Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазіргі билік өрт сөндіруші билік сияқты

07.12.2023, 15:35 382

HALYQLINE.KZ

Екіге екіні қоссаң, төрт деп нақты жауап беру қиын. Себебі бұл кешенді мәселе. Өтемақы беру ең соңғы ауызбастыру секілді. 4 баласынан айырылып отырған үйге 1 миллион теңгеден қаржылай көмек көрсету ештеңені шешпейді.

Шынында мұның керегі де жоқ. Адамның өмірі – ең жоғарғы құндылық. Конституция бойынша да солай. Қазіргі билік бұл тұрғыда өрт сөндіруші билік сияқты. Бір жерден лап етіп өрт шықса ғана сонда барып әрекет етеміз. Оған дейін оны көрмейміз. Өткен «Арселор Митталда» да, кешегі хостел де осындай. Көшенің бұрышында шемішке сатып отырған қария көрсе, полиция қызметкерлері жетіп келеді. Бірақ солар бір жарым ай бойы жергілікті әкімдік, салық инспекциясы, басқасы бар, қалай білмей отыр? Қалай бұл хостел бір жарым ай бойы заңсыз жұмыс істеген? Жұмыс істеді делік, дүкенді жататын жерге ауыстырды делік.

Ал ауыстыру деген құжат жүзінде де ауысады, техникалық спецификасы да ауысады. Терезесі, ауа кіретін жері болмаса, қалай ол дүкеннен адам тұратын жерге оп-оңай ауысып кетті? Бізде жемқорлық фактісі өте көп. Соның кесірінен шешілмейтін мәселелер шешіліп кетеді. Мораторий жарияланды дегенге келсек, ол – сылтау, жай ғана өтірік сылтау. Сондықтан бәрі де сыбайластықтың салдары. Осының бәрін қоғамдық бақылау комитеттері қадағалап, парламенттік деңгейде ағын ақ деп, қарасын қара деп анықтап алу керек. Әкімдіктерге тапсырғаннан пайда жоқ, жергілікті комиссия – комиссия емес. Жабулы қазанды жабулы күйінде қалдырып отырған – солар.

Өткен аптада Түркістан өңірінде жер мәселесі көтерілді ғой. Жергілікті комиссияның өзі сыбайлас болып шыға келді. 2,6 млрд теңгені екі ауданның білім басқармасы үш жыл бойы жымқырып келген. Осының бәрі мысал. Ал осындай бармақ басты, көз қыстының салдары адам шығынына әкеп соқтыруда. Айдың күннің аманында ұйықтап жатқан бала қаза болды. Оның бәрі – бұрынғы жүйеден бері қалыптасып қалған жемқорлықтың кесірі. Өтемақы деген адамды тірілтпейді, ештеңені шешпейді. Одан да себеп, салдармен жұмыс істеу керек. О бастан мұқият болу қажет. Хостелдер жертөледе орналаспау керек. Ол жерде неге студенттер қаңғып жүр? Неге олардың жатақханасы жоқ? Осы мәселеге де әр университет оқу жылы тақалғанда емес, алдын ала қамдануы тиіс. Жауапкершіліктерінің бәрін ойлану керек.

Университет пен ата-ана келісім жасағанда, онда оқу орны жатақханамен қамтамасыз етеді деген пункт болады. Сол пункт жұмыс істеу қажет. Ал олар бастарын қатырмай, хостелдерге итеріп тастады. Ал хостелдерде жатақханалардағыдай техникалық мүмкіндік қайдан болсын? Министрлікке университеттер біз қамтамасыз еттік деп, жағдайды сипаттап есеп береді. Мыншасы жатақханада, мыншасы хостелде деп. Шын мәніндегі жауапкершіліктің бәрі – университеттерде.

Хостелдерде бір ғана университеттің балалары жатпайды, бірнеше колледж, университтерден жатады. Онда екі күннің бірінде төбелес. Ал өз жатақханасында жатса, бәрі тыныш болар еді. Шынын айтқанда, хостел университет басшылықтары үшін шешім емес. Онда жатақханадағыдай техникалық қауіпсіздік, өрт қауіпсіздігі, басқа да шаралар қадағаланбайды. Хостел – ол нарықтық орын, бір-екі күндік жер. Онда балаларды жатқызуға болмайды. Университет өзінің міндетін атқарып, жатақханамен қамту керек. Жатақхана ғана шешім. Одан басқа шешім жоқ. Студенттердің есебінен байып отырған ЖОО-лар неге әлі күнге жаңа жатақхана салмай келеді? Салдармен емес, себеппен, стратегиялық тұрғыда жұмыс істеу керек. Бала жылда оқуға келеді, студенттер жылда көбейеді.

Мақсат  ЖАҚАУ,

саясаттанушы

Сурет  ашық  дереккөзден  алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: