Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазақ рухы мүлгіп тұр (болған оқиға ізімен)

02.03.2023, 10:40 246

Орыс патшайымы, неміс қатын Екатерина II-нің «Қазақ өзінің өткен тарихын білсе, әлемді жаулап алады» деген сөзі ел арасында жиі-жиі айтылып жүргені жасырын емес. Қалай десек те, бұл тәмсілдің түпкі мәні жан дүние қуатымыздың көрсеткіші  деуімізге негіз бар.

Әлем тарихында адамзат санасын сілкілеп өтіп, үш империя – Ғұн, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда құрған бабаларымыздың бүгінгі ұрпағы – қазақтың рухы тарихи үрдістерге байланысты әлем сахнасында әзірге қалғып-мүлгіп тұрғаны рас.

Сана арқылы қанға берілетін ішкі жан қуаты – рухымыз ұйқылы-ояу болғанымен, қайраты әлі де өз бо­йында. Сол мол қуатты түртпектесең, яғни тосын оқиғаларда әр жерден селт етіп оянғандай әсер береді де, қайта ұйқыға кетеді. Ұлттық тұтас­тық жоқ. Бұл бүгінде бүкіл қазаққа  тән ортақ  қасиет  боп  тұр.

Сонау 1987 жылдың қараша айын­да Арал кеме жөндеу зауытынан Ресейдің Иркутск облысының Ташет қаласының түбіне ағаш дайындауға барған аралдық 20 жігіттің басынан кешкен оқиға соған куә бола алады.

Жиырма жігіттің топ басшы бригади­рі – Шойынбай деген сақа жігіт. Ол көпті көрген тәжірибелі болатын.

Жігіттер межелі жерге келіп, жұмысшылар жатақханасы – барак­тарға орналасқаннан кейін, көп ұза­май жергілікті жердің жігіттері де келіп жетті. Олардың талабына мойын­ұсынбаған аралдық жігіттер орыстардың өз боғын өздеріне асатқандай, жаргон сөздерімен арындарын  басып-ақ  тастады.

Орыс жігіттері «Кешке сөйлесе­міз!» деп кеткеннен соң, көп кешік­пей, бұларға көрші баракта жатқан украиндық жігіттер келді. Олардың топ  басшысы  Юра  деген  жігіт:

– Сендер қайдан келдіңдер? – деп сұрады.

– Қазақстаннан! – деді жігіттер бір ауыздан.

Юра  басын  шайқады.

– Жігіттер, қателік жасадыңдар. Олар енді сендерге күн көрсетпейді. Кешке келіп, мазаларыңды алады да тұрады. Тіпті, жазым етулері де ғажап емес. Енді сақтанып жүріңдер! Біздің алдымызда келген украиндық топты жүргізбей, ақыры олар Украинаға қашып кетті. Өзбектер де сөйтті. Біз сұрағандарын тауып беріп, лаждап өмір сүріп жатырмыз. Қайтсек те ағаш дайындауымыз керек. Сендер де бір амалын табыңдар, – деді шын көңілімен.

Сөйтті де украиндық жігіттер өз барактарына қайтып кетті.

Бұл жайтты естіген жігіттердің жігері құм болмақ түгілі, қайта көздерінде от ойнай бастады. Әлденеге тас түйін дайын секілді түр байқатты. Осы күйді тез аңғарған Шойынбай шиыршық  атып  тұрған  жігітерге:

– Не істейміз?! – деген сауал тас­тады.

Бәріне дайын жігіттер:

– Бұғып өмір сүргенше, қасқа­йып тұрып өлгеніміз артық! Соңына дейін тұрамыз! Қалғанын өмірдің өзі көрсетеді! – деді жұлқына.

Мұны естігенде, Шойынбай іштей жігіттеріне қатты риза болды. Сонда да  сабырлылығын  сақтаған  күйі:

– Ендеше, осы бөлмеде ең мықты деген жігіттер қалсын. Алғашқы соққыға төтеп беру керек. Қалғандарың көрші бөлмеде жасырынып тұрыңдар да, төбелес басталғанда, ту сыртынан келіп, қоршауға түсіріп, естерін жиғызбастан барлығын сұлатып  салайық! – деді.

Жігіттер бұл ұсынысты мақұлдады. Дереу сырттағы қоршауларды сындырып, таяқтар дайындалды. Дайындық әбден пысықталғаннан кейін, жігіттер сырттан келетін «қонақтарды»  асыға  күтті.

Кеш қарая түсті. Кенет «құдасындай күткен қонақтар» әй-шәй жоқ, бұлар орналасқан бөлмеге лап қойды. Олар да таяқпен қаруланған екен. Ара-арасында пышақтардың да  жүзі  жарқ-жұрқ  етеді.

Есіктен лап кірген «қонақтар» ішке толық ене алмай, бір-біріне кедергі келтіре кептеле бергенінде, іштегі  қарулы жігіттер екпіндерін басып тастады. Сол сәтте, көрші бөлмедегі жігіттер де ту сыртынан лап қойды. Кімді-кім ұрып жатқанын аңғара алмай қалған «қонақтар» қапелімде қан-жоса болды да қалды.

Жергілікті жердің жігіттерін бастап келген ағайынды екі жігіттің үлкені жағдайдың аса күрделеніп кеткенін байқады да, өз адамдарына сыртқа шығуын талап етті. Сол сәтте Шойынбай да жігіттеріне «қонақтардың» сыртқа шығып кетуіне мүмкіндік беруін өтінді. Мықтап таяқ жеген жергілікті жігіттер бірін-бірі сүйрелеп, сыртқа беттеді.

Шектен шығып кеткен төбелес те табан асты тыйылды. Екі жақ «Ер шекіспей, бекіспейді» дегендей, ерлер­ше ымырласа бастады. Ақыры, жергілікті халық қазақтарға тиіс­пеуге, қазақтар ешкімге соқтықпай, тыныш жүруге уағдаласты. Десе де, аралдық Сансызбай тентек төбелес­ті басқарған екі ағайынды орыс­тың бірімен шатасып қалып, ағаш кесе­тін «Дружба» арасымен кесіп тас­тай жаздаған оқыс оқиға бол­маса, негізінен уағданың шарты бұзыл­мады. Қазақтардың тасасында украин  жігіттері де жақсы жүріп, меже­лі ағаштарын дайындап, елдеріне аман-есен  қайтты.

Рухы аспандаған қазақ жігіттері қайтар жолда санасына «кеңестік арақ ішу» дәстүрін мықтап сіңірген үрдіс бойынша қызынып ап, пойыз­дағы жолаушы сығандармен байланыс жасады. Бір қызығы, өзге ұлттар қазақтардың көтерілген рухтарынан қорқатындары қатты сезіліп тұрды.

Сансызбай тентек пен Құрман­ғазы атты жігіттің сыған әйелдеріне тиіскен еркеліктерін де көтере білді. Шойынбай бригадир келіп, жігіттерді сабасына түсіргеннен кейін ғана  вагонда  тәртіп  орнады.

Бізден гөрі өз тарихтарын да, көшпелі халықтың тарихтарын да жетік білетін өзге ұлттар сонау Алтын Орда кезеңін әлі де ұмытпағандары көрініп-ақ тұрды. Иә, қазақ рухын өзіміз, ұрпақтары ұмытсақ та, өзгелер ұмыта қоймаған екен.

Сөйтіп, 1988 жылдың мамыр айын­да аралдық жігіттер еліне абыроймен  аман-есен  оралды.

«Алтын Орда кезеңіндегі рух» демек­ші, ғасырлар бойы асқақ рухымызды жадымыздан өшіруге тырыс­қан орыс-кеңес шовинистерінің зымияндық әрекеттері бәрібір түпкілікті іске аспады. Рухымыз уақытша қалғып-мүлгігенімен, бойымыз­да мәңгіге сақталып қалған екен. Шаптан түрткендей оқыс оқиға бола қалса, кенеттен рухымыз оянып, бой бермей кетуі кәдік екен. Оны Сібірге ағаш дайындауға барған жігіт­тер Ақтөбе облысы, Комсомол (Әйтеке би) ауданы, Псков совхозына құрылыс салуға барғанда мықтап сезінді.

Жергілікті ақсақалдар бұларды шақырып алып, мән-жайды түсіндіріп, тәртіп сақтауларын өтінеді. Өйткені, бұл жерде кезінде бір қанды оқиға белең алған екен. Оқиға былай өрбіпті.

1980 жылдары Кеңестік жүйенің бір парасы іспетті Қап тауы өңірінен екі жүздей адамды («партизандарды») егін жинауға алып келеді.

Кеңестік жүйенің жазылмаған идеологиялық заңы ұлттарды зы­миян­дықпен бір-біріне айдап салып, қырқыстырып отыру ғой! Сол идеоло­гияны басшылыққа алып, кавказдықтарға дем беріп, білдірмей қазақ­тарға айдап салған ғой. Үкіметке арқа сүйеп, есіріп алған кавказдық жігіттер қазақтардың қонақ­жайлылығын  әлсіздікке балап, білгендерін істей бастайды.

Қысқасы, құтырынған кавказдықтар жергілікті бір қызды зорлай­ды. Мұндай озбырлыққа шыдай алмай жергілікті халық көтеріледі. Ақыр соңы, совхоздың орталығындағы гаражға жиналған жергілікті жігіт­тер бір-бір техникаға мініп алып, қалғаны әртүрлі құрал-сайманмен қаруланып, әлгі жүгенсіздерге тап береді. Қанды қырғынды қарулы әскер әрең басады. Кавказдықтардың біразы сол жерде жан тапсырады. Мұндай қанды оқиғаны сыртқа жаймай, ым-жымын білдірмей санадан ысырып жіберу­дің қас шебері Кеңес үкіметі сол бойда-ақ бұл оқиғаны да жылы жауып тастайды.

Осы оқиғадан кейін, жергілікті ұлттың мінезі күрт өзгереді. Сырттан келгендерді жақтырмаушылық пайда болады. Қазақтарға тән қонақжайлылық күрт төмендейді. Есесіне, ұлттық рух барынша көтеріледі. Бұл оқиға, сөйтіп, «қорқақты қуа берсе, батыр боладының» керін келтіреді.

Сайып келгенде, ұлттарды бір-біріне айдап салып, «бөліп ал да, билей бер» саясаты ұлы орыстық шовинизм идеологиясынан туындап жатқан  зымияндық  болатын.

Иә, ұлы орыстық шовинизмнен туындаған зымияндық, яғни тілімізге, ділімізге, дініміз бен әдеп-ғұрпымызға, мәдениетімізге ғасырлар бойы  қысым  жасаушылық бүгінде өз жемісін беріп, ұлтымыздың  рухын қалғып-мүлгуге  әкелді.

Тәуелсіздігімізге отыз жылдан асса да, әлі күнге ұлтымызды ұйыс­тырар басты құралымыз тіліміздің тұғырға қона алмай жатуы да – осы рухымыздың әлі күнге қалғып-мүлгіп  отыруының  әсері.

Егер қазақ рухы дүр сілкініп, оянар болса, онда орыс патшайымы Екатерина II-нің пікірі расталып, әлемді әскери болмаса да, рухани жау­лап алар едік. Бұған болып жатқан Украинадағы соғысқа деген қарсы көзқарасымыз, жемқор қоғамға  қарсы «Қаңтар» оқиғасының болуы, соңғы кездегі тіл мәселесіне қатысты батыл қадамдарымыздың өзі-ақ дәлел бола алады.

Осыдан он жыл бұрын Әзірбайжан ғұламасы Гейдар Жамал: «Қазақ­стан, жалпы қазақ халқы – империя құра алатын потенциялы бар үлкен халық әрі мемлекет. Мен бұл елдің түбі өзін көрсетіп, жарқ етіп тарих сахнасына қайта шығып, түркі әлемінде белсенді роль ойнайтындығына сенімдімін» деген-тін. Одан соң, Жамал өзін қазақ жеріне жерлеуге өсиеттеп, оған осы Алматы қаласынан топырақ бұйырған еді.

Қазақстан алдымен өзінің айналасының ұйытқысына, яғни ұсақ түркі халықтарының орталығына, сосын күллі түркі жұртының ядросына айналса, оның сол болжамы расқа шығатыны  айқын.

Оның үстіне қазақ тілі – түркі әлемінің ішінде араб, парсы сияқты тілдердің ықпалына аз ұшыраған, ең таза әрі бай тіл.

Демек, біздің қазақ тіліміз барлық түркі халықтарын ұйыстыру жағынан бар талапқа сайма-сай келіп тұр. Тек қалғып-мүлгіген рухымызды оятсақ болғаны. Ол үшін барша халық оянып, атсалысуы  керек!

Ендігі кезек рухымыздың толықтай  оянуына  байланысты!

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: