Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Зердесінен айырылған ұлттың болашағы бұлыңғыр

25.08.2023, 18:41 604

HALYQLINE.KZ

Сыр топырағы – ежелден сөз зергерлерінің мекені. Бұл күндері халқымыздың баға жетпес сөз өнерін жас пен жасамысқа қайта насихаттап, оны санада жаңғыртуды мақсат тұтқан «Қоңыр әңгіме» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жолы жиылған елге есті сөз айтуға белгілі жырау, фольклортанушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Алмас Алматов келді. Әңгіме арқауы – «Қазына» дастаны.

 «Қазына» – Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалысының дүбірі мен оның дүниеден өткеннен кейінгі өліара кезеңіндегі отарлау саясатының халыққа ықпалы және оның ішкі ахуалы жөнінде толық баяндалатын тарихи драмалық дастан. 10 мың жолдан тұратын күрделі шығарма екі сағат көлеміне ықшамдалып, әңгіме және өлең түрінде баяндалды. Қысқаша мазмұны төмендегідей.

 Өзін хан сайлап алған Елкейдің әрекеті онсыз да берекеті кете бастаған  Жаңадария мен Қуаңдария өңірін мекендеген халықтың көңіл-қошын одан әрі сан-саққа жетеледі. Тағдырдың жазуымен Құлха мен Арғынбай батыр бір емшекті қатар еміп, алдыңғысы кейінгісінің басын жалмайды. Оқиға әрі қарай тереңдей түсіп, Қазына кемпір ұзаққа созылған ер дауына кез болады.

– О, халқым, сорақы істі тоқтатқын бұл,

Тумап па еді жөн білетін атадан ұл.

Бір елдің құрбандығы бір ер болар

Болып па, атасы құл, анасы күң?

Кімде-кім қанға шықса қарғыс айтам,

Қалсын деп балаң жетім, әйелің тұл.

Бір ұлдың орны толмай тұрған шақта,

Өлімге басын байлап біреуі тұр.

Лағынет кеңесіңе төбе билер,

Десеңдер біреуіңді біреуің қыр.

Қаңырап қан сасыған ауыл аз ба?

От жалын ойран ботқа ойменен қыр.

Құдай-ау, заман ба азған, адам ба азған?

Бар болсаң, бейбақтарға бірдеңе қыл.

Туысқан түбі бірге көз тиді ме?

Араңа шайтан ойнап өткізіп тіл.

Жетім мен жесірді ойлар біреуің жоқ,

Тарай ма, қан ішкенмен іштегі зіл.

Биге – олжа, байға – бедел, ашқа – қалжа,

Ит болып, төрт Шөмекей төрт жаққа үр, – деп, Пірәлі, Баха бастаған билер кеңесін аузына қаратты. Өз қолымды қалай кесем деп, Құлхаға қарап: «Сен ортамызға ұлы сүттен аттап қан кіргізсең, мен жан кіргіземін. Сені өлімге бермеймін. Үйіңдегі қызыңа жалғызым Арғынбайдың жетімін айттырып, төріңде құда болып отырамын» деп  қалың елдің көз жасын көлдей қылады.  

Рухани кештің естелік суреті

Жыраулық өнерімен елімізбен қатар АҚШ, Франция, Нидерланды, Германия жұртшылығын тамсандырып жүрген ақсақал  «Қазына» дастанынан соң «Шыңғыснама», «Жошынама», «Алашнама» және «Қазақнама» атты үлкен шығармаларды өмірге әкелген. «Қоңыр әңгіме» жобасының тағылымы туралы ой толғап, сөз тыңдау әдебінің жанданып келе жатқанына разылығын білдірді.

Халқымыз ақыл, жад, ес, зерде көздері арқылы өзін кемелдендіреді. Жадтан жаңылып, естен айырылып, зердесіне ештеңе тоқи алмаған ұлттың болашағы көмескі көрінеді. Сондықтан осындай аудитория арқылы елмен жүздестіріп отырған Мәдениет және спорт басқармасына,  Мұхтар Ниязов, Нұрмат Мансұр секілді азаматтарға алғыс айтқым келеді – деді Алмас Алматов.

Жыраудың «Біз өнерге бір күнде келген жоқпыз және бір күнге келген жоқпыз» деп ағынан ақтарылғаны жайдан-жай емес. Сөздік қорының ұғым-түсінік байлығымен өз заманынан ерекшеленіп тұратын мазмұндық тереңдігі Дүр Оңғар, Кете Жүсіп, Тұрмағамбет, Балқы Базар секілді шайырлардың ой-толғамымен астасып жатыр. Тағылымы мол кешке қатысқан көп шәкіртінің бірі Күнсұлу Түрікпенқызы ұстазына лебізін білдіріп, оны қадір тұту тұрғысына назар аударды.

Қазақта «саф өнер саңлаққа ғана қонады» деген жақсы сөз бар. Әке мен ананың тәрбие тағылымын, отбасы шаңырағының ұлы тәлімін ерте жастан санасына сыйдырып, кеудесіне рухани ілім етіп жинаған, бүгінде абыз ақсақал, жампоз жырау, қоңыр әңгімелердің қазынасы, ұстазым Алмас аға Алматов Сырдағы айтулы жобаның қонағы болып отыр. Жыраудың шығармашылығынан ойып тұрып орын алатын «Қазына» дастанын әңгіме, шежіре, өлең түрінде баяндап, қалың көрерменнің құлақ құрышын қандырды. Қазақтың сөз өнерін «жыр күйінде», «қара өлең күйінде», «әңгіме-шежіре күйінде», «музыкалық мақам-саз күйінде» тұтас сақтап, келешекке аманаттап жүрген абыз кеуде Алмас ағамыз бүтін қазақтың аялы алақанында, көзінің қарашығында болуы тиіс. Ұстазымызға Алла қуат берсін! – деді шәкірті.

Халық ауыз әдебиетін зерттеуші ғалым Мардан Байділдаев көзі тірісінде: «Алмас «Бес ғасыр жырлайды» атты қазақтың жыр антологиясының басында тұрған жырау Асан қайғыдан бастап, бүгінгі ақын  Қадыр Мырзалиевке дейінгі ұзақ дәуірлердің арасын қосып отырған дәнекерші топты жарған термеші, жыр теңізін сапырған жырау» деп бағалағаны белгілі. Көрермен қауым өнер иесімен қимай тарасып жатып, тағылымы мол «Қоңыр әңгіме» жобасына алғыс айтты. 

Айтпақшы, рухани кеш барысында халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тимур Сыпатаев өз өнерін көрсетті. Салмағы өте ауыр қылышты қолында ойнатып, шеге, таға секілді ұзын темірлерді қолдың күшімен иіп жіберетін әдісімен жиылған жұртты тәнті етті. Қолымен иген аттың тағасын  Алмас Алматовқа сыйға тартты.

Жасұлан АСҚАРҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: