Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өмірі өнегемен өрілген

17.09.2020, 10:50 754

Өмір есігін ашқаннан кейін Жаратқанн­ың өлшеп берген ғұмырында мәнді де мағыналы тіршілік кешіп, ұрпағына өнеге болар өмір соқпағ­ымен, аталы сөзімен есте қалға­н жан болса, ол  пенденің  дүние­ге­  босқа келмегені дер едім.

Заманында көз қарықтырар айдынында аққу ұшып, қаз қонған Арал теңізінің кішігірім аралдарының бірі, көркем әдебиеттерде «су орнына балық аққан Көкарал» деп сипатталатын киелі мекеннің болғанын қазіргі ұрпақтың бірі білсе, бірі білмейтіні жасырын емес. Киіміңе қылау жұқпас кіршіксіз топырағына кіндік қаны тамғ­ан перзенттерінің бетін қақпай, белін буған қасиетті жерде бойындағы жалынды жігерін адал еңбекке арнаған, өткен өмір жолы өзінің ұрпақтарына үлгі, болашағына бағдар болар жандар аз болмады. Жалт еткен жасын ғұмырында әріптестері арасында беделді, ағайынға абыройлы боп, ата-ана үмітін ақтаған арда азамат­тардың бірі Шарападинов Бектұрс­ын  ағамыз  болатын.

Әкесі Шарападин Көкаралдан 1942 жылдың 28 маусымында қан майданға аттанғанда, Бектұрсын ағамыз бар болғаны 5 жаста ғана болатын. Теңіздің ие бермес асау тол­қынымен алысқан тылдағы тынымсыз еңбек майданында ауыр жұмыстарды атқарған асыл анасы Балсияның қолғанаты болып, ойын баласы ретінде асыр салып ойынға араласуға мүмкіндігі де болмады. Өмір ерте есейткен ағамыз мектепте жақсы оқып, қатарластарының алдында бедел­ді  болды. Орта мектепті бітірген соң, Көкаралдағы аузы дуалы ақсақалдардың батасын алып, өзінің жүрек қалауымен есепшілік мамандығын алуды мақсат етеді. Ақтөбе облыс­ы, Шалқар қаласындағы бухгалтерлер даярлайтын курсты үздік тамамдаған ол Авань балық зауы­тында есепші болып алғашқы еңбек жолын бастайды. Жұмысына ұқып­ты, жауапкершілігі мол жас маманға әріптес алдыңғы буын ағалары ерекше ілтипат білдірді. Қызметтен қол үзбей жүріп, 1968 жылы КСРО Центросоюз Басқармасының Самарқанд қаласындағы Куйбышев атындағы кооператив институтын бухгалтер-экономист мамандығы бойынша оқып  бітіреді. Кейін Астрахань балық өнеркәсібі мен шаруашылығы тех­никалық институтында, Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылығы институтында біліктілік арттырудан өткен. Қамшының сабындай ғана өмірінің соңғы төрт жылында балық саласы бойынша республикадағы іргелі кәсіпорындардың бірі «Арал балық комбинатының» бас есепшісі қызметін мінсіз атқарды. Туған жерінің тағдырына елеңдеп, ел келешегі жолы­нда тынымсыз еңбектің ерен үлгісін көрсеткен ағамыз бірнеше мәрте облыстық, республикалық деңгейд­е арнайы марапаттарға ие болды. Бектұрсынды көзкөргендер оның сабырлы мінезін, ақжарқын кең пейілін, байсалды жүріс-тұрысын, өз ісінің білікті маманы екенін, алдына  келгендерді жылы шыраймен қарсы  алып, қысылғандарға қол­ұшын беруге  әрдайым  дайын тұратындығын ерекше  ықыласпен  айтады.

Кезінде замандастары арасында ерекше қабілетімен дараланып, ел жадында сақталған жандарды кейінгі көпшілік «көзден кетсе де көңілден кетпес» деп оған бағытталған алғаусыз пікірлерімен еске алып отыратыны – қалыпты  құбылыс.

Бектұрсын ағамызбен мектепте бірге оқыған Арал ауданының құр­метті азаматы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, биыл ғана өмірден озған Айжарық Сәдібеков ағамыз: «Бектұрсын сабақты өте жақсы оқыды. Зерек, алғыр, достыққа қылау түсірмес адал еді. Оның ерекше бір қасиеті ұлтымыздың алтын көмбесі, қазақтың ауыз әдебиетіне жаны құмар болатын. Ылғи да көлемі үлкен қалың кітаптарды сөмкесіне салып, торсықтай томпитып арқалап жүре­тін. Оның ішінде, әсіресе, «Батырлар жырын» сүйсіне оқумен қатар, тасқа басқандай әдемі жазуларымен жырды­ қайта көшіріп жазып, жаттап жүретін. Ол кезде қазіргідей дайын автоқалам жоқ, сия сауытты ұшы үшкір қаламсаппен тап-таза етіп, маржандай тізілген әріптерімен мұқият жазатын», – деп еске алып еді.

Көп  жылдар ағамызбен қызметтес  болып, кейіннен аудандық «Қазақ тілі» қоғамын абыройлы басқарған  марқұм Амангелді Траханов та әріптесінің өз саласының білікті маманы болуымен қатар, көнеден жеткен салиқалы әңгімелерді бір кісідей білетінін, тағылымы терең ақыл-нақылға құрылған терме-тол­ғауларды, бабалар мұрат еткен өршіл­дік, елжандылық рухтағы батырлар жырын жатқа соғатынын, сол кезеңдерде есімі мен шығармашылығы әлі ел арасына кеңінен таныла қоймаған жергілікті Смағұл, Құлжан, Төлеу секілді ақын-шайырлардың үлгі-өнеге мен насихатқа толы өлең-жырларын тебірене айтатынын тілге тиек етіп, уақытысында одан Смағұл ақынның «Арақпен қоштасу» деген өлеңін жазып алып, қазіргі қазақ қоғамының өзекті проблемаларының бірі ғой деп аудандық «Үмітті Арал» газетіне жариялағанын жеткізген-ді.

Үш жыл Сахалинде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеп, әскери­ өмірдің де қайнауында шынығып,­ сержант шенімен елге оралған ағамыз 22 жасында Тойба­зарқызы Айсұлу жеңгемізбен бас қосып, 39 жасында 9 балаға әке болып­, үлгілі отағасы атанды. Жұ­ба­йының адал серігі, әулетіміздің ибалы­ келіні, балаларының ақылшы анасы болған жеңгеміз де бұл күні ортамы­з­да жоқ. Қазір  балалары туған­ жермен қатар, Алматы, Астана, Қызыл­орда, Арал қалаларында ел игілігі жолын­да абыроймен еңбек етуде. Қара шаңырақ түтінін түтетіп отыр­ған кенже ұлы Нұрлыбек ата-анасын әрдайым еске алып, құран бағыш­татып  ата  жолын  ұстанып келеді.­

Жолына сарғая қарап, әр қада­мына сәттілік тілеп, бүкіл ғұмырын баласы­на арнаған анасының үкілі үмітін ақтап, ағайынның сеніміне селкеу түсірмеуі ағамыздың жас­тайынан-ақ келешегіне аса жауап­кершілікпен қарап, өзіне артылар жүктің салмағын санасымен терең сезіне білгенінде дер едім. Қаз-қаз басқан қарғашын бір қараға жеткізу жолында ешкімге көңіл бұрмаған шешесін­ немерелер шаттығына бөлеп, соғыстан хабар-ошарсыз кетке­н әкесінің ішінде айтылмай кеткен­ арманын орындап, ел алдында еңсесі биік болғанын неге баса айтпа­сқа? Алдына мығым мақсат қойған Бектұрсын ағамыздың алар асулары мен бағындырар белестері әлі алда еді. Әттең, ерте науқасқа шалдығып, 43 жасында кебіні пішіл­ді. Жан жылуы мен бойындағы аналық­ махаббатын, кіршіксіз көңі­лін жалғызына арнаған Балсия анамыздың да талай сынға шыдас берген мейірім тола жүрегі баласы өмірден өткеннен соң, қырық күннен кейін соғуын  тоқтатты.

Осындай қарапайым еңбек адамы­ның маңындағыларына жа­саған жақсылығын, есте қалар елеулі еңбегін, жан жадыратар жылы сөз­дерін кейінгі буын біздер жадымызға түйіп, өмірлік ұстанымымызға серік ете білсек, қазіргі қоғамда болмы­сының бояуы өңе бастаған ұлттық құндылықтарды ұрпақ санасына жаң­ғыртуға аз да болса септігі болар еді.

Шоқан  ҚОЙБАҒАРҰЛЫ,

Арал  қаласы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: