Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қайран, ҚЫЗЫЛОРДА!

30.03.2024, 10:30 608

Қызылорданың астана болғанына 100 жыл!

(Мифологиялық деректі әңгіме)

Тоқсаныншы жылдардың басы, ел егемендік алғанмен етек жауып, ес жия қоймаған елең-алаң шақ. Базар-ошардан басқа көпшілік жиналатын орын кем кез. Сыртқа көшуші көп, қалаға келуші аз. Сондай сапырылыстың уағында Қызылордаға Қайрат көктен түскендей келе қалды. Кәдімгі күллі қазаққа әйгілі ақын Әлімбековты айтамын. Қайынжұрты осында, Гагарин мөлтек ауданында тұрады. Іздегенге сұраған, басымыз қосылған соң аттың басын бос қойдық.

Жаздың қайнаған тұсы. Өзі тершең, батырдың тұлғасындай дәу денесі жүректі жаншыған тым ыстық қапырыққа шыдамай барады. Ескі базарды торуылдағандай, қайта-қайта квас бөшкені айналшақтай бердік. Көпіршіген квастың күші тез қайтады, мұздай су терге айналып, жейденің арқа бетін айғыздап тастайды.

Көпқабатты үйдің тұрғындары масасы жаудай мезгілде баспанадан безіп, су жағалайды. Солармен бірге біз де дарияның басында отырмыз. Жалғыз түп тораңғылдың көлеңкесіне одеяло төсеп, аяқты аспаннан келтіріп, арасында гүмп етіп, суға бір сүңгіп аламыз. Күн ұясына қонып бара жатқанда салқын самал желпіп, төңіректің тіршілігі енді басталғандай ел үдере түрегелді. Қасымдағы Қайрат есті жинап: «Енді қаланы қыдыруға болады» дегендей, оқталып орнынан тұруға икемделе бастады.

Қала деген аты бар, шаһардың сәулеті онша мәз емес, сиқы сүреңсіздеу еді. Қазіргідей келбеті көркем, көшесі кең, ауқымы атшаптырым емес, арғы-бергісі таяқ тастамдай қысқа.

– Қайрат, Қызылорданың тарихы терең. Облыс болғаны кеше шығар, ал, астана мәртебесіне ерте жеткен. Бұрындары Қамысқала болды. Жан-жағында көсіліп көл-су көмкерген, ну қамыс қаптаған қоныс еді. Балығы тулаған, үйрек-қазы қиқулаған мекен тұғын. Бір кездері Хрущевтың өзі қалың қамыстың қалыбына қызығып, қағаз шығаратын зауыт ашуға ынталы болыпты. Соның ықпалымен, целлюлоза-картон зауыты салыныпты. Айта берсек, ондай мысал мол.

Бұл қала 1818 жылы алдымен, Ақмешіт, сосын 1853 жылы Перовск, 1922 жылы Ақмешіт атауын қайтарып, 1925 жылы Қызылорда атанды.

Қызылорда қойылуының да мәні бар. Біз большевиктерді «қызылдар» деп атадық ғой. Сол сөз жоғары жақтағыларға бірден ұнайтыны белгілі және қолдауы тиіс. Бұл жағынан ұтымды. Ал, «Қызыл» сөзі көне түрік тілінде «Алтын» мағынасында. Сонда Алтынорда болады да шығады. Бұл – біздің басты бағдарымыз болмақ. Енді «Қызылорданы Алаштың анасы» демей көріңіз.

Негізінен республика басшылары С.Қожанов пен С.Сәдуақасов астананы Орынбордан көшіру мәселесіне ұлттық мүдде тұрғысынан келген деген деректер бар. Олай деуімнің себебі: «Қазақстан астанасы орыстың туы тігілген қалада емес, қаласы жоқтықтан қазақтың киіз ауылында болса да, қазақ жұртшылығына жуық болуы керек», – деп жазды С.Қожанов “Ақжол” газетінің 1924 жылғы 17 желтоқсанындағы санында.

Демек, ұлт зиялылары арасында осыдан 100 жыл бұрын астана мәселесі көтерілгені анық. Бірақ асықпады. Тек қисынын күтті. Орынбор орысқа жақын, одан алыстау керек.

Көктемнің келуімен «Қызыл паровоз» Ақмешіттен Орынборға аттанды. Ұлы көш қазақтың игі жайсаңдарын осында жеткізбек. Сонымен Қазақ АССР кеңестерінің V съезд делегаттары және үкімет мүшелері жайлы вагонға жайғасты, көңіл көтеріңкі, арқа-жарқа. Домбырасын құшақтап Иса Байзақов пен Әміре Қашаубаев, күш атасы Қажымұқан, қаламгер Сәкен мен Сәбит бар ішінде. Вагонның іші гуде-гу. Ән де айтылды, шемен болып қатқан сыр да ақтарылды. Әрбірі кемел келешек қамын күйттеп келеді. Үміт көп.

Қазақ деген қасиетті ұлттың бағы ашылар күн енді туып келе жатты. Тәңір сәтін салсын дейді бәрі де.

Перовск стансасына халық лық толды. Сырдария облыстық партия комитетінің хатшысы Әбілхайыр Досов үкімет құрамын ыстық құшақпен қабылдап, қызу құттықтау лебізін білдірді. Жұрт жаппай қолдай кетті. Әбілда ақынның өлеңі де табан астынан өріле кетті. Қазақ өлкелік партия комитетінің екінші хатшысы Сұлтанбектің сөзі алмас қылыштай ет жүректі елжіретіп, күпті көңілді көтеріп, алау сезімді асқақтатып өтті.

«Бізге әсем, сәулетті қаланы ғана астана ету қажет емес, одан қазақтың ұлттық иісі аңқып тұрғаны керек. Тоқсан жолдың торабында тұрған Ақмешіт барлық тармаққа апаратын болады. Қазақ интелегенциясы осында көшіп келеді, зауыт, фабрика салынады, үлкен орталық болып қалыптасамыз» деді. Артынша сөз кезегін алған Орталық атқару комитетінің төрағасы Жалау Мыңбаев та жалынды сөзін жеткізді.

Осы съезде «Қырғыз» атауын алып тастап, тарихи «Қазақ» атауы қаулымен қаралды. Сөйтіп «Қазақ Республикасы» болып өзгерді. Астана тарихы осылай өрбіген.

Өзің білесің, өңірдің өнерін өрнектеп, «Сыр елі – жыр елі» дейді. Осы теңеу текке айтылмағаны анық. Күй абызы Қорқыттан басталған өнер керуені Сыр сүлейлерімен жалғасып жатыр. Онан бөлек, алғашқы театрдың қазығы қағылған жер.

Киноиндустрияның да іргетасы Қызылордада қаланды. Әдебиет пен мәдениеттің маздауы да Қызылордадан қанат қақты. Қалған ерекшеліктерді екеуміз көзбен көріп, көкейде кестелеп көрсек қайтеді?

Мынадай керемет ойдан кейін Қайрат қанаттанып кетті, арқасы қозды. Сары алтындай кең шекесіне қан жүгіріп, маңдайына суретшінің абстракталы алабажақ майлы бояуын жаққандай түрленді, толағай төсінде рух шабыты ойнақши бастады.

Сонымен екеуміз көне астананың орталық көшесіне түстік. Дабырлаған даусымыз ғана жаңғырады. Қарайған адам көрінбейді. Тыныштық. Қарсы беттен көзді байлаған кей көліктің өткір жарығы қою қараңғылықты тілгілеп өтеді. Әйтпесе көше жарығының жайы ала-құла.

Кенет Қайрат ақын ұтымды ұсыныс жасады. Құдды астананы біз көшіріп жатқандай ол құлшынып сөйледі.
«Екеуміз де шығармашылықтың адамымыз. Осы Краснов көшесін бойлап қаншама қазақтың қайраткер қаламгерлері жүрді, олардың табан іздерін бүгін біз басып келеміз. Қандай сәйкестік!

Біз былай жасайық, сонау 1925 жылдан осында болған ақын-жазушылардың үй-мүйін тегіс аралаймыз. Дәл осы күні олар не істеп жатты? Кәне, сырттай бақылап көрейік» деді түйеден түскендей түйін жасап.

«Мұнымыз қалай болар екен?» деп қоямын іштей. Көңіліне қараймын деп жүріп, біз қиялдың қалың қабатына еніп кеткенімізді сезбей қалдық. Сонымен Сәкен, Бейімбет, Ілиясты іздеп шықтық.

Краснов көшесіне түстік. Әудем жерден тәулік бойы тыным таппайтын баспахананың санқ-сұңқ даусы жер-көкті басына көтеріп тұр. Орталық газет-журнал түгелдей осында басылады. Сондықтан баспахана тәулік бойы тыным таппайды. Кісі аяғы басылып, күндізгі шудың үні үзілсе де баспагерлер үшін түн әлетінде жаңа жұмыс күні басталғандай болып тұрады.

– Анау тоқал там Ілиястың үйі, газет жағында жүр ме қайдам, төңірегі тыныш ғой. Терезеден сығырайып, балауыз шамның жарығы қараңғылықпен арбасып тұр.

Мен «не істейміз?» дегендей Қайратқа қарадым. Ол алақ-жұлақ. Тілін жұтып қойғандай ләм-мим демейді. Жаушы секілді жымын сездіргісі жоқ, қолымен ғана қимыл жасап, «алға» деген белгі берді.

Ол үйінде. Үстінде бөз жейде. Еркін. Орындыққа шалқайып, белін жазып, басын жиі шайқайды. Құяыңы бар ма еді? Мүмкін, ертелі-кеш еңбектенгеннің әсері ме? Көзілдірігін бір шешіп, бір киіп, үстел үстіндегі қағазды астаң-кестең етіп ақтарды. Сосын қаламды бір сүйкеп алып, қайта орнына қояды. Бәлкім, шығармашылықпен айналысып отырған шығар…

– Не жазып жатыр екен?

Қайрат терезеге ентелей түсті.

– Байқа, сезіп қоймасын…

Екеуміз телміре қарап, оған кедергі келтірмейік дегендей, аяқтың ұшымен ауладан сыртқа шықтық.

Жетісудің Жансүгіровы небәрі 43 жыл ғұмыр кешті. Бірақ артында өшпестей руханият қалдырды. Бір ғана «Құлагердің» өзі неге тұрады?

– Ілияс менің жерлесім ғой, Талдықорғанның тумасы, – дейді Қайрат.

– Саған жерлес болса, маған жезде, Жаңақорғанға күйеу бала, – деймін мен.

Талантты ақын төрт рет үйленді. Бірінші әйелі Жәмила болатын, онымен ұзақ тұрмады, екі жыл ғана отандасты. Екінші әйелі Аманша Берентаева жүктілік кезінде денсаулығы нашарлығынан қайтыс болды. Бұл кезде Ілияс Мәскеуде коммунистік журналистика институтында оқитын.

Үшінші әйелі Бәтима Төребаева Жаңақорғаннан. Ұлы Саят – кенші, техника ғылымдарының кандидаты. Және қызы Сайра туылды.

Бәтима Мәскеуге оқуға кеткенде Біләл Сүлеевтің әйелі Фатима Ғабитовамен қарыс-қатынас орнатып, тығыз байланыса бастайды. Ол неміс тілінің мұғалімі, ұлты татар еді. Сөйтіп, 1931 жылы Бәтимамен ажырасты, ол 1943 жылы туберкулезден қайтыс болды.

– Қайрат, оның балаларын білесің бе?

– Режиссер Болатты ғана естуім бар.

– Олай болса, тыңда! Ілиястан Жәнібек, Азат, сосын Саят, ал, сен білетін Болатың төртінші ұл, ал, қыздары Үміт пен Ильфа бар.

Болат жөнінде әңгіме бөлек. Ол атағы алысқа кеткен «Сыр сұлуы» ансамблі туралы деректі фильм түсіру үшін Қызылордаға арнайы келді. Келу себебі тек түсірілім үшін емес, әкесін осы Қызылорда төңірегінде атты деген болжамы болды. Кәріқұлақ кісілерден сұрастырып, «Арай» мөлтек ауданында атылған «халық жаулары» қабіріне құран бағыштап кетті.

– ОҺ, зұлматтың түбі қайда жатыр, кім білсін, онда Ілияс осында десей. Біз де баруымыз керек. Құран бағыштайық.

Қайрат қалың ойдың құшағынан шыға алмай тұр. Тілінің ұшына тіреліп тұрған ащы түйін бар сияқты. Оны көзінен ұғып, көңілге түйіп қойдым. Сонан соң ол: «Ұлық ұлтымның көрмегені жоқ, талай тауқымет ардақтыларымызды тоқымдай етті-ау, зиялы қауымын зар илетіп, жер құшақтап қалған қайран қазағым-ай! Қайғыны да, қуанышты да көтерген қайран, Қызылорда!» деді досым.

– Мынау Сәкеннің үйі!

– Мына екі қабатты үй ма?

– Ия, сол. Бірінші қабаттағы екінші терезе. Кәне, жақындап көрейік. Ол қайда екен?

– Әне, мұртын қиып жатыр. Кербез жігіт ғой. Айнаның алдын бермесін қарашы, – деп Қайрат дос терезеге жақындай түсті.

– Жігіттің сұлтаны ғой. Өзі ақын, өзі Үкімет адамы. Ал, сұлулығы ше? Қай қызың да оған ғашық. Дегенмен оның нағыз нақсүйері Гүлбаһрам болды.

Ол Сәкеннің екінші некесі. Жалпы, Гүлбаһрам Батырбекқызы ақын Қайып Айнабековтың немере қарындасы. Екеуі 1926 жылы неке құрды, екі перзент сүйді. Қызы Лаура Қызылордада шетінеп кетті. Ал, Аян 1937 жылы «халық жауының» жары ретінде Ақмола түрмесіне алып бара жатып, лас судың зардабы ішін өткізіп, одан дене қызуы көтеріліп, қызыл вагонның ішінде көз жұмды. Гүлбаһрам вагоннан Аянның өлі денесін құшақтап түсті.

– Неткен аянышты еді. Қазақ зиялыларын қинағаны былай тұрсын, әйелдерінде не ақысы қалды?!

– Қайрат-ау, сол заманда қызмет істеген кім оңды дейсің… «Ұлтшыл» деді, «шет елдің тыңшысы» деді, әйтеуір әйел-еркек демей, түгел жазықсыз жазалады емес пе? Сәкеннің әйелі Гүлбаһрам, Бейімбеттің әйелі Гүлжамал, Т.Рысқұловтың әйелі Әзиза, Қожановтың әйелі Күләндам, Т.Жүргеновтың әйелі Дәмеш, С.Аспендияровтың әйелі Рабиға, тағы көптеген қазақ әйелі түрменің тар қапасында тарықты, тәлкек тағдырға төзді, шырғалаңға шыдады, өлімге қарсы тұрды, өмір үмітін үзбеді.

– Сол зар заманда туылмағаныма шүкір! Әйтпесе… Бүгін бармын ба, жоқпын ба, кім білсін?

Қайраттың жүзі тұтығып кетті. Сәкендер секілді жазықсыз жазаға ұшырағандай күй кешті. Бәлкім, солай бола бере ме еді, селк еткізіп бүйірінен түртіп қалдым.

– Тыныштық па?

– Қарашы, Гүлбаһрам әлденені жасап жатқанға ұқсайды.

– Не дейд! Ой, кір жуып әлек. Сәкен серінің киім тазалығына мұқият екенін білесің, үстіне шаң тисе шыр-быры шығады.

– Өзі сұлу екен.

– Сен де айттың-ау, Сәкеннің таңдауына көрінген қыз түсе бермейді. Ақылына ажары сай ару болмаса Сәкеннің қасында бір күн тұрмайтын шығар…

– Гүлбаһрамның махаббаты бөлек әңгіме.

Ол түрмеден аман оралды. Дегенмен құр сүлдесі келді. Сәкен мен Гүлбаһрам 1938 жылы 8 ақпанда соңғы рет кездесіпті. Оларға конвой орыс тілінде сөйлесуді талап етті. Төбесінен төніп, әрбір сөзін бағып тұрғанда олар ойдағы оймақтай сөзді де еркін айта алмай кетті. Сол Гүлбаһрам 1973 жылы өмірден өтті.

Жарық дүниемен қоштасқанша ол сары майдай сақтап, жасырып келген Сәкеннің «Тар жол тайғақ кешу» роман-эссесін, «Тұрмыс толқынында» өлеңдер жинағын дайындап, баспаға беруге көмектесті.

– Мм, солай екен-ау…

– Кеттік келесі көшеге. Биағаны да байқайық, бүгін сенбі ғой, үйінен ұзамай, отбасының басында болар.

– Жарайды.

Сен білесің бе, Бейімбет Жармағамбетұлы Қостанай қаласында губерниялық «Ауыл» газетінде хатшы және редактордың орынбасары қызметінен Қызылордаға келді. Ол 1925-1927 жылдары «Еңбекші қазақ» газетінде жауапты хатшы болды. 1927-1929 жылдарда «Ауыл тілі» газеті редакторының орынбасары, «Жыл құсы» альманағында, «Жаңа әдебиет» журналында қызметкер болды. Бір қызығы, осында шығармашылық жұмысы жанданды. Әйгілі «Шұғаның белгісі» повесі Қызылордада жазылды. Онан басқа «Раушан коммунист» (1929), «Он жылда», «Сойқанды содырлар» (1928), «Кесінділерді» (1929) түгелімен Қызылорданың құшағынан шабыттанып жазған жоқ па?

Оның орындықта отырысы да қызық, бір қолымен шашын сипалап, ширатып, бұйралату үйреншікті әдеті. Содан шабыт алады. Ойды тереңге тастап, шыңыраудан теңеу іздейді.

Айтпақшы, «Мың бір түнді» аударған Қалмақан Әбдіқадыровты өзіне арбакеш етіп алады. Қалмақан Бейімбеттің қасында жүріп, шығармашылық шеберханасынан өткен шығар, қарымды қаламгер атанды. Олар алтыбас қыпшақтар еді.

Ол Мәскеуге барғанда Максим Горькиймен кездесіп, өзара сөйлескен.

– Білем… Максим: «Бейімбет, қазақтан шыққан батыр азаматтар бар ма?» – деп сұрапты. Ол: «Аманкелді Иманов» деп жауап қатқан. Кейіннен «Аманкелді» фильмі жарыққа шықты. Фильм Бейімбеттің әңгімесі желісімен түсірілді.

Біз үйге таяп қалғанда саңғырлап әйелдің даусы естілді.

– Әй, Биеке, қолың босады ма? Отын шауып жіберші. Самаурын қояйын десем бір тал ағаш қалмапты.

– Бұл Гүлжамал ғой, – деді Қайрат.

Дәл өзі. Бір кезде аула ішінен балталаған дыбыс шықты. Тарс-тұрс соққылап, біршама отынды пұтап тастаған секілді. Со-с-ын барып, үнсіздік басталды.

Бейімбет еркек болып, дауыс көтерген кісі емес. Ал, Гүлжамал кербез келіншек. Өзін күтіп, баптайды. Есесіне ажарлы, күйеуінің арқасында бет бояуы баршылық, киімнің де түр-түрі табылады.

– Қалқам қайдасың? Бұл үлкен қызы Рәзияны шақырғаны.

Ол сарылау келген, шашы ұзын, пысық, әбжіл болатын. Тілі де жүйрік, ойып сөйлейтін орысшасы да бар.

– Дастарханға көмек бер, екеулеп жайнатып тастайық, – деді Гүлжамал.

Олар кешкі асқа көңілді күймен отырды.

Гүлжамал он жеті жасында Бейімбетпен қосылып, жиырма жыл бірге болды. Есіме бір оқиға түсті.
Гүлжамал базарға кеткен. Бір уақытта сырттан ашуланып келеді. Жұмыс кабинетінде отырған Биағаңа бас салып тиіседі.

Сөйтсе соғым іздеп базарға барған ғой. Базарда Сәкен де жүр екен. Ол бұл жүрісінің жайын сұрайды. Ойында дәнеңе жоқ Гүлжамал шынын жайып салады. Сонда Сәкен әзілдеп: «Соғымды еркек іздемей ме? Бейімбет болса үйден шықпайды» дейді. Осы сөзге шамданған Гүлжамал ашуын Бейімбеттен алмақшы болған ғой. Бұған Биағаң бірдеңе демек түгілі, қарсы келмей: «Келгенің қандай жақсы болды. Бір шайпау әйелдің бейнесін шығара алмай отыр едім. Құтқардың» деп түк болмағандай ары қарай жаза беріпті.

«Халық жауының» жесірі Гүлжамал 1945 жылы түрмеден босап, Рәзияның қолында болды. Рәзия зейнетке шыққанша Жаңарқа темір жол саласында еңбек етті. Сегіз бала, жиырма төрт немере, үш шөбере сүйді. Ал, анасы Гүлжамал 1974 жылы қайтыс болды.

Туасы, Гүлжамалдың тағдыры өте қиын жағдайда өтті. Әукен, Рәзия, Мереке, Еділ, Гүлсім дейтін бес баласымен көшеде қалды. Үйінен қуып шықты. Өзін түрмеге жапты, құлындарын балалар үйіне жіберді.

Түрме Жарық стансасында, алдымен Батық, сосын Купка деген жерде еді. Онда 3 мыңдай әйел болды. Гүлжамал түрмеде қой бақты. Оның су-жемін берді, орнын тазалады. Балаларының ішінде Мереке әкесінен аумайды.

– Қайрат, сен В.Мустиновтың «Служение народа», Тұрсын Жұртбайдың «Ұраным – Алаш» кітаптарын оқыдың ба? Оқымасаң, сонда мына жағдайдың бәрі толық жазылған.

Мағжанның Зылиқасы қаншама қиындық пен қауіп-қатерге қарамастан күйеуінің қолжазбаларын көздің қарашығындай сақтап, бүгінгі бейбіт күнге жеткізді. Сәкеннің әйелі үш мәрте темір торға жабылды, Ілиястың әйелі Алматы мен Мәскеуде тұру құқығынан айырылды.

Досым қалың ойдың құшағына кіреді де тұнжырап қалады. Шытырман оқиғадан шыға алмай әуре. Запыран заманның небір қанқұйлы оқиғасын айтқан сайын теңселіп кетеді. Оны да аяп тұрмын, бекер айттым ба екен…

– Мынау алғашқы театр қазығы қағылған орын, Қайрат. Білесің бе, оны құраған адамды?

– Есімде қалмапты. Айтпақшы, алғашқы сахналанған спектаклді ұмытпасам, «Еңлік-Кебек» емес пе?

– Дәл солай. Енді көрермен болып, қарақұрым халық жиналды дей алмаймын. Кілең интелегенция өкілдері тамашалаған сияқты.

– Дінмұхамед (Дінше) Әділов деген ныспыны естуің бар ма?

– Жоқ.

– Ия,сол кісі Қызылордада театр қызметін алғашқы құрушы тұлға.

Әлгі Әділовты 11 жасында Міржақып Дулатов көшеден тауып алып, бауырына басып, оқуға берген. Кезінде «Алаш» партиясының Ақмола облыстық комитетінің бір мүшесі болды, азамат соғысына қатысқан. Астана Қызылордаға көшкенде тұңғыш қазақ ұлттық театрын құрып, директоры болған. 1928 жылы желтоқсан айында «Совет үкіметіне қарсы жұмыс жүргізді» деп айыптап, үш жыл тергеді. Дінше тентектеу болғанмен аузы ашықтау, жан-жағына жайып салатын бейпілдігі де бар. Өйткені осы тергеу барысында 71 адам жазықты саналды. Оның ішіне Ә.Бөкейханов, А.Байтұрсынов, әкесіндей М.Дулатов та ілікті.

Ол туралы түрлі алыпқашпа әңгіме бар. Әсіресе, Бетпақдаланың оңтүстік тұрғындарын Түркістан республикасына қосу мақсатында туған ауылына барады. Дәл осы мезет Ақмола мен Қарқаралы уездеріндегі жер межелеу комиссиясының төрағасы Әубәкіров Сарысуға келеді. Халық оны Қара ноғай атап кеткен. Себебі елге түрпідей тиіп, қыз-қырқымға, әйелдерге өктемдік көрсетіп, күйеулерін түрмеге қаматып, тізесін көп батырады. Ең сорақасы, өрімдей қызды қорлаған әрекеті кешірілмес күнә еді. Мұны естіп Діншенің жан дүниесі өршіп, ағасы екеуі арнайы жасақпен Қара Ноғайды қолға түсіріп, айыбын мойындатып, ауыр жаза қолдануға тура келеді. Сөйтіп оны атып, мұз астына тастайды. Міне, бар пәле осы жерден басталды. Оған «милиция өкілін өлтірді, Кеңес үкіметіне қарсы шықты» деген айып тағылды. Қызды қорлықтан қорғап, ақыр аяғында ату жазасына кесілген Діншенің тағдыры аянышты болғанмен ар үшін азаматтық танытқан айбары ел жадында қалды.

– Мына оқиға өкінішті екен. Бірақ нағыз азамат! Қазақтың жігіттері осындай намысты болу керек!
Екеуміз кең көшеде алшаң басып келеміз. Қызу пікірталас жүрді. Әйел жөнінде. Әсіресе, орыстан әйел алғандар туралы.

– Мен әлі таңмын, қазақтың қызы құрып қалғандай, аққұлақта несі бар? Кіл мықтылар солай жасаған. Тағы қандай десеңші! Мұхтар Әуезовтің әйелі – Валентина Николайқызы, Ахмет Байтұрсыновтың әйелі – Бәдрисафа Иванқызы, Әлихан Бөкейхановтың әйелі – Елена Яковқызы, Жүсіпбек Аймауытовтың әйелі – Евгения Кириллқызы, Қаныш Сәтбаевтың әйелі – Таисия Алексейқызы, – деп досым күйіп-пісті.

– Оған неге жынданасың? Бір қажеттіліктен болған шығар. Мүмкін махаббат… Әлде ұлт келешегі үшін осындай қадам жасауға тура келді. Дегенмен, діні, ділі бөлек болса да діңгегі дұрыс жағын да ұмытпаған жөн.

Айталық, Ахмет Байтұрсынов некені Троицк қаласында қиды. Осы жерде Александра ислам дінін қабылдап, екі ай бойы діни дәріс тыңдайды.

Бұл туралы Ахаң:
Сұрасаңыз есімі Александра Ивановна,
Ризамын құдайдың оны маған қиғанына.
Бір кәпірді мұсылман қылып сауап тапсам,
Тұрмай ма он молданың иманына, – деп өлең жазған.

Мұстафа Шоқай 1918 жылы Ташкент қаласында бұрынғы танысы Мария Горинамен некелеседі. 1918 жылдың 1 мамырында қайын атасы Горинның өтінішімен Ташкенттен Мәскеуге аттанады. Бұл уақытта Мария Мәскеудің опера театрларының бірінен шақырту алған болатын. Жалпы, Мария Шоқай қайраткерге тұрмысқа шыққан соң, мұсылман дінін қабылдайды.

Францияның Ножан-сюр-Марн қаласында Мұстафа Шоқайға ескерткіш орнатылған. Әйелінің арқасында Еуропа халқы оның көптеген еңбегін оқыған.

Жақанша Досмұхамедовтың өмірлік серігі – Ольга. Ол да исламды қабылдады. Жалпы, Колоссовская Лениннің әйелі Надежда Крупскаямен дос болды. Сондықтан ұлы революционер қайтыс болғанға дейін Жаханшаға ешкім қол тигізбеді.

Қаныш Сатпаев Томсктегі Техгеологиялық университетте оқып жүріп, Таиса Алексеевнамен танысады. Ол да геолог. Таиса тек жақсы геолог ғана болып қойған жоқ, ол Жезқазған қаласының дамуы мен ашылуына көп үлес қосты.

Әрине, отбасылық өкінішті тұсы да кездесті.

Әуелі Әлихан Бөкейханов пен Елена Яковқызын алсақ, олардың Елизавета, Сергей дейтін перзенті болды. Алаш ардақтысы қызын Зейнеп, ұлын Өкітай деп атады. Өкінішке орай, Әлихан Бөкейхановтың өзіне де, оның балалары мен немересіне де туған жерінен топырақ бұйырмады. Барлығы Мәскеу қаласында жерленді.
Жүсіпбек Аймауытов өмірінде екі рет үйленген. Екеуінде де Вера Николайқызы, Евгения Кириллқызы есімді орыс қыздарын алды. Олардан Бектұр, Жанақ есімді екі ұл мен Муза есімді бір қыз сүйген.

Рысқұловтың бірінші және үшінші әйелдері Татьяна Владимировна Колосовская және Вера Ивановна Дергачева тиісінше өзінен туған балаларын тастап кетті. Олар Тұрар Рысқұловтың қаржылық және әлеуметтік жағдайына байланысты тұрмысқа шыққан болуы да мүмкін.

Міне, көрдіңіз бе, неше түрлі оқиға өткен.

– Дұрыс ғой, оны түсінемін. Үйленсе үйленсін. Солардың бірі қазаққа ұлттың ұлы ретінде ұрпақ қосқан жоқ. Өкініштісі, осы ғой.

Айтпақшы, Алаш ардақтысы Халел Досмағамбетовты білесің ғой?

– Әрине. Алаш қозғалысының қайраткері, дәрігер, ұстаз әрі ғалым.

– Қызылордада «Қазақ Республикалық лепразорийі» мемлекеттік мекемесі салынып, сонда Халелдің баласы Әділхан дәрігер болды, басқарды. Былайша айтқанда, осында жасырынған секілді. Сол Әділханның ұлы Марат та осында оқып, осында құрылыс компаниясын басқарды. Әттен, жас кетті өмірден, тектілік ғой, мықты азамат еді.
Жалпы деймін да, Сырдың бойы бәрінің басын біріктіріп, ел мүддесі үшін бір үйдің баласындай бауырына басты ғой. Өндіріп қалам тербеді, халық қазынасын арттырды. Тау алыстаған сайын менмұңдалайды, біз таңдаулы тұлғаларымызбен, олардың өшпес өнегесімен мақтануға тиіспіз.

– Мынауың жөн сөз. Біздің астанаға бір ғасыр, білдей 100 жыл толды, Қайрат! Тарих деген тамаша тәмсіл ғой, ұрпаққа осы тағылымды жеткізейік!

Ия, Қожанов қолдаған Қызылорда әлі де қазақтың қалың ортасы, ұлт дәстүрінің алтын қазығы. Өскен-өнген ел қазір ел танымастай өзгерген.Қаланың сәулеті сәнді, дәулеті мәнді. Бұған талай азаматтардың қолтаңбасы қосылды, өшпес ізі қалды.

…Қайран Қызылорда

Қаныбек ӘБДУОВ,

жазушы, журналист

Фото: Ерболат ТҰРСЫНҚОЖА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: