Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Оймақтай ойлар

07.12.2023, 10:40 243

Ақылбек  ШАЯХМЕТ

Қазақтың көрнекті ақыны, жазушы, драматург, көсемсөзші-журналист Ақылбек Қожаұлы Шаяхмет Қостанай облысының Жітіқара ауданы Желқуар ауылында 1951 жылы 17 маусымда туған. Жітіқара қаласында қазақ мектебін бітіргеннен кейін «Шевченко» кеңшарында шопан болып жұмыс істеді. 1968 жылы оны Әулиекөл аудандық газетіне қызметке шақырады. Одан кейін Алматы облыстық «Жетісу», Қостанай облыстық «Қостанай таңы» газеттерінде, облыстық телекомпанияда жұмыс істеді. Алматыда Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін және Москвада Әдебиет институтын бітірген.

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағының Қостанай және Торғай облыстары бойынша әдеби кеңесшісі, облыстық тіл басқармасы бастығының орынбасары, ұлт саясаты жөніндегі Қостанай облыстық комитеті төрағасының орынбасары, облыстық мәдениет басқармасы бастығының орынбасары, облыстық білім департаменті директорының орынбасары, Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті Қазақ және орыс филологиясы институтының директоры, журналистика факультетінің деканы, ҚМУ Медиа-орталығының директоры болып қызмет атқарды.

Ол – филология ғылымдарының кандидаты. Түрлі мүшәйра мен бәйгелердің жеңімпазы, жүлдегері атанған. Оның прозалық, өлеңдер және поэмалар жинақтары оқырмандардың ықыласына бөленді. Біз бүгін Ақылбек Қожаұлының бір топ оймақтай ойын «Халық» газеті оқырмандарының назарына ұсынып отырмыз.

Обалы  кімге?

Инесінен құтылғысы келетін кірпілер де болады. Сауытын ауыр көретін тасбақалар да болады.

Қорғанышынан құтылған соң ажал тапса  өздеріне  обалы…

Қолдан  келер  қайран  жоқ

Қазақ киносын көрдім. Қазақ театры­ның спектаклін көрдім. Ұнамады. Барлығы жасанды. Қиюласпайды. Үйлес­пейді.  Сендірмейді.

Қазіргі қазақ киносының, театр өнерінің сиқы осы. Күйінесің. Жиренесің. Не істейсің?! Қолдан келер қайран жоқ.

Тоспа

Шлагбаумды тоспа деп аударған екен. Шлагбаум көп жерде ретсіз қойылады. Құдай бетін әрі қылсын, алайда, сол тоспаның кесірінен баратын жеріне не жедел жәрдем, не өрт сөндіргіш көлік өте  алмайды.

Биік қоршауларды көрсем, айтылмаған ақиқатты естісем, тоспалар көз алдыма келеді. Көзге де, тілге де тоспа қойылады екен.

Қызыл  және  жасыл

Көздің жауын алатын қызыл гүлдер аз болған соң қызықтырады. Жап-жасыл жапырақ көп болған соң ел онша назар аудармайды.

Біреу ақ қайыңның қабығына, енді біреу қарағайдың қылқанына қызығады.

Барлығы талғамға және көрген жанның ойына байланысты.

Ең  лас

«Ең лас нәрсе не?» деп жолдастарымнан сұрадым. «Доңыз аунаған жер» деді біреуі. Екіншісі «аяқкиім немесе шұлғау» деді. Олардың айтқаны өздеріне дұрыс шығар.

Менің ойымша ең лас нәрсе – ақша. Оны берген кісі де, алған кісі де қанша таза болса да көрінгеннің қалтасында жүрген, қолдан-қолға өткен ақшадан лас не бар?!

Сол ақшаның құлы болғандар да таза адамдар емес.

Не  дер  екен?!

Кейде дуалы ауыз деген қайраткерлердің өздері «сұмдық бата берді» немесе «қырғын той болды» деген сөйлемдерді қолданады. Батаны сұмдық деу, тойды қырғын деу ақылға сыймайтынын білмейді емес. Бар нәрсені дабырайтып көрсетуге тырысқан түрі. Тіл мамандары осыған не дер екен?!

Айбары  барлар  мен  айтары  барлар

Айбары барлардың айтары жоқ. Өйткені, көкейтесті ойлары жоқ.

Айтары барлардың қолдан келер қайраны жоқ.

Ал жүрдім-бардымдардың сайрауы көп.

Мұржадағы  жазу

Біреу шатыр үстіндегі мұржаға «Туған жердің түтіні де тәтті екен!» деген жазу жаздырыпты үр жаңа. «Тауып айтқан екен» деп алғыс айтып жатқандар бар соны жаздырған мырзаға.

Қалай  емделеміз?

Халқымыз: «Көзің ауырса қолыңды тый, ішің ауырса аузыңды тый!» дейді. Біздің қоғамның көзі ауырса да, қолы қимылдайды. Іші ауырса да, тамақты тойып жеуін қоймайды.

Сондай жағдайда сырқаттан қалай емделеміз?!

Еске  алады

Күзде бұтақтан үзілген сары жапырақ жадыраған жаз айындағы жайнаған жасыл кезін еске алады. Аяқ асты тапталған, кір-қожалақ болған ақша қар көктен қалықтап түсіп, жаңа жауған кезін еске алады. Көк мұз болып қатып қалған су да сылдырлап ағып жатқан кезін еске алады.

Адамдар да сол секілді…

Тегін  бердім

Қажет бұйымды сатып алдым. Алғаныма, ақшаны орнымен жұмсағаныма сенімді едім. Рақмет айттым. Оны тегін бердім. Сатып алғаныма қуандым, тегін берген сөзім үшін жеңілдедім.

Бар

Алға қойған мақсатына жетпеген бар, жеткен бар. Тар жол, тайғақ кешуден де аман-есен  шығаратын  өткел  бар.

Өжеттің өзі де өте алмайтын асу бар. Ағын суға да тосу бар.

Темір  және  қағаз  ақша

Темір ақша қатты болса да құны жоқ. Қағаз ақша жұмсақ болса да бағасы артық. Халық та темірден көрі қағазды жақсы көреді.

Сауалы  мен  жауабы

Көк жәшіктен Парламенттің кезекті мәжілісінен тікелей эфирді қарап отыр­мын. Депутаттар сауал қойса, спикер де, жауап берген шенеуніктер де олардың сауалына рақмет айтады. Не деген «мәдениет­ті» депутаттар?!

Сауал орыс тілінде қойылса, спикер де, шенеуніктер да орыс тіліне көшеді. Не деген «сауатты» депутаттар?!

Халық қалаулыларының көпшілігінің қазақшасы да оңып тұрған жоқ. Жауабы­ның соңын «болып табылады» деп түйін­дейді. Орыстың «является» деген сөзін әлдебір надан аудармашы аударған болуы керек.

Парламенттегі жағдай осындай бол­ғанда қазақ тілі қалай дамиды?!

Теңге

Жылтырлығы доллар мен еуродан, рубльден кем емес. Бірақ, бағасы олармен тең емес.

Бес  теңге

Базарда «Мен Жүз теңгемін!» деп бөсіп тұрған Бес теңгені көрдім. Бес теңге Жүз теңге болуы үшін жанына тағы да 19 бес теңгені жинап алуы керек екен. Шылдыр-шылдыр  етіп  тұрғаны – солар­дың  арқасы.

Құрық.  Қалтқы.  Қармақ

Құрық. Қалтқы. Қармақ. Үшеуі де бір әріптен басталады. Үшеуі де балықшыға қажетті құрал. Қайсысы маңызды? Қармаққа балық қабады. Қалтқы хабар береді. Құрық судан суырып алады. Бір-бірінсіз күні жоқ. Соны көре тұра қоғамдағы адамдар да бір-біріне байланысты екенін түсінуге көп ақылдың керегі жоқ.

Бір-ақ  адым

Өтірік пен шынның арасы, көз бен құлақтың арасы төрт елі дегенді естіп жүрміз. Өмір мен өлімнің арасы есік пен төрдей екені де рас.

Мойыннан қамытқа дейін де, тақтан табытқа дейін де бір-ақ адым.

Мән  бермейміз

Қазақ сөзінің мағынасына көбінесе мән бермейміз. Мәселен, әйелдердің «жетпегір» деген қарғысынан ауыр не бар?! Ойлаған ойына, алдағы мақсатына, келесі жасына жетпей қалсын деген сөз ғой.

Тышқанды білсек те, сөздің түбіне үңілмейміз. Әр жерді былғап, ластап кетті деген ұғым ғой.

Арамызда жетпегірлер мен тышқандардың жүргені де өтірік емес.

Көкейде  жүрген  ой

Сандарды айтсақ түсінеміз бір тілде. Сөйлегенде сөзді айтамыз әр тілде. Түбіміз бір, тіліміз бір, дініміз бір түрік тектес халықтар ұлы мақсат жолында бірігуіміз мүмкін бе?!

Әр  нәрсе  өз  уақытында

Піспеген жеміс өте ме тамақтан? Піскен жүзімді үзген дұрыс сабақтан. Қазақ:  «піскен асты, кететін қызды күттірме» дейді. Әр нәрсе өз уақытында. Ал піспеген бастарды, сөзі шикі, ісі күйкілерді қайтеміз?!

Ескі-құсқы

Жүрген кісілер жеңілдің астымен, ауырдың үстімен «Жаңа Қазақстан» құрмақшы ескі-құсқымен. Жаңа киім тіксе де ескі матадан тез тозып қаларын білмеген жандардың қылығы жаныма батады.

Қол  қойғызу

Көп нәрсеге қолым жетпей жүргені бұйрыққа немесе келісімшартқа басшылардың қолы қойылмағанына байланыс­ты. Ал қол қойғаннан кейін мөр басудың қиындығы жоқ. Қол қойғызуға келгендер арасында қолына әлдеңе қыстырғандардың жолы болғыш. Қолды қойдыру үшін қол алысу жеткіліксіз екен.

От  және  шоқ

Лаулап жанған оттан гөрі ошақта өшпей қалған шоқ артық. Өйткені, лапылдаған өрт тажал секілді, төңірегін тып-типыл қылады, артында күл қалады.

Ал шоқты үрлеп от жаққан кісі пештің қызуына жылынады, ошаққа тамақ пісіріп, тіршілік қамын жасайды.

Атқа  мінгендер  мен  таққа  мінгендер

Адалдықты арамдық аяқтан шалып жатқанда, тектіліктен ептілік басым түссе, атқа мінгендер тізгін ұстаса, таққа мінгендер екі қолымен тағын ұстайды, басқа шаруа жасауға қолы босамайды.

Атқа мінгендер аяғын үзеңгіге тіресе, таққа мінгендер аяғын қоятын жер таппайды. Алайда, олардың аяғын жалайтындар жетіп артылады.

Ырза  мен  ыза

Ырза болғаным – жасы үлкен болса да сен деп айтпай, сіз деп сызылып тұр.

Ыза болғаным – біз деп сөйлесе де мен екені білініп тұр.

Түкірік

Қазақта «түкірігі жерге түспейтін кісі» дейтін тіркес бар. Төңірегіне әмірін жүргізетін, айтқаны орындалатын адамға айтылған. Сондай кісінің түкірігін жерге түсірмей қағып алатын пенделер де болады. Олар жағымпаздар тайпасынан. Жарат­паған кісінің бетіне түкіретіндер де болады. Ондай жағымсыз қылық қатты ашудан шығады.

Алайда, қазақта өнерлі не атақты кісілерге баласының аузына түкіртіп, жұғысты болсын дейтін ырым да бар. Түкіру шарт емес, иіскесе де болады ғой. Тек түкірігін сатып жүрген «жұлдыздардан» сақтасын.

Нақұрыс

«Идиоттың» қазақ тіліндегі баламасы нақұрыс болуы керек. Ақымақ, кеңкелес, жарымес десе де сол мағынаны беретін секілді. Грек және латын тілдерінде бұл сөз надан, білімсіз деген ұғымда қолданылады екен. Бірақ, орысты аға тұтып, өз ұлтын менсінбей жүрген кейбір қазақты көргенде «Идиот» дегім келіп тұрады.

Ағаш

Ағашты кесетін балтаның сабы ағаштан жасалған. Ағашты өртейтін шыр­пы да сол ағаштан жасалған.

Жас шыбықты отырғызуға қажет күректің де сабы ағаш. Пайдасы да, зия­ны да ағаштың өзінен шығады екен. Алайда, ағаштан алатын пайда да, оған келтіретін зиян да адамның қолында.

Ұмытпа

Шыңға шықсаң ұмытпағын көз салуды етекке, ал етекте қалған жанға қолыңды соз, жетекте. Тауға шығып қуанғаннан төмен қарап құмартып, сайдан өрге өрмелеген мың артық.

Не  дейміз?

Мал баққандарды малшы дейміз. Аң атқандарды аңшы дейміз. Балық аулағандарды балықшы дейміз. Ал халық партиясынанбыз дегендерді халықшыл деп айта аламыз ба?!

Бәрінде  де  мін  бар

Айда кір жоқ дейді… Оны көріп келген кім бар? Кей адамда мін жоқ дейді. Бәрінде де мін бар. Сол мінді жою үшін айтылатын сын бар. Ақпақұлаққа амал жоқ, құймақұлақ тыңдар.

Қалай  жақсы  көресің?

Аларын алып, сайранды салып мәз болып жүр ғой кіл «мықты». Шабақтың көбін қарыны тоймай жайындай жұтып, қылғытты. Соны біле тұра қорғаштаған өңкей жүлікті, қалай жақсы көресің билікті?!

Иманы  жоқ  Ивандар

Сейітжан ақынның:

«Заманның кешегі өткен бәрі де артық,

Үлкенге қарамаушы ек көз алартып.

Иванның түсіп кеттік тәртібіне,

Ойнайды жас балалар карта тартып» дегені бар.

Шынында да дәл қазір қазақтың біразында иман жоқ. Өйткені олардың арасында Иван болып кеткендер көп. Совет үкіметі де, қазіргі қазақ билігі де оларды тыйған жоқ,

Аузы  қисық  болса  да…

Ажырата алмайтын жолбарыс пен қабыланды, қаншық пенен арланды, тоқты менен бағланды, сөйлеп тұрса мінбеден, келіседі көпшілік жабы десе тарланды. «Аузы қисық болса да байдың ұлы сөйлесін» деген ұғым баяғыдан қалған-ды.

Ханқамауға  –  шахматқа  қарасам

Уәзір де бола алмас деп ешбірі, менсінбеп еді пешкіні. Болмаса да тіреуі, төрге шықты біреуі. Басқаларға жақпаса да, жақса да, сүйеу болды патшаға.

Төрт  амалды  меңгерсең…

Көбейту кестесін жаттап алса да, алу мен қосу амалдарын санада сақтай алмайтындар бар. Алуды қосумен шатас­тыратындар беруді білмейді. Көбейтуді білетіндердің кейбірі бөлуді білмейді. Төрт амалды меңгерсең, ешкімнен кем болмайсың.

Кімге  құлмыз?

Бәріміз де Аллаға құл екеніміз белгілі. Әлеуметтік желіге кірсем, орысқұл, арабқұл деген сөздер жиі кездеседі. Арамызда бастыққұлдар, қатынқұлдар да бар ғой. Қожайынның сөзін екі етпейтін құлдар көбейгенде баяғы құл иеленуші қоғам қайтып келді ме деп қаласың.

Қойды  кім  жеді?

«Бақташы баққан көп қойдың біразын қасқыр жеп қойды» деген сөзге сенбеймін. Қойдың бір-екеуін бақташы жеген шығар, көбін сол бақташының қожайын­дары  жеді.

Олармен дастарқандас болғандар бұл туралы жұмған аузын ашпайды.

Алла  сөзін  бұрмалаған

Бір аста молда уағыз айтты. Екі сөзі­нің бірі Аллаһ болды. Одан қандай оқу бітіргенін сұрасам, Сарыағаштағы медреседе білім алған екен. «Неге Алла деп айтпайсың?» деген сауалыма мардымды жауап бере алмады. Мүфтият «Алла» сөзінің жазылуы және айтылуы туралы арнаулы пәтуа шығарған болатын. Сонда бұлар қайдан шыққан ғұламалар?!

Айта  алар  ма?!

Атырауда болған бір басқосуда сол қалада мешіт салдыруға ұйытқы болған, жақында ғана қажылыққа барып келген имам жиында өнер көрсеткен өнерпазды қасына шақырып алып, «мен алып үйренген едім, алайда, өнерің үшін саған берейін» деп қолына ақша қыс­тырды.

Сөзінің жаны бар. Алайда, елден алып үйренген молдалар ғана ма?! Имам айтқан сөзді жебір шенеуніктер айта алар ма?!

Бас  па,  басқа  ма?

Бас хатшы, бас директор, бас имам дейді. Неліктен олардың алдына бас деген сөзді жапсырады? Бас бола алса жақсы. Бас  бола  алмаса  қайтеміз?

Иттің  де  түрлісі  бар

Бір итті көрдім, абаласа да қаппайды.

Бір итті көрдім, үреді, бірақ, өзің тиіспесең тістемейді.

Бір итті көрдім, қыңсылап, балағыңа оралады.

Бір итті көрдім, адалдығы досың пен көршіден артық.

Тағы бір итті көрдім, үндемей жатып тарпа бас салады.

Суицид

Қарап тұрсаң кей адамның тұрмысы тапшылық салдарынан тарығудан, түңілу мен торығудан, жалыну мен жағынудан, уайымға салынудан құралған. Мұның аяғы өмірден жалығуға соғады. Содан да өзіне-өзі қол салу жиілеп кеткен.

Құрмет  деген  не?

Ерлі-зайыпты таныстарымның бірі­нің есімі – Құрмет, екіншісі Ардақ болатын. Олармен жолыққанда ардақты Құрмет, құрметті Ардақ деп сөз бастаушы едім. Мекемелерден хат келгенде маған да құрметті пәленше деп жазып жатады.

Жалпы, осы жасыма дейін құрметті болдым ба, әлде болмадым ба, құрметке лайықтымын ба, жоқ па, оны да айту қиын. Ресми атақтарға келсек, Қостанай облысының және Қостанай қаласының, Жітіқара ауданының құрметті азаматымын. «Құрмет» орденінің иегерімін. Қазақ­станның құрметті журналисімін.

Көппен көрген ұлы той. Бұл атақтарды сұрап алған жоқпын. Алайда, құрмет деген сөз айтылса, қобалжып қаламын.

Он  екі  мүше

Қазақ: «он екі мүшең сау болсын!» дейді, «он екі мүшең сау болса, қара басың ханмен тең» деген қанатты сөз бар. Мүше деген сөзді қазір жиі естиміз. Мәселен, өзімді айтсам:

1. Қазақстан Жазушылар одағының мүшесімін.

2. Қостанай    облыстық мәслихаты жанындағы қоғамдық кеңестің мүшесімін.

3. Облыстық ардагерлер кеңесі бас­қармасы мен төралқасының мүшесімін.

4. Халықаралық шығармашылық Академиясының корреспондент-мүшесімін.

5. «Үздік педагогтар» Академиясының  толық  мүшесімін.

6. Әлем халықтары жазушылар ода­ғының мүшесімін.

7. «Қазақ тілі» халықаралық қоғамының мүшесімін.

8. Орыс театры жанындағы көркемдік кеңестің мүшесі болдым.

9. Қазақ театры жанындағы көркемдік кеңестің мүшесі болдым.

10 «Нұр Отан» партиясы жанынан құрылған «Мирас» қоғамдық кеңесінің мүшесі  болдым.

11. Қазақстан халықтары Ассамблеясының мүшесі болдым.

12. Қостанай мемлекеттік университеті ғылыми кеңесінің мүшесі болдым.

Сүйтіп, болғаным бар, мүше болып жүргенім бар, он екі мүшемнің қайсысы сау, қайсысы ауру екенін әлі де толық білмеймін.

Ең бастысы, денім сау болсын!

Инеден  туған  ой

Бізге иненің көзінен өтетін іскер мамандар, инемен құдық қазғандай төзімді білімдарлар, сабақты жіпті ине арқылы орнымен қолдана білетін қас шеберлер, кемшілік көрсе ешкімнен именбей жауаптыларды инедей түрткілейтін кісілер керек. Бес саусақ бірікпей инеге жіп ілікпейтінін естен шығаруға блмайды. Иненің жерге түсіп кеткенін еститін Үкімет керек!

Адамдар  да  әртүрлі

Адам топырақтан жаралған деседі. Солардың арасында құрыштан құйыл­ғандайы, тастай мығым кісілер де бар. Қарағайдың қарсы біткен бұтағындай мықтылары да бар, тиіп кетсең морт сынатын әлсіздері де бар. Қалай илесең, солай көнетін ермексаз секілділер де бар. Қоғамға  қауіптісі – осы  ермексаздар.

Жаңғыру  ма,  жаңару  ма?

«Рухани жаңғыру» деген тіркес кейінгі уақытта жиі айтылатын болды. Жаңғыру дегенде ойға қаңғырып жүрген жаңғырық келеді. Менің ойымша, «жаңғыру» емес, «жаңару» деген орынды секілді.

«Жаңа Қазақстан» құрамын дегендердің сөзі бос жаңғырық болмай, еліміз бен жеріміз жаңарып жатса керемет емес пе?!

Қысқа  ғұмырды  ұзарта  білейік

Қамшы сабындай қысқа ғұмыр деп жатамыз. Өмір деген көзіңді ашып-жұмғандай, қас пен көздің арасындай, есік пен төрдей деп те айтамыз. Дау жоқ. Солай болса солай шығар.

Бірақ, бір тәуліктің жиырма төрт сағаты сенің құзырында ғой. Бір аптаның жеті күнінің өзінде қанша сағат бар. Әрбір айда төрт апта бар. Әрбір жылда он екі ай бар. Сол уақытты тиімді пайдалансаң, қысқа ғұмырдың ұзарғаны емес пе?!

Іштің  кірі  болмаса…

Кейде мен қазіргі озық технология дәуірінде кір жуатын және ыдыс жуатын машиналар секілді өте шағын механизмдерді адамның ішіне орнатып қойса деп  қиялдаймын.

«Әуелі тазалау керек іштің кірін, іште толып жатпасын сасық ірің» деп Ақмолла ақын айтқандай адамның іші мен сырты таза болса, ерсі қылық та, былық-шылық та, қырғын соғыс та болмас еді ғой.

Өздеріндей  көреді

Парламентте депутат болып отыр­ғандар мен үлкен жиында отырғандардың барлығы дерлік сөздің басын «құрмет­ті әріптестер!» деп бастайды. Алайда, солар­дың кейбіреуі – жемқор, кейбіреуі – жалақор,  кейбіреуі – алаяқ.  Сонда залда отырған өзгелерді де олар өздеріндей  көреді  екен.

(Жалғасы бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: