Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тik-tok пен тренд

20.01.2022, 10:40 862

2021  жылғы  қаралым  бойынша  өзгелерден оқ бойы озып тұрған әлеуметтік желі – Тik-tok. Алдыңғы жылдары «Google», «Instagram» әлеуметтік желілері алға шығып, интернет тұтынушылары арасында керекті контентке айналған. Соңғы бір жарым жыл ішінде біздің елімізде ерекше трендке айналған әлеуметтік желі Тik-tok болып тұр. Бірақ бұл ең бірінші рет 2016 жылдың қыркүйек айында ByteDance қытай компаниясының Douyin әлеуметтік желісі ретінде іске қосылды. Пандемия басталған жылы халықтың жартысынан көбі үйде жұмыссыз отырып қалды. Әсіресе той-томалақтың ортасында жүріп үйреніп қалған артистер қауымы жаппай Тik-tok-қа тіркеліп, аз-кем әзілге бағытталған видеоларын жүктеп жүрді. Басында жай әзіл, ермек үшін түсіріп бастағандар қазір кәдімгі миллионерлерге айналған.

Иә,  аз  ғана  уақыттың  ішінде. Сыры  неде десеңіз,  оқып  көріңіз…

ТАРИХ  пен  TIK-TOK

Бұл – шағын, кемінде 1 минут, әрі кеткенде 5 минутқа дейін ғана видео түсіретін интернет платформасы. AppStore және Google play-дегі ең көп жүктелген бағдарламалардың қатарына кіреді. Тik-tok 2016 жылы пайда болды. Оны «ByteDance» қытайлық компания­ның басшысы, 36 жастағы табысты кәсіпкер Чжан Иминг ойлап тапты. Ол оны «Доуинь» деп атаған, кейін Тik-tok деп өзгертілді. Бүгінгі таңда оның байлығы 13 миллиард долларды құрайды Тik-tok өкілдері Лос-Анджелес, Нью-Йорк, Лондон, Париж, Берлин, Дубай, Мумбай, Джакарта, Сеул және Токио­да орналасқан. 2017 жылы TikTok Musical.ly қосымшасымен бірігіп, өз мүмкіндіктерін кеңейтті. Осы арқылы аудитория 1,2 миллиардқа дейін өсті.

Дегенмен Тik-tok Қытай мен Үндіс­тан арасындағы Кашмирдегі терри­тория таласына байланысты желі «ақ­парат ұрлайды, ұлт­тық қауіпсіздікке қатер төндіреді» деген себептермен 2020 жылдың шілдесінде Үндістанда шектелген 50 шақты қытай сайтының тізіміне енді. Тik-tok сондай-ақ АҚШ-та Huawei (қазақша «хуа» – қытай, «вей» – үшін) секілді Қытай коммунистік партиясы үшін қызмет етеді делініп, шектеулерге ұшырады. Қазіргі кезде барлық елдерде танымал, ең жылдам дамып келе жатқан және ең көп жүктелген әлеуметтік желілердің бірі. Тik-tok мобильді қосымшасы арқылы видеоның фондағы музыкасын тездетуге, баяулатуға және түрлі фильтрмен өңдеуге болады. Танымал әндерді синхрондап, қысқа бейнелер түсіре алады. Видеоны жүктеп, басқа әлеуметтік желілерде бөліседі. «Реак­ция» режимімен басқа бейнелерді көргенде қандай әсер алғаныңызды көрсете аласыз. Ал «дуэт» режимі екі бейнені көлденең қосуға мүмкіндік береді. Кей бейнелерді «тек дос­тар көре алатын» немесе «жеке» деп таңдауыңыз­ға болады. «Ұсынымдар» парағы – бейне­лер ағымы. Пайдаланушылардың қызығу­шылықтары мен қалауларына сәйкес бейнелер ұсынылады. Тik-tok ережесі бойынша ұсынымдарға тек 16 жастан бастап шыға алады. 16 жасқа дейінгі пайдаланушылар хэштег, трэндті қолданса  да  көрсетілмейді.

TIK-TOK-тың  ТӨРТТЕН  БІР  БӨЛІГІН  ҮНДІЛЕР  ҚҰРАЙДЫ

Кейбір статистикалық мәліметтер бүй дейді. Қазіргі уақытта әлеуметтік желіні әлемнің 150 елінен 500 мил­лионнан астам қолданушы қолда­нады. Желінің негізгі аудитория­сы ретінде жасөспірімдер саналады. Алайда, Қытай­да қолданушылардың 60%-ы – 25-44 жас, ал өзге жерлерде 24 жастан асқан қолданушылар саны 43%-ды құрайды. Бірақ қазір мұқият қараған адамға 44 жас жай ғана формальды түрде секілді. Тik-tok-та жасы 70-80-ге таяп қалғандар да бар. Олардың басым көпшілігі қазақ аудито­риясынан дей алмаймыз, бірақ, АҚШ, Корея, Қытай сынды мемлекеттерде жасы үлкен, қарт желі қолданушы­лары  шығып  жүр.

2019 жылы Тik-tok құрастырушылары желіде ешқандай саяси жарнамаға жол берілмейтіндігін айтқан болатын. Бірақ бүгінде саяси бейне­роликтерді іздесеңіз, сөзсіз таба аласыз. Қазір Тik-tok – ең қарқынды дамып жатқан платформа. Мұның құпиясы монтаждау технологиясының ыңғайлығында, Instagram желісіне бәсе­келес бола алуында. Tik-tok жасөспірімдер арасында танымал. Бағдарламаны жалпы саны  1 мил­лиард рет жүктеген. Салыстыру  үшін:  былтыр Тik-tok-ты – 663 млн рет, Фейсбукты – 711 млн, ал Instagram-ды 444 млн рет жүктеген. Тik-tok -тың осынша кең қолданылуына Үндістан айтарлықтай әсер етті. Себебі үнді жастары  өздерінің музыкалық және би қабілетін көрсетуге құмар. Үндістан қолданушылары Tik-tok-тың төрттен  бір  бөлігін  құрайды  екен.

ТИК-ТОКЕРЛЕРГЕ  ДІНІМІЗДЕГІ   ҮКІМ  ҚАНДАЙ?

Түйіннің төркіні түсінікті шығар. «Жалаңаштанған» қоғамға қазір ет те үйренген, сөз де өтпейді. «Санасы барлар  санын  жалтыратпайды», «иманы  бардың етегі ұзын болады» деген жаттанды афоризмдерді айта бере­тін заман келді. Расында. Әр адамның санасына ештеңе бермесе, оған пенде келіп, түзу жол көрсете алмайды. Ақпараттық ашық заманда, адамның денесі де ашық-шашық. Балаға да, басқаға да теріс қылықты ақпараттар қолжетімді. Қадағаламаса кез келген уақытта телефон арқылы да көре алады. Тik-tok-та өзге ұлт демей-ақ қоя­йық, қарапайым қаракөз қыздары да камера алдында бұлаңдап билеп, тәндеріне тұсау бола алмай жатады. Ислам діні заманауи технологияны, өмірге енген жаңалықтарды, соның ішінде интернетті қолдануға рұқсат береді. Бірақ оның шариғат шеңберінде болуын талап етеді. Сондықтан интернет желісі арқылы өзгелермен байланыс жасағанда, мұсылман адам шариғатта рұқсат етілген істерді орындап, тыйым салынған істерден сақтану керектігін  ескеруі  қажет.

Интернетте отырған адамның ең алдымен ниеті түзу болу керек. Тақуа, жақсылық істеуші және көркем мінезді болуы шарт. Пайдасы жоқ, мәнсіз нәрселерден аулақ болу қажет. Уақытын зая кетірмей, Құдайдың берген өмірін қадірлеуі тиіс, оны барынша дұрыс пайдалану керектігін, оның әрбір сәті үшін ақыретте жауап беретінін ұмытпау керек. Сондай-ақ, мұсылманның уақыты, күші, ақылы және зейіні пайдалы нәрселерге ғана жұмсалуы тиіс. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіңе пайдасы тие­тін нәрсеге құштар  бол  және  Алладан жәрдем сұра!» – деген (Мүслім). Ар-ұят, намыс мәселесіне аса мән беру қажет. Ерлі-зайыптылар арасындағы дау-дамайлар, ажырасулар, арсыздық пен арандатушылық әрекеттері соған мысал. Құран Кәрімде: «Иман еткендер арасында арсыздық атаулының етек алуын көксейтіндерге келсек, оларға бұл жал­ғанда да, ақыретте де жантөзгісіз ауыр азап бар», – делінген («Нұр» сүресі, 19-аят). Сондықтан Тik-tok желісіне мәнсіз, әдепсіз, ұятсыз бейне­роликтерді салу және сол роликтерді тамашалау, сондай-ақ желіде отырып, уақытын зая кетіру – харам. Мұсыл­ман адам ондай іс-әрекеттерден ба­рын­ша  тыйылғаны  дұрыс.

ТIK-TOK-та  ЖҮР  ТАНЫЛЫП…

Forbes.kz сайты қазақстандық миллионер тик-токерлердің тізімін жаса­ған екен. Олардың ең басында «Хомяк» есімді жас қыз тұр. Жасы – небәрі 18-де. Толық аты-жөні – Алина Ким. Кәріс ұлтының өкілі. Оның бүгінде 36 миллионнан астам жазы­лушысы бар. Одан кейінгі орында – «Bangers in pyjamas» тобы. Олардың 22 миллион жазылушысы бар. Бұдан бөлек, еліміздегі әншілер қауымы, блогерлер мен танымал  тұлғалар да осы желіде өзде­рі­нің  оқырмандарын  жинап   алған.

Сондай-ақ сала бойынша да контент жасап, оқырмандарға пайдалы ақпарат беретіндер жетерлік. Мәселен,  сіздің мамандығыңыз дәрігер болса, өз аудиторияңызға денсаулыққа байланысты тың ақпараттар беріп, бөлісіп, видео түсіріп отыруға болады. Келесі біреулер бет әрлеу, ас мәзірін пісіру секілді салалар бо­йынша жазылушылар қатарын арттырып жүр. Бұл жерде ең бастысы қаралым мен бөлісу көп болу маңызды. Яғни сізді қаншалықты көп адам көретін болса, соншалықты танымалдылығыңыз  да  арта  түседі.

ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ  ТИК-ТОКЕРЛЕР

Біздің аймақта да Тik-tok-ты белсенді қолданатындар көп. Бірі өзінің жеке хоббиі ретінде, көңіл көтеру үшін түсірсе, бірі табыс табуды, енді бірі таны­мал  болуды  армандайды.

«ЖАНЖАЛДЫ»  ЖЕЛІ

Тik-tok әлеуметтік желісінің кесірлі тұстары да жоқ емес. Солардың бір­қатарын назарларыңызға ұсынсақ.

– 2018 жылдың ақпанында АҚШ-тағы қысқа бейнематериалдарымен алмасу қызметі мобильдік жүктемені ата-ананың рұқсатынсыз 13 жасқа толмаған балалардың заңсыз түрде дерек­терін жинауда кінәлады. Қызметкерлерге 5,7 миллион доллар көлемінде айыппұл салынды. Айыппұл төлемі бойынша шешімді АҚШ Федералды сау­да комиссиясы қабылдады. Ашық қолжетімділікте кәмелетке толмағандардың жеке ақпараты – есімі, телефон нөмірі, суреті және видео болғаны хабарланады. Сонымен қатар, комиссия 13 жасқа толмаған  балалардың бейнематериалдарын өшіріп тастауға міндеттеді. Келтірілген заң бойынша, қызметкерлер жас қолданушылардың жеке ақпаратын қорғап қалу мақсатында, оларға өз бейнематериалдарын бағдарламаға жүктеуге тыйым салған.

– 2019 жылдың желтоқсан айында АҚШ билігі мобильдік жүктемені қолданушылардың жеке ақпаратын ұрлауында күдіктеніп, әскери офицерлеріне Tik-Tok әлеуметтік желісін қолдануға тыйым салынды. Бұл шешім желінің төндіріп отырған қаупі туралы ескерту ретінде, 2019 жылы 16 желтоқсанда АҚШ қорғаныс министрлігімен қабылданды.

– 2020 жылы 4 қаңтарда АҚШ Мемле­кеттік департаменті және Ішкі қауіпсіздік Министрлігі өз қызметкерлеріне қызметтік құрылғыларда Тik-tok әлеуметтік желісін қолдануға тыйым салды.

– Руслан Ахмедов – Санкт-Петербург полиция колледжінің студенті. Ол өз Tik-tok парақшасына жанжалды бейнематериалды жүктеді. Бейнематериалда студент билеп, Ішкі істер органдарындағы қызметтің артықшылықтарын тізімдеді. Ол бейнематериалдағы тізімінің ішіне есірткіні адамдарға тарату мүмкіндігін атап шықты. Бұл күлкі мақсатында жарияланған видео БАҚ ішінде резонанс тудырды. Қазіргі кезде жанжалды видео әлеуметтік желіден  толық  өшірілген.

– 2020 жылдың 9 қаңтарында Гория­новтың ЛГБТ қоғамдастық бойынша қате тұжырымы белсенділердің көптеген шағымдарын туғызуына әкелді. Бұл оның әлеуметтік парақшасының бұ­ғаттауына  әкелді.

ТҮЙІН. Жаңа  заманның  заңына  ілесу – әрбірімізге міндет. Ал ілесе жүріп, үйлесім  таппай жарты жолда қалып қоямын  десеңіз, онда оны да өзіңіз шешесіз. Таңдау бар. Тik-tok биыл, келесі жылы, одан кейінгі жылдары, тіпті алдағы бес жыл ғана дәурені жүрер. Бірақ, заматында жылт еткен жаңалық ретінде тарихта қалады. Сондықтан қит еткеннің кері тұсын көріп, жамандығын теруден гөрі жақсы жақтарын да көре білу абзал.

Керім  КЕНЖЕ

Маржан  ӘШІРАПБАЕВА,

Тik-tok  желісінің  белсенді  қолданушысы:

Жаңа  заманның  өзгерістерінен  қорықпау  керек

– Тik-tok әлеуметтік желісі трендке айналып, одан табыс табуға да болатынын біліп жүрдім. Бірақ, желіде әртүрлі жүректі ауыртатын, әсерлі видеолар көп екен, оның үстіне менің аяғым ауыр болды. Сосын желіден шығып кеттім. Араға бір жыл салып, Тik-tok-қа қайта қосылдым. Сөйтсем бұрынғы салған видеоларым 4000-нан аса қаралым  жинаған  екен.  Мен бұл ғана емес, «Инстаграм», «Фейсбук» желілерін дамытудамын және «Ютуб»  каналында  видеоконтент  жасап  жүрмін.  Жолдасым екеуміз  ақылдаса  келе,  Тik-tok-ты да  дамытуға  шешім  қабылдадық. Екі  айдың  ішінде     2000 жазылушы жиналды. Негізгі мақсатымыз – табыс табу. Кейін табысымызды кәсіп көзіне айналдыру. Менің жолдасым да әзілге жақын, актерлық шеберлігі де жоқ емес. Кейін біздің жазылушыларымыз да көбейіп, белсенділігіміз жоғарылай бастағанда жарнамалық ұсыныс­тар  түсе  бастайды. Табыс  табу  осыдан  басталады.

Ол қазір «Инстаграм» әлеуметтік желісінен табыс тауып жүр. Сондықтан әлеуметтік желінің пайдалы тұстарын көбірек алуға тырысады.

– Жуырда бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп қалғаным бар. мектеп оқушылары арасында сауалнама жүргізгенде, олардың 90 пайызы блогер болуды армандайды. Бұл олардың келешекте белгілі бір сала маманы болып шығуына кедергісін келтіруі мүмкін. Ал біз, ересектер, мұндай қадамдарды саналы түрде жасаймыз. Сондықтан бұл бізге аса бір зиян тигізеді деп айта алмаймын, – дейді ол.

Оның айтуынша, Тik-tok тез танымал болуға әсер етеді. Жаңа заманның жаңалықтарынан, өзгеріс­терінен адам қорықпаған абзал.

Ал қазір қалалық «ҚоғамТВ» телеарнасында қызмет ететін журналист Мадина  Ералиеваның Тik-tok-та қазірдің өзінде 22 мыңнан аса жазылушысы бар. Желінің жалпы мақсатын алғашқыда өзі де түсінбеген. Кейіннен сүйікті ісіне айналып үлгеріпті.

Мадина  ЕРАЛИЕВА,

журналист:

Тik-tok-та  да  тұрақты көрермендерім  бар

– Негізі  tik-tok  уақыт  «өлтіру»  құралы  секілді,  мен  үшін.  Өйт­кені ол кішігірім ютуб сияқты, әзіл де бар, керекті ақпараты да бар, жағымсыз  жағы да бар. Мен де бірінші көрермен болып бастадым, басында дым түсінбейтінмін. Тik-tok-ты  аша  қалсаң, біреуі  билеп  жатады, біреуі  күлкілі  видеолар  ұсынып  жатады, содан  маған  да  қызық  болды.  «Не  түсірсем  болады?»  деп  ұзақ  ойланбадым, себебі  менің  жұмысымның  (журналист,  диктор)  өзі – контент. Көбі ойлай­ды  журналистер, дикторлар қатал, күлмейді деп, соның кері жағын көрсеткім келді. Сөйтіп қазан айында алғашқы видеоларымды жүктедім, басында tik-tok-ты түсінбеген соң қалай болса солай сала салдым. Бір тәулікте  шамамен  50  мыңдай қарал­ым, біраз пікір жиналып қалыпты. Көбі күтпеген нәрсе болды, себебі шыны­мен бізді күлмейді, қалжыңдаспайды деп ойлайды екен. Тіпті «мынауың ұят, журналиске сай емес» деп те айтқандар болды. Алғашқы 1000 оқырманды 1 апта көлемінде жинадым, 10 мың оқырман 1 айда, қазір 2 айдан енді асты, оқырман саны 22 мыңнан асып бара жатыр. Бастапқы мақсатым ел-жұртқа біздің, яғни күлмейтін, жұмысба­сты болып жүреді деп ойлайтын жұртқа «біз де ойнап-күлеміз» деген ойды жеткізгім келді. Сол мақсатыма жеттім деп ойлай­мын, себебі қазір тұрақты көрермендерім бар, олар жаңа көрерменге, түсінбей жатқан  көрерменге  өзде­рі-ақ  түсіндіріп  беріп  жатады.

Тik-tok-тың пайдасы да, зияны да бар. Ол әркімнің пайдалануына байланысты, мысалы тик ток сізге өзіңіз жиі  көретін контентті ұсынады, осыдан-ақ түсінікті шығар деп ойлаймын. Бағана айтып кеткендей, кішігірім ютуб сияқты tik-tok-қа да жас шектеуі керек сияқты деп ойлаймын. Себебі бұл жерде кішісі де, үлке­ні де бар. Мәселен, кішкентай балалар қорқынышты немесе ұятсыздау контент көріп қалуы мүмкін, сондықт­ан ата-аналар қадағаласа дұрыс болар еді. Жалпы, барлық әлеуметтік желіден пайда табуға болады, ал tik-tok ол мүмкіндікті кеңінен береді, себебі онда бірыңғай жергілікті «подписчиктер» емес. Сіздің видеоңыз бүкіл әлемге таралып кетуі мүмкін, сол сияқты сіз бір мезет­те «жұлдыз» болып шыға келуіңіз де мүмкін. Сондықтан tik-tok көп мүмкіншілік бере­ді, ал менің контентім таза қазақша болғандықтан жарнамалық ұсыныстар жоқтың қасы. Жергілік­ті  кәсіпкерлерге инстаграмда жарнама берген тиімді. Ал шетелдік tik-tok блогер­лері  жақсы табыс табады, оны айтпаса да түсінікті.

Мадина желіні саласы бойынша жүргізеді. Өзі айтып отырғанд­ай, контенті қазақ тілінде. Ең бастысы да – осы. Қазақша  контенттердің  көп  әрі  сапалы  болғаны – ең  маңыз­дысы.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: