Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Сұлтан Бейбарыс»: БИЛIК ФИЛОСОФИЯСЫ

18.08.2022, 10:20 1818

Болат Мансұров түсірген «Сұлтан Бейбарыс» фильмінде ащы шындық бар. Балалық ғұмыры трагедияға толы билеушінің тағдыры ауыр. Соғыстың әкелетін зардабы туралы адамзатқа айтар үндеуі бар.

ХІІІ ғасырда Мысырды билеген Сұлтан Бейбарыстың тағдыры үлкен сабақ. Бала күнінде шапқыншылықтың құрбаны болған, үлкен өмір сынақтарынан өткен оның қаруы әділдік болды. Жүрегіне жазыл­ған бір ғана «Көке» сөзі оның жадындағы өшпес жаңғырығына айналды.

Сұлтан жер бетіндегі әлсіздерге қорған, адалдық пен арам пиғылды дұрыс ажырата білуші ретінде миссия атқарғанын алға тартады. Көзге тура қарау арқылы шындықты көре білу тәсілін қолданады. Халықты ішінен аяғыңмен жүріп көру  көп  жағдайды  әділ таразылауға мүмкіндік береді.

Тарихшылар Сұлтан Бейбарыс Мысырды билеген жылдары ғылым, білім, ағартушылық өнер гүлденген тұсы деп баға береді. Фильмде Сұлтанның «Менің қолым тиген дүниенің бәрі қасиетке айналады» деген жанды сөзі бар.

Фильмдегі ең басты акцент – Аналардың зарлы әуеніне қойылған. Бала Сұлтанның жүрегіне салынған ең ауыр жара – ата-анасынан жетім қалу. Қорғансыз баланың тағдыры оның келешегіне салынған дара жолы болды.

Орта ғасырда жер, территория, мансаптық қақтығыстар үшін жаугершілік тарихи оқиғалар көп болған. Аяғы ауыр аналардың ішіне дейін найза сұғу – бұл адамзаттың ең үлкен трагедиясы.

Сұлтан Бейбарыстың шындыққа тура қарайтын ұстанымдары қатаң болды. «Сұлтан жүрексіз өмір сүре алады, бірақ ақылсыз өмір сүре алмайды» деген қағидасы көп шындықтың бетін ашады.

Фильмде әйел затына деген қарым-қатынасының астарында мынандай ақиқат бар. Әр ер-азамат­тың ессіз істерінің артында бос сауық-сайранға деген әуестік, ашкөздік болса, оның түпкі себептерін  жанындағы жұбайынан іздеп көру керек.

Фильмнің финалы ақиқаттың басын ашады. Мысырдағы пирамиданың ішіндегі құпияны көзімен көретін сәті бар. Бұл адамзатқа үлкен үндеу тастайды. Жерде өзін Құдай сезінетіндер жаратылыстың өз Жаратушысы бар екендігін ұмытпауды еске салады.

Адам мәңгі емес. Топыраққа айналатын табиғатымызды толық түсінуге сабақ береді. Билік – ақылға иелік ету ғана екенін фильм авторлары Бейбарыстың өмірі арқылы түсіндіріп бере алды.

Қандай жағдайда да қан төгілмесе, жаһандану саясатында адамзат бір-бірімен жауласпауды  үйренсе – бұл өркениеттіліктің жоғарғы мәдени деңгейі.

Бесік, туған жер, топырақ, Ананың зарлы әуені – фильмде Сұлтан Бейбарыстың билікке келудегі басты мотиві ретінде бейнелі түрде ішкі өткерген шынайы күйін ашады.

Жусанның иісіне деген сағынышы, жырақта жүріп қадірін бәрінен артық түсінген, әділдік жолы­мен ғана жүрген билеушінің шыққан тегіне деген өмірлік із салады. Бүгінгі қоғам осыдан сабақ алса, бұл – фильмнің мақсатының ақталғаны.

Гүлзат  КӨБЕК,

кинотанушы,

өнертану  PhD  докторы,

«Тұран»  университетінің  профессоры

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: