Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кімге кім «мат!» қойып жүр? (болған оқиға ізімен)

22.01.2020, 15:09 782

Өмірін бала тәрбиесіне арнаған қарт ұстаз зейнеткерлікке шыққан соң, немересіне соңғы үлгідегі су жаңа компьютер сатып алып берді. Сондағы ойы – заман талабына сай, еліміздің лайықты азаматы етіп қалыптастыру.

Бала тәрбиелеуде өмірлік тәжірибесі мол құрметті ұстаз немересін интернеттегі теріс көзқарастар мен ағымдардан сақтандырып отыруды өз міндетіне алды.

Қатаң бақылауға алынған немере, шынында да, бозбала шақтың өтпелі кезеңіндегі соқтықпалы сүрлеулерінен сүрінбей өтіп келе жатқан-ды. Теріс мінез жоқ. Сабырлы да салиқалы. Компьютерді шебер пайдаланып, сабағына әр кез тыңғылықты дайындалады. Себепсіз оқудан қалған емес. Спортпен де шұғылдана бастаған. Соңғы кезде шахмат үйірмесіне де үйірсектеп, ойын тәсілдерін үйрене беруді жөн санапты.

Немересінің өмірдегі мұндай сәтті қадамына аса риза болғаны сол, байырғы ұстаз соңғы кезде қуаныштан алақанын еріксіз шапаттай беретін болыпты.

– Шахмат – нағыз зиялылардың, парасатты адамдардың ойыны. Шахмат – ұлттық тәрбиенің, биік рухтың, ар-ұяттың бастауы! – деп ұранды сөздерін әуелеткенде, тыңдаған жұрт намазға ұйығандай бастарын шұлғи беретіндерін өздері де байқамай қалады екен.

Бір күні немересі:

– Ата, мен компьютермен шахмат ойнауды меңгердім. Бүгін соңғы бағдарламамен жарақталған шахмат партиясын бастағалы отырмын! – деді, құдды әлемдік деңгейде өтетін сайыстың шымылдығын ашқалы отырғандай.

Мұны естігенде, көптен кәсіп ашуды армандап жүрген атасы кәсіптің көзін ашқандай қуанды.

– Әп, бәрекелді, айналайын! Сөйте ғой, бұл бастамаң маған да жақсы әсер етіп отыр. Ойыма ой қосылатындай, қиялыма қанат бітіргендей!..

Шынында да, ардагер ұстаздың, аяулы ақсақалдың бір ерекше мінезі – қиялына қанат бітіріп, ой тұңғиығына бір сүңгісе, жуық арада ол кәйіптен арыла қоюы екіталай!.. Тіпті, жер бетін топан су қаптаса да тырп етпестен бір нүктеге қадалған күйі қиялдап отыра береді.

Компьютер экранынан шахмат тақтасы көрінді. Немересі алғашқы жүрісін жасады. Бір қызығы, экранның оң қапталында бір еуропалық нәсілді әйел тұр. Ол да немересі мен компьютердің жүрістеріне аса ыждағаттылық танытып, ештеңеге назар аудармастан тақтаға қадала қалыпты.

Қарт ұстаз: «Ә-ә, шамасы, төреші шығар?!» деп ойлады да, немересіне сәттілік тілеп, төсегіне жантайды.

Ойына қай-қайдағылар келеді. «Құс асырасам ба екен?.. Өй, қойшы сол!.. Тауықпен тауық боп!.. Қой бақсам ба?.. Әлде пеш кірпіш басып сатсам ба екен?!. Әй, қартайғанда… белден айырылар жайым жоқ!».

Ойлана-ойлана миы атала боп кете жаздаған қарт ұстаз бір сәт ой ағынына бөгет қойып, мониторға үңілді. Немересінің қоржынына қарсыласының тастары әжептәуір жинала бастапты. Мұны көргенде, аяулы ұстаздың іші жылып сала берді. Демек, немересі басым түсе бастағаны… Енді бірде оң қапталдағы «төрешіге» де көз тастады. Сөйтті де, аздап таңырқап қалды. Әлгі төрешісі бар болғыр, ыстықтап кетті ме, сырт киімдерін шешіп тастапты. Әлі де шешінетін түрі бар сияқты, немересі шахмат тасып алып, жүруге ыңғайланған сәтте, ол да үстіндегі қалған жеңіл киімінің ілгегіне қолын әлсін әлі жүгіртіп қояды.

«Е-е, төреші де адамның баласы ғой! Ыстықтаса, ыстықтаған шығар!.. Шілденің аптап ыстығы кімді де болса шыдатпас!» деп ойлап үлгірген қадірменді ұстаз біраз жантайып алғанды мақұл көріп, төсегіне қайта қисайды.

Тағы да ой!.. Тағы да арман!.. Уақыт та зымырап барады. Түпсіз ой жалықтырып жіберді ме, қарт ұстаз экранға қайта үңілді. Үңілді де… Мәс-саған!… Парасатты да аяулы ұстазың кенет қара тастай қатты да қалды! Көзін экраннан тайдырар емес! Өйткені!.. Иә-иә, өйткені, әлгі төреші келіншегі бар болғыр!.. Ыстықтағанда да ішкі киімдерінің бәрін тып-типыл етіп, шешіп тастапты! Тек соңғы «алынбас қамалы», яғни абыройын әрең жауып тұрған бір жапырақ шүберегі ғана қалыпты! Соңғы тірек – оған да қолын ауық-ауық жүгіртіп қояды. Сірә, «алынбас қамалды» да қирата салу маған түк емес!» дейтіндей…

Мұны көргенде, байғұс қарт… инабатты қарт көзін еріксіз жұмып қалды. «Апырай-ау, адам қанша жерден ыстықтағанда да өсіте ме екен?! Бар «құпиясын» ашып тастап!..» деп іштей қатты қобалжи кейістік білдірді де, есіне немересі ме, әлде басқа да бірдеңе түсті ме, әйтеуір, көзін дереу қайта ашып алды.

Дәл осы мезетте, «құланның қасынуына, шүріппенің басылуы» сәйкес келгендей, немересі шахматтың бір тасын алды да: «Мат!» деп айғайлап жібергені сол – «Мат болса, мат!» дегендей, әлгі «төреші» еуропалық сұлу келіншек бұтының арасындағы қылдай соңғы шүберекті жұлып кеп алғаны!..

Ал, керек болса! Айнала жарқ еткендей болды. Қарт сасқанынан теріс бұрылды. Осы бір қас қағым сәтте ардагер ұстаздың санасы төңкеріліп кеткендей болды. Әрі-сәрі күйде өзіне-өзі есеп бере алмай қалды.

Кенет айналасында не боп жатқанынан табан асты жаңылып қап, қайдағы бір түпсіз ойдың тұңғиығына сүңгіді де кетті. Тіпті, оны көз алдында көлбеңдеп тұрған «алынбас қамалдың» күн тимесінің құпиясы да  қызықтырмады. Есесіне, омырауға біткен кішігірім қос доптай дір-дір еткен анарлардың сүйкімі есінен адастырды да тастады.

Есеңгіреген байғұс қарт «дұрыстап бір қарап алайыншы» дегендей, қайта бұрылып, экрандағы сұлу бикешке көзін сүзді. Сөйтті де, қос анардан көзін алмастан сілейді де қалды. Бүкіл әлемдегі бар сұлулықты бір бойына жиып алған келіншек «барын базарлап» әлі тұр. Қымсынар емес. Бұлар, яғни атасы мен немересі де дуаланып қалғандай, экраннан көз тайдырғылары жоқ!

Осы қалыпта немересінің не ойлағанын қайдам, атасының есіне бірдеңе түсті-ау, қайдағы бір кәсіптің көзін ашқандай жалма-жан, өте асығыс түрде жеделдетіп әлденені дауыстап есептей бастады.

– Тә-әк, мына емшек – нағыз еуропалық сүтті емшек! Оны әнебір жылдары көрші ауылдағы кәсіпкер Еуропадан сүтті қашарларды алып келіп, сауғанынан білемін!.. Демек, ол сиырлар бір сауғанда он литр сүт берді делік, ендеше мына емшек әр сауғанда, құрығанда бір литр сүт берсе… Күніне бес рет сауғанда…

Есептің қызығына түсіп кеткен сорлы қарт түсер пайданы есептеп болып, мұндай пайдасы «шаш етектен» он келіншекті қолға ұстауды ұйғарды.

Енді бір сәтте мұндай сүтті келіншектерді қысыр сауа бермей, бір мезгіл «бұзаулатып» сауғанды жөн деп тапты. «Өйткені, қысыр сауғаннан гөрі, «бұзаулатып» сауған көбірек тиімді», – деп ойлады. Сөйтті де, бұл «сиырларды» қашыруға ойша «бұқа» іздей бастады.

– Мен ондай аса жауапты «жұмысқа» қабілетім келмейді. Ол айдан анық!.. Сырттан әкелсе… Жоқ, болмайды» Ол дегенің – қып-қызыл шығын!.. Енді қайтсем екен?!.

Сәл ойланып қалған бейшара қарт, есіне әлдене түскендей, жалма-жан немересіне қарады.

Абырой болғанда, дәл осы мезетте экранға телміріп отырған екеуінің үстінен парасатты қарттың кемпірі – әз-ана шыға келді.

Қадірменді ұстаздың оқығаны-тоқығаны мол қосағын ауылдастары «әз-ана» дейтіні – оның ақыл-парасатына бас игендіктерінен еді.

Компьютерге арбалып қалған екеудің біріне – әже, біріне – Құдай қосқан қосағы – әз-ананың келуі бұларды селт еткізбеді. Телмірген күйлері экраннан көз алар емес. Тіпті, әз-ананың даусына да мойын бұрмады.

«Мыналарға не болған, жыланға арбалған торғайдай?!.» деп іштей қатты таңырқаған байғұс әз-ана да бұлардан қалмай экранға үңілді де:

– Ой-бай, көтек!.. – деп жан дауысы шыға, айғайлап жіберді.

Кемпірінің ащы даусынан сәл шошына басын көтеріп алған қарт ұстаз әлі де есін дұрыс жинамаған күйі:

– Көтек болғанда да, нағыз еуропалық стандарт! – деді, өзінің жан-жақтан мол хабары бар екенін білдіре. Сөйтті де: – Көтеннен бұрын ана сүтті емшектерді көрмейсің бе?! Осындай қатыннан онын алып бақсаң, қыруар «кредиттеріңнен» құтылып, байып шыға келмесең, мына менің сәлемімді алмай-ақ қой!.. – деді парасатты ұстаз, не айтып, не қойғанына есеп берместен болашағының жарқын екеніне нық сеніммен.

Шалының жағдайын жақсы білетін әжесі, алдымен шайтан арбаудан немересін құтқармақшы боп ұмтылып бара жатып: «Көз алмай қарауы атасынан аумай қалыпты!» деп ойлап үлгіріп, дереу компьютерді токтан ажыратып тастады.

Арбап тұрған шайтани адам экраннан жоғалғаннан кейін барып ес жиған екеу өз әрекеттеріне ұялғаннан жерге кіріп кете жаздады. Әсіресе, әз-ананың:

– Уа, Құдай қосқан қосағым! Сенің ақ ниетіңді түсінемін. Алайда ескі сүрлеумен жүріп, қатаң бақылаумен шектеп, болашағыңа «дұрыс тәрбие беремін» деуің бүгінгі күнге аздық етеді.

Сондықтан, «қызым, саған айтамын, келінім, сен тыңда» демекші, шалым, саған айтамын, немерем, сен тыңда!

Жер бетіндегі әр халықтың өзінің танымдық дүниесі, дәстүрі бар және оның тамыры тереңдеген сайын, сол тереңнен суырып нәр алған ұлттың болмысы анау-мынау жел-құзды елең етпейді, ауырып-сырқамайды. Өйткені, оған қарсы тұра білетін иммунитеті ғасырлардан жеткен дәстүрінде сақталған. Дәстүрін танып, оны қасиеттей біліп, рухани жаңғырып отырған ұлт бағытынан адаспақ емес.

Иә-ә!.. Талайлы шақта тағдыры тәлтекке түскен халықпыз!.. Мынадай зымияндық әрекетке жасөспірім немерем түгілі, пайғамбар жасынан әлдеқашан асып кеткен сенің де арбалып қалып жатқаның кешегі Кеңестік қасаң идеологияның әсерінен болар. Мұндай таптаурындықтан арылып, ендігі жерде рухани нәрді өзіңнен бастап, немерелеріңе дейін ұлттық дәстүрден алу керек! Әйтпесе, бәрі де кеш болады!.. – деуі қарт ұстаздың жанына ауыр жара салды. Өткен ісіне қатты өкінді.

Құдай қосқан асыл жарының сыпайылап айтса да, санасына соны серпіліс әкелген тәмсілі парасатты ұстазды қатты ойлантты.

«Апыр-ай, тәуелсіз ел болдық! Өктем елдерге «мат!» қойдық!» деп бөркімізді аспанға атып жүрсек, олар бізге сыртымыздан әлдеқашан «мат!» қойып жүр екен-ау!» – деп ойлап, түн ұйқысын төрт бөліп жүргенін әлі күнге қоя алар емес.

Иә, абайламаса, болмас!..

Нұрбай  ЖҮСІП,

Арал  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: