Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Майдангер есімі ескерусіз қалмаса екен

08.09.2022, 10:20 256

«Ер есімі – ел есінде» дегенмен, кешегі соғыс ардагерлерінің еткен ерен еңбегі, қан майданда қаптаған жауға қарсы тұрып, Отанымызды жаудан қорғап қалған ерлігі күн өткен сайын ескіріп, ескерусіз қалып барады. Кейінгі ұрпақ үлгі-өнеге алу үшін  батырлардың ерлік істерін дәріптеп, құрметтеп айта білу – парызымыз. Есімдерін жоғалтпай, атақ-даңқын түгендеп, келешекке жеткізуіміз керек. Олардың есімдері тастан қашалып, биіктен көрінуі қажет. Халық жадында ұзақ сақталып қалу үшін көшеге, сквер, парк­терге соғыс ардагерлерінің атын  көптеп  берген  жөн.

Осындай жандардың бірі – Ұлы Отан соғысының ардагері Сәрсенбай Табынбаев ағамыз­дың атына бір ауыз жылы сөз арнағанды жөн көрдік. Тұрмысында қарапайым, артық ауыз сөзі жоқ абзал жан еді. 1938 жылы 20 жасында армияға алынды. Осы кез соғыс алды, қиын кезең болатын. Үш ай артиллерия полкінде дайындықтан өтіп, Фин соғысына алынады. Алғашқы жарақатты да осы финдермен соғыста алады. «Оқ тиген аяғымды құшақтап үш ай госпитальда жаттым» дейтін еді. Шамасы, бірінші жарақаты ауыр болғанға ұқсайды. Соғыс аяғына дейін жеті рет жараланғанын ескерсек, кейінгілерін онша айта бермейтін. Соғыс болған соң оқ тиіп жаралы болу күнделікті қалыпты жағдай секілді қабылдаған болуы керек, әйтеуір тура келетін ажалдың оғы бұл кісіні айналып өтіпті. Тек 1942 жылғыны айтқанда көзіне жас алатын. «Көретін жарығымыз таусылмағаны ғой, әйтпесе…» деп сөзінің аяғын жұтып қоя сала­тын.

Оқиғаның мәнісі былай екен. Соғыстың қызған кезі болса керек. Күш жағынан басым немістің жаяу әскері тым жақын келіп қалыпты. Зеңбіректі кейін бұрып әрекет жасап жатқанда, жау бұларға оқ жаудырған. Осы жерде ағаның иегіне жанамалай тиген оқ жақ сүйегін сындырып өткен. Басындағы құлақшыны­мен аузын жауып, артқа қарай жүгіреді. Алды­нан арнайы бөлім­нің адамдары тоқтатады. «Бір қадам да шегінбе» деген заң бар. Жаудан қашқанды сол жерде атып тастайды. Адамның құны жоқ. Қанға толған құлақшынды көрсетеді, сөйлеуге шама жоқ, қолымен ымдайды. Бастығына апарады, ол винтовка әкеліп, бұл кісінің бо­йын өлшеп көріп, өзін-өзі атқан деген  үкім айтады. «Бұл кісі жа­ра­ланғанда қасында болдым» деп куәлік етіп, ату жазасынан командирі  құтқарып  алады.

Соғыс туралы киноларды қарамайтын. Себебін сұрамайтын едік, қанша боздақтың қаны төгілген ұрыс даласын қайтадан еске алу ол кісіге ауыр еді. Жеті жыл соғыста жүріп, қанша жара­ланғанына қарамай, ақырында елге аман-сау оралу мыңнан бір адамға ғана бұйырған бақыт еді. Нардың жүгін арқалаған ағамыз 1945 жылы соғысты бітіріп, елге оралды. Ауылда аш-жалаңаш халық бар, ауыртпалықты мо­йы­ны­мен көтерген әйел, бала-шаға бар, осыларды ауыр жұмыстан босататын ер-аза­маттар қан майданнан көптеп қайта бас­тайды. Осы жылдары үйленіп, комсомолдық жолдамамен сол кездері екпінді құрылыс болып жарияланған «Мойынты – Шу» теміржол құрылысына әйелімен бірге аттанады. Құрылыс үш жылға созылады. Бейбіт еңбекті аңсап келген жас жігіт жұмыс­ты жапырып істеп, еңбек озаты атанады. Одан кейін теміржол басшыларының шақыртуымен Қызылорда теміржол депосына жұмысқа қабылданады. Қай жерде де жұмыста абыройлы, қатарының алды болған. Бірнеше орден,  медаль  алған.

Осы жерден зейнетке шық­қаннан кейін қаланы тастап, жаңадан ашылған Қызыл­орда машина сынау стансасына (МИС), мал фермасына жұмысқа келеді. Әдепкіде бақташы болып, кейін жарақаты сыр берген соң қарауылдық қызмет атқарады. Осылайша кешегі соғыс ардагері, кейінгі теміржол саласының екпінді майталманы қалған өмірін бұрынғы МИС, қазіргі Баймұрат ауылында өткізді. Өмірінің соңына дейін кішіге ақылшы, жастарды еңбекке бау­лып, тәрбиелеп жүретін азамат болатын. Сәрсенбай ағаның өзі де, тұстастары да әлдеқашан дүниеден озды. Артында қалған ұрпақтары өміріміздің мәнді де сәнді болуын қамтамасыз етіп кеткен аға буын өкілдерін тағы бір еске алып, тағзым етуді парыз санадық. Майдангердің есімі  ескерусіз  қалмаса  екен…

Жақсымбек АХМЕТҰЛЫ,

Қызылорда  қаласы,

Баймұрат  батыр  ауылы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: