Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалім мейірімі

27.10.2022, 10:20 322

Әкеміз қарапайым шаруа кісі болатын. Заманымызға қарай таршылықты көп көрдік. Соғыс зардабынан күйзелген халық есін жия бастаған кез еді. Ел енді-енді тойына бастаған. Бірақ біздің үйге молшылық келе қоймаған, алты бала өсірген әкемізге оңай болмағаны түсінікті  еді…

Мектепке күн жылыда жа­лаңаяқ бару қалыпты жағдайға жататын. Қыркүйек айында жалаңаяқ жүрдім. Келесі айда да аяқкиім болмады. Үшінші кластамыз, ағайымыз дене­шынықтыру  сабағына  алып  шықты. Жаңбыр жауа бастаған, қатарда мен де тұрмын. Жалаңаяқ тұрған мен ғана, Қараман ағай қарап тұрды да қалтасынан 25 сом алып маған ұсынды. «Магазинде брезент туфли бар, сатып алыңдар» деп қасыма Бейсенді қосып берді. Дүкенді таптық, аяқкиімді алдым, сол бетіммен үйге жеткенше жүгірдім. Шешеме көрсе­тіп мақтанып, жоғарыға шегеге іліп қойдым. «Ат мінгізді» деп жатады байлар сыйлағанда, немесе «пәленше жомарттық жасапты» дегендері, меніңше, түкке тұрмайды-ау, тіпті салыстыруға келмейді-ау, сол кездегі мен үшін Қараман ағайым әперген БРЕЗЕНТ  ТУФЛИ.

Ия, бұл сөз үлкен әріппен жазылуы  керек.  Дүниенің  ең  қымбаты – баланың бір қуанғаны десек, жалаңаяқ  баланы  қуантқан Қараман ағайдың атымтай жомарттығына өмір  бойы  қарыздармын…

***

Кітапты көп оқушы едім. Ол кезде радио, теледидар, телефон дегенің атымен жоқ. Ауылда электр жарығы болмаған соң, басқа не күтуге бола­ды? Майшамның жарығымен сабақ  оқыдық, клубқа киноға бардық. Осындайда бар қызықты кітаптан іздеген шығармыз. Мектептегі кітап­хананың ертегі кітаптарын тауыс­қанмын. Қызық кітапқа сұраныс көп. Мектептен басқа колхоздың кітапханасы болушы еді. Іші небір қызық кітаптарға толы. Бірақ маған оның есігі жабық болатын. Әлі күнге есімде, «Бақташының баласы» деген кітапты жоғалтқан болуым керек, «Мына кітапты тауып әкел» деумен қайтаратын  еді.

Кітап оқуға құмарлығымның тағы бір себебі, оқыған кітаптарымның  мазмұнын  қасымдағыларға айтып беріп отырамын. Отын әкелуге барамыз. Мен өзім де оқығандарымды майын тамызып әңгімелейтін едім. Оны Рысбек, Ратай, Оңғар дегендерің аузы ашыла тыңдайтын еді. Келесіде басқа кітап айтылады, қайталауға  болмайтын.

Бірде кітапхананы айналып жүрсек, ашпалы терезесі оңай ашыла кеткені. Қасымда Ратай бар еді, кешке келетін болдық. Түнде қараңғыда кірдік, түк көрінбейді, әйтеуір әр жерден теріп бір құшақ кітап алдық. Терезені жауып шығып кеттік. Үйге әкелу жоқ, әкем қатал кісі, дереу сұраққа алуы мүмкін. Далаға тығып қойдым да, ертесіне жарықта бардым. Бір құшақ кітаптан үш-төртеуі­не ғана қызықтым. Қалғандары сая­си, немесе том болып жазылған дүниелер болып шықты. Ратайдың алғандары да сол шамалас еді. Керек емес кітаптарды құшақтап, кітапханашы Аманбайдың әйеліне апарып бердім. «Даладан тауып алдым» дедім. Кітаптарының жоғал­ғанынан бейхабар екен, үндемей алып  қалған…

Бірдеңені сезіп жүрмін, Аманбайдың әйелі мектепке келіп кеткен. Маған  ешкім  ештеңе деген жоқ. Бірде Қараман ағай шақырып алды да: «Саған қандай кітап керек, маған айт, тауып беремін», – деді. Бала болсам да «кітапты ұрлама» дегенді айтпаса да түсіндім. Не болғанын кейіннен әкемнен естідім. Кітап­ханашының айтуы бойынша педсоветте жиналыс болған екен. Менің әкемді де шақырған. Әркім әртүрлі жаза қолдануды ұсынғанда, соңғы сөз класс жетекшіміз Қараман ағайға беріліпті. «Не деп жазалауымыз керек? Баланы кітап іздегені үшін бәрін кешіруге болмас па? Басқалар­ға кітап оқыта алмай жүрген жоқпыз ба? Үйінде тамақ, үстінде киім жоқ, кедейдің баласы, ұрлағаны нан емес, кітап ғой. Егер «кітап оқимын» деген баланы жазғырсақ, басқа балаларға «оқы» деп қалай айтамыз?» деген. Осы сөзге бәрі тоқтаған екен, ешқандай кітап туралы сөз қозға­мауды және әкеме үйде маған ұрыспауды мықтап тапсырыпты. Әкем біраз уақыттан кейін маған айтқанда, көзіне келген жасты байқамай, ризалығын «Мұғалімің сенің келешегіңе сенеді екен» деп аяқтап еді. Менде қалып кеткен үш-төрт кітапты да ізде­ген  адам  болмады.

Міне, менің ұстазым, жанашырым, жол көрсетушім, мейірімді мұғалім Қараман ағай осындай кісі еді. Кейінгілер өмір бойыма жетерлік із қалдырған жанның жақсылығын айта-айта жүрсін деп өткен шақты еске  алып  отырмын.

Жақсымбек  АХМЕТҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы,

Баймұрат  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: