Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қоғамдық көлік неге кешігеді?

27.02.2020, 12:23 1162

Көзі қарақты оқырман хабардар шығар, біздің басылым­да осыдан екі жыл бұрын «Тоқсан теңгенің «толғағы»­ деген мақала жарық көрді. Бұл қоғамдық көліктердегі жолақы­ құнының 70-тен 90 теңгеге көте­рілетін  кезі  еді. Сол тұста жергілікті биліктің «қадағалау күшейіп, автобустарды тәртіпке келтіреміз» деген уәдесі бар-тын. Міне, екі жыл да артта қалды. Бірақ, аталған­ тақырып күн тәртібінен түсті дей алмаймыз. «Баяғы жартас, сол жартас». Тұрғындар тарапынан қоғамдық көліктерге қатысты айтылып жатқан сын-ескертп­елер әлі де аз емес. Бұған қарамастан, «Қызыл­орда автобус паркі» ЖШС тәуекелге бел буып, жаңа жобан­ы  қолға  алмақ.

Бұдан былай қоғамдық көлік қызметі электронды жүйеге көшіріледі. Дәлірек айтқанда, қалаішілік маршруттарда жолақы тарифі онлайн төлемдермен 80 теңге, қолма-қол төлемдермен 150 теңге болып бекітілді. Серікт­естік өкілінің сөзінше, жоба мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында іске асырылмақ. Бұл мақсатта бюджеттен бірде-бір тиын бөлінбепті. «Алдағы бір-екі айдың көлемінде электронды билет жүйесіне көшеміз. Жаңа қондырғы жеке және серіктестік қарамағындағы барлық автобустарға орнатылады», – деді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбаса­ры  Қанат  Рахметов.

Тәртіп күшейгеннен кейін бе, қоғамдық көлік қызметін көрсететін жеке кәсіпкерлер жыл сайын азайып жатқан көрінеді. Мәселен, 2018 жылы қалаішілік 870, 2019 жылы 750 үлкен және кіші сыйымдылықтағы автобус болса, бүгінде 630-ы қалған. Дегенмен, оның барлығы күнделікті бағытқа шықпайтын көрінеді. Тиісінше, арақашықтық  ұзарған соң авто­бустардың кідіретіні сондықтан­. Жеке кәсіпкерлер үшін тасымалдаумен айналысу тиімсіз боп тұр дейді жауаптылар. Олардың айтуын­ша, жеке кәсіп­керлер бұрын көлікке 4 мың, қазір 7-8 мың теңгеге жанар-жағармай құяды.

– Таңертеңгі және кешкі уақытта автобустардың лық толаты­ны белгілі. Мұның барлы­ғынан хабарымыз бар. Дәл қазір тіркелген 630 қоғамдық көліктің күнделікті 400-дейі ғана қызмет көрсетеді. Техника болған соң бұзыла­ды. Кейбір автокөлік иелері бағытқа шықпай қалатыны сондықтан. Ал сенбі-жексенбі күндері 200-350 қоғамдық көлік қызмет көрсетеді. Егер  жеке  кәсіпкер­лерге тәртіпті күшейтсек, бағытқа шықпай  қояды. Тиісінше,  проблема күшейе бермек. Жасыратыны  жоқ, дәл  қазір 240 автобус жетіспейді. Биыл үлкен сыйымдылықтағы 80 автобус алуға бюджеттік өтінім берілсе, соның 13-іне тиісті қаржысы бөлінді, – деді Қанат  Рахметов.

Айтпақшы, осыдан тура 4 жыл бұрын Сырдың бас шаһарына облыс­ әкімдігі мен «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы ұлттық компаниясы және «Еуропалық қайта құру даму» банкі арасындағы  келісімге сәйкес үлкен сыйымдылықтағы авто­бустар әкеліне бастады. Алғашқы­ лекпен­ келген үлкен сыйымдылықтағы көк түсті автобустар (суретте) біршама жыл халыққ­а қызме­т көрсетті. Де­ген­ме­н, соңғы уақытта  олар ізім-ғайым жоқ боп кетті.  Сөйтсек…

Одан кейін, 2016 жылы көлік қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай қытайлық компаниялар арқылы тағы да үлкен сыйым­ды­лықтағы жасыл түсті автобустар алынған болатын. Міне, осы сәттен бастап көк автобустар көз­ден бұлбұл ұшты.

Сонымен алғашқы лекпен келген­ көк  автобустар  қайда?

Аталған сауалға «Қызылорда автобус паркі» ЖШС директорының орынбасары Қанат Рахметов:

– Ең бірінші алынған көк автобустарды жасыл түске бояп, №14  бағытқа  қостық. Қазір сол ба­ғыт­та  қатынайды, – деді.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: