Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

13.02.2020, 10:20 863

Алдажар ӘБІЛОВ

4.  АЛҒАШҚЫ   АРБАСУ

«Жигули» тізгінін ұстаған сержант та біраз жайттан хабардар сияқты. Бұлар аудандық ішкі істер  бөлімі ғимаратына қарай бұрылғаннан-ақ аңғарымпаздығын  байқатты.

– Ореке! Байқадың ба? Ана есіктің алдында отырған үш-төрт қызметкер бізді көре ішке зып берді. Хабаршылар ғой. Падлюги… Күтіп отыр екен. Өз ауданым демеңіз… Сақ болыңыз!

– Рақмет, інім!

Бұл ғимарат алдына машинадан түсті де, көлікті кері қайтарды. Есік алдында оны осы аудандағы қылмысты іздестіру бөлімінің қызметкері Қазыбек Ертаев қарсы алды. Нұрлан, Қазыбек, Асқарлардың мұнымен жас шамалары да қарайлас, шендері де бірдей. Араларында жасы сәл үлкендеуі – Қазыбек. Бірақ, жігіттер қоян-қолтық жұмыс істемесе де, бірін-бірі білетін, сырттай тілеулестік, сыйластықты жағдай­да  болатын.

– Ореке, қош келдіңіз!

– Рақмет! Бастық өзінде ме?

– Жаңа кезекшіден білдім, өзінде екен. Жүріңіз, мен көрсетіп жіберейін.

Бұл Қазыбек туралы бұрыннан білетін, әділетсіздікке төзбейтін, шындық жолында жанын­ қиюға бар қайсар жігіттің «Мен көрсетіп жіберейін» дегенінен бірдеңе айтпақ болғанын ұқты. Бөлім ғимаратының тар коридорымен келе жатқан кезде ол жүрісін сәл баяулата: «Жаймен айта бер», – деді баяу дауыспен. Қатарласа келе ол мынаны айтып үлгірген еді:

– Мыналар дүрлігіп жатыр. Кәсіпкері бар, ардагері бар, әкімдіктегілері бар бірнеше рет біздің бастыққа келіп кетті. Абайлап қимылдарсың. Бірақ, саспа. Мен сені сыртыңнан бақылап­ жүрермін. Кеттім. Сыртта насыбай атып тұра тұрармын…

Рұқсат сұрап кабинетке кірген мұны аудандық ішкі істер бөлімінің бастығы орнынан тұра қарсы алды.

– Орынбек, кел. Енді сені жіберді ме? Қазақ десе бәріміз кетеміз, қазақ арыз жазғаннан басқаны­ білер ме екен осы. Қит етсе бітті – жоғары­ қарай арыз боратады. Жұмыс күнінің жартысы соны қараумен кетеді, не істерсің бұған?! Ал, жұмыстарың қалай? «Қыздың шұбарын­дағы» іс бітті ме?

– Бітіп қалды. Нүктесін қоямын ба деп едім, жұлып алды да осында жіберді ғой. Ол істен де хабардарсыздар ма?

– Сол ғой… Ба… Есітіп отырмын. А, как же? Облыс болып шулап жүрген іс туралы біліп отырған артық болмайды… Ба… Бұ халық адамға­ жұмыс істетпейді ғой енді… Ал, мұндағы біздікі таусылмайтын бір жыр…

– Иә, мені неғып сандалтып қойғанын біл­меймін. Алайда бастықтар бұйрық береді, біздікі орындау ғой, сөйтіп келіп қалдық.

– Вот-вот… Қайтеміз… Бәрімізде де сондай боп тұр. Ал, енді бар ғой, мына оқиғаның өтіп кеткеніне алты жыл болған, марқұмның сүйегі бұл күнде қурап қалған да болар, кезінде экспертиза ештеңе таппағанда, қазір қалай табасың, тіпті қазір сараптама да жасай алмайсың ғой. Екі рет қайта қозғалды, угродағылар да қызық, аяғын салақтатып алады да келеді бір бейшараны қылмыскер деп, бұдан іс шықпайтынын Дәкең, Оңғарбаевты айтамын, баяғыда айтқан. Сол жылдары ол осында бастық болған ғой, «Тіпті із жоқ қой, із жоқ» – деп қақсап келед­і, оны тыңдайтын адам жоқ. Енді сені жібергені…

– Солай боп тұр… Бұрынғы келген тергеу­шілер де тәжірибелі мамандар емес пе, олар таппа­ғанды  мен  қайдан  табамын.

– Әрине… Бірақ біздің бастықтарды да кінәлай алмайсың. Арыз түсіп жатқасын – амалдары жоқ қой… Тексеруге міндетті. Тек­сермесең – тағы бәлеге қаласың. Ну, ладно… құрысыншы бәрі… Ал, енді не істемексің?

– Қабеке! Осы жұмыстан сүрнігіп өлетін болдым­. Не демалыс, не отпуска жоқ. Күн демей,­ түн демей жүргеніміз сабылып. Бүгін сенбі, ертең жексенбі, бір-жар күн демалып, жұмысқа дүйсенбіден кіріссем бе деп едім.

– Во… Мұның жөн. Жігіттерге тапсырма беріп, рыбалка ұйымдастырып жіберейін бе, шашлык-пашлық дегендей…

– Ой… рақмет! Қабеке, мен мына Өзгент ауылынан шыққанмын ғой, туыстарымның барлығы сонда. Көптен келе алмап едім, қуанышы, қазасы бар… Соларға кіріп шықсам, сосын туған үйде жатып, ес жиып аламын ба дегенім ғой.

– Әрине, қандай проблем? Я – за…

– Рақмет! Онда мені жігіттердің біреуі сол бағытқа бара жатқан көліктердің біріне мінгізіп жіберсе жақсы болар еді.

– Әрине. Менің машинам-ақ апарып тастар еді, бірақ жүруінен тұруы көп боп тұр. Қазір техника­лық  жабдықтау  дегенің  өлді  ғой…

Ол кезекші арқылы Әбдиев дегенді шақырт­ты.­ Өзінен-өзі түнеріп, сырт қараған адамға жылап жіберетіндей болып көрінетін дөңкиген старшина кабинетке енісімен бастық: «Мына жігіт – ДВД-дан келген аға тергеуші. Қазір Өзгентке қарай жүретін көліктердің біріне мінгізіп жібер», – деп тапсырма берді. Бұлар есікте­н шығып бара жатқанда Жандосов Әбдиевт­і  қайта тоқтатты.

– Әй… Әбдиев тоқтай тұр. Бензинге ақшаң бар ма еді… Мә, мынаны ал, машинаңа май құйып ал… Есікті жаба кел… қонақтан ұят болар…­

Бұл кезде тергеуші сыртқа беттеген еді. «Әлгіні әдейі кідіртіп алып қалды… Бензинге ақша беремін деуі – маған көз қылғаны ғой, сірә. Бастық та осы іске мүдделі болғаны-ау сонда. Әлде біреулер тапсырма берді ме екен. Әлгіге маған қатысты бұйрық беріп жатқан болар қазір. Е… әзірге біз ойлағандай болып келе жатыр. Бұл істің астарында үлкен бір сыр жатқан болды ғой… Ал, енді шыдап бақ Асылбаев… Бас қатыратын кез алда сияқты».

Сәлден соң старшина да көрінді, сыртта тұрған мұның жанынан өтіп бара жатып көшенің қарсы бетінде жалт-жұлт етіп тұрған машинаны иегімен меңзеді.

– Менің машинам – анау тұрған лупарик «Мерседес».

Даусынан мақтаныш сезіледі, бірақ, сол түюлі қалпы. Көшенің бергі бетінде тұрып-ақ пультпен есік ашты. Қозғалысы ауыр, бұл машина­ға отырып болғанда, ол енді ғана есік тұтқасын ұстаған еді. «Мына қасқаның әйелі бар ма екен, бар болса – әйелдің соры қайнаған екен». Бұл артқы орындыққа көз тастады да, көлік иесінің автоинспектор екенін сезе қойды, себебі, жетон тағылған жасыл түсті жилет пен ала таяқ, фуражка көз тіккенге сес көрсете артқы­ орындықтың қыр арқасына жайғасқан екен. Көлік иесі машинаға отырды, отырғаны бар  болсын, немістің атышулы көлігі бір жағына­ ауып  барып, еңсесін тіктеді. «Әй, бір… 130 келі бар  шығарсың».

– Ылғи  осы. Таусылмайтын қонақ. Жұмыс істеуден қалдық. Трассамен күніне қанша машина­ ағып жатыр. Біздің жүрісіміз мынау…

Ол бұрқылдап келеді, сол бұрқылдаған күйі кенттің дарияға апаратын үлкен көшесіне түсті. Ел осы Алтынсарин көшесін Алтын сарай атандырып жіберген, себебі қатар-қатар салынған ылғи екі қабатты үйлер тұрғындарының басым көпшілігі жесір келіншектер болып, 1990 жылдардан бұл маң маскүнемдер мен жасырын сауда­ істеушілердің, жезөкшелер мен бір түндік пәтер жалдаушылардың мекеніне айналған болатын.

Машина кілт тоқтады. Автоинспектор әбжіл қимылдып, сыртқа шықты да, соңдарында келе жатқан «Опель-вектраны» тоқтатты. Оның жүргізушісі мұның қолында таяғы болмаса да бұйрыққа бағынды, сірә, артқы терезеден автоинспек­тордың  айбарағын  көріп  келе  жатса­  керек.

– Қай жақтыкісіңдер?

– Ақтөбе облысынан… Ырғызданбыз.

– Қайда тарттық?

– Түгіскенге. «Апанқақ» деген жерде шипалы­ ыстық су бар деп естіп едік. Біздің ауылдан кешелі­-бүгінді үш-төрт машина кеткен. Шипасы­  бола ма деген ғой біздікі.

– Жол болсын! Онда бір жолаушыны жол бойындағы Өзгентке дейін ала кетерсіздер.

– Мақұл.

Бұл көпірдің нақ ортасына келгенде артына бұрылып қарап еді, автоинспектор да тура көпірдің аузына келіп, кері бұрылып барады екен. «Туу… Осы жерге дейін еріп келгені… Ім…м… Біздің ойымыз дұрысқа шыға бастады… РОВД бастығы да бұл іске мүдделі болды…».

Көпірден түсе Өзгент бағытына бет алған машинаны қозыкөш жер шамасында Нұрлан күтіп тұрған еді. Орынбек оның машинасын көрісімен, жолаушыларға өзін ауылдасының күтіп тұрғанын айтты да, «Рақметін» жаудыра түсіп  қалды.

Бұл кезде автониспектор аудандық ішкі істер бөлімі бастығының кабинетінде еді.

– Әлгіні мінгізіп жібердің бе?

– Иә.

– Бақыладың ба?

– Көпірден әрі асып кетті. Ақтөбеден келе жатқандар екен, солар алып кетті. Түгіскенге бара  жатыр  екен, как раз жолдары ғой…

– Дұрыс. Сонда да приемныйда кідіре тұр.

Ол телефонға қол созды, байланыстың арғы ұшындағы да көп күттірген жоқ. Мынау мәз бола баяндауға кірісті:

– Жұрттың мынаны неге мақтап жүргенін білмеймін, ыбылжып тұрған бірдеңе ғой. Өзі де шаршап өлуге келіпті. Өзгентке бір-екі күн демалу­ға  кетті. Иә… иә… онсыз бола ма, жігіт­тер біраз жерге дейін бақылап, анық көз жет­кізіп қайтты. А..а… олай бола қоймас. Бір кетіп бара жатқан жолаушыларға ілестіріп жіберіпті… Ба… Ол ойға келмепті-ау. Нешауа, мына жақта контрольда ұстаймыз ғой. Оның үстіне бұл жігіт шаруа бітіре қоятын жанға ұқсамайды. Ба… Апырай, ә! Дым білмеген болып отырып, қиып түседі дейсіз бе? Ну, что ж, біз де бір қауым елміз ғой, бұл салада одан артық білмесек, кем біл­меспіз… Анау-мынауға көне қоймаспыз… Жақсы…­  Жақсы…

Ол телефон тұтқасын орнына қойды да, Әбдиевті  шақырды.

– Әй, сен әлгі жолаушылардың Түгіскенде кімдікіне бара жатқанын сұраған жоқсың ба?

– Жоқ. Ондай тапсырма берген жоқсыз ғой маған.

– Не – ме – не ? Түу… Өзің біліп тындыратын­ бір шаруа болсайшы сенде. Малосольный бірдеңесі­ң ғой. Ладно… Енді құлағың түрік болсын.­ Әлгі жолаушыларды сол жақтан келе жатқан  шопырлардан  сұрастырып  отырарсың. Күдікті  бірдеңе естісең күн деме, түн деме, маған­  жет!

– Құп болады!

– Әй… Айтпақшы… Ана сылқымды, нач. ИДН-ды айтам, Түркістанға апарып қайтуды ұмытпа. Жай жүрген, бізге жіберіле салған бір жалба шаш старлей екен деп ойлама, сәбәкі, сенің қыз десе сілекейің шұбыратыны бар, абайла! Жолда тиісуші болма, онда екеуміздің де басымызды шауып тастайды. Әй, сен білесің бе, оның кімнің любовницасы екенін?

– Иә.

– Вот… Онда, тіпті жақсы… Ол тіпті ертең сенің бастығың боп қалуы да мүмкін. Сондықтан қысыңқырап жүр… Бар! Жөнел!

Ол шығысымен бастық кезекшіге телефон соқты.

– Не білдің?

– Ағасының үйіне хабарластым, Қыдырбаев Ақмешітте екен, бұл жаққа келмепті.

– Та-ак… Араға күн салып сол үйден хабар біліп тұр. Іштегі қыздарға звондат… Оларға ескерт­ – «оперативтік шаруа» деп, ешкімге тіс жармайтын  болсын.

– Түсінікті. Орындалады.

(Басы  өткен  сандарда.  Жалғасы  бар.)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: