Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кәсіпкерлерге «Тіл туралы» Заң талаптары түсіндірілді

15.03.2024, 9:20 85

Қызылорда облысының кәсіпкерлер палатасында Сауда, қызмет көрсету және туризм кеңесінің кезекті отырысы өтті.

Кеңес отырысында қоғамдық тамақтану орындарына қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар, өндірістік бақылау мәселелері және «Тіл туралы» Заңның 21-бабына енгізілген өзгерістер қаралды.

Кеңес отырысына облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры, кеңес мүшелері, Қызылорда қаласында орналасқан қоғамдық тамақтану орындарының басшылары қатысып, аудандар онлайн байланыспен қосылды.

Күн тәртібіне сәйкес басқарманың тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Л.Есім кәсіпкерлік нысан иелеріне көрнекі ақпараттар мен жарнамаларды жазып, орналастыруға қойылатын талаптар жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Сондай-ақ, «Тіл туралы» Заңның «Деректемелер мен көрнекі ақпарат тілі» атты 21-бабына енгізілген өзгерістерді түсіндіріп, көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде жазу міндеттелгенін атап өтті.

Кәсіпкерлерді «Тіл туралы» Заң талаптарын сақтай отырып, тұтынушы құқығын сақтау қажеттігіне аса мән беруге шақырды. Қажеттілігіне қарай кәсіпкерлерге қысқа мерзімді тегін оқыту курстары ұйымдастырылатынын және мәтіндерді сапалы аударуға әдістемелік қолдау көрсетілетінін айтты.

Осы бағытта өткен жылы басқарма тарапынан іске асырылған бірқатар жобаларға тоқталды.

– Соның ішінде «Қоғамдық тамақтандыру орындарындағы ас мәзірлерінің мемлекеттік тілдегі лингвистикалық базасын қалыптастыру» атты әлеуметтік жобасы аясында «Мемлекеттік тілдегі ас мәзірі мен тағам түрлері: қазіргі жағдайы, проблемалары» атты монография-анықтамалық және «Тағам атаулары» атты сөздік шығарылып, облыстық Кәсіпкерлік палатасына, кітапханаларға, қала, аудан әкімдіктеріне таратылды», – деді Л.Есім.

Ас мәзірін, көрнекі ақпараттарды сапалы мемлекеттік тілде жазуға басқарма тарапынан барлық мүмкіндіктер жасалған. Ендігі жерде облыс кәсіпкерлерін осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, «Тіл туралы» Заң талаптарын қатаң сақтауға шақырамыз.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: