Қызылорда облысы әкімдігінің назарына!
Осы жылдың 5 тамызы күні Қызылорда қаласында өткен Солтүстік Арал теңізін қалпына келтіру мәселесіне арналған жиналыс жақсы нәтижеде тұжырымдалды. Бұл оң нәтижеге жетуге сол жиынға қатысқан ынталы тұлғалардың басым бөлігінің орнықты ойлары, су шаруашылығы саласының ардагері Н.Қыпшақбаевтың, бұрынғы балық шаруашылығы министрі Қ.Саржановтың дәлелді, салмақты пікірі негіз болды.
Облыс басшылығының бұл мәселеде тарихы мың жылдық Қамбаш көлінің табиғатын бүлдірмеу, аймақтағы әлеуметтік, экологиялық ахуалға мейлінше жіті назар аудару, Солтүстік Аралдың су айналымы мен балықтану процесін жақсарту үшін Сырдария атырауы тармағының бір бөлігін бұрынғы басаттар арқылы (Бөген, Ақбике, Кіші Қаратүп) Үшшоқы (Сарышығанақ) жақтан құйғызу ұйғарымы – әділетті негізділігімен көңілден шыққан ой болды.
Бұл ойлар негізінде Арал халқы ұзақ жылдар күткен Солтүстік Арал теңізін қалпына келтірудің бірдеңгейлік нұсқасы басымдыққа ие болып отыр.
Осы оң нышаналы жағдайды негізге ала отырып, көп жылдан бері ұсынылып келе жатқан, халықтың да тілегінен туындап отырған төмендегі нақты мәселені Сіздің назарға тағы да ұсыну қажеттігі туды.
«Көкарал» бөгеті биіктігі 51 метрлік су деңгейін (НПУ – нормально подпертый уровень воды) ұстап тұратын межеде жүзеге асырылуы қажет. Мемлекетіміз халықтың ұзақ күткен бұл тілегін жүзеге асыруда, осы нұсқаны қолдайды және қажетті қаржы бөлінуін жолға қояды деп сенеміз. Бұл ақталымды жол, ақталымды қаржы болмақ.
Сауатты инженерлік шешім арқылы, «Көкарал» бөгетінің биік параметрі мен бекемдігі берік те оңтайлы ұйғарымда шешілуі керек. Кезінде, жағрафиялық жағдайы осыған ұқсас сол аймақта салу қарастырылған «Сарышығанақ» деп аталған бөгеттің 50 метрлік (НПУ) деңгейге жоспарланған ұсыным-жобасы бізге осы параметрді сенімді түрде ұсынуымызға бірден-бір негіз бола алады.
Биік есептеуде салынатын «Көкарал» бөгетінің беріктік запасы (51м. запас прочности) инженерлік қате шешім, бос шығын, ел қаражатын желге шашу деп қабылданбауы керек. Бұл – толымды Солтүстік Арал теңізін ұзақ жылдар бойы күткен Арал халқының тілегі. Және бұл үшін бірнеше негізді уәж бар:
1. Солтүстік Аралды үстеулеуші Сырдария өзенінің ағыны тұрақты, кепілді көлем болмай тұр. Сондықтан ол көлеммен белгілі бір межені (НПУ) жоспарлау қиын. Дария ағыны күтулі деңгейге тым қысқа мерзімде жетуі немесе бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. (Мысалы, толуы 3-4 жылға есептелген қазіргі «Көкарал» деңгейі 2005 жылы бір қыста межесіне жетті және осы өткен жылдар ішінде 42 млрд текше метр су бөгеттен ары асып, Үлкен Аралға босқа ағып кетті). Солай еткенде, бөгеттің биік запасы бізді судың белгілі бір деңгейіне тәуелді түрде «байлап қоймай», Кіші Аралда еркін, икемді режім ұстауға мүмкіндік береді.
2. Еркін режімді Кіші Аралдың әр деңгейін әр жыл жағдайына орай нақтылап, (мейлі ол 46-48-51 метр бола ма) әр жылға икемді түрде бейімдеп отырсақ, Арал жұртшылығы, балықшылар өз тіршіліктерін соған қарай реттеп құра алады.
Ең бастысы, халықтың бері жақындап келе жатқан күтулі теңізіне деген үміті артады. Бұл – үлкен психологиялық фактор.
3. Кең көлемді Кіші Арал факторы Сырдария алабында әділетті су бөлісуді реттеуге, су үнемдеу ісіне, экологиялық мәдениетті көтеруге тың серпіліс беретін болады.
4. Қазақстан өз суларын игеру жұмыстарын қолға алып жатыр. Жылда Солтүстікке көктемгі апатты ағын түрінде кететін Ертіс, Есіл, Тобыл өзендері ағынының бір бөлігі астанамызды, Орталық Қазақстан аймақтарын суландырып, берекелі Оңтүстікке де жететін болады. Мұның негіздері бүгін қалана бастады (Шүлбі-2, Бұлақ, Бузулук су қоймалары құрылыстары). Осы ағынның бір бөлігі Солтүстік Арал теңізіне де өзінің оң әсерін береді деп сенеміз. Теңіз екі тараптан да қорек алатын болады.
Бұл Солтүстік Аралды қолдаушы тың күшті фактор болмақ.
5. Мемлекетіміз Солтүстік Арал бастамасымен ғалами проблема – Аралды тірілтудің бірінші қадамына маңызды мән беріп отыр. Бұл – әлемдік маңызы бар батыл қадам. Осы мүмкіндікті мейлінше толық пайдаланып, «Кіші Арал» мәселесін ең тиімді, келешекті нұсқада шешіп алу міндет. Еліміздің солтүстіктегі суларын игеруге кетуі мүмкін 10-20-30 жыл уақыт тарихи тұрғыда онша көп мезгіл емес. Ең ары кеткенде, оның толығып беретін игілігін біздің ұрпақтарымыз көретін болады.
Бұл мемлекетіміздің болашаққа деген көрегендік шешімі болмақ.
Ендігі қалған аз уақытта Солтүстік Арал теңізін көтеру құрылысын жобалаушыларға осы бағытта, тәжірибелі азаматтар қолдаған және халық тілеп отырған нақты ұсыныстар бойынша жұмыс істетіп, нәтижесін уақытымен күтулі қоғамның талқысына шығару міндеті тапсырылуы керек.
Экологиялық аймақ жұртшылығы оң нәтижелер күтіп отыр.
Құрметпен, Сайлаубай ЖҰБАТЫРҰЛЫ,
жазушы, эколог, қоғам қайраткері,
Қызылорда облысының Құрметті азаматы,
«Парасат» орденінің иегері
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!