Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сүлеймен Мәмет: Білім саласы біраз адамның бизнесіне айналды

19.11.2022, 17:00 350

HALYQLINE.KZ

Қанша жерден жамандасақ та, кеңес дәуіріндегі білім жүйесі мықты болатын. Оны мен емес, төрткүл дүниеге танылған академик Өмірзақ Сұлтанғазин айтып еді. Ол кісі аясы тар маман (узкий специалист) дегенге қарсы еді. Аясы тар мамандық тек қана нан тауып же, төңірегіңе қарама, ешкіммен айтыспа, тартыспа, саясатта жұмысың болмасын, жан-жақты болма деген сөз. Бұл капитализм қағидасы, білімсізді басқару оңай, құлақ тыныш дегендік. Бірақ білімсіздіктен жуан жұдырықтың шығатынын ескермеген. Бір күні сол жуан жұдырықты ыза кернесе ештеңеден тайынбайды. Мылтық болса мылтық, балта болса балтамен жайпап жібереді. Америкада ондайлар аз емес. Білім сананы ашады, ойды оятады, қатыгездіктен арылтады. Қырып салғыштар бізден аулақ, деуші еді зейінді академик.

Иә,12 жылдық керек. Жүйелі жүр­гізілсе. Америкаға барған кезде осыны зерттедім. Зерттесем баяғы біздегідей үш саты, 8-сыныптан соң училищеге жібереді, 10-сыныпқа жоғары оқу орнына түскісі келетіндер барады. Бағ­дарламасы жоқ, не кітабы жоқ 48 мектепте 12 жыл­дықты оқуды бастадық. Әлі күнге де­йін жалғасып келе жатыр. Аяғына жет­кен жоқ. Себеп не­гізі қаланбаған, тәжі­рибеден өтпеген, ғылыми жүйесі осал.

Биыл өмірден озған Шәмша Көп­байқызы (Беркімбаева) ауылды көтермей, ауыл баласын дамытпай болмайды деп «Ауыл» бағдарламасын жасады. Ұлт­тық мектептің ұлы мұратын алға оздырмақ болды. Бірақ онысы ұзаққа бармады. Өйткені ол кісі бүгін күн тәртібіне шық­қан, ауыл туралы ақиқатты айтты. Ол ақи­қаттың арғы жағында «жара» бар ғой. Сол жараны тырнады. Көп отырғызбады. Жылжытып жіберді. Міне, білім саласы осылай құлдырады.

Үш тілді меңгертеміз дедік. Бала­­бақша баласы да ағылшын­ша сөйлеп кетті деп есеп бердік. Кейбір пән мұғалімдерін санау­лы айларда ағылшынша үйретіп, сабақ береді дегенге сендік. Сен­дірдік. Бес жыл оқып біразы әрең білетін ағылшын тілін сауат ашудай қысқа мерзімде мең­геріп, сабақ береді деген­ге күмәнданудың орнына гүмпіл­дедік. Ақыры не болды, қыруар қаржы құмға сіңді. Жауап берер адам табылмады. Ақшасы бө­лініп, сағаты саналған желбуаз іс жылан бауырлап әлі жалғасып жатқан жоқ па екен?

Екінші бір мәселе, ақылы мектеп, ақылы орталықтар. Көбінде ақылы мектепте кімдер оқиды? Қал­та­лылардың балалары. Олар балаларын әртүрлі тілде, ақылы оқытып жатыр. Балаларды, сөйтіп, бөлектедік. Заман солай дейміз. Бірақ аз қазақты бөлшектей беру қалай болар екен, әсіресе ұл мен қызды? Олар жоғары білімді де шетелде алары анық. Ел мен жерден алшақтау, көп замандасынан шеттеу, кейін түсінбестік туындатып жүрмей ме? Бай мен кедей ұғымы да бұл жерде мен мұндалап тұр. Жалпы, мектептердегі кейбір мұғалімдер өзінің жауапкершілігін жеңілдету үшін: «бізді қаламасаң ақылы мектепке бар» дейтінді шығарды. Ақылы мектепке кез келген оқушы бара ала ма? Бара алмайды.

Осы жерде мына бір нәрсені айтуға тиістіміз. Мемлекет бюджеттен қыруар ақша бөледі. Ал сол қыруар қаржы бөл­­ген мектепте жауапкершілік жағы ке­міп бара жатқандай. Ақылы мектеп, ақы­­лы орталықтар, мемлекеттік білім меке­­мелерінің ара-жігін ажырату керек се­кілді. Ашықтық, әділ бәсеке болуға тиіс. Отбасы тәрбиесін, ата-ана үлгісін, ертеңге қадамын естен шығарып алмасақ екен.

Жалпы, ұлттық білім, ұлттық тәрбие салтанат құрмай, қазақ баласы халықтық қалыпқа түспесі анық.Түсу былай тұрсын, жаттай жатырқай бермек.

Мұғалімдер сабақтан кейін қосымша оқытып, ақша табу жағын да жақсы ойластырып алды. Мұны екі жеп, биге шығу десек, асырып айтқандық болмас.Ақшаның шеті шыққан жердің арғы жағында бір жұмбақтың жатары анық. Егер мұғалім қосымша оқытатын пәнді өз сабағында саралай түсіндірсе, ата-анамен жұмыс жасаса екі «асаудың» қанша қажеті бар? Қазір білім емес, ақша алға озып тұр. Бұл терең ойланатын мәселе. Қазір жақсы мұғалімнің айлығы жаман емес. Өскен үстіне өсіп жатыр. Бірақ білім сапасы туралы әр алуан әңгіме ­тыйылар емес.

Ақылы деген сөз шыққанда атақты ұстаздар Қанипа Бітібаева мен Орынша Қарабалина-Қазы­баева бірден қарсы шықты. Мық­тылар болатын. Балаларды бөлектемейік деді, қазақты бай-кедей деу ағаттық, байдың балалары мықты болып шығады, бас­қалар қалып қояды деп сәуегейлік жасау жараспайды, бай-кедей болып қазақ күн кешіп көрген. Ол заман мен бұл заман жер мен көктей деп зарлаған. Зар-заман ақындарының жырларын Бітібаева жатқа айтып, мұғалім­дер білім емес, ақша қуып кетеді-ау деп күйінуші еді.

Ақылы мектепте қазақ тілі деген мәселе кем. Ол жерде ағыл­шын тілі, қытай тілі, басқа тілі. Қазіргі қалалы жердегі кез келген үйдің бірінші қабатында неше түрлі ақылы орталықтар орналасқан. Үш айдың ішінде тілді үйретіп, математиканы оқытып тастаймыз дейді. Ол не деген білімгерлік?

90-нан асқан Малайзияның Пре­мьер-министрі М.Мохамад елор­да­дағы Еуразия университетінде оқыған дәрісінде малай быт-шыт болған кезде бүкіл елдегі талантты балаларды жинап оқытқанын, олар елдің дамуына өлшеусіз үлес қос­қанын, қазір де оқы­тып жатырмын деп еді. Талантты бала бастықтың, байдың баласы ғана емес, қараның ортасында да көп, тек таба біл, алалай көрме деген еді.

Бізде де кезінде мықты математика, өнер мектептері болды. Қазір де бар. Таңдап алу та­тымсыз демесек. Айталық, Асқар Тоқпанов жер-жерден та­уып әкеліп оқытқандар бүгін қазақ өне­рінің бір-бір алыптары емес пе?! Орынбек Жәутіков атындағы фи­зи­ка-математика мектебінің түлек­тері ше? Біз бұл жайларды неге қозғап отырмыз, себебі барды бағалай алмай, өзге деп жүріп сабақтастықты үзіп алдық. Енді соның зардабын тартумен келеміз. Білім саласы, жасыратыны жоқ, біраз адамның бизнесіне айналды. Әр адам өзінің қам-қарекетіне, жан бағысына ыңғайлап алды. Жалпы жұрт, ұлт деген ұғымды нарыққа тели салып, өзімізді ақтаған боламыз. Бұл жаһандану кезінде жұтылуға апармай ма? Кеңес үкіметі төбесінен ұрып тұрған кезде алаштықтар өзім демей, ұлтын демемеп пе еді. Ұлт баласының қажетіне деп Мағжан ақын психологияны, жазушы Ж.Аймауытов алгебраны, геолог Қ.Сәтбаев математиканы, дәрігер Х.Досмұхамедов руханиятты жазды емес пе? Мұның бәрі оқулықтар.Ал бізде қазір не көп? Ғылым докторы көп. Академик көп. Оқулық неге оңбайды? А.Колмогоров деген академик айтады екен: «Оқулық жазу деген – биік үйдің төбесінен секіріп өлу­мен бірдей. Өзің өлмес үшін, ұрпақты өлтір­мес үшін оқулығың керемет болу керек, сауатты болу керек». Ендігі бір мәселе, мұғалім теориялық білімді университеттерде оқиды, тәжірибеден өтпейді. Мектепке барған кезде оқыған білім мен тәжірибе екеуі ұштаспайды. Өркениетті елдерде алты сағаттың үш сағатын теориялық білімге, үш сағатын тәжірибеге жұмсайды.

«Егемен  Қазақстан»  газетіндегі  сұхбатынан  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: