Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарыз алу – «қақпанға түсу»

17.11.2022, 11:20 284

Қарызды қарыз алып жабу дегенді естіп көрдіңіз бе? Бұл – бүгінде жастар  арасында  кең  қолданылатын тіркес. Бүгінде бұл еліміздегі күрделі  мәселеге айналып отыр. Ұлттық банк бюросының мәліметінше, қазақстандықтар банктерге 11 трлн 400 млрд теңгеден аса қаражат қарыз. Яғни елімізде әлеуметтік белсенді халықтың тең жартысы  кредит  алып  күн көреді деген сөз. Қоғамның қарызға батуы тек мәселе емес, ушыққан дертке де айналды. Басында баспанасы, тұрақты жұмысы болса, күн көріп, қарыздан құтылуға болады. Бұл – қалыпты жағдай. Бізді де, басқаны да алаңдататыны – осы қарыз адамдардың ішінде NEET санатындағы жастардың көш бастап тұрғаны. Олардың тұрақты жұмысы әрі қайта оқуын жалғастыруға ынта-жігері жоқ. Тек қарызының төлейтін уақыты келсе, оны тағы бір жерден қарызға ақша алып, алдыңғысынан құтылады. Ал кейінгі қарызын қайтаратын сәт келсе, дәл соны қайталай береді. Мұны қалай дөп тауып айтты дейсіз, өйткені бұл – айналамызда болып жатқан дүниелер. Тіпті көбін көзбен көрдік. Қарыз алу дегенді «шала баю» деп есептейтін NEET санаттықтар кез келген той-жиынға дәл осы әрекетін жасап жүре береді. Осыдан кейін қарыз алудың мәселе емес тәуелділік ауру екенін мойындамасқа амал жоқ. «Қарызды алдым дегенше, қораға кірдім дей бер» деген әзіл-әжуа әңгіменің астарында расында айқын мағына жатқандай…

Қарызды осылай қайдан ала береді дейсіз ғой, оларға аз уақыт са­йын несие беруге екінші деңгейлі банктердің құлқы да, қағидасы да жоқ. Мұны шағын микроқаржы ұйым­дарының қызметінен ғана таба аласыз. 18 жастан асқан жастар үшін қаржы ұйымдарының есігі айқара ашық. Біз де мақалаға мәнді бір дерек алып қалармыз деген ниетпен өңірдегі  бірнеше қаржы беретін ұйым­ның есігін қақтық. Ақша алуға ниет болмағасын пікір беруін сұрап едік, одан  бас  тартты.  Дегенмен,  қарыз алушы егер қарызын төлемеген жағдайда бір айға жуық уақыт беріледі екен. Бұл кезде оның қарызына үстемақы қосылып, несие тарихына «дақ» түседі. Егер сол мерзім ішінде  қайтарым болмаса, бұл іс сотқа жолданып, шаруа күрделене түседі. Бар  білген ақпаратымыз – осы.

Бұған дейін студенттер арасында «сіздің микроқаржы ұйымдарында несиеңіз бар ма?» деген сауал жүргіздік. Жауап  бергендердің 70 па­йыз­ға жуығы қарыз екенін айтса, қалғаны «төлеп құтылдым» деген болатын. Яғни 30 пайызы алмады деген сөз емес, бұған дейін қарыз адамдардың тізімінде болғанын растайды. Осыдан да қарызданудың «көңілсіз кәсіпке» айналғанын көріп, көңіліміз түседі. Әлгі қарыз студенттер арасында 400 мыңдай теңгеге қарызданған  бойжеткен  таңданысымызды туындатты. Ал қазір сол қарызды жабу үшін күн-түн демей жұмыс істеп, сабақтан көп қалатынын да ашық айтты. «Бастысы, заң бұзып жүрген жоқпын, барынша уқытында төлеп, құтылып жатырмын», – деді болашақ педагог.

Қарыз алғаннан кейін оны уақытылы қайтару қажет, ал олай болмаса, заңдық тұрғыдан бөлек, шариғи үкім де мұны құптамайды. Дін қызметкерінен осы мәселеге қатысты пікірін білген едік.

– «Қарыз беруші қол алушы қолдан артық болады» деген сөз бар. Расында қиналыс туындағанда қарыз алу қалыпты жағдай. Бірақ оны қайтара аламын  деген  уақытта қайтарып бермесе, соңы жақсылықпен бітпейді. Ал жастар арасындағы қарызға тәуел­ділікке келсек, ол құптарлық іс емес. Өйткені адам белгілі бір уақыт аралығында жұмысқа кірісіп, сол алған қаражатын қайтаруы керек. Олай болмаған жағдайда екіжүзділік белгісінің  орын  алатыны  тағы бар. Сол себептен қарыз алған кезде микроқаржы ұйымдары­нан емес, дос-жараннан алып, қажет­ке жаратуға болады. Әрине, барлығы жағдайға байланыс­ты, – деді  қалалық «Нұр» мешітінің наиб имамы Нұрдәулет Нәби.

Жастар арасындағы мәселе тек мұнымен шектеліп ғана қоймайды. Тіпті, арнайы сол микроқаржы ұйым­дарынан алған қаражатты көбейту мақсатында құмар ойындарына тігіп, ұтысынан қарыз жабамын деп ниеттенеді. Ал ұтылған жағдайда бос қалта болып ғана қоймай, өзінің мораль­дік шыдамын сарқып, жүйкесін тоздырады. Дәл осы санамен тәрбиеленген жастардың болашақта алға мықты жоспар қойып, жүзеге асыруда барын салады деу қиын секілді. Мәселесін айттық. Енді оның  мәйегі не болады десеңіз, біріншіден, шағын қаржы ұйымдарынан қаржы беру қағидаларына жұмыссыз жасқа мүмкіндік беруді тоқтатып, еліміз­дегі казино аппараттары шоғыр­ланған орындар мен құмар ойын­дары өтетін жерді жабу керек. Дәл осы жұмыс іске асырылса, жоғарыдағы өсім көрсет­кіші күрт төмендейтініне сенім мол. Дегенмен, бұл – бір ғана субъективті пікір. Бұл мәселенің шешімі бірнеше толқында жатыр. Соларды қайта қарастырсақ, жастар арасындағы қарызға тәуелділік азайып, заңбұзушылық тоқтар ма еді, кім білсін?! Барлығы – уақыт  еншісінде.

Ердәулет  ҚАЛИЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: