Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тұрғыны – еңбекқор, халқы – бейнеткеш

13.10.2022, 10:40 506

Газетіміздің бұған дейінгі санында әріптес­теріміз облысқа қарасты аудандарды аралап, тұрғындардың әл-ауқаты мен тіршілік-тынысынан хабардар еткен болатын. Ізінше, өткен аптаның жұма күні сырдариялықтардың тұрмыс-жайы мен күйттеген күнкөрісін көруді алға қойдық. Осылайша, Сырдарияның тынысына тіл бітіріп, қалам тербеуге жолға шықтым. Атау­ынан-ақ мұндағы халықтың Сырдар­ия­ның суымен күрішін жайқалтып тұрғанын түсінуге болады. Демек, мен бет алған ауданның басты кәсібі мен нәсібі – күріш екені айтпа­са да «айғайлап» тұр. Жол бойы «тыныш ауданның тынысы қалай екен?» деген оймен біраз ойланып, тұрғындарымен бірге аудан орталығына жеттім. Дегенмен, қызметім тілші екенімді айтқаным сол-ақ еді, талап-тілегін, жоқ-жітігін жоқтады жолаушылар. Бірақ ол – басқа  әңгіме. Қоғамдық көліктен  түсе сала, аудан әкімдігінің алдына көз тастадым. Тап-таза көшелері мен жағдайы жасалған ауданның қазіргі келбетінен «жылт» етер кемшілік таппайсың. Әкімнің тазалыққа берік адам екенін тұрғындар да жарыса айтты. Хош. Енді «халқының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы қалай екен?» деген сауал төңірегінде ой «қазбалай» бастадым. Бірақ, ауданның әл-ау­қаты әкімдіктегілерден бұрын, тілшілердің тірлігіне кірмей ме деп, тұрғындардың тұр­мысы жайын­да толық әрі ашық білу үшін аудан­дық «Тіршілік тынысы» газетінің редакциясындағы әріп­тестеріме бардым. Жылы жүзді жандардың қонақжайлығына куәгер болып, аудан жайында ақпараттар сұрадым. Дамудың дара көрсеткішін көрсетіп келе жатқан аудан күріш өнімін өндіру бойынша, ешбір ауданнан кем түспейтін көрінеді. Өйткені, тұрғыны – еңбекқор, халқы – бейнеткеш.

Қызылордалықтарды Сыр халқы деп бекер  атамайды  екен. Сырдарияны жағалай мекен еткен барлық ауданның негізгі кәсібі де осы – күріш егу екені мәлім. Сондықтан, ақ дақылды жайқалтуда өңірдің диқаншыларына жетері жоқ. Тіпті, ақ күріштен тау тұрғызып, рекордқа енген  Ыбырай Жахаев та – біздің перзент. Жеріне  қасиет-кие  біткен  алаптың  берер  өнімі  мен ризық-несібесі күллі қазақ­ты асыруға жетіп жатыр. Міне, осыдан-ақ біздегілердің шаруасына баға беруге болады. 1938 жылдан бері іргесін Сырдария ауданы деп бекіткен өлке­нің  халық  саны  40  мың­ға жуықтайды. 77 мың шаршы шақырымға созылған аймақтың тұрғындары тек егін емес, сонымен бірге, мал, құс, балық шаруа­шы­лы­ғымен де айналысудан жоғары көрсеткішке ие.

Жалпы, бұл ауданға келудегі басты мақсатым ауыл шаруашылығының деңгейін бағамдау еді. Тиісінше, алғашқы нысанамыз да мал шаруашылығына тікелей қатысты болды. Жалпы, ауданда өткен айдың есебі бойынша 38504 бас мүйізді ірі қара, 19782 бас жылқы, 1605 бас түйе, 29628 уақ мал, 11164 құс тіркелген.  Және алғашқы болып Сәкен Сейфуллин ауылындағы «Үргенішбаева» шаруа қожалы­ғына  барып,  жұмысымен   таныстық.

Бұл  жеке шаруа қожалығын басқарып отыр­ған Бөлеген Рахмет отбасылық кәсіп екенін алға тартты. Әулетаралық кәсіптің пайдасы – бүтін бір әулетті жұмыспен қамтуға қауқарлы болуы екені даусыз. Мұнда бірнеше салалық жұмыс атқарылады екен, яғни қожалық түрлі бағытта кәсібін жүргізіп отыр деген сөз. Ондағы­лар престелген шөп өңдеп, сатып, ірі қара мал бордақылап, оны тапсырыс беру­шілерге өткізіп, егін шаруашылығымен де айналысады. Атакәсіптің көзін тауып, азбас жұмыстың иесіне айналған кәсіп иелері өз қара­жатына ауылдағы түрлі іс-шараларға демеу­шілік жасап, балаларға арналған ойын алаңын салып берген екен. Сауапты істен де алыс емес Рахметовтер отбасы 2006 жылдан бері осы жұмыс­тың  жолына  түскен. Қазірде 15-20 бас ірі қараны  жем-шөппен  бордақылап  жатыр.

– Мұнда жылқы мен сиыр малын бордақылап, арнайы тапсырыс берушілерге өткіземіз. Бір ірі қара әрі кеткенде 3 ай шамасында бордақыланады. Тапсырыс берушілер осында келіп, малды со­йып алғаннан кейін, терісі қалады. Ауданда осы теріден бұйым шығарып, іске жарататын адам болса, өткізер едім. Бірақ, ондай кәсіп иелері жоқтың қасы. Бұдан бөлек, күріш егіп, оны өңдеп, сатылымға шығарып та жатқан жайымыз бар.  Жалпы, адамның бұл өмірдегі міндеттерінің бірі – бала-шағасы аш қалмайтындай деңгейде жұмыс істеп, соларды бағып-қағу ғой. Сол үшін осындай отбасылық кәсіп бастап, жұмыстарды жандандырып жатырмыз. Дегенмен, қазіргі кезде ауыл шаруашылығына аз көңіл бөлініп жатыр. Соның салдарынан субсидия мәселесі көптеген шаруагердің  жұмысына қолбайлау болып тұр десем де болады. Әрбір ірі қараға тек 10000 теңге­ге жетер-жетпес қаржы қарайды. Ол біздің бордақылап отырған малдың жем-суын толық ақтамайды да. Қазір шөп те қымбаттаған. Сондықтан, осы субсидия мәселесін біржақты ете­тін   болса, уайымымыз  сейілер  еді, – деді шаруа қожалығының  басшысы  Бөлеген  Рахмет.

Иә, бір жылдары үкіметтен талпақ танау­ларға 140 мың теңге субсидия бөліп, жылқы малына 100 мың ғана субсидия қарастырған жағдай әлеужеліде желдей есті. Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалып қайтсін, анығында «заттың керегі кербайлауда қалды» дегеннің керін кештік. Содан, көптің тілегі әлі де көлдің жағасында тұр. Шаруашылық иелерінің қазіргі басты талап-тілегі де – осы. Мұны үкіметтің үйлесімді ісінің кемшілігі деп емес, келген қаржының кемшілігі дегеніміз дұрысырақ. Өйткені, бөлінген ақша шаруаларға түгел үлестірілді ме, жоқ па, бір Аллаға аян. Жә, жағдай сол. Ауданның ауыл шаруашылығы қарыштап дамып келеді. Сондықтан, расымен субсидия мәселесі алаңдатарлық деңгейге алып  келуі  әбден  мүмкін.

Жалпы, ауыл шаруашылығы саласының тамы­ры тереңде, ол жайлы кеңінен толғап, бірнеше бет арнауға болады. Бірақ, бұл аймақ­тың одан да бөлек сан саласы жаңалық пен жетіс­тікке толы. Сондықтан әрі қарай Сырдария ауданының кәсіпкерлік саласындағы өзгеріс­терді көзбен көруге аттандық. Ауданды былай қойғанда, аудан орталығы Тереңөзек кентінде де алға басу мен даму артып келеді. Сонымен қатар, сырдариялықтардың  дарынды  перзенттерімен  танысып, тоғызқұмалақ ойынын төрге шығарып жүрген жүлделі  жеңімпаздар мен шебер аналардың, іскер  жастардың  жұмысы­на куә болдым. Дегенмен,  олар  тура­лы  газетіміз­дің  алдағы  сандарынан  оқып,  біле  аласыздар.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ,

Қызылорда – Сырдария – Қызылорда

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: