Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ІНДЕТ: ҮРЕЙ мен ҮМІТ

27.03.2020, 11:42 653

Тарих деректерінде адамзаттың өміріне қауіп төндіріп, тіпті ажал құштырған дауасыз дерттер аз болмаған. Індеттің ошағы да әртүрлі елдерден бастау алып, жер бетіне жайылған. Бұл жолы да жаһанды жайбарақат қалпынан айырып тұрған «COVID-2019» вирусы Қытайдың Ухань қаласында тіркеліп, әлем халқын әлекке салып қойды. Ресми деректерге сүйенсек, Ухань қаласында індет алғаш өршіген кезде сырқаттанғандардың көбі теңіз өнімдері мен жануарлар сатылатын үлкен базарларға барған деседі. Яғни, инфекция бастапқыда жабайы жануарлардан жұққан болуы мүмкін деген болжам айтылады.

Қытайлық «Пэнпай» басылымының ақпаратына сүйенсек, инфекцияның ошағы теңіз өнімдері базары ма, әлде вирус оған басқа жерден кірді ме, бұл мәселе төңірегіндегі дау әлі жалғасып жатыр. Мамандар вирус жануардан адамға қалай және қашан жұққанын  әзірге  анықтай алған жоқ.  Белгілісі, 2019 жылдың   11 желтоқсанында «Хуанань» базарында тірі шаяндарды сататын Вэй есімді әйелдің дене қызуы көтерілген. Ол өз үйінің бірінші қабатындағы емханаға жүгініпті. Бірақ оған екі ине де көмектеспеген. Осыдан кейін сатушы үйде тынығуға бел буады. 16 желтоқсанда ол Хуачжун ғылым және технология университеті жанындағы «Сехэ» ауруханасына барған. Осылайша Вэй Қытайда коронавирус ресми түрде расталған алғашқы адам болып отыр. Айта кетейік, осы індетке ұқсас ауру 2002-2003 жылдары әлемнің 37 еліне жайылып, 800-ден астам адамның тамыр қағысын тоқтатыпты.

2020 жылдың басы жан-жаққа елеңдеп, алаңдаумен басталды. Көршілес ел әлі ем табыла қоймаған вируспен күресе бастағаннан-ақ, өзге елдер етек-жеңдерін жинағаны анық. Өйткені бұл ауру өтірік күліп қарсы алып, өтірік жылап шығарып салатын «қонақ» емес, жаппай адамзатқа химиялық қарудан бетер төнген қауіп еді. Нәтижесінде халық та, мемлекет те зардап шекті. Бірнеше айға созылған аурудан өлгендер саны күрт өскендігін естіп отырып, әлдеқашан дамып кеткен елдердің оған қарсы құралды жылдам таба алмауының өзі бір сынаққа айналғандай.

Туризм саласын күні бұрын дамытып, табыс көзіне айналдырып отырған Италия көрер көзге инфек­цияны  ауыздықтай алмады. Ашығын айтқанда, сақтық­  шараларына  немқұрайды қарап, карантиндік режимге­ бой ұсынған жоқ. Салдарынан әлемнің ондаға­н еліндегі миллиардтаған адам пандемиядан сақтанып, карантинде өмір сүруге мәжбүр. Әлем бойын­ша дертке шалдыққандардың саны 470 мыңнан асып,  22  мыңға  тарта  адам  жұқпалы дерттің құрсауын­ан шыға  алмады. Дегенмен, аурудан айық­қан­д­ар  да  жоқ  емес.

«Worldometers.info» сайтының хабарлауынша, бүгінде адам өлімі жоғары елдер – Италия (7503), Испани­я (3647), Франция (1331) елдерінің тұрғын­дары. Бұл үш елде тәулік сайын жан тапсырғандар қатары артуда. Ал Қытайдың бұл реттегі шығыны дәл қазір басылғанымен, айтарлықтай зардап шеккен ел екені белгілі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да вирустың күннен-күнге өршіп, жайылып бара жатқаны­на  алаңдаулы. АҚШ та осы дерттің құр­сауында қалғанына қынжылуда. Оған себеп те жоқ емес, өйткені экономика тұралап, саясат шеңберіндегі дүниелерг­е бас қатыруға мүмкіндік болмай қалды. Әлем қауіп Қытайдан тараған соң ол елге үрке қараған, қазір Қытай өзге мемлекеттердің азаматтарынан сескенетін жағдайға жетті. Қытай Ұлттық Денсаулық Сақтау Комиссиясының баспасөз хатшысы Ми Фэньнің айтуынша, эпидемия шарықтау шегіне жетті.

Әлем халқын ауруға шалдықтырып, іркілмеген індет Қазақстанды айналып өте ме деген үміт болған, өкінішке қарай… Туризм дамыған елдерде дерт дендеп тұрса да шабаданын ала шапқан туристердің дені осы вирустың қақпанына ілікті. Одан қалды, байланыста болған адамдардың біразына жұқтырды. Сөйтіп, елімізде төтенше жағдай жарияланып, республикалық маңызы бар қалалар мен облыстар карантин режиміне­ көшуге мәжбүр болды. Соңғы мәліметтер қазір еліміз­де 109 (!) жағдайдың тіркелгенін көрсетуде. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласында – 61, Алматы қаласында – 40, Қарағанды қаласында – 2, Шымкент қаласында – 2, Алматы­ облысында – 1, Ақтөбе облысында – 1, Жамбыл­  облысында – 1, Солтүстік Қазақстан облысында 1 дерек анықталған. Осы жағдайға байланысты республика бойынша залалсыздандыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ретте Қызылорда облысы да дертке қарсы күрес жұмыстарына тыңғылықты дайын отыр. Тәртіптің күшейіп, сақтық шараларының артуына байланысты аймақта қылмыс деңгейі де азайған. Көпшілік көп шоғырланатын орындарға 26 наурыздан бастап залалсыздандыру жұмыстарын жүргізуге қала аумағындағы әскери  бөлім  сарбаздары тарты­лды. Әзірге облыстағы эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Аймақ басшысы Қ.Ысқақов тиісті орындар мен басқарма басшыларына арнайы тапсырма берді.

– Қызылорда қаласы және аудан әкімдері коронавирус инфекциясына байланысты қандай да бір ақпаратты тек ғана облыстық денсаулық сақтау басқармасының ресми мәліметінен кейін жариялауды қатаң тапсырамын. Қызылорда қаласы және аудан әкімдері, күрделі жағдайды жеке басына пайдаланатын алаяқтыққа, алыпсатарлыққа жол бермеуіміз қажет. Осындай жағдайлардың алдын алу үшін барлық елді мекендерді қажетті заттармен қамтамасыз етуді тапсырамын. Облыста азық-түлік және ең қажетті тауарлардың қоры жеткілікті. Қала және аудан әкімдеріне ең қажетті тауарлардың нақты есебін жүргізуді тапсырамын. Індет, дағдарыс дегеніміз – уақытша, өтпелі құбылыс. Біздің алдымызда тұрған мақсат – мүм­кін­дікті барынша пайдалану, осы дағдарыстан аман-есен шығып, одан да мықты болу. Оған біздің толық мүм­кіншілігіміз бар. Біз әрқайсымыз өз міндетімізді жауап­кершілікпен орындасақ, бұл қиындықтан тезірек­ шығамыз, – деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов­ төтенше жағдайға байланысты жедел штаб отырысында.

Бүгінде  Қызылорда  облысымен  шекаралас  аймақ­тардан  коронавирусқа  шалдыққан  азаматтардың бары анықталуына байланысты тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Дауасыз дертпен күресте жаһан елдері оған қарсы вакцина ойлап табуға ұмтылды. Қазақстан да қозғалыссыз емес. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институты бірлесіп, «COVID-2019» вирусына қарсы вакцина әзірлеуге кірісті.

– Бұл институтта вирустардың генетикалық кітапханасының бірегей дерекқоры бар. Вакциналарды дамыт­у бағдарламасы аясында биотехнологиялық және гендік инженерияның алдыңғы қатарлы әдіс­терін қолдана отырып, 5 кандидаттық вакцина жасалады. Соның ішінен клиникалық зерттеулерді жүргізуге арналған ең тиімді және технологиялық тұрғыда жетілд­ірілген вакцина таңдап алынады, – делінген ғылыми-зерттеу  институтының  хабарламасында.

Ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халықты каранти­н талаптарын қатаң сақтап, сарыуайымға салыну­ға болмайтынын ескертті. Бүгінде ел бойынша карантин режимі қатаң бақылауда. Барлық облыс, қала шекаралары мен жолдарында блок-бекеттер орнат­ылып,  әрбір  жолаушыны тексеруде. «Сақтансаң,  сақтармын»  деген.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: