Алдажар ӘБІЛОВ
2. ҚИЫН ТҮЙІН
1999 жылдың көктемі кештеу келді, жер лайсаң. Аспанды қақырата найзағай ойнады. Кім білген, бәлкім, бұл жаратушымның пенделер тойымсыздығы мен жауыздығына деген ашу-ызасы ма екен, әйтеуір, жерді тітірете сатыр-сұтыр, жарқ-жұрқ етті. Қызылорда – Жезқазған тасжолының 120-шы шақырымындағы «Қыздың шұбары» атты жердегі кісі өліміне байланысты іс тергеуін аяқтап қалған аса маңызды істер жөніндегі аға тергеуші Орынбек Асылбаевтың айыпталушыны қылмыстық іспен таныстыру үшін тергеу изоляторына бармақшы болып облыстық ішкі істер департаментінің шығар есігіне беттегені сол еді, жауапты кезекшінің дауысы естілді. Кілт тоқтаған бұл кезекші бөлімінің терезесіне бұрылды.
– Капитан! Саған Оңғарбаев «Тез келсін!» – деп жатыр.
Бұл ойланып қалды. «Тергеу басқармасы бастығының орынбасары неге іздеді екен?».
– Жайшылық па?
– Білмеймін. Көкең «қылғынып жатыр»! Тез жеткейсің.
Бұл есік қағып рұқсат сұраған еді, іштен «Кір!» – деген жарықшақты үн естілді. Үстел басындағы Оңғарбаев түтеп отыр екен.
– Қайда жүрсің? Әй… Таң атқаннан сені іздеп қырылып қала жаздадық қой, а..?
– Кеше түндегі жиналыста өзіңіз маған арнайы тапсырып: «Басқа істерді қоя тұр да, ана істі бітір» – дегеніңіз бойынша кісі өліміне байланысты істі аяқтап қалдым. Соған қатысты тергеу изоляторына бара жатырмын, адвокатпен келісіп қойдым. Оның да жұмысы көп екен, сондықтан…
– Тоқта! Әй… сайрап барасың ғой, тіпті. Бәрін таста! Жинал! Жаңақорғанға барасың!
– Ау, бүгін бітірмесем ана іс отчетқа енбей қалады ғой.
– Отчет?! Әй… Мен саған не деп тұрмын…
Оңғарбаевтың ашуланғанда дауысы қырылдап, тамағы сырылдап, кей сөздері түсініксіз болып кететінін білетін бұл әліптің артын бақты.
– Не деген адамсың сен… Бұрын бізге бастық айтса болды – «Құп!» деп жүгіре беретінбіз. Еще… маған «Тергеу мерзімі ұзап кетеді» – дейді ғой… Смотри, а…?! Бағынғың келмей ме, жүр онда 101-ге.
– Ол кісіге қандай шаруамен, неге байланысты баруым керек?
Бұл сауал онсыз да терісіне симай отырған Дат Оңғарбаевты тіпті ызаландырып жіберді. Беті қызарып, танауы делдиіп кетті.
– Не дейсің?… Әй… мен саған не деп тұрмын. Барлығын баяндап тұрайын сол. Сыртта машина күтіп тұр… Барғасын РОВД-дағылар айтады… Болды… Бар!
Кілт бұрылып, шыға жөнелген ол өз кабинетіне келіп, қолындағы істі сейфке салды да ойға қалды. «Ау, мына кісіге не болған? Әлде біреу өсек айтты ма екен. Ара-қатынастарында бұрын мұндай жайттар болмаған еді. Мына істің мерзімін өткізіп алмасам болды да, ал олай болды дегенше бұған бұрын тісі батпай жүргендердің біразы атойлап шығары анық.
Жаңақорғандағы не іс екен? Менен басқа кімдер барады екен? Қандай қаулы, хаттамалар бланкілерін ала кеткен жөн екен? Не болғанда да бір төтенше жай болып тұр ғой, әйтпесе әлгі кісі мұнша бүлінбес еді, тіпті дұрыстап мән-жайды да түсіндірмеді ғой».
Бұл тұс әлі ұялы телефон байланысы Сыр бойына толық келе қоймаған, тек қолы жеткендер мен бастықтар ғана енді қолдана бастаған кез еді. Бір жайтты білу үшін өзің баруың керек, не қалалық телефон қызметіне жүгінесің. Ал, шаруа көп. Таусылмайтын сұрақтар, жауапсыз сауалдар. Ол сәл тыныстап, өзін іштей сабырға шақырды. «Сап! Сап көңілім! Сап! Асықпа, аптықпа!». Кейбір керек болады-ау деген қағаздар мен құжаттарды жинақтап, папкасына сала коридорға шыққан ол тергеу басқармасы бастығының тергеу өндірісіне жауап беретін орынбасары Күнберген Бердібаевтың дауысын естіп бұрылған еді, оның кабинетіне кіріп бара жатқанын көрді.
«Бұл кісі түстен кейін облыстық прокуратурадағы жиналысқа баруы керек еді ғой. Мән-жайды осы кісі біліп қалар». Көп жылдар прокуратура саласында қызмет атқарған, қала прокурорының бірінші орынбасары болған, тергеу саласының майталманы саналатын бұл азаматты облыс ішкі істер органдары қызметкерлері құрмет тұтатын, артық сөзі жоқ, сыпайы, нағыз зиялы жан кейінгі буынға көмек беруден де қашпайтын. Тергеушілер арасында айтылған «Қылмыстық іс Күнберген «Іс болмайды» десе 100 пайыз, ал егер «Іс болуы қиын десе» 99 пайыз соттан өтпейді» деген пікір ақиқатты тәмсілге айналып кеткен болатын.
Бұл да оның ізін ала кабинетке енді.
– Күнеке! Мені срочно Жаңақорғанға жіберіп жатыр! Шұғыл бір жағдай болып қалған жоқ па? Не іс, не оқиға? Хабарыңыз бар ма?
Ол орындықты қолымен нұсқады да, қораптан алған шылымды үш саусағымен баяу шиыра бастады. Бұл оның маңызды мәселеге кірісер алдындағы дағдысы болатын.
– Өткенде Ғайса барып келген іс болса керек. Ол бір қиын түйін екен. Іс шығуы қиын, себебі оқиға осыдан алты жыл бұрын болған, бұл уақытта оның өлім себебін сот-дәрігерлік сараптамасы анықтап бере алмайды ғой.
Осы кезде кабинетке Дат Оңғарбаев кіріп келді.
– Әй, Асылбаев! Неғып отырсың! Ей, мынаған дауа жоқ екен ғой, өзі. Менің Жаңақорғанға кет дегеніме екі сағат болды ғой. Жаңа бастық звондап, айғайлап жатыр: «Тергеушің қайда» – деп. Кабинетіңе барам – жабық, криминалистерге барам – жоқ, сыртта анау уголовный розыскының машинасының тұрғаны таңылып. Бұл болса мында отыр ғой шәниіп… Не деген адамсың… Смотри, а… бастығым айтты екен деп жүрген бұл жоқ…
Капитан оның сөзінің артын күтпестен кабинеттен шыға жөнелді. Алайда бір от алып кеткен Оңғарбаевтың тоқтауы қиын еді, бұл коридорды жағалай орналасқан үш-төрт кабинеттің тұсынан өткенше оның жарықшақты дауысы естіліп тұрды.
«Осы кісі біреуге айғайлағанды үлкен бедел, салмақ көреді-ау, сірә. Әйтпесе, жай айтып-ақ жеткізе беретін нәрсе емес пе? Екі сағат болды іздегеніме дейді… Мұның «Жолға шық» дегеніне он бес-ақ минут болды ғой. Қызық… Үлкейе келе біз де осы кісідей болар ма екенбіз. Ойбай, құдай сақтасын… Бұл өзімен кетсін. Тіфә-тіфә… Айғаймен іс бітуші ме еді…».
Кезекші бөлімінің тұсынан өтіп бара жатқанында жауапты кезекшінің дауысы естілді: «Тергеуші Жаңақорғанға шықты ма деп сұрап жатыр 101. Ана оң жақта тұрған «Жигули» апарып салады. Мен бастыққа баяндай берейін».
Бұл отырысымен қозғалған «ВАЗ-2106» автокөлігі жер апшысын қуыра жүйткиді, жүргізуші сержант та әңгімеден шаршар емес: «Біздің жігіттер алып келсе, тергеушілер жібере салады екен. Қызық… Оңай дей ме екен? Ойыншық па екен? Мана мені бастыққа шақыртты. Приемныйға барған бойым еді, сіздердің бастықтарыңыз кіріп кетті. Қос қабат есіктің сыртқысы сәл ашық қалыпты, хатшы қыз да бір жағына шығып кеткен екен. Ойбай… сұрама, сұрама… Біздің бастық сіздердің бастықты іреді… Ей, оның өзінен де бар… 101 түсіндіріп жатса, «Ондай тексеру неге керек?» – дей ме, «Ол бірнеше рет қозғалған дохлый іс қой дей ме»… әйтеуір бірдеңе деп жатыр. Біздің бастықтың қатты ашуланғанда «Е… мать, по стенке размажу, парву» деп столды ұратыны бар ғой, сол басталысымен бастық кабинетінің есігін плотно жаптым да, қабылдау бөлмесінен шығып кеттім. Коридорда тұр едім, бір кезде сіздердің бастықтарыңыз шықты түрден түр жоқ… Біздің жігіттерге де оңай емес, үй жоқ, күй жоқ, сол бақташыны сүйретіп өлтіретін қанішердің ізінде жүр ғой сабылып…».
Осы тұста тергеушінің ойына кейбір жайттар түсе бастады. Сержант әлі сөйлеп келеді, бұл болса өзі ойының қалың қабаттарын қайта қопаруда еді. «Е…е… Нұрлан бір кездескенде айтқан әңгіме болды ғой… Алты жыл өтіп кетті, ә?! Атқа сүйретіп, шылбырмен қылғындырып өлтірген… Иә…иә… Ау, сонда мотив қайда, қылмыскер не үшін мұндай әрекетке барды? Неге кезінде іс ашылмай қалды, тергеушілердің босатуына не себеп? Күнекең мана іс шығуы қиын деді-ау. Онымен де ақылдаса алмай қалды… Кезінде аса мән бермеген еді, бұлай боларын білгенде Нұрланнан үтір-нүктесін қалдырмай сұрайтын еді ғой. Та-ак… Айтпақшы, құдай біледі Нұрлан сол Жаңақорғанда жүрген болар. Иә, оның хваткасы мықты ғой, сол шығар күдіктіні ізінен қалмай індетіп жүрген… Не болса да бара көрермін».
Ол ойдан арылып, жолға көз тікті, Төменарықтан өтіп барады екен. Жүргізуші машинаның бар мүмкіндігін пайдаланып келеді екен, өзге жүргіншілер мемлекеттік нөмірі әдеттегіден өзгеше, төбесінде жарқ-жұрқ ете көк шамы жанып келе жатқан автокөлікке ығыса жол беруде.
– Мигалканың қажеті қанша?
– Ойбай-ау, 101 сізді «Тығыз жеткіз, барлық мүмкіндікті қос» – деп бұйрық берді ғой.
– Ә… олай болса… Айтпақшы Нұрлан Қыдырбаев қайда жүр екен, білмедің бе?
Сержант лекіте күліп алды.
– Ойбай-ау, осының бәрін дүрліктіріп жүрген сол емес пе. РОВД-дағы Ертаев екеуі ғой әлгі қанішердің адымын аштырмай жүрген. Құда қаласа, қазір алдыңнан шығар. Тіпті, ол бізді Жаңақорғанның шетінен күтіп алуы да мүмкін… Әйтпесе Нұрлан бола ма…
– Е… бопты.
«Нұрлан осында екен ғой. Бәсе… Жарады жігіт… Шындығында да мына іс – нағыз қиын түйін болып тұр екен, ә…».
Әне-міне дегенше Жаңақорғанның да төбесі көрінді. Сержант жылдамдықты бәсеңдетер емес, кентке жақын тұстағы жол айрығына орналасқан МАИ бекетінің де алыстан сұлбасы көріне бастады.
– Айттым да қойдым. Ореке, мені әулие десең де болады-ау. – Сержант тағы да рақаттана күліп алды. – Анау тұрған сол Нұрлан болар, қателеспесем, машина соныкі.
Бұлар күтіп тұрған көлік жанына тақай тоқтаған сәтте машинадан үстінде сұр вельветтен тігілген қонымды костюм-шалбары бар, шашына ақ түсе бастаған көрікті жігіт жымия түсіп келе жатты. Иә, бұл Нұрлан еді.
– Ореке, қош келдіңіз!
– Қош көрдік, Нұреке!
Екі жігіт құшақтаса сәлемдесті.
– Ореке, менің машинама отырып, бағыттасып алалық. Братишка, ана төбеңдегіні өшірсей жұрт назарын аудартпай. Сосын көлігіңмен былайырақ бұр, мына бір іздікке түсіп трассадан алысырақ жыңғылдың арасына барып тұрарсың. Менен хабар болмай қозғалма, бұйрықты күт!
– Құп болады!
(Басы өткен санда. Жалғасы бар.)
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!