Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қаңтардан қаңтарға дейін…

07.01.2023, 10:40 213

«Қаңтар оқиғасы» өткен жылдың ең қасіретті айы болған еді. Ел қымбатшылықты мұңдап шығып, ақыр аяғы лаңкестік топтардың арандатуымен бір ұлттың берекесі қашқан күн болды. Ең әуелі 2-3 қаңтарда Жаңаөзеннен бастау алған бейбіт шерудің басты талабы – сұйытылған газ бағасын төмендету болғанын білеміз. Өйткені газ бағасы 50 теңгеден 120 теңгеге күрт өсті. Алаңға бүкіл тұрғын жиналып, билікке базынасын айтты. Ал, үкімет әліптің артын бағып отырғанда жағдай ушығып кетті. Әлеуметтік мәселелердің тізімі артып, дүрлігіс пен дүрбелеңді бүкіл облыс тудырды. Оның қатарында Сыр өңірі де бар. Әлеуметтік желі арқылы қолдау көрсетіп отырған қызылордалықтарға «қатын басқарған облыстың ер-азаматтары да қатын» деген намысқа тиер сөз айтылғаннан кейін біздің облыста да бейбіт шеруге шығып, үн қатты. Солай-солай бүкіл өңір шығып, қан төгіліп, қабір көп қазылған қаңтар болды. Бұл зобалаң күндердің басталуына кім кінәлі? Халық ашынғаннан барды ма, әлде Тоқаевпен бір нанды бөлісе алмай қалғандардың ісі ме? Бәлкім, экс-президенттің шабармандарының жаңа жылға жасағысы келген сыйы ма? Ескі жараның аузын тырнағымыз келмесе де, мәселенің ақ-қарасын айтып, бір жыл өткеннен кейін тереңірек тоқталуды қажет деп санадық. Тек біз ғана олай ойламаппыз…

2022 жылдың 4 қаңтар күні темір көлікті тізгіндеушілер «Магнум» сауда орталығында жиналып, Жаңаөзенді қолдап, биліктен газдың бағасын арзандатуын талап етті. Бағаны халықтың әл-ауқатына қарай қоймаса, жиналған халық кетпейтінін мәлімдеді. Десе де, қызыл­ордалықтар таң атқанша сауда  орталығының алдынан  бой тасалады. Алайда келесі күні, 5 қаңтарда дау-жанжал, атыс-шабыс, бұзақылық арқылы талапты орындатамыз деп ойлап, жаппай тәртіпсіздік орнатты. Билік байыпты әңгімеге құлақ түруді ұмытқан соң, халық та басқаша көрсетеміз деген сыңайлы. Сол күні өңірдегі ахуал шиеленісті. Неліктен орталық алаңда емес, «Магнум» сауда орталығында басталғаны да күмәнді. Әу бастан стратегиялық түрде да­йындалып, адам көп шоғырланған жерді таңдап, ереуілге шығушылардың қатарын көбейтуді мақсат тұтқанын аңғаруға бола­ды. Міне, осыдан-ақ қарапайым халық емес, белгілі бір ұйым ұйым­дастырды десек жалған болмас. Арандату­шылардың саны көп болып, ашынған адамдарды ештеңе тоқ­татпады. Осы кезде бере­кені қашырмаудың жолын жасап, жиналған адамдарға басу айтып, анау жоқ, мынау жоқ деп езбе шағым болып кетпеуін қадаға­лауға белгілі заңгер Ляззат Бақтыбаева барған болатын. Ол болған  оқиға  жайында  бүй  деді.

– Бейбіт шеруге баруымның себе­бі әлеуметтік желіде Қызыл­орда қаласының тұрғындарын заңсыз қамаулар болып жатыр дегеннен кейін құқық қорғаушы ретінде бардым. Сол уақытта біршама халық жиналды. Сондай-ақ, жергілікті атқарушы органдар, прокуратура қызметкерлері де болды. Халық көп жиналғаннан кейін билік өкілдерінің не айтып жат­қаны естілмеді. Сол себепті рупор (дауыс күшейткіш) арқылы сөй­леуін сұрадық. Адам саны көбейген сайын сұйытылған газ мәселесінен ауытқып, әлеуметтік жағдай көте­рілді. Сонымен қатар, Назарбаев даңғылындағы жолды жабамыз деген үгіт әңгімелер басталды. Бұл әрекеттердің заңсыз екенін, қоғамдық қауіпсіздікті бұзу болатынын ескерттік. Әйтсе де оған қарамастан жолға қарай жинал­ған жұртшылық бағыт алды. Көпшіліктің ортасында арандатушылардың болғаны рас. Өйткені «жігіттер, осылай тұра береміз бе, бұл не болды?» деген қисынсыз сөздерді өз құлағыммен естідім, – деді ол.

Арандатушылардың болғаны жайында билік те, бұқара да айтады. Елдің іргесін сөгуге ұйым­дасқандардың ісін жауаптылар аңғармай қалғаны қарулы күштердің бейқамдығын көрсетіп қойды. Ел қызметіндегілердің де елдің жайын ойламайтыны да көрінді. Дегенмен, еліміздің қақпасын айқара ашып бермей, мемлекет басшысы Қасым-Жома­рт Тоқаев бүлікті басуға атсалысты. Қаңтардан қаңтарға дейін қылмыскерлер жазаланды. «Жаңа Қазақстан» құрылатыны айтылды. Осыған дейін өзінің қу құлқынынан басқа уайымы жоқ, кіл бұлаңқұйрықтардың  ел басқару ісімен айналысып келге­нін ойласаң, қанын қараяды. Отыз жыл  бойы жай жатқан қазақ болғанымыз – бұқараға сын. Енді мылқауға да тіл бітетін кез болды.

Хош. Әрі қарай қаңтардың шығыны жайында сөз өрбітейік. Бас прокуратураның мәліметінше, 1600-ден аса адам күдікті ретінде танылып, қазіргі таңда 120-дан аса адамның қылмыс­тық ісі  тергелуде. Осы  күнге дейін 1312 адамның қылмыстық ісі аяқталып, сотқа жолданған. Елімізге 101 миллиард теңге залал келтіріліп, оның ішінде 94 мил­лиард теңге шағын және ірі бизнестерге қатысты екен. Дей тұрғанымен, ҚР Президенті Қ.Тоқаев «қаңтар оқиғасына» қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы қыркүйек­тегі Жолдауында айтты. Қылмыс пен теріс қылық жасағандарға кешірім акциясы болды. Жалпы, амнистия 1500 адамды қамтыды. Оның ішінде 1000-ға жуық адамның жазасы қысқарды. Ал, қалғаны тергеу, сот барысында еркіндікке шығып, пробациялық бақылауға  алынды.

Қасіретті оқиғаның бір жыл болуына байланысты 2023 жылдың 5 қаңтарында мәжіліс­те жиын өткізілді. Жиын бір минут­тық үнсіздіктен басталып, болған жайттың анығы айтылды. Мәжіліске бас прокурор Берік Асылов келіп, қаңтардағы қыр­ғынның қалай басталғанын, кім және қашан ұйымдастырғанын, оған шенділердің қандай қатысы барын, қаза тапқандармен қатар т.т. мәселені айтты. Ол алғы сөзін мемлекеттік төңкерістен бастады.

– Мемлекеттік төңкеріс ісі бойын­ша, бұл өте күрделі де оңай емес сұрақ. Мұның бәрін тергеу кезінде әбден зерделедік. Әрине, мемлекет төңкерісін жасауға оқталу болды. Оны тергеу толы­ғымен көрсетті. Қазіргі кезде бүкіл құжаттардың бәрін тексеріп, қара­стырып жатырмыз, – деді  бас  прокурор.

Шыны керек, арандатушылардың сөзін тыңдасаңыз,  «жү­ріңдер, анажаққа  барамыз,  кеттік акиматты құртамыз» деген сөздерді кез келген видеодан анық естисіз. Бұның бәріне түптеп келгенде дағдарысты бағамдай алмаған жауап­тылар кінәлі. Бұлай деуіміз­дің себе­бі «қаңтар оқиғасы» белгілі бір топтардың алдын ала жоспарлы ісі болған. Бұған Берік  Асылов та  қосылады.

– Төңкеріске оқталу алдын ала дайындалып, жоспарланған. Баян­дамамда айтып кеткендей, бір жыл бұрын дайындалу кезеңдері болған. Атап айтқанда, бұлардың ішінде ұйымдасқан қылмыстық топтардың мүшелері де болған. Діни экстремистер де болды, бұрын сотты болған адамдар да, «ДВК» жақтаушылары да болған. Олардың әрекеттерінен 8 қалада 71 ғимарат өртеніп, бұзылған. Ол қылмыстың бәрі ұйымдас­тырушылардың себепкерлігімен болып  отыр, – деді  ол.

Қылмыс әлемінің серкесі, өзін жабайыға теңейтін «Дикий Арман» Ұлттық қауіпсіздік комитеті кураторының үйлестірумен әрекет еткен көрінеді. Бас прокурордың айтуынша, ол тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, жиналғандарды бақылауға алып, билікке бірыңғай ультиматум талаптар қою үшін «халық кеңесін» құруы керек болған екен. Бұл ісін жүзеге асыру үшін Алматы қаласы мәслихатының экс-депутаты белсене көмектескен, сондай-ақ ұйымдасқан түрде «Қазақстан» қонақүйіне келген қарақшыларды қаруландырған қылмыстық топтың белсенді мүшесі Махатов та болыпты.

Тағы бір айта кететін жайт, сол кездегі қорғаныс министрі Мұрат Бектенов қарамағында­ғыларға заңсыз бұйрық берген. «Ол заңсыз бұйрық берді және елде тәртіп орнату бойынша шара қолданбады», – деді бас прокурор. Құқық қорғау органының өкілдері қаруды тәртіпсіздік күш қолдану фазасына өткен кезде қолданған, бұдан соң «қала­ларды қарулы содырлардан тазартқан кезде» пайдаланылған. Сондай-ақ, қару қолдану Тоқаев­тың ескертусіз оқ атуға бұйрық бергеніне дейін басталған екен. «Яғни, шабуылдаушыларға оқ президенттің белгілі мәлімдемесіне дейін атылған. Бұл бо­йынша талқылаулардың барлығы әдейі қоғам пікірін қалыптастыру жағына қарай ойысып барады. Іс жүзінде күштік құрылымдарға қылмыскерлерге оқ ату үшін арнайы бұйрық керегі жоқ. Бұл бойынша заң нормалары бар»,- деді Берік Асылов. Естеріңізге сала кетейік, Қасым-Жомарт Тоқаев 7 қаңтар күні атыс қаруын қолдануға рұқсат берген еді.

Жоғарыда айтып өткеніміздей, Тоқаевқа тісін қайрап жүргендер, яғни ұйымдастырушылардың арасында жоғары дәрежелі шенеуніктер де, ҰҚТ мүшелері де бар. Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде Кәрім Мәсімовтың нұсқауымен ғимараттарын қараусыз қалдырған. Оның тапсырмасы бойынша Алматы қаласы мен Қызылорда облысы бойынша ҰҚК ғимараттарын тастап шыққан. Сондай-ақ, басшылықтың пәрменімен Алматы және Жамбыл облыстарының ішкі істер департаменттерінің ғимараттары қараусыз қалдырылған. Жазушы Смағұл Елубайдың айтуынша, Кәрім Мәсімов Президентке келіп, «ұшағыңыз дайын тұр, өз денсаулығыңызды сақтау үшін сізге Ақорданы тас­тап шыққаныңыз абзал» деген екен. Бұл сөзі арқылы Мәсімов күштік құрылымның өкілі һәм басшысы екенін көрсетіп тұр. Бұған дейін оның ісіне қатысты ештеңе ашық айтылмады. «Аса құпия» белгісімен тергеліп жатты, айтылатын  кез  туды.

– Тәртіпсіздіктердің жолын кесу бойынша шаралар уақытылы қабылданған жоқ. Соның салдарынан Алматы мен Талдықорған екі күн бойы қарулы содырлардың билігінде болды. Олар қару-жарақтың үлкен арсеналын үш мыңға жуық автомат, тапанша, винтовка және он мыңнан астам оқдәріні ұрлап кетті. Яғни осы басшылардың кесірінен ең қауіпті атыс қаруы бүлікшілердің қолына түсті, – деді ҚР бас прокуроры.

Бас прокурордың айтуынша, Мәсімовтің тапсырмасынан ке­йін сол кездегі жауапты министр Мұрат Бектановтың «жұлдыз­ды» сәті басталады. Ол ұрыс жағдайын­да қолындағы билікті асыра пайдаланған. Қазір Бек­тановтың ісі сот қарауында.

Баршаға сызат түсірген «қаң­тар оқиғасының» әлі ашылма­ған сыры қаншама. Еліміздің тарихында өшпес із қалдырған бұл көтеріліс соңы болсын дейміз. Жазасыз ешкім қалмайтыны түсінікті. Оны бүгінгі мәжілісте көрдік. Байлық адамның көкірегінде менмендік туғызады, менмендік есерсоқтыққа апарады деген рас екен. Бүліктен кейінгі күнімізде жаңа реформа, президенттік сайлау да өткізілді. Енді ескі кадрды бір тазартып алсақ, бәлкім шынымен «Жаңа Қазақстанды» құрып қалармыз. Қашанға дейін өзге елге тамсанып жүреміз. Кеудеде жанымыз тұрғанда, қазақтың болашағын жасау үшін бүкіл қазақстандық ылғи ды иықпен итермелеп отыр­масақ болмайды екен… Бәрін айтпасақ та, бірін айттық. Жамандық балалап кетпес үшін жасырып та қалдық. Десек те, ел сенген, президент үміт артқан Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың қымбатшылықпен күрес­кенін  көре  алмадық.

Азамат  АБИМОЛДА

ҚАҢТАРДАНБЫЗ!

Жаратқанның назары бір ауғанда,

Тарта берді тағдыр бір сұрауды алға:

Неге мынау дүние қазағымды

Қинайды екен қыс көзі қырауларда?

Қалдырғанда Одақта жалған жалғыз

Тәуелсіздік алғанда таң қалғанбыз.

Сосын соның қызығын қуып кетіп,

Намысты да кей кезде қаңтарғанбыз.

Қиын-қиын сауалдан жалтарғанбыз,

Ханға сұрау салуға арланғанбыз.

Сол адамның сөзіне сеніп қалып,

Отыз жылдық аңызға алданғанбыз.

Бірақ… кейін оятып қан тамған Қыс,

Ұлт боламыз деп біз де қамданғанбыз.

Сондықтан да бәріміз – түбіміз  бір –

Желтоқсаннан, Өзеннен, Қаңтарданбыз!

Сыналмаса, ханың да басынады,

Хан басынса, халқы да ашынады!

Қазағым да шуақты күндерді аңсап

Қарлы қыстан Наурызға асығады.

Құрбаны ма Қаңтар бір демеушінің?

Күн туар ма соттарда көрер Шынын?

Қара ниет, харам ой құзғындары

Талап кетті Азаттық Көгершінін!

Мен де Шындық іздеген өлеңшімін,

Айтылады Ақиқат: сенем, шыным!:

Соттасаңдар, соттаңдар құзғындарды,

Ақтап алар жұртым ақ Көгершінін!

Қаңтар жайлы сан қилы тарқалды аңыз,

Өз бағасын табады әр қалған із:

Билік әлі суық-ты, жылылық жоқ –

Қаңтарданбыз! Әлі де Қаңтардамыз!

Әміржан  ҚОСАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: