Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Отбасы құндылығын жоғары қойған актер

31.12.2022, 9:00 263

HALYQLINE.KZ

Кинокөрермендер СССР халық артисі, СССР мемсыйлық және РФ мемсыйлығының 2 рет иегері, ВЛКСМ сыйлығының иегері Олег Янковскийді жақсы таниды. Олег 1944 жылы 23 ақпанда Қарағанды облысы, Ұлытау ауданы, Қарсақбайда дүниеге келді. (интернетте Жезқазған деп көрсетілген).

Әкесі Ян (Иван) Янковский поляк еді, М.Тухачевскиймен бірге Семенов лейб-гвардия полкінде әскери қызметін бастап, штабс-капитанға дейін өсіп, бірінші дүниежүзілік соғыста «Қасиетті Георгий» орденімен марапаталған. Атақты Брусилов шайқасында жараланған соң, әскери қызметті қойған. 1937 жылы маршал Тухачевский атылғанда, досы ретінде сотталып, Қазақстанға жер аударылған. Инженер ретінде Жезқазған мыс балқыту комбинатын салуға қатысты. Сталин өлген соң, Саратовқа отбасымен көшіп келген соң қайтыс болады. Мария үш ұлы Ростислав, Николай және Олегті бір өзі қатарға қосты, ауыр жұмыстан соң шаршап келсе де, ұлдарының рухани өсуіне мән берді. Дворянин Янковскийдің бар байлығымен, тіпті орденіне дейін НКВД тартып алса да, бай кітапханасына тимеген болатын.

Мектепті бітірген соң ағаларының жолын таңдап, Саратов театр училищесіне оқуға түсіп, өзінен 3 жас үлкен Людмила Зоринаға үйленеді. Әйелі Зорина Олег оқуын бітіргенше Саратов театрындағы жетекші актриса атанады. Олег оқуын бітіргенмен театрда тек эпизодтық ролдерді ойнағандықтан, халық оны тек Зоринаның күйеуі ретінде таныды. Оған Олег қапаланған жоқ, әйелінің орнына ас дайындап, өздігінен білімін жетілдіре берді.

Бірде, ресторанға кіріп, 100 грамм ішпекші болып шеткі орындыққа отырады, сол кезде совет барлаушысы туралы атақты «Қалқан мен Семсер» («Щит и Меч») кинороманын түсіруге дайындалып жүрген режиссер В.Басов пен әйелі актриса В.Титова да осында отырған еді. Титова Басовқа: «Ана шеткі орындықта отырған жас жігіттің бет-әлпеті арийлікке келеді» дейді. Осылайша Олег атақты фильмдегі Генрих Шварцкоф роліне байқаусыз бірден бекітілді. Содан кейін «Екі жолдас әскерде қызмет етті» («Служили два товарища») фильміндегі поручик Бруснецов роліне байқауға түскенде, режиссер: «Мен мынадай сұлу жігітті, Врангельге бермеймін» деп, қызыләскер Андрей Некрасовтың басты роліне түсірді, ал генерал Врангелдің поручигі Бруснецовтың ролін Владимир Высоцкий шебер ойнап шыққанын білесіздер… Әсіресе өзі кемемен шетелге қашып бара жатқанда ақбоз аты теңізге секіргенін көріп өзін-өзі атып өлтіретін жерін… ұмыту мүмкін емес.

Осы екі фильмнен кейін Олегті Москваға келгенде «Ленком» театрының бас режиссері Марк Захаров коллоритті актерді шақырып, басты рольдерді сеніп тапсыра берді, ал кинодағы рольдер ше? Атақты режиссерлер Тарковский, Данелья, Перфилов, т.б. киноларына шақырды. Ол трагедиялық пен комедиялық фильмге ойланбай түсе беретініне таң қалатын. «Тот самый Мюнхаузен», «Обыкновенное чудо», «Влюблен по собественному желанию», «Полеты во сне и на яву», «Сладкая женщина», т.б. жүзден астам фильмге түскен Янковскийге бүкіл совет одағының әйелдері ғашық болды, түрлі кино саласындағы сыйлықтарды бірінен соң бірін алып жатты. Енді, РСФСР-ге еңбегі сіңген актриса Людмила Зоринаны Янковсийдің әйелі ретінде танитын болды.

Атақ пен ақша Олегті еш өзгерткен жоқ, сол баяғы қарапайым күйінде қалды. Ол жас кезінде отбасымен жоқшылықтың не екенін көріп өсті, мектепке бару үшін өзінің ағаларының аяқкиімі мен сыртқы киімін күтіп, олар қашан сабақтан келеді деп, терезеден телміргенін естен шығарған жоқ. Әкесі Ян балаларына отбасы адамның ең сенімді ошағы, сондықтан ошағынды қорғап жүр деген сөзін өмірлік ұстанымы етті.

Ұлы Филлип жүріп жүрген қызының аяғы ауыр екендігін білгенде, Оксананы «осы тұрғанда үйге алып кел» деп жұмсайды. Қазір Филлип, Оксана, немерелері Иван, Анна, Елизавета барлығы да артистер. Екі ағасы да белгілі артист, олардың ұрпақтары да артист болды.

2000 жылы журналиске берген бір сұхбатында Олег Янковский: «Мына өмірде не болмайды, осылай жүресің-жүресің, бір күні ауру екенінді бір-ақ білесің, адамдар соған дайын болуы керек, жақындарын әбігерге салмауы керек, адам өзіне түскен сынақты көтере білуі керек» деген болатын. Айтқаны айдай келіп, «үш әріп» ауруымен ауыратыны белгілі болды, әйелі Люда Германиядағы онкологияның білгірі Мартин Шульцке апарып емдеу курсынан өткенмен оңалмады. Ол өзінің ауырып жүргенін білдіртпей, соңғы рет «Ленком» театрындағы ролін сәуір айының соңғы күндерінде ойнап, 2009 жылдың 20 мамырында дүние салды.

Олег қайтыс болған соң, тіміскіленіп жүретін «сары басылымның» журналистері Людмиламен сұхбат алуға сан мәрте жолыққанмен бәрінен бас тартты. Атақты адамдар дүниеден өткен соң, оның некеден тыс жалған балалары жоқ жерден пайда болып жатады. Сондай бір әрекет жасалынып, орталық телевидиниеде хабар дайындалып жатқанын естіген Зорина ол хабарды экранға шығартпай, марқұм болған күйеуі Олегтің арын қорғап қалды.

Бұл актер туралы жазғаным атақ пен ақшадан басы айналмай, ары таза күйінде дүниеден өткендігін мысал ретінде келтірдім. Ал қартайғанда артистер қаншама жыл оттасқан әйелін тастап, жас қыздарға үйленіп жатады.

Солардың бірі СССР халық артисі Армен Джигирханян (1935-2020) өзінен 43 жас кіші 1978 жылғы Виталина Цымбалюк-Романевскаяға үйленіп, өзінің құрған театр қаржысын талан-таражға салмақшы болғасын, ажырасып құтылған болатын.

Екінші бір құтырған СССР халық артисі Николай Краско (1930 жылғы) өзінен 60 жас кіші 1990 жылғы Наталья Шевельге үйленіп, ажырасып кетті, журналистерге берген сұхбатында: «Оған менің үйім мен ақшам керек екен» деп, 92-дегі шалдың күлкіге қалғаны бар. Одан да күлкілісі, екеуі де үйленер алдында дүйім елге «бір-бірімізді көрмесек тұра алмаймыз»-деп жар салып, фотосессияға түсіп, жарнамаға ақшаны аямаған болатын.

Осы уақытқа дейін, жас қыздардың әкесіндей немесе атасымен жасты шопырға не жұмысшыға «ғашық болғанын» естімеппін.

Бұл жерде мен тек орыстарды мысал ретінде келтірдім, әйтпесе «өзбек байыса там салады, қазақ байыса қатын алады» дегендей, өзіміздің өмірден өткен классик жазушылардан бастап, қазіргі кездегі атақты адамдар да жеткілікті.

Суретте: Олег пен Люда немерелерімен.

Бақытжан  Абдул-Түменбай,

тарихшы,  журналист-дайджест.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: