Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Семейдегі сұрапыл сынақтың салдары

16.09.2021, 11:00 280

Жанқожа батыр ауылындағы №94 орта мектепте өткен «Семей ядролық алаңының жабылғанына – 30 жыл» тақырыбындағы тәрбие сағаттары көпшілікке қатты әсер етті. Карантин талабын сақтай отырып өткізілген осынау тағылымды іс-шараны ұйымдас­тырушылар  тыңғылықты дайындалған екен. Атамекенін сүюге, өз туған жеріне деген сүйіспеншіліктерін арттыра отырып оның табиғатын, табиғат байлық­тарын қорғауға ұмтылдыруды мұраттаған тәрбие сағаты шын мәнінде қатысушылардың санасында ұзақ уақыт сақталары анық. Алыс ауылда өткен іс-шарадан осындай ой түйгенбіз.

Бір сәт қазақ даласында жасалған сұрапыл сынақтың орны толмас қасіретін еске алайықшы.

«Ресми санақ бойынша 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалғаны айты­лады. Оның 116-сі әуе мен жер бетінде іске қосылса, қалғаны жер астында жарыл­ған. Біз айтып жүрген Хиросимадағы немесе Нагасакидегі жарылыс Семейдегі апатпен салыстыруға келмейді. Шығыс Қазақстанда қолдан жасалған қарудың қуаты жапон­дардың төбесінен түскен бомбадан 2,5 мың есе көп болды» дегенді оқығанда жаның шоши­ды.

Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назар­баевтың Жарлығымен Семей ядролық алаңының жабылғанына тура 30 жыл өтті. Десе де, сол бір қасіретті жылдардың зар­дабы қазақ халқының бойынан ада-күде арылды  ма?!  Әй,  қайдам?!

«Көз көргендер сөйлесін». Менімен тілдесу барысында «Невада-Семей» қозғалы­сының Қазалы аудандық филиалының төр­ағасы  Өмірбек  Күлімбетов:

– Бәрі әскери құпия болды. Ал біз мұны оқу-жаттығу тәсілдері деп ойладық. Сөйт­сек, пәленің адам денесінен өту деңге­йін тексеру үшін әскерилерді пайдаланған екен. Қару жау әскеріне қарсы қолданылса, қанша уақытта күйрететінін анықтауға өз дене­міз­ді тәжірибе нысаны ретінде беріппіз. Ең қызығы, біздің рұқсатымызсыз жасалғаны. Жас болғандықтан залалын бірден байқай қоймадық. Ал ауылға келгеннен кейін медицина сәулеленуді анықтай алмайтынын естідік. Кейін медициналық сараптамадан өткізуге  шектеу  қойып  тастады.

Қазіргі таңда Қазалыда қасірет қазанына 147 адам түскені белгілі. Оның 44-і тіршілікте жанына ем таппай, көбі мүгедектікпен өмірден өтті. Жүзге жуық азамат арамызда жүр.

Отан  алдындағы  борышын  өтеуге  барып, ауру  арқалап  келгендер  өздеріне ресми статус  берілмейтініне ренішті. Өзіңіз ойлап көріңізші, Чернобльдегі апатқа, Тәжік-ау­ған, Чехия, таудағы Қарабақ соғысына қатыс­қандар ардагер санатына алынған. Ал ел шекарасын жау әскерінен қорғауда жанын сынаққа салған әскерилерге құрмет көрсету  мүлде  жоқ..

Оған қоса әлеуметтік төлемдер мен денсау­лық жағдайын жақсартуға байла­нысты қолдау да көрсетілмейді. Әкімдік өкілдерінің де назар салмайтыны жасырын  емес. Бұған дейін жүзден астам мүшесі бар ұйымға бір  кабинет берілсе екен деген өтініш айтқан болатынбыз. Оған Қаза­лы  ауда­ны  әкімінің  орынбасары Жалғас Сүйеу­баев  мәселенің шешімін таба­тынын айтқан еді. Әлі күтіп жүрміз. Қазір жастары егде тартқан әскери сынақтан зардап шеккен бұрынғы әскери борышын Семей­дегі сынақ алаңының аумағында өтегендер тым  болмаса, осыны растайтын куәлік берсе деген көптің тілегіне аудандық қорғаныс бөлімінің басшысы Қуат Оспанұлы қол ұшын  соза­тынын  айтқанын  атап  өткен  жөн.

Ақпан айында «Невада-Семей» қозғалысының облыстағы төрағасы Сәбит Әбіш облыс әкімімен кездескен еді. Жүздесуде аймақ басшысы әлеуметтік сала басшысына полигонда болғандарға тиісінше қолдау жасауды тапсырыпты. Түйткілді түйіндер шешімін тапса құба-құп, – деп ағынан жарыл­ды.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: