Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Пейіш»: жұмақтың кілті қайда?

06.04.2024, 9:00 514

HALYQLINE.KZ

Қырғыз режиссері Руслан Акунның «Пейіш» фильмі қазақстандық прокатқа шықты. Біздің кинонарық адами құндылықтарды адамның тілінде түсіндіретін фильмдерге зәру екендігі айтпаса да түсінікті. Халықтың сұранысын зерттеу, онымен есептесу маңызды.

Қызғыз кино мектебі қашанда мықты болған. Олардың фильмдерінің табиғатынан ішкі жігер, батыл мінез сезіліп тұрады. Бұл фильмнің идеясы өзекті. «Адами қатынасты сақтаудың негізі қайда?» деген сұрақ – бүгінгі күннің ең үлкен сауалы.

Жұмақ – шартты түрде алынған образ. Ананың разылығын алу үшін Меккеге апару міндет емес. Бүгінгі заманның адамдары Құдайдың жер бетіндегі берген ғажайып өмірін дұрыс сүре алмай отырып, ана дүниедегі жұмақ туралы аңсауы әлеуметтік бейсананың көп құпияларын ашады.

Қатыгездікке малынған ғасырдың проблемасы адамдардың мейірімге шөлдеуінде жатыр. Ана – мейірім көзі. Оның баласына беретін тәрбиесі – қоғамдық қарым-қатынастардың негізі. Қандай құндылықтарды баласына насихаттайды, сол оның келешегін айқындайды.

Фильмдегі Ана аурушаң баласының көңілі үшін жаяу Меккеге баруға бел буады. Жұрттың келемежін жоққа шығаруға, баласының көңілі үшін жасаған тәуекелшіл қадамы. Ерекше балаларды тәрбиелеп отырған Аналар – баласына екі есе жүрегі ауырады. Өзгенің қайғысына күлуді саналы түрде доғарған қоғам ғана зиялы.

Әр бала – Құдайдан берілген аманат. Жетіміне қамқорлық жасай алмайтын қоғам – қатыгез. Ана болу – бала туу ғана емес. Мейірім мен дұрыс тәрбие беру. Өзгеге қиянат жасамауға үйретуге жауапкершілік алу. Адам жаман болып туылмайды, отбасыда теріс тәрбие берілуі мүмкін.

Фильмдегі басты кейіпкер Әділ – ерекше бала. Аңғал, ақкөңіл, арамдықтан ада адам. Осы Әділ бейнесі арқылы автор оның айналасындағы қоғамды суреттейді. Түркі елдерінің барлық шекарасын кесіп өту арқылы мұсылман халқы болып саналатын елдердің мінездемесін әртүрлі ракурстан ашады.

Меккеге дейінгі жаяу жүріп өткен жол әр ұлттың адамгершілік қасиеттерінің бүгінгі өлшемін таразылайды. Әділдің бейнесі – адамгершілікті сақтауға деген үндеу. Кез келген ұлт мәртебесі адами қасиеттерін сақтай алуымен ғана өлшенеді. Бала құқы тапталған елде – болашақ жоқ.

Балалы бола алмаған әйелдің асыранды балаға деген ерекше махаббаты – өз туған баласына мейірім бере алмайтын, қамқорлық жасамайтын аналарға сын. Отбасылық құндылықтар, қоғамдағы адами қарым-қатынастарға құрылған маңызды тақырыптарды насихаттау бүгінгі қоғамға өте қажет.

Жұмақтың кілті – ананың мейірімінде. Кез келген ана баласын дұрыс тәрбиелей алса, өркенниетті қоғам қалыптасады. Иман – адамшылдығыңды сақтау. Иманың – біліміңмен ғана кемел. Адами қасиеттен жұрдай болып, қырық рет Меккеге барсаң да, Құдайыңды да, жұмағыңды да таппайсың.

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Сурет ашық дереккөзден алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: