Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Салық салынса, халық тарыға ма?

08.12.2022, 12:00 351

Әлеуметтік желі – адамдарға азаматтық позициясын айқын көрсетуге таптырмайтын платформа. Әр адам өз ойын ашық жаза алады, айта алады. Соңғы кездері «Мемлекеттік сыйлық, пәлен саланың үздігі, түген саланың құрметтісі деген секілді бюджет шығындайтын сыйлықтарды беруді тоқтатса қайтеді? Олар неге халықтың салығынан сыйлық алуы керек?» деген сарындағы жазбалар жиіледі. Мұнда халықтың «ел салығын тиімді пайдаланайық» деген жанашырлығы бар секілді. Әрине, ел қазынасын оңды-солды шашпай, қауіп-қатердің (мәселен, Екібастұстағы жағдай – Р.Ж.) алдын алуға жұмсаса игі болатыны бәрімізге белгілі. Шыны керек, елімізде бай мен кедейдің арасы айтарлықтай алшақтап кеткен. Президенттің өзі Қазақстан байлығының тең жартысы 162 адамның қолында екенін айтқан еді. Осы бағытта жұмыс істеуді қолға алғаны да белгілі.

Мемлекет басшысы «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты жолдауында салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруға мән беру керектігіне тоқталған-ды.

«…Экономиканың түрлі саласында дифференциалды салық мөлшерлемесіне көшкен жөн.

Пайданың технологиялық жаңғыруға және ғылыми әзірлемелерге жұмсалған бөлігіне салынатын корпоративті табыс салығын төмендету немесе одан босату тәсілін енгізу керек.

Салық төлеушілерді салықтан жалтаруға құмарлығын азайту үшін арнайы салық режімдерін жеңілдету керек. Салық жүктемесін төмендету мақсатында ұйымдарды әдейі бөлшектеуге жол бермеу мәселесі жаңа кодексте қарастырылуы қажет.

Сауда-саттық заман талабына сай дамуы үшін мөлшерлемесі ойға қонымды әрі рәсімдері қарапайым бөлшек сауда салығын қолдану аясын кеңейту керек» деген болатын.

«Сән-салтанат салығы» салынатынын айт­қан президент Қасым-Жомарт Тоқаев оны орта тапқа әсер етпейді деп сендірді.

– Өркениетті сауданы дамыту үшін мөлшерлемелері мен қарапайым рәсімдері бар бөлшек салықты қолдануды кеңейту қажет. Салық реформасы аясында «сән-салтанат салығын» енгізу мүмкіндігін қарастыру маңызды. Ол қымбат жылжымайтын мүлік, көлік құралдарын сатып алған кезде алынады және орта тапқа әсер етпейді», – деді ол.

Демек, бұл әлгінде айтқан бай мен кедейдің арасын жақындатудың амалы секілді. Осы туралы газетіміздің №37 санында «Сән-салтанат салығы» қазынаны толықтыру ма?» деген тақырыпта жазған едік.

Енді такси жүргізушілері мен курьерлер де салық төлейтін болады. Бұл туралы ҚР Еңбек және  халықты  әлеуметтік қорғау министрі  Тамара  Дүйсенова айтты.

– Онлайн платформалар арқылы (Яндекс Такси, Яндекс GO және т.б.) жұмыспен қамтылған азаматтар үшін арнайы салық режимі енгізіледі. Бұл ретте салық агенттері рөлінде онлайн платформалар операторларын айқындау ұсынылады. Олар осында жұмыс істейтін азаматтар атынан тиісті төлемдерді жүргізеді, – деді ведомс­тво басшысы.

Елімізде футболшылардың алатын айлығы өте көп екенін көпшілік біледі. Еуропа елдерінде де солай. Бірақ, шетелдік легионерлер салық төлейді. Соның арқасында қаржы өз елдерінде қалады. Жалпы, Қазақстаннан шетел асып кетіп жатқан қаржының есебі жоқ. Статистиканы жауапты органдар да жиі-жиі жариялап жүр. Президенттің пәрмен бергеніне де көп болды. Жұмыс жүрмей жатыр дей алмаймыз. Ел арасында «Салық салынады, халық тарығады» деген түсінік бар. «Орта тапқа әсер етпейді» деген мемлекет басшысының сөзі еленбей қалмайтын шығар…

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: