Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шежіреден сыр шерткен азамат

13.07.2023, 9:40 239

Алаштың анасы – Сыр елі топырағында дүниеге келіп, 60 жасқа келгенше ел қатарлы еліне еңбек етіп, кемелді жасқа келгенде қолына қалам алып, ел тарихын, ру тарихын зерделеп, ұмытыла бастаған, кеңестік дәуір кезінде ұмытылдырған шежірелік дәстүрді зерделеп зерттеп, орасан зор еңбек сіңіріп, артында өшпес мұра қалдырған Керейт руының біртуар азаматы, менің заман­дасым, құрдасым Майдан Шәдіұлы Түйімбетов 2023 жылдың 7 шілдесінде дүниеден өтті. Майданның қазасы – елдің қазасы. Майдан туралы, оның азаматтық болмысы, елге сіңірген еңбегі туралы лебіз білдіру менің  азаматтық  парызым  деп  білемін.

Майдан Шәдіұлы 1943 жылы 27 мамырда Қызыл­орда облысы, Қармақшы ауданы, Төрткүл ауылдық кеңесіне қарасты Энгельс ауылында дүниеге келген. 1957 жылы ауылдағы 7 жылдық мектепті бітіргеннен кейін Қазалы қаласындағы малдәрігерлік техникумына қабылданған, 1961-1970 жылдар аралығында мамандығы бойынша малдәрігерлік қызмет атқарған. 1970 жылдан 1993 жылға дейін Қармақшы ауданы III Интернационал совхозында егін шаруашылығы сала­сында кызмет еткен. 1993 жылдан бастап шығармашылықпен айналысып, ел тарихын, еліне еңбегі сіңген тарихи тұлғалардың, әулие-әнбиелердің тарихы мен шежірелік тарихты зерттеумен айналыса бастайды. Өзінің айтуынша, 90-жылдары әкесі Шәді Түйімбетов түсіне еніп, «балам, шежіремен айналыс» деп аян берген  екен.

Майданның әкесі Шәді Түйімбетов (1907-1985 ж.ж) Қармақшы ауданы Жамансыр болысында туған. Еліне еңбегі сіңген, ел басқарып, ел ағасы болған азамат. Өмірінің саналы бөлігін ауыл  шаруашылығында колхоз  құрылысына  арнады. 1931-1947 жылдар  аралығында Қармақшы ауданы, Энгельс атындағы қолхозды 17 жыл үздіксіз басқарған. 1947-1967 жылдар аралығында III Интернационал колхозында ферма меңгерушісі болып, зейнеткерлікке шығады. Еңбек өтілі кезінде үкімет тарапынан бірнеше орден-медаль­мен марапатталған. Майдан – сол тектінің тұяғы, алтынның сынығы. Майданның тарихты зерделеп, шежіре жазуына табиғи таланты мен зеректігіне қоса әке берген тәрбиенің әсері болғаны сөзсіз.

Қазақ халқының тарихы рулық-тайпалық құры­лымдарымен тығыз байланысты. Тайпалық-рулық қауым­дастық ерекшеліктері біздің заманымызға дейінгі мың жылдықтан бастау алып, кешегі жиырмасыншы ғасырдың отызыншы жылдарындағы кеңестік дәуірдің берік орнығу кезеңіне дейін өрістеп келді. Кеңестік тоталитарлық жүйе рулық қауымдастықты ғана емес, осы негізде өркендеген Қазақ халқының өзіндік рухани болмысын, дәстүрлі шаруашылыққа негізделген күллі өмірін күйретіп жіберді. Еліміздің тәуелсіздік алып егеменді ел болуы, кеңестік идеологиядан босауы халқымызды саяси сергітіп қана коймай, өзімізді танып білуге құштарлықты жоғарғы деңгейге көтерді. Сондықтан болар, зиялы қауым төл тарихымызды жазуға, жария­лауға белсенді бетбұрыс жасады. Осындай қадамдар қазақ халқының бөлінбес бір бөлігі табылатын Керейт руы бірлестігінің тарихи шежірелік өсіп-өнуі жайында да зерттеулер жасалып, кітап болып жарыққа шыға бастады. Осы бағытта 2006 жылы «Керейт руының шежіресі» туралы тарихи маңызы жоғары, ұрпақ үшін құнды  екі  кітап  жарық  көрді.

1) Академик Хайролла Мағауияұлы Ғабжалилов бастаған  «Алаш» ғылыми-зерттеу орталығының «Қазақ  ру  тайпаларының тарихы» ғылыми-зерттеу жоба­сы аясын­да жарық көрген төртінші том «Керейт» атты еңбек. Бұл еңбекте ерте орта ғасырдан ХХ ғасырдың басына дейінгі Кіші жүздің Жетіру тайпалар бірлестігіндегі Керейт тайпасының тарихы баяндалған. Әртүрлі дерек пен нақты зерттеулерді талдау негізінде Түрік қағанаты тұсында жылжыған Керейттердің бабаларының тарихи тағдыры, олардың Алтын орда құрамындағы және ол тарағаннан кейінгі Моғолстан, Ноғай ордасы, Қазақ хандығы тұсындағы этникалық процестердегі, ұлт-азаттық қозғалыстардағы орны мен рөлі көрсетілген. Осы тарихи еңбектің ғылыми тұрғыда зерттеліп, сараланып жазылуына еліміздің тарихшы ғалымдары Т.Омарбеков, Б.Кәрібаев, О.Мұхитова, С.Тортаев және жетекшілік жасаған академик Х.Ғабжалиловтың  сіңірген  еңбектері  орасан  зор.

2) Майдан Шәдіұлы Түйімбетовтың көпжылдық зерттеу мен тарихи дерек жинау нәтижесінде жарық көрген  «Жетіру  Керейт   шежіресі»,  (Қызыл­орда, «Тұмар», 2006 жыл). М.Түйімбетовтың көп жылдан бері  халық  арасынан  теріп  жинап, белгілі  бір  жүйеге  түсіріп,  қалың  оқырманға  жол  тартқан  «Жетіру  Керейт шежіресі» жас буынның бойында ұлт­жандылық, дәстүрге, тілге, тарихи тұлғаларға құрмет сезімдерін қалыптас­тыруға негіз қалайтыны сөзсіз. Майдан Түйім­бетов  аталған  жинақты  жазу  мақсатында  зерттеулер  жүргізіп, қажетті материалдар жинауға де­йін Керейт руының тарихы, Керейт руынан шыққан әулие­лер туралы да мақалалар жазып, рес­публикалық, облыстық баспасөз беттерінде жарық көрді. Солар­дың ішінде Рабиға (Рабийя) ана туралы, сопы­лық ілімнің негізін салушылардың бірі Керейт Ер Баһуаддин Балкерден Нақишбан, үш жүзге пір болған Керейт Жәдікұлы Мүсірәлі Софы Әзиз пір туралы зерттеулері құнды болатын. Бұдан басқа зерттеу мақалалары топталып, «Софылар әлемі» деген атпен жеке кітап болып шықты (Майдан Түйімбетов, «Софылар әлемі», Қызыл­орда, «Тұмар», 2004 жыл).

Еліміз егемендігін алғаннан кейін, ұлт тарихын зерттеуге еркіндік беріліп, кеңестік дәуір кезінде бұрмаланған тарихымыздың шындығы ашылып, сол заманда ұлттық дәстүріміз шежіре жазып, ұрпақтан-ұрпақ­қа жеткізуге тыйым салынған бұғаудан босатылып, еліміздің есті азаматтары рулық шежірелерді жаңғыртып жариялай бастады. 1996 жылы Сыр өңірінде тұратын Керейт руының белгілі азаматтары Қ.Табынбаев, С.Далдабаев, Қ.Бисенов, Ш.Төребаев, Ғ.Байманов, Н.Байқуатов, А.Бапалақовтардың ұйымдастыруымен Кызылорда қаласында «Мүсірәлі Баба Софы Әзиз Пір» қоғамдық қоры құрылды. Қордың алғашқы алға қойған мақсатының бірі Қазақстан Республикасында тұратын және тарихи жағдайларға байланысты басқа респуб­ликаларда қоныстанған Керейт руының ұрпақтары туралы мәлімет жинап, Керейт руының толыққанды шежіресін кітап етіп шығару болды. Осы кезде Ке­рейт руы тарихын зерттеп жүрген Майдан Түйімбетов өз келісімімен шежіре жазу жұмысына тартылды. Қордың материалдық қолдауымен Майдан Шәдіұлы бір өзі жеті жыл бойы Өзбекстан, Қарақалпақстан, Түрік­менстан мемлекеттерімен қоса Қазақстанның Ақтөбе, Ақмола, Алматы, Қызылорда  облыстарын  аралап, материал  жинады. Атап айтқанда,  Өзбекстанның  Новои облысында қазақтар көп орналасқан Тамды ауданы, Зарафшан қаласы, Керзібұлақ, Аяққұдық елді мекендерінде, Бұқара қаласында зерттеулер жүргізсе, Қарақалпақстанның Нөкіс, Шымбай қалалары мен Беруни, Қызылқала, Тақиятас, Тақтакөпір аудандарын аралады. Сонымен қатар Нөкіс қаласына жақын орналасқан Түрікменстанның 2000 жылдық тарихы бар көне Үргеніш қаласында болды. Бұрын-соңды көрмеген аймақтарға барып, ондағы Керейт ұрпағын тауып, олармен тіл табысып, олардың ататек шежіресін жинақтау, сол аталықтардан шыққан белгілі азаматтар тура­лы  тарихи  дерек  жинау – өте  ауқымды,  қиын  шаруа. Майдан  осы  қиындықтардың  бәрін  жеңе  білді.

1998 жылы Майдан менімен хабарласып, Алматыға келді. Атқарылып жатқан шаруалар туралы менің де хаба­рым бар болатын. Алматыда біздің үйде және менің нағашым Шәдімұрат Бимұратов­тың үйін­де мәліметтер жинақтады. Алматы қаласында тұратын Сыр бойынан қоныс аударған Керейт ұрпақ­тары туралы ардагер журналист Игенбай Төлепбаев, ғалымдар Мадраим Ағатаев, Шәдімұрат Бимұратов  ағаларымыздан  көптеген  тарихи деректер жинады. Қарақа­лпақстан мен Өзбекстанның Тамды өңірінен Алматы маңына қоныс аударған  Керейттің  Сигек,  Естек аталықтарынан  мәлімет жинау қиындық келтір­ді. Олардың кейбірінде ататек шежіресі болмаса, барлары мәліметтерін бергісі келмеді. Тіпті  «көшіріп алып, қайта­рып береміз, сіздердің мәліметтеріңіз үлкен кітапқа енеді» десек те, сенімсіздік танытқаны болды. Естек, Сигек аталықтарынан аз мәлімет жинақталды. 2006 жылы «Жетіру Керейт шежіресі» шыққаннан ке­йін ол кітап болып таралып, Алматыдағы Керейттердің де қолына тиді. 2010 жылы Алматыда Керейт руының «Ақсақал» қоғамдық қорын құрып, Керейт руының тарихы мен Керейт руынан шыққан, еліне абыройлы еңбек еткен азаматтары туралы төрт томдық Керейт руының энциклопедиясын жазу қарсаңында, баяғы Майданға мәлімет бермеген азаматтардың өздері келіп шежірелерін тапсырды. Мен оларды 2011 жылы жарық көрген «Керейт  ата  ұрпақтары» деген алғашқы  томға  енгіздім.

Майдан 1997 жылы Көкшетау өңіріне барғанда, Арқа жеріне 1730 жылдары ауып барған Керейт руының Ақбазар Көшеней аталықтарының шежіресін үлкен шежіреге енгізді. Дегенмен, сол кезде Көкше жерінде тұрып жатқан Керейттердің өздері де хабарсыз болған Тайлақ батыр ұрпақтары енбей қалған. Керейт – Көннен – Дулат батыр – Тағаберлі – Дүбір, Шағыр. Шағыр­дан Ақбет Керейттер Таң ауылында тұрып жатыр. Дүбірден – Мәті би, одан Тайлақ батыр. Міне, осы Тайлақ батыр ұрпақтарын 2010 жылы Көкше жеріне барған сапарымда таптым. Тайлақ батыр ұрпақтары Қазбек Қожантаев, Досхан Бекежанов сияқты азаматтардың арқасында Тайлақ батыр ұрпақтары Керейт руының 29-шы аталығы болып, энциклопедияның екінші томы «Ұрпағымыз Керейттің» кітабына енді.

Майдан бауырымыз 2004 жылы «Жетіру Керейт шежіресін» қолжазба түрінде бітіргеннен кейін оны баспаға дайындау, сараптау, бір жүйеге келтіру жұмыс­тары да өте ауқымды жұмыс болатын. Жасыратыны жоқ, Майдан бауырымыздың жалғыз өзі бүкіл Орта Азияны, Қазақстанның түкпір-түкпірін аралап, там-тұмдап жинаған еңбегін бағаламай, «барлық материалды бізге бер, біз өз атымыздан шығарамыз» деген бауырларымыз да болды. «Дайын асқа – тік қасық» дегендей, ондай ұсынысқа Майдан қайдан көнсін?! Өзі шығарайын десе қаражаты жетпейді, компьютерге теру деген де – үлкен шығын. Солай дайын шежіре 1 жылдай шықпай тұрды. Осы кезде Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры, Қазақстан Рес­публикасының еңбегі сіңген кайраткері, ҚР ҰҒА академигі Қылышбай Бисенов ініміз азаматтық танытып, Майданға үлкен қамқорлық және демеушілік жасады. Қызылорда қаласынан Майданға пәтер жалдап, қасына компьютерді білетін хатшы бекітіп, «Жетіру Ке­рейт шежіресін» баспаға дайындап, Қылышбай ініміздің демеушілігімен Майдан Түйімбетовтың авторлығымен 2006 жылы Кызылорда қаласындағы «Тұмар» баспасынан 5000 дана болып шықты. Кітап Қызылорда облысы төңірегіндегі және Шымкент, Алматы, Көкшетау өңіріндегі Керейт ұрпақтарына таратылды. Әрбір Керейт азаматының қолына өзінің ататек шежіресімен қоса бүкіл Керейт руының шежіре тарихы жазылған өте құнды дүние тиді. Ел риза, халық риза. Бүкіл аға­йын Майдандай азаматтың еңбегіне жоғары баға беріп, ризашылығын білдіруде. Майданның да абыройы асып, «Керейт руының шежірешісі» атанды. Қазақта «жақсының аты қалады, ғалымның хаты қалады» деген сөз бар. Иә, Майданның тарихта аты да қалды, хаты да калды.  Жазған  кітабы – ұрпақтар  үшін  өшпес  мұра.

Қазіргі кезде ел арасында Керейттен шыққан әулие Жәдікұлы Мүсірәлі Софы Әзиз бабамыз туралы бір-біріне қарама-қайшы екі түрлі пікір бар. Біріншісі, Мүсірәлі Бабаның зиратын кейбіреулер Түркістан облы­сының Шаян ауданында Баба түкті Шашты Әзиз әулиенің қасында жерленген деп жүр. Бірақ оған нақты дәлел жоқ. Себебі Үш жүзге пір, Тәуке ханның кеңесшісі, қазақтың алғашқы конституциясы «Жеті жарғыны» жасаушылардың бірі болған Мүсірәлі Баба өмірден өткенде Түркістан маңында болса, ол кісі Қожа Ахмет Ясауи мавзолейінде жерленуі керек емес пе? Екінші бір жағдай, Кіші жүздің биі Әйтеке би қайтыс болғаннан кейін Мүсірәлі Баба діни білім орталығы көне Үргенішке барып, софылық іліммен айналасып, ұстаздық қызмет атқарған деген дерек бар. Майдан Түйімбетов болса осы соңғы деректі дәлелдеу мақсатында арнайы көне Үргенішке, Мүсірәлі Бабаның басына барып, Құран бағыштаған. Оған дәлел Майданның «Жетіру Керейт шежіресі» кітабында мынадай жолдар бар: «Мүсірәлі жайғасқан орнында белгі сақталған. Түрікмен мемлекетінің көне Үргеніш қаласында Ұлы Софы Шейх Наж­мадин Құбыра, Ералы хан үшеуі бір жерде жатыр». («Жетіру Керейт шежіресі», 21-бет). Яғни бұдан артық басқа дәлелдің керегі жоқ сияқты. Майдан өз көзімен көріп, жергілікті адамдармен тілдесіп, көзі жеткен соң жазып отыр. Бұл – Майданның ізденімпаздық еңбегі. Бұдан былай басқа пікірмен талас тудырудың қажеті жоқ  сияқты. Екінші, адам деген пенде ғой. Тарихта аты белгілі адамдар болса, пендешілікпен сол адамдарды өз тайпасына, өздерінің ататек шежіресіне тіркеп алушылар кездеседі. Шыңғысханды да қазақ екен, қыпшақ екен десе, наймандар найман екен деп жүргендер бар. Осы сияқты біздің Мүсірәлі Бабамызды «Қарадан әулие шыға ма» дегендей, Қожа ағайындар оның тегі қожа деп жүргендер бар. Менің көзім көрді, осы ұстанымды ұстанғандар арнаулы қағазға (үнпарақ) өздерінше шежіре жазып, халыққа таратып жүр. Олардың Мүсірәлі Бабамызды қожа етіп көрсету үшін соншама ұсақталғаны аянышты және өкінішті-ақ. Мүсірәлі Баба туралы бірнеше кітап шықты. Майдан бауырымыз Мүсірәлі Бабамыздың 3 әйелінен тараған Сүгірәлі, Мұхаммед-Дербіс, Сауранбай, Дос, Қосым Софы Әзиз әулиелерден тараған Орта Азия, Қазақстанда тұратын ұрпақтарының шежіресін таяқ ұстатқандай етіп жазып кетті. Әлі де Мүсірәлі Бабамызды Керейт екендігін мо­йындағысы келмейтін Қожа ағайынға М.Түйімбетов­тың «Жетіру Керейт шежіресін» оқуға кеңес беремін. Қорыта айтқанда, Майдан бауырымыз Мүсірәлі Баба туралы екіұшты даулы мәселенің нүктесін қойды деп ойлаймын. Майдан бауырымыздың жазған бұл шежіре кітабы еліміздің ынтымағының артуына, ағайындық, туыстық қатынастардың нығаюна оң әсер етуі сөзсіз.

Майдан бауырым, 8 шілде күні өзіңнің өскен ортаң, сыйласқан халқың, жан-жақтағы Керейт бауырларың ақ жуып арулап, ақтық сапарыңа, мәңгілік мекен­жайыңа шығарып салыпты. Сен көзіңнің тірісінде өзіңе-өзің «Жетіру Керейт шежіресіндей» ескерткіш қойған азаматсың. Сенің есімің өзің сүйген ел жүрегінде сақтала бермек. Бақұл бол, бауырым! Бақилық өміріңде  орның  жәннаттан  болсын!

Тұрмағамбет АСАНОВ,

Жалағаш ауданының Құрметті азаматы,

Қызылорда облысының Құрметті ардагері,

Алматы қаласындағы Керейт кауымдастығының «Ақсақал» қоғамдық қорының президенті.

ЖАДЫМЫЗДА  ЖҮРЕТІН  АРДАҚТЫ  АҒА

Майдан Түйімбетов ағамыздың фәни жалғандағы дәм-тұзы бітіп, бақи дүниесіне аттаныпты. Біз ағамызды жақсы білетінбіз. Оның пешенесіне жазылған тағдыры оңай болған жоқ. Мүмкін жазмыштан, мүмкін өз шешімінен, ағамыз жалғыздық жолын бастан кешіп, сыңарсыз, өзгеше қалпымен өмірден өтті. Бірақ рухани байлығы мол адам еді. Қаламын қолынан тастамай, үнемі ізденіспен еңбектеніп, өзінің сүйікті ісімен, өлкетанушылықпен, зерттеушілікпен айналысты. Сонысымен жалғызсырамаған  болар, сонысымен  жаны  рақатқа бөленген  болар.

Майдан ағаның шежіреге, естеліктерге, тарихи мол мағлұматтарға толы қызықты әңгімелерін тыңдаудан жалықпайтынбыз. Ағаның үлкен еңбек сіңірген дүниесі – іргелі тайпалық құрылымның бірегейі Жетірудың, оның ішінде Керейт руының шежіресін жазып, жарыққа шығаруы болды. Осы еңбектің жарыққа шығуына қолдау көрсетіп, ағаға жан-жақты жағдай жасағанымызды ризалықпен айтамыз.

Майдан аға Сыр өңірінде өмір сүрген дін мен ілімнің айтулы өкілдері, ел тұтқасы атанған би-батырлардың мол рухани мұраларын жинақтаумен айналысты. Әсіресе, Сыр өңіріндегі софылық ілімнің көрнекті өкілдері Ер Баһуаддин, Мүсірәлі софы әзиз, Рабиға (Рабийя) Ана секілді әулие-әнбиелердің қоғам өмірінде алған орны, елге сіңірген еңбектері, кейінге қалдырған өсиеттері және сол ардақтылар туралы ел ішінде сақталған аңыз-әңгімелерге баса назар аударып, тек Сыр бойы ғана емес, Қазақстанның бар аймағын, Орта Азияны аралап, деректер жинақтап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуде зор еңбек сіңірді. Ел құрметіне бөленген дуалы ауыз билер, халқына қапысыз қорған болған батырлар жайында мол деректер жинады. Майдан Шәдіұлының қаламынан шыққан өлке тарихына қатысты  көптеген  мақаласы республикалық  мерзімді баспасөзде  жарияланды.

Сөйткен Майдан аға сексен жасқа толған шағында қайтпас сапарға аттанды. Өзі қалыптастырған өз әлемінде өмірден өтті. Артында өз зерттеулерінен жазылған өшпес рухани мұрасы қалды. Көзкөрген замандастары, ағайын-туыстары, жақын тұтқан біздей інілері ағамызды есімізде сақтап, есімін ілтипатпен айтуды парызымыз деп білеміз.

Майдан ағамыздың жатқан жері жарық, иманы саламат болсын. Алла алдынан жарылқап,  панасына  алсын.

Еске  алушы  інілері

Шакизат  ТӨРЕБАЕВ,

«Мүсірәлі  Пір  Ата»  қоғамдық  қорының  төрағасы,

Қылышбай  БИСЕНОВ,

«Ақмешіт  шапағаты»  қоғамдық  қорының  төрағасы,  техника  ғылымдарының  докторы,  профессор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: