Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Абай ескерткішіне гүл шоқтары қойылды

10.08.2021, 12:15 248 0

HALYQLINE.KZ  Бүгін қазақ руханияты үшін айтулы күн – Абай күні. Осы орайда, облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Қызылорда қаласындағы «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мекетпке барып, Абай ескерткішіне арнайы гүл шоқтарын қойып, тағзым етті. Шараға облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, Қызылорда қаласы әкімі Ғанибек Қазантаев қатысты.

Былтыр Мемлекет басшысының Жарлығымен ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтой жылы бекітіліп, республика көлемінде аталып өтті. Ұлы Абайды ұлықтау арқылы халқымыздың ұлттық қадір-қасиетін, рухани-адамгершілік құндылықтарын, әдебиетіміз бен мәдениетімізді әлемге тағы бір қырынан танытудамыз. Жас ұрпақ Абай мұрасын оқу арқылы тәлім мен тәрбие, ізгілік пен адалдық қасиеттерін бойына сіңіруде.

Айтулы мерекеге орай ақынның есімін мәңгі ұлықтау мақсатында облыс мәдениет ұйымдарында онлайн форматта түрлі мәдени танымдық шаралар өткізілуде.

Атап айтсақ, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарда «Абай әлемі» атты ардагерлердің облыстық өнер фестивалі, «Көзімнің қарасы» атты Абай шығармашылығына арналған облыстық өнер байқауы, «Ұлы халықтың – ұлы Абайы», «Абай дана, Абай дара», атты әдеби музыкалық кеш, «Абай әлемі» атты Абай әндерінен концерт, «Кемеңгерліктің биік шыңы Абай» атты көркемсөз оқушылардың аудандық байқауы, «Абай – дана, Абай – дара қазақта!» атты поэзия сағаттары, облыс кітапханаларында «Ұлы даланың ұлы ойшылы», «Шын Хәкім, сөздің асыл – баға жетпес», «Ұлы Абай-ұлттық болмысымыздың айнасы, «Абай жаққан шамшырақ» тақырыптарында кітап көрмелері, әдеби жыр кештері өткізілуде.

Сонымен қатар, облыстық филармонияның «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблі мен дәстүрлі орындаушылардың «Абай аманаты», облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығының ұйымдастыруымен Сыр еліндегі жыр мектептерінің шәкірттері мен ұстаздарының қатысуымен «Абай жырлары – Сыр мақамдарында» атты концерттері ұйымдастырылуда.

Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапхана қызметкерлері мен барлық облыс кітапханашылары Абай шығармаларын жас ұрпаққа дәріптеу мақсатында тамыз айының 3-інен бастап «Абайды оқы, жалықпа» тақырыбында оқу челленджін өткізді.

Абай күніне арналған шаралар барлық мәдениет ұйымдары мен басқарманың әлеуметтік желідегі парақшалары мен «Сыр шаңырағы» Youtube каналына жариялануда.

Атап өту қажет, өңірдегі 4 білім беру ошағына, 86 көшеге Абай есімі берілген. Қызылорда қаласындағы Назарбаев даңғылының бойында орналасқан аллеяға Абай есімі беріліп, оның қара сөздері тасқа қашалып жазылған. Ал, Абай ауылындағы мектеп ауласына бюсті, «Абай атындағы үш тілде оқытатын дарынды балаларға арналған мамандандырылған сыныптары бар» мектебінің ауласына ескерткіші орнатылған.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: