Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Парасат майданы

12.10.2023, 10:40 451

Әдебиет саласында өз шығармаларын астарлы философиялық сипатта жазатын қаламгерлер санаулы. Өмірдің ащысы мен тұщысы, таңғалдырар сюжет желісі осы типтегі жазушылардың еңбектерінен көрініс табады. Аталған жанрда Альбер Камю, Франц Кафка, Федор Достоевский, Дазай Осаму сынды тұлғалардың қосқан үлесі орасан зор. Әсіресе, Жапония мемлекетінде экзистенциализм мен пост-модернизм ұштасқан еңбектер ауқымды, көп оқырманның сүйіспеншілігіне бөленген. Ал біздің елімізде ше? Қазақ­станда дәстүрлі әдебиетімізден тыс үрейлі, сананың шекарасынан аса білген психологиялық еңбек жазған авторлар кемде-кем. Сол бір әдебиет төңірегінен шыққандардың бірі де бірегейі – Төлен Әбдікұлы. Төлен Әбдікұлы – даңқты жазушы әрі драматург, қазақ журналистикасына еңбегін сіңірген қоғам қайраткері. Төлен Әбдікұлы өзінің «Ақиқат», «Оң қол», «Парасат майданы», «Тозақ оттары жымыңдайды», сондай-ақ тағы басқа әңгімелерімен оқырман көңілінен шыға білді. Ең алғаш «Парасат майданы» шығармасын жарыққа шығарғанында, қазақ әдебиетінің алыбы, «Қан мен тер» роман-эпопеясының авторы  Әбдіжәміл Нұрпейісов туындыны «шедевр» деп бағалап, қысқа қайырған екен. Әбдіжәміл атамыз көрінген дүниені шедеврге теңемесі анық. Ұлы жазушы неліктен «Парасат майданын» дәл осылай бағалады? Мен осы сауалға жауап іздеп, мейлінше талқылап көрмекпін.

Кітаптың желісі басты кейіпкердің күнделігі арқылы өрбиді. Протоганистің аты аталмаған. Осыдан-ақ кейіпкердің қандай құпия образ екенін аңғаруға болады. Аса әңгімеге құмартпайтын, терең ойлы, тұйық кісі. Шығарманың алғашқы беттерінен-ақ кейіпкердің көзқарасын, психологиялық образын тануға болады. Адамзат арасындағы бітпес алауыздық пен әлімжеттік, мағынасыз бағытта жол тартқан қоғам, қалыпты жағдайға айналған әділетсіздік, жаға ұстатарлық жайттар одан әрі кейіпкеріміздің ашу-ызасына тиіп, ойларын қойын күнделігіне жазу арқылы бойы тыныштық табады. Келесі күні бір қызық оқиға болады. Басты кейіпкер таңның атысымен шкафтың үстінен оралған хатты байқайды. Автор хатты айбақ-­сайбақ жаман жазумен суреттейді. Менің түсінігімше, сүйкімсіз жазу негативті кейіпкердің сұлбасын білдіретін символ іспеттес. Осылайша прозада жаңа кейіпкер-антагонист пайда болады. Антагонист протоганистпен толықтай қарама-қайшы сипат алған. Бұған өзінің жазған жауап хаты айғақ. Бейтаныс жанның түсінігінше, адамзаттың даму үдерісінде айуандық пен жанкештілік ізгілік атаулыға қарағанда басым. Әлемге тек реалистік көз­қараспен қарау арқылы ғана пенде өзін-өзі тани алады. Нақты жақсылық пен жамандыққа объективті тұрғыда қарау мүмкін емес. Ницше, Шопенгауэр, Сартр секілді үрейлі философтардың еңбектерімен етене таныс екені анық. Проза әрмен қарай қос кейіпкер арасындағы дау-­дамаймен өрбиді. Бір-бірімен күні бойы хат алмасып әлек болып жүріп, басты кейіпкер бейтаныс адамды кездесуге шақыруға бел буады. Кездесу барысы қиынға соқты. Түптің түбінде протоганист өзінің айнадағы бет-бейнесімен жүздеседі. Бұл нені білдіреді?

Уақыт өте келе бейтаныс құрбысы сонша ұлықтаған Шарль Бодлердің өлеңдер жинағын оқымақ болып, кітапханаға барады. Бертін келе кітаптың қолда екенін және иесі өзі екенін  естіп, өз көзіне өзі сенбей, аң-таң  болады.

Проза осылайша өз мәресіне жете­ді. Тұлғаның екіге бөлінуі синдромына шалдыққан ол, осы күнге де­йін хат алмасып, жау болып жүрген бейтанысы өзі екенін, әр күн сайын екі түрлі тұлғаның кейпінде өмір сүргенін сезінеді. Ақыр соңында тағ­дырға мойынсұнған түрде, бойын­дағы залым тұлғаның көзін жою мақсатында ваннада өз-өзіне қол жұмсап, өмірден баз кешкен кейіпте  көз  жұмады.

Прозадан не түсінеміз? Адам – ақ пен қараның қосындысы. Әлемде қаншама тұлға болса, соншама көзқарас, сана, сан түрлі құндылық кездеседі. Қоғамды қалыптастырып отырған бір-бірімізге деген жеккөрініштілік, аяушылық, ізгілік. Яғни, адам біткеннің бір арнаға тоғысуы, қандай да бір идеологияға мойынсұнуы алдағы уақытта мүмкін бола қоймасы анық. Кейбірі өздерін қорғау мақсатында оппонен­тіне физика­лық немесе моральдық тұрғыда зиян тигізуі бек мүмкін. Ал біреулер өзгенің мақтауы мен пуб­ликадағы атақ үшін қайырымдылық жасаған кейіп танытуы мүмкін. Біріншісі – шындық, екіншісі – жалғандық. Қайсысының ісі дұрыс немесе бұрыс екені өздеріңізге ғана аян. Кей сәтте бейбіт өмірді сүріп жатқанымызға мәз болып, сол тә­уелсіздікке жету үшін екі тарап арасынан қаншама адам қан-жоса болғанын есімізден шығарып жатамыз. Қалай әңгіменің басты кейіп­керіндей тұлғамыздың сан түрлі саңылауға бөлініп, өзгенің ықпалына байланысты өзімізді ырқымызға көндіре алмағанымызды түсінбей жатамыз. Дау-дамай барысында өзгенің мүддесіне көз жұма қарап, өз мүддемізге тіл тигізбей, әркім бір-бірінің ойын сыйлай білу қажет деп екіжүзділікке салынып жатамыз. Адам табиғаты осылай жаратылған, бізге ортақ шындыққа көз жет­кізу маңызды емес, тек өзіміздің ойы­мызды дұрыс қылсақ болғаны. Соны­мен, өмір қандай да бір мета­физикалық стандартта болмаса, құндылық деп санаған нәрселеріміз уақыт өте келе құнсыздана түссе, қалай өмір сүрмекпіз? Жауап Төлен Әбдікұлының атаулы туындысында айқын жазылған. Бас кейіпкерше ізгілік жолында өз-өзіңді құрбан ет немесе өзгерте алмайтын дүниеңе мойынсұна отыра өмір сүр. Философияда аталған түсінік абсурдизм деп аталады. Ал өмірге экзистенциалды көзқараспен қараған абзал. Өмірдің күллі ғаламға ортақ мәні әлі пайда бола қоймады, ендеше өз өміріңнің мән-мағынасын қалып­тастыру – тек сенің ғана қолыңда. Санаңа бостандық бергенің жөн, ешкім сенің алдыға қойған амбиция­ңа  кедергі  келтіруге құқылы емес. Тек қана бостандықты теріс түсінікпен қабылдап, заң аясынан аттап өтпе­сең болғаны. Оқиғаның соңы, яғни басты кейіпкердің өлімі – бұл сұрақтың әлі жауап таппайтынының белгісі. Зұлымдықты өзін құрбан ету арқылы жоя білген Ізгілік жеңіске жетті ме? Немесе Ізгілікке өз дегенін істетіп, арамза жолмен басым түскен Зұлымдық жеңіске жетті ме? Нақты жауап тек авторға аян, біздікі тек қана  болжам.

Проза оқырманның көзқарасының өзгеруіне, сонымен қатар кез келген дүниеге критикалық тұрғыда қарау керек екенін аудиторияға анығынан аңғартады. Дәл осындай философиялық мән-мағыналы еңбектер жеңіл-желпі дүниенің көлеңкесінде қалмаса деймін. Кітап желісі америкалық заманауи жазушы Чак Паланиктің «Жауынгерлік клуб» атты романына келіңкірейді. Қос кейіпкер арасындағы параллельді динамика, тұлғаның екіге бөлінуі, өмір шындығы – екі туындының басын біріктіретін айрықша ұқсас­тықтар. Аталған кітап Дэвид Фишер атты атақты кинорежиссердің жетек­шілігімен экранизацияланған болатын. «Парасат майданы» да адап­тацияланып, көгілдір экран арқылы жол тартса, нұр үстіне нұр болар еді. Бұл идея Эмир Байгазин, Айсұлтан Сейтов, Ақан Сатаев сынды елімізге белгілі режиссерлердің құлағына шалынса, Голливудтің кинофильмдерінен кем түспейтін туындының жарыққа  шығарына  күмәнім  жоқ.

Айтілес  АБАЙҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: