Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

САНДЫҚ ТҮБІНДЕ САРҒАЙҒАН КУПОНДАР немесе жекешелендіру қателігі

02.03.2023, 11:20 557

М.Горбачев билік басына келіп, қайта құру саясатын жариялағаннан кейін қоғам өзгеріске ұшырап, ақыры 1990 жылдың 27 мамырында СССР президенті телеарнадан совет халқына «ел жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға өтетінін» мәлімдеді. 1991 жылдың 1 шілдесінде мемлекеттік меншік нысандары жекеменшікке  өтетіні  туралы  Заңға  қол  қойды.

1993 жылдың соңына қарай Қазақстанда жекешелендірудің  1-кезеңі аяқталып, 1999  жылдың  қазан айында  республикада 3,5 мыңнан астам кооператив, 15 мыңнан астам шағын кәсіпорын, 11 мың жеке кәсіп­орын, ауылда 15 мыңға жуық фермер мен жеке қожалықтар  құрылып, коммерциялық банктер саны 160-ға, биржалар саны 37-ге жетті. 1994 жылдың көктемінде жекешелендірудің 2-кезеңі басталып, республика халқы жан басына шаққанда 100 купоннан алып, елдегі орта және ірі кәсіпорын иелерінің біріне айналу мүмкіндігіне ие болғанымен, мемлекеттік кәсіпорындарға ие болған меншік иелері заңның олқы тұсын пайдаланып, халықты «лақтырып» кетті, біздің қолымыздағы купон  жай  қағаз  болып  қалды  (фотода).

Жекешелендіру басталар алдында, Қазақ­станда 182 миллион  гектар  жайылым бар еді, оның  123 миллион гектары суармалы, 5,2 миллион гектары табиғи шабындық болатын. Мал шаруашылығына келсек, 9,6 млн ірі қара (оның 3,5 миллионы – сиыр), 34,5 млн қой-ешкі, 1,7 млн жылқы, 145 мың түйе, 60 млн құс, сондай-ақ, 23,3 млн гектар астық, 18,4 млн мың күріш,  116 мың гектар мақта алқаптары талан-таражға түсіп, бұлардан алынатын мол өнім көзден бұл-бұл ұшып, қазіргі жастарға одақ кезінде Қазақстан миллиард пұт астық тапсырды  десең, сенбейтін  жағдайға  жетті.

Жекешелендірудің бірінші кезеңінде  224632  трактор, 80260  астық  комбайны, 124175 жүк автокөлігі, 176621 тұқым себетін машина, 64906  соқа,  54892  культиватор,   17491  шөп  шабатын  машина  бөліске  түсті.

Менің қайын атам Ыдырыс Әбнасыров өмір бойы совхозда адал еңбек еткен озат меха­низатор болды, оған түк те берілмегеніне күйініп, совхозда есепші болып істеген інісі Асан совхоз басшыларына «Мен өзіме ешнәрсе сұрамаймын, бірақ совхозға Ыдырыстан көп еңбегі сіңген адам жоқ екенін білесіңдер» деген соң, «Беларусь» тракторын бергенімен, шамалы уақыттан кейін оны да қайтып алды. Міне, керек болса мысал, кейін атам маған: «Кім ірі қара берді, соларға совхоз техникасы берілгенін кеш білдім» деген болатын. Сол кездегі совхоз директорларының «аузы майла­нып, қарны қампайып», миллионер атанып, заман ағымына байланысты жеке қожалықтардың иесі болып шыға келді де, әкесінен қалған мұра сияқты қожалықты өзінің ата-бабасының атымен  атағандар да болды. Реті келген соң айтып, тақырыптан ауытқып кеттім-ау деймін.

Жоғарыда  аталған  техникалар  респуб­лика, облыс, аудандардағы түрлі министрліктер мен ведомстволарға қарағандықтан олардағы өнді­ріс ошақтары «Сельхозтехника» мекемелерінің машина-трактор шеберханалары мен материал­дық техникалық жабдықтау базалары, жылжымалы шеберханалар, техникалық көмек көрсететін қондырғылар мен жабдықтар және қосалқы бөлшектер, басқа да құрал-саймандар жасайтын 32 завод та түгелдей қолды болып, өз  жұмысын  тоқтатты.

Бұл қазақ ауылына ХХ ғасырдың отызыншы жыл басындағы аштықтан кем соқпады. Небәрі екі жыл ішінде халық азып-тозып кетті, қолдағы уақ малын азық қылып, сауып отыр­ған ірі қарасы ғана қалған соң, қалаға қарай жұмыс істеуге ағылды. Сол кезде Қызылорда облысын аман алып қалған «Байқоңыр» ғарыш айлағы болды, барлық аудандағы жұмысқа жарам­ды ер адамдар ғарыш кешені аймағындағы алаңдар мен Байқоңыр қаласындағы мекем­елерге жұмысшы, күзетші, т.б. болып жан бақты, Төретам стансасынан шамасына қарай  үй  салып  алды.

2001 жылы Қызылорда облысынан №44 сайлау округі бойынша ҚР Парламентіне сайлау­ға түскен Тоқтар Әубәкіровпен қатар додаға қосыл­ған қарсыластары өз бағдар­ламасында «қазақ халқына зияны тиіп отыр­ған «Байқоңыр» ғарыш алаңын жаптырамыз» деген­де, Байқоңыр қаласы мен Төретам станциясындағы қазақтар «Байқоңырды жаптырт­саңдар, біз қайда барып күн көреміз?» деп Үндеу қабыл­дап,  қарсылықтарын  білдірген  болатын.

Кеңестік 15 республиканың ішінде жекешелендіруге бой алдырмай, талан-тараждан аман қалған жалғыз ел – Беларусь мемлекеті, бәрін айтпай-ақ, бір ғана картоппен Шығыс Европаны  асырап  отыр.

Ал, Қытай ше? Социалистік жоспарлы экономикадан бірден бас тартпай, кезең-кезеңмен капиталистік жүйеге өтіп, дүниежүзі бойынша АҚШ-пен тайталасатын елге айналды, алтын, ағаш, қағаз, т.б. өнім өндіруден озып кетті. Енді Қытайда ауыл шаруашылығын жекешелендіру былай жүргізілді. Шыңжанның Алтай айма­ғында  500  cаулық отарды екі үйге 10 жылға жалға  берген. Жалға  алушылар 10 жылдан ке­йін  500  бас қойды сол қалпында қайтарып береді және жалға алушылар бір қойға жыл сайын 10 килограмм ет, бір килограмм жүн беріп отырды. Сонда жалға алушылар жылына 5 тонна ет, 300 кг жүн берді деген сөз. Оны үкімет орташа бағамен сатып алады. Ал, енді сол жалға алған екі үйге жылына қанша пайда келеді десек. Ол екі үй 500 саулықтан жылына орта есеппен 400-500 қозы аяқтандырып отырған. Үкіметке тапсыратын етті мал семіретін қазан-қараша айла­рында тапсырып тұрған, бір қозының тірілей салмағы 40-45 кг болған. Сонда 100-150 қозының етімен бес тонна еттен құтылып отырған, ал 250-300 қозы жыл сайын өзінің пайдасына қалып, оны малға жем-шөп дайындау, т.б. қажетіне жұмса­ған. Қой басына 1 кг жүн берген, ал шынды­ғында әр қойдан 2-3 кг дейін жүн алған. Небәрі 4-5 жыл  ішінде  1000-ға  тарта  малды  болған.

Осындай табысқа жеткен бір малшыдан: «Бұл табысқа қалай жеттің?» деп сұрағанда: «Мен малды аман-есен бағып, тек семірту арқылы жеттім, «семіздің аяғы – сегіз» демекші, жақсы семірген мал етті, жүнді мол өнім береді, төлі де аман болады. Мен жаз, күз айла­рында үйде болмаймын, тамағымды алып, қойдың өрісінде тамақтанып жүрдім. Мал осылай семіргендіктен, қой құйрығын көтере алмай, құйрығы қақ айырылып кеткенін талай көрдім»  деген  болатын  қытайлық  қазақ.

Мақалаға Мұхтар Шаханов және Бұғай Ілиясұлы­ның  деректерін  пайдаландым.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  Қазақстан  Журналистер  одағының  мүшесі.

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: