Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кадрлар көші қашан түзеледі?

15.12.2022, 11:00 302

Биыл Қазақстанға келген шетел азаматтары күрт көбейді. Бірақ, бұған еш таңғалмаңыз. Өйткені, елден көшіп жатқандардың саны одан да көп. Бұл өз кезегінде әр салада кадр тапшылығын туындатса керек. Осыған байланысты Үкімет Көші-қон саясатының жаңа тұжырымдамасының жобасын мақұлдады. Қазақстан экономикасына жоғары білікті мамандарды, инвестиция, озық технологияларды тарту үшін тұжырымдама жобасында визалардың жаңа түрін енгізу көзделіпті.

Атап айтқанда, білім беру иммиграциясы шеңберінде он жылдық «Ғылыми-педагогикалық виза» берудің оңайлатылған тәртібін енгізу, ал бизнес-иммиграция аясында ел аумағында тұруға, бизнесін тіркеуге, мүлікке иелік етуге, қызметкерлер жалдауға, қаржы төлемдерін жүргізуге және олардың кәсіпкерлік қызметінен туындайтын басқа да операцияларды еркін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін «инвесторлық виза» беру көзделіп отыр. Ондай визалар жетекші ғалымдарға, оқытушыларға, шығармашылық және біздің нарықта аса қажет мамандық иелеріне беріледі. Өйтпесе болмай тұр. Статистика бүй дейді. Соңғы жылдары елімізден 3500 техникалық маман кетсе, 989-ы келген. 1600 экономикалық маман өзге елде жұмысын жалғастырса, олардың орнын 516 ғана маман толықтырған. Педагогика, медицина саласында да жағдай – осы. Келген білікті маманнан кеткені  2-3 еседен көп болып тұр.

Биыл Қазақстанға көшкен эмигранттардың саны 51 пайызға артты. Әсіресе, көршілес мемлекеттен келгендердің қарасы көп. Алғашқы бестікте Өзбекстан, Ресей, Түркіменстан, Қырғызстан және Қытай тұр. «Өзге елде сұлтан боламын» деген жерлестеріміз де жоқ емес. Жыл басынан бері 20 мыңнан аса қазақстандық Ресей, Германия, АҚШ, Польша, Өзбекстанға қоныс аударған. Бұл фактілердің барлығы алдымен ел экономикасына едәуір әсер етеді. Осы ретте Үкімет Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасын мақұлдады. Мұнда эмигранттардан бөлек, қандастардың да мәселесі қаралған.

Ұсынылған Тұжырымдаманы бекіту бойынша дауыс беру  рәсімінен кейін ҚР Премьер-министрі  Әлихан Смайылов Тұжырымдамадағы бастамаларды заң жүзінде  уақытылы бекітуді  қамтамасыз  етуді  және  көші-қон  процестерін автоматтандыру үшін  ақпараттық  жүйелерді  дамыту шараларын  қабылдауды  тапсырды.

Сонымен ол өңір әкімдіктері шетелдік мамандарды тарту үшін квота белгілеу кезінде сол өңірге ең қажетті кадрлардың келуін қамтамасыз етуі және олардың жұмысына бақылауды күшейтуі тиіс екенін атап өтті.

Елге шетелден келгендердің көбі Маңғыстау облысына (2400 адам) тұрақтайды екен. Ал, Алматы қаласына 2100 адам келген. Сондай-ақ, Алматы облысына 1400 адам қоныстанған. Қызылорда облысына шетелден 12 адам келіп, 44 адам көшіп кеткенін статистика растайды. Елден кеткендердің  басым  бөлігі (2500 адам) – қарағандылықтар. 2400 адам көшкен Қостанай облысының тұрғындары екінші орынға  жайғасқан. Үздік  үштікті  2300  адамы  қоныс  аударған Павлодар  облысы  түйіндеп  тұр.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың хабарлауынша,  «Ашық Қазақстан 500+» тұжырымдамасы елімізге білікті кадрлардың келуін ынталандыруға, шетелде жұмыс істейтін қазақстандықтардың құқығын қорғауға және өңірлер арасындағы демографиялық теңгерімсіздікті жоюға және жалпы көші-қон саясатын тиімді «жаңғыртуға» бағытталған.

Иә, қалай десек те, елден білікті кадрлардың кетіп жатқаны өтірік емес. Ал, Үкіметтің бұл тұжырымдамасы сапалы, сауатты кадрларды қаншалықты ұстап қалады екен?! Әліптің артын бағып көрейік.

Ш.ШАТҚАЛ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: