Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қара ағаш түбіндегі оқиға (Хикая-детектив)

02.04.2020, 10:17 1168

Алдажар ӘБІЛОВ

11. МОЙЫНДАУ

Тергеу басталды. Сағадаттың жағдайы манағыд­ан да құлдыраған сынды. Әбден қажыған­, іштей мүжілген жан тергеуші сөзін үнсіз  тыңдауда.

– Иә, Сәке! Сіздің маған дұрыс жауап бергенді  былай қойғанда, мүлде жауап бермеуге де хақыңыз бар. Сіздің айыпты екендігіңізді растайтын дәлелдер менде жеткілікті. Оны өзіңіз де біліп отырсыз. Тергеуші – тек заңға бағы­натын  тәуелсіз  тұлға. Мен  өзіңіз  көрген  бейне­таспалар  мен  аудиожазбаларды, Нұрлан, Асқар­, Қазыбектерден, Серікхан мен Жолбарыс Мәтеновт­ерден, Кенжебаев пен Сыздықовтан, Тұрғанбайдан жауап алып, ісіңді сотқа жібере беремін. Саған ақыл беріп жүрген кәсіпкер, поссовет, депутаттардың сізге көмегі де тимейді. Оның үстіне олардың манағы әрекеттері де бейнета­спаға жазылып алынды, қажет десеңіз оны көрсете аламыз. Енді олар сізге қарасын да көрсетпейді. Әйтпесе, қанша уақыт өтті бір келер­  еді ғой.

– Темекі тартсам бола ма?

– Тұра тұрыңыз. Мен айтып болайын. Сіздің жағдайыңызды түсініп отырмын, осы оқиға болғал­ы ішкеніңіз – ірің, жегеніңіз – желім болып,­ ұйқыңыз қашып жүр емес пе? Менің бірыңғай осындай қылмысты істерді жүргізгеніме жеті жылдан асыпты, талайларды көрдік, рухтың өлмейтінін, оның өзін өлтірген адамды түсінде мазалайтынын түсіндік. Сіздің де ұйқыдан­  қалғаныңызды  сезіп  отырмын.

– А-а-й-й-й… Айтпа… тоқта… Темекі тар­тайыншы­.

Ол қолы дірілдеп темекі тұтатты, қомағайлана жұтып, түтінін сыздықтата шығарды, ұзақ ойланды. Сонан соң барып тістене сөйледі.

– Тұрғанбай  да  сау  сиырдың боғы емес. Одан  жауап  алған  шығарсыңдар.

– Иә.

– Маған жауып жатқан шығар?

– Шындығы сол емес пе?!. Ол тек шындықты  айтты.

– Мана Мәкеңдер бірдеңе әкелген сияқты еді, тамақ жібітіп алсам…

– Жоқ, болмайды. Тек жауап алу біткесін ғана  ораламыз  оған.

– А-а-й-й-й… Бітті… Біттім… Жалтарғанда қайда барам. Барар жер қалмады ғой… Жауабыңды ала бер. Өлмеспін… Қашанғы шыдаймын бұл азапқа… Айтамын… Бәрін де айтамын.

Қорғаушының қатысуымен алынған жауап­та­ Сағадат Ордабекті қалай өлтіргенін баяндап шықты. Барлығы бейнетаспаға жазылып, хаттама­ға  түсірілді.

– Сәке, үйден алдыратын  керекті заттарыңыз болса мына қағазға жазып беріңіз, мен ертең алдырып  берейін.

– Мен айтып отырайын, өзің жаза берсейші.

– Өзіңіздің жазып бергеніңіз дұрыс. Бұл үйдегілер үшін сенімдірек болады ғой.

– Иә, солай екен-ау.

Солай дегенмен ол біраз ойланып қалды, сірә, өз қолымен жазғаны екінші рет алдымнан шықпас па екен деп қауіптенсе керек, бірақ басқа­ амалы жоқ еді, керекті заттарын қағазға жазып берген соң, оны кезекші камераға алып кетті.

Орынбек  бұл  қағазды жаздырып алғанда осы арқылы іске қатысты куә болып отырған Тұрғанбайға ықпал жасауды көздеген еді. Осыны­  күткендей жедел уәкілдер Тұрғанбайды  алып  келді.

Көзі адырайып кеткен Тұрғанбай дау сала келді. Сөзінен бұған дейін біреулермен ақыл­дасып алғаны байқалады. Өктем сөйлесем, сөйтіп ықтырып алсам деген ойы болса керек.

– Ал,  келдік. Бұл не деген масқара! Ертең ел-жұрт  не  дейді?  Тұрғанбайды  мілитсалар  ұстапты  деген сөз Жаңақорғанның ана шеті мен мына  шетіне  жеткен шығар. Бұл репрессияның заманы­ емес, бізде де таныс бар, туыс бар. Жазамы­з  керек  болса ООН-ға дейін. Енді қа­тын-баланың, аға­йын-туыстың бетіне қалай қараймыз? Маған­ мәрәлній өшербті кім төлейді, сен бе, әлде сен бе?

– Отырыңыз. Сіз байбалам салатындай ештең­е болған жоқ, барлығы заңға сай жасалуда. Бір іске байланысты куә екенсіз, соған қатысты анықтайтын мәселелер болып  тұр.

– Сен бе, әлгі Ақ­мешіттен келген кәт­та  тергеуші?

– Менмін. Аты-жөнім  – Орынбек Асылбаев.

– Мен ештеңе білмеймін. Ештеңе көрген жоқпын.

– Немене, сіз бірдеңе көріп пе едіңіз? Мен сізден әлі ешнәрсе сұраған жоқпын ғой. Шамасы­ бүгіп жүрген бір оқиғаңыз бар-ау, сірә?

– Жо-о-қ! Мыналар ғой… Ордабектің  өліміне қатысты көргеніңізді айтасыз деп… Сосын­ мен…

– Бұл жасырынбақ ойнайтын жағдай емес. Бізге шындықты айтасыз. Біз тек кей нәрселерді анықтау үшін сізді шақыртып отырмыз.

– Онда кете берейін бе?

– Неге кетесіз?! Міне, Сағадаттың үйінен алдыр­мақ болған заттарының тізімі, қараңыз, өз  қолымен  жазған. Дос адамсыздар  ғой, осы­ны­  жеткізіп беріңіз. Ол Ордабекті өлтір­генін мойын­дап, барлық  құжатқа қол қойды, сіз  аса  қорықпай-ақ  қойыңыз.

– Неге қорқады екем? Оларда «алты аласы, бес  бересім жоқ».

– Менің уақытым өте тығыз. Сіздің жырыңызды тыңдап отыра алмаймын. Қаласаңыз жауап беруден бас тартамын деп жазып беріңіз. Бірақ онда біз мәселеге басқа қырынан келеміз.

– Ол не қылған басқа қыр тағы?

– Сағадат  Ордабектің  қалтасындағы  бобырағ­ан жиырма бес сомдықтарды сіз алды деп  көрсетті.

– Ойнама бала… Отпен ойнама, Сәкең олай айтуы мүмкін емес.

– Бұл ойын емес, Тұреке! Тағы айтамын. Дұрыстап тыңдаңыз! Сіздің барлық жауабыңыз видеотаспаға жазылуда. Сондықтан көп бұлтақтамаңыз. Сағадат сіз Ордабектің қалтасын қарап жатқанда ол әлі тірі еді – деді. Егер бұл дәлелденсе, сіз соучастник ретінде жауапқа тартыл­асыз. Сіз жәбірленушіге көмек берудің, дәрігер шақырудың орнына оның өлуіне жағдай  туғызғансыз.

– Не дейт? Ойбай-ау… ойбай-ау, мен бар­ғанда ол өліп қалған ғой, тіпті қолы да мұп-мұздай…  О  несі-ай  маған…

– Міне, көрдіңіз бе, өзіңіз барлығын айтып отырсыз. Оқиғаны көргеніңіз, Ордабектің қасына барғаныңыз, оның қалтасынан бобырағын ақшаларды алғаныңыз рас болып отыр ғой, яғни Сағадат шындықты айтып отыр. Сіз не білесіз – барлығын айтыңыз, ертең кеш болады­. Біз Сағадатпен сізді беттестіреміз, міне, сонда­ әңгімелеріңде алшақтық болса… онда жалға­н айтқан адам заң алдында жауапты болады.­

– Ойбай-ау… ойбай-ау… Мен сорлы неге соны көрдім екен, неге сол ақшасы құрғырды алдым екен?

– Оны өзіңіз білесіз. Біздің білетініміз – сіздің қылмысты жасырғаныңыз. Қылмыскермен ауыз жаласып, мүмкін мол ақша алып, кісі өлімін жасырдыңыз. Ал марқұмның жесірі, бала-шағасы анау шулап отырған. Сіздерде адамшылық деген сезім бар ма осы?

– Ойбай-ау… ойбай-ау… Мен не істеймін?! Жақ ашсаң өлтіремін деп отыр. Бармауым керек­ еді сол жерге. Шайтан ертіп барды ғой… Барғасын… анау тұр әзірейілдей діңкілдеп… Мен қатты қорықтым. Одан бәрін күтуге болады…

– Міне, біз барлығын хаттамаға түсірдік. Оқып шығыңыз. Келіспейтін жеріңіз болса – айтыңыз. Келіссеңіз – қол қойыңыз.

Тұрғанбай хаттамаға қол қойды. Арасында «Ойбай-ау… ойбай-ау…»-ын қоса отырып, өзінің қорқынышта күн кешкенін айтумен болды. Оны Жаңақорғаннан ешқайда кетпеуі туралы қолхатпен үйіне жіберген Орынбек өзін күтіп тұрған Қазыбек пен Нұрланның жанына келгенде сағат түнгі үш болған еді. Жігіттердің қабағы ашыла бастапты. «Алла-ай, әйтеуір бұл істі бітіретін болдық қой, Ореке. Сағадаттың жауаб­ынан кейін неге екенін білмеймін насыбай атуым көбейіп кетті», – деп жымиды Қазыбек.­

– Тұрғанбайды подраспика жібердім. Барлығын  айтты. Куәлар жеткілікті, енді тек жауапты­ оқиға орнында бекіту үшін тергеу әрекетін жасау­ қалды. Ертең ертерек келейік. Начальник машина тауып берсе бергені, тауып бере алмаса­ бір  таблетка  «УАЗ» тауып алсақ, дұрыс болар еді. Біраз  адамбыз  ғой.

– Иә. Одан қам жеме. Көлік табылады. Бірақ, әуелі  бастықты  байқайық.

Олар тағы да өздері «штаб» атандырған үйге бет алды. Көше тас қараңғы, машина жарығынан көше толы судан бу көтеріліп жатқан сияқты көрінеді. Бұл солай болуы да мүмкін, бәлкім, тұманның әсер де болуы ықтимал, әйтеуір, көңілге жайсыз көрініс. Ақмешіт жақтан бұлт арасынан найзағайдың жарқылы көрінеді, бірақ, тым алыста болар, бұларға дауысы жетер емес.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: