыда Қошке Кемеңгеров атылды. Сол 37-нің соңына қарай (1 желтоқсанда) Қазақстан большевиктері Коммунистік партиясының Орталық Комитеті республика бойын­ша  бірінші  категориямен, яғни ату тәсілімен репрессиялануға тиіс адамдардың мөлшерін қосымша алты жүзге дейін көбейтуді сұрап, Мәскеуге өтініш түсірді. Республика басшылығы, сондай-ақ, оған қосымша тағы мың адамды екінші категориямен, яғни ұзақ мерзімге соттап жазалауға рұқсат сұрап құлшынды. Ұсыныс 1937 жылғы 3 желтоқсанда БК(б)П Орталық Комитетінің Саяси Бюро мәжілісінде бекітілді. Осылай, жауды табу және көзін жою орайындағы саяси репрессия ауқымын арттыруды, мойынға алған міндеттеме­сін асыра орындауды көздейтін жоспарлы арнаға салу арқылы, Қазақстан билігі халыққа әкелген қасіреті мол Үлкен террор көрігін өзіндік отынмен үстемелеп қыздыра түскен еді. НКВД құрамындағы Айрықша кеңес, «үш­тік», «екілік» деп аталған соттан тыс жазалаушы құрылымдар облыстардағы еңбекшілер арасын «тазалап», екпінді жұмысын жүргізіп жатты. Республиканың басшы органдарында істеген «халық жауларының» тағдырын шешу мақсатымен, 1938 жыл­ғы ақпанда Қазақстанға КСРО Жо­ғарғы сотының Әскери алқасы келді де, асқан шапшаңдықпен көшпелі сессияларын  өткізуге  кірісті…

1938 жылғы 22 наурызда «Социалистік Қазақстан» газеті «Қазақ халқы­ның ежелгі жаулары» деген тақыр­ыппен партия-кеңес қызметіндегі 19 «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл және бухариншіл» басшылар үстінен 6-12 наурызда Алматыда жабық сот болғанын хабарлады. Олар «Отанға опасыздық жасағаны үшін, Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге, сөйтіп оны шетел империализмінің колониясына айналдыруға тырысқан әрекеттері, терроршылдық істері, зиянк­естік және диверсиялық жұ­мыстары, шетелдік шпионаж жаса­ғаны  үшін» ату жазасына кесілді және үкім орындалды деп жазды. Үнпарақ одан әрі «қазақ халқын бақытты, қызық дәуренінен айыруға тырыс­қан» осынау «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттерді дер кезінде әшкерелеген даңқты­ чекистерге» ризашылығын білдірді. Оларға және «олардың сталиншіл наркомы Н.И.Ежов жолдасқа Қазақстан халқы көп-көп алғыс айтуда» деді. Республиканың басшы орын­дарына кіріп орнығып алған сонау «ұлтшыл-фашист, троцкийшіл-бухариншіл шпион бандиттердің» «Қазақстанды СССР-ден бөліп әкетуге», шетел отары етуге тырысуы салдарынан «бақытты, қызық дәу­ренінен айрылып қала жаздаған» «Қазақстан халқы» енді, бұдан былай ондай әрекетке жол бермес үшін, «жаула­рды түгел жоюда НКВД орындарына әрқашан жәрдемдесіп отыру­ға дайын» боп тұрғанын жариялап, баршаны сендірді. Үлкен террор уақытында Қазақстанның сол кезгі нөмірі бірінші ресми газеті халыққа қарсы өз заманында жасалған мемлекеттік қылмыстан – жүз жиырма мың жазықсыз жанды репрессиялап, оның жиырма бес мыңын құпия атып тастаған саяси қуғын-сүргін кезеңінен – бүгінгі ұрпаққа осындай бұр­малаулы жалғыз ғана ашық ақпарат қалдырған болатын. Шындықтың беті ашылуына Қазақстанның «Әді­лет» тарихи-ағарту қоғамы (құрылғанына отыз екінші жыл, әр кезгі төрағалары – Санжар Жандосов, Манаш Қозыбаев, Мұрат Баймаханов, Кеңес Нұрпейісов, өзгеріссіз атқарушы дирек­торы  – Сәуле Айтмамбетова) көп еңбек сіңірді. Осы қоғамдық ұйым жинақтаған деректерге қарағанда,  1937  жылы  Алматы  облы­сында атылғандар саны 440 болса, 1938 жылы мыңнан асып кеткен, Жамбыл облысында 1937 жылы  330 адам атылса, 1938 жылы бұл көр­сет­кіш 510-ға жеткен. Құрбандардың осындай өсуі барлық облыстарда болға­н. КСРО Жоғарғы соты Әскери алқасының Алматыда 1938 жылғы  6-12 наурызда өткізген көшпелі сессиясы жайындағы (жоғарыда келті­рілген, сессия аяқталған 12 наурыздан он күннен кейін – 22 наурызда жарияланған) газет хабары да шындықты жартылай ғана көрсеткені бүгінде анық болып отыр. Бірінші­ден, басшы қызметкерлерді ату, соның ішінде әлгі газетте тізімі жа­рия­ланған азаматтарды атып тастау жабық сот ашылды деген уақыттан он шақты күн бұрын – 1938 жылғы ақпанның  25-інен бастап орын алған.­ Екіншіден, сол жарияланым жарыққа шыққанға дейін, респуб­лика аумағын есептемегенде, тек Алматыд­а ғана алты жүздей боздақ жендет оғына байланған. Мәселен, 1938 жыл­ғы 15 ақпанда Түркістан (Қоқан) автономиясының, Алашорданың қайраткері, ұстаз, зерттеуші, кеңестік мемлекет және мәдениет қызметкері Қоңырқожа Қожықов атылды. 25 ақпанда атылған 39 адам қатарында азаттық күрескерлері, совет­ өкіметінің мемлекет, ғылым, мәдениет, әдебиет қайраткерлері Санжар Асфендияров, Ғабдолхакім Бөкейханов, Шәкір Дивеев, Сүлеймен Есқараев, Тел Жаманмұрынов, Құдайберген Жұбанов, Темірбек Жүргенов, Ұзақбай Құлымбетов, Ізмұхан Құрамысов, Сейітқали Меңдешев, Ілияс Молдажанов, Хасен Нұрмұхамедов, Қабылбек Сарымолдаев, Жанайдар Садуақасов, Сәкен Сейфуллин, Жағыпар Сұлтанбеков, Нығметолла Сырғабеков, Қайсар Тәштитов, Ғаббас Тоғжанов, Мирасбек Төлепов, Зейнолла Төреғожин құрбан болды. 26 ақпанда ішінде Ілияс Жансүгіров, Ілияс Қабылов, Асфендияр Кенжин, Сәлемхат Күленов, Сәлімгерей Қаратілеуов, Әзім­бай Лекеров, Бейімбет Майлин, Асхат­ Сейдалин, Жұмат Шанин бар 37 адам атылған. 27 ақпанда 41 адаммен бірге Мағзұм Асанбаев, Борис Берлин, Мерғали Қаділбеков, Сабыр Қапин, Әлкей Өтекин, Владимир Случак, Зарап Темірбеков, Мұхамедияр Тұнғашин, Михаил Чудочкин, Телжан Шонанов оққа ұшты. 28 ақ­панда атылған 40 адамның арасында Бірмұхамед Айбасов, Әшір Бүркіт­баев, Оразалы Жандосов (ағасы Ораз Жандосов 2 наурызда атылған), Мұхамедияр Жанкин, Мұхтар Саматов, Мұхаметқали Тәтімов болды.  3 наурызда Ибадолла Құлжанов, Маға­зы Масанчи, Абдолла Розы­бақиев,  Рахым  Сүгіров…  барлығы  38 адам, 7 наурызда Нұртаза Ералин, Жұмахан Күдерин, Нұғман Манаев… барлығы 43 адам, 8 наурызда Әбіл­қайыр Досов, Атлас Кәлменов, Жақсылық Құлтасов, Хакімжан Нұрымов… барлығы 44 адам, 9 наурызда атылған 37 адам ішінде Әбдірахман Айсарин, Ахмет Нұралин, Шахзада Шонанова (Қаратаева), Анас Ілия­сова бар… 1937 жылдың күзінде Алаштың ар-ожданы атанған Ахмет Байтұрсынов Алматыда, ұлт көшбасшысы Әлихан Бөкейханов пен тұң­ғыш советтік елшісі Нәзір Төреқұлов Мәскеуде атылды. Сондай-ақ Мәс­кеуде 1938 жылғы ерте көктемде кеңес­тік ірі қайраткерлер Тұрар Рысқұлов пен Сұлтанбек Қожанов, күзге салым Алашорда басшыларының бірі Жанша Досмұхамедов оққа ұшты. Қысқасы, Үлкен террор науқаны қазақ қоғамының бетке ұстарларын түгелге жуық жойып жіберді.

Қуғын-сүргін ауқымының тым шектен шығып кеткенін Сталин 1938 жылдың күзіне қарай ұқты. Оған жекеле­ген партия ұйымы басшылары НКВД-нің бұрмалаулары мен оның жоғарыға жолдап отырған жалған ақпарлары, түрмелердегі адам төзгісіз тәни азаптаулары жайында қайта-қайта хат жазған-ды. 22 тамызда ішкі істер халкомының бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған Берия қыркүйек-қазан айларында Сталинге және өзге де Саяси Бюро мүшелеріне жазалауды тоқтату қажеттігі жайын­да ашықтан-ашық айтып жүрді. Ақыры, 1938 жылдың қазан айында сотсыз үкім шығаратын органның бәрі (НКВД-нің жанындағы Ерекше Кеңестен басқалары) таратылды. 25 қазанда Ежов орнынан түсірілді де, нарком лауазымына Бери­я көтерілді… Осылай 1938 жылдың күзінде жаппай репрессияға тоқта­у салынса да, қуғын-сүргін одан бергі жылдарда да жалғаса берді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің дерегі бойынша, «халық жауларын әшкерелеп» ату Алматыда 1946 жылға дейін жүргізілген. Соңғы деректерге қарағанда, 1937–1946 жылдары атылып, Алматы түбіндегі «Жаңалық» қорымына көмілген  құрбандар саны 4219-ға жетті. «Әділет» қоғамы осы қаралы­ тізімді арнайы кітап етіп шығарды («Азалы кітап – Книга скорби», 9-басылым). 2018 жылы Алматы облысы әкімдігінің демеушілігімен «Жаңалықтағы» мемориал кешенінде арнайы Саяси қуғын-сүргін құрбан­дары музейі ашылды. Оның негізгі залын­да репрессия тарихын көрсететін тақырыптық экспозициялар, арнайы стенділер, репрессияға ұшырағандар тұтынған түрлі бұйымдарды, қасіретті кезеңнен жеткен қилы заттай­ естеліктерді назарға ұсынатын экспонаттар қойылған. Мұражайдың арнаулы бір залы қабырғаларына құрбандар есімі қашалған естелік тақталар ілінген. Келушілер олар жайындағы ақпараттарды заманауи техника жетістіктері арқылы сол залда бірден алады. «Әділет» қоғамының қызметін бейнелейтін стендтер орналастырыл­ған залда түрлі кездесулер, репрессия құрбандарына арналған еске алу кештері өткізіліп, деректі фильмдер көр­сетіліп тұрады. Музей мен қоғам бір­лесіп түрлі акциялар өткізуде. Террор жылдары атылғандардың сүйектерін белгісіз, елеусіз қалған қорымдардан әкеліп, кешен аумағына қаралы-салтанатты түрде қайта жерлеу рәсімін жасап жүр. 30-жылдарғы «бандалар қозғалысы» дейтін теріс баға берілген халықтық көтерілістерге қатысушыларға жасалған жаппай репрессияның шындығына жетіп, әділ бағасын беру ісіне атсалысу, қазақ халқы жасан­ды алапат ашаршылық салдарынан бастан кешкен Ұлттық апат (катастрофа) кезеңдерін есте ұстау, 2-ші жаһандық соғыста еріксіз жау қолына түскендердің қайғылы тағдырларын зерттеу, т.т. тарихи әділет­тілікті талап ететін акциялар қолға алынуда. Мұндай иманды шаралар, сөз  жоқ, демократия  құндылықтарын бағалай  білетін өскелең буын тәрбиесіне  қызмет  етеді.

Советтік тоталитаризм заманындағы жаппай саяси қуғын-сүргіндер шындығын қапастан алып шыға беру, мемлекеттік террор құрбандары аруа­ғына құрмет көрсетіп, тұрақты түрде ұдайы еске алып жүру – бүгінгі алғысшы­л да  әділетсүйгіш  ұрпақтың мойнында  тұрған  перзенттік парыз…

12  мамыр  2020 ж.

Бейбіт ҚОЙШЫБАЕВ,
«Әділет» тарихи-ағарту қоғамы төрағасының
орынбасары, жазушы, тарих ғылымдарының кандидаты

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: